Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жекіруден секіруге дейін

04.11.2021, 11:30 393

Бірде мәдиналық бір кісі бақшасында өсіп тұрған құрмасына тас лақтырған баланы сүйреп  отырып  Пайғамбарымызға (с.а.у) әкеліпті. Бала  жас  та  болса  ислам  дінін  қабылдаған   Рафиғ и­бн Амр еді. Келген кісі қатты ашулы және қабағы қатулы. Пайғамбарымыз (с.а.у) болса, сол сабырлы қалпын сақтап: «Балам, құрма ағашына неге тас лақтырдың?», – деп сұраған. Бала: «Қарным қатты ашты. Құрма жегім келді», – дегеннен артық сөз айтпапты. Мұхаммед (с.а.у.) балаға: «Жерге түскенін жесең же, бірақ ендігәрі құрмаларға тас лақтырма, жарай ма?», – деді. Сосын баланың басынан сипап, оған: «Уа, Алла Тағалам! Бұл баланың қарнын тойдыра гөр!», – деп дұға еткен екен.

Дінімізде де бала тәрбиесінде қатыгездік емес, оған мейірімділік таныта отырып тәр­биелеуді жөн көрген. Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебіндегі 8-сынып оқушысының өз-өзіне қол жұмсауы желіні шулатты. Мектепке белдемше киіп келген оқушыны мұғалімі психологке сүйрелеп, артынша биік ғимараттан секіріп кеткендігі туралы ақпарат желдей есті. Кей деректе «ол мектепте емес, әкесі ұрысқаннан кейін секірген» деген мәлімет шықты. Осы сынды адам өлімі, әсіресе жастардың жантүршігерлік оқиғалары күнара емес күн сайын жарық көретін болды. Бұрын өлім десе түршігетін жан қазір ет үйреніп кеткен  кезеңге  ойысты.

Біз бала тәрбиесі заңдылықтарынан адасып қалғандаймыз. Әлде заман ағымы жетегіне ертті ме, ата-ана мен баланың арасында тығыз байланыс жоғалғандай. Нан табудың жолында нарықтың заңына бағынып кеткен әке-шеше күні бойы қызметте болып, балаларымен қауқылдасуға да уақыт таппай жатады. Мұндайда бала ата-ананың назарынан тыс, өздерін жападан-жалғыз сезінері анық. Балаға ата-анасынан артық жақын, жанашыр, сырлас ешкім жоқ. Бала суицидке барса, онда психологиялық ауытқушылық бар деген сөз. Оның ақыл-есі, білімі ауқымды болғанымен бойында сырт көзге білінбейтін ауру болуы мүмкін. Қызы бойжетіп, ұлы ержетіп келе жатқанда әке-шеше баламен жиі сөйлесіп, балаларының сырына  қанық  болуға  тырысқан  жөн.

Салғырттықтың барлығын ұлттық менталитетке жауып қоюдың заманы өтті. Ашық әңгі­мені ұят санап, ақыр соңында бармақ тістеп қалғаннан о бастан баланың бағытын біліп алудың әбестігі жоқ. Қазір екі ата-ананың бірі «баламыз сөз көтермейді, жүйкесі әлсіз,  дауыс  көтеріп сөйлеуге қорқамыз» дейді. Осыдан-ақ, жас буынның мінез-құлқын аңғара беріңіз. Ақпараттық технология қарыштаған шақта қолы­нан гаджеті түспейтін балаларды тәрбие­леп жүрміз. Оның ішінде бүкіл әлем бар. Ал бойын тіктеп, бағыт-бағдарын әлі айқындай қоймаған бала әркімге еліктегіш, ергіш келе­ді. Ата-анасы араласпаған соң, олар да амалсыз телефонның ішіндегі «әлемнің» жетегіне ереді. Ал желі «ауруынан» жазылу қиын мәселе екенін сіз де, біз де жақсы білеміз. Желіге жабысқан жеткіншектің жекігенді жаратпайтыны да сондықтан. Жүйкесі содан тозады. Әлемжелінің әлегінен шыға алмай шырмалған бала соңында суицидке  де  ұрынуы  бек  мүмкін.

ТҮЙІН. Баланың жүйкесі жұқарған деп көкиміз-ау, қазіргінің ересектерінде де ес қалмай барады. Көш басына қарап ой мен бой түзейтін кейінгі буын өкілдеріне өкпелеудің де қажеті жоқ шығар?! Қалай болғанда да қаршадай баланың қателіктеріне кешіріммен қарайық. Қанша шаршап-шалдығып тұрсаңыз да «Әке, уақытыңды бөлші, мынаны қалай жасаймын?» деп, етегіңнен тарта беретін балаға жекірмейік, секіруге итермелемейік.

Ә.КЕНЖЕ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: