Субсидия – бұл жеке адамға, бизнеске немесе мекемеге, әдетте, үкімет беретін жеңілдік. Бұл ақшалай төлем немесе салықты төмендету түрінде болады. Әдетте субсидия ауыртпалықтың қандай да бір түрін жою үшін беріледі және оны көбіне қоғамдық игілікке немесе экономикалық саясатты ілгерілетуге арналған қоғамның мүддесіне сай деп санайды.
Ия, субсидия туралы осылай анықтама беріліпті. Жасыратыны жоқ, қай салада болмасын, кемшін көрінген тұсына мемлекеттің қаржылай қолдауы болып тұратыны заңдылық. Тіпті, ұлттық қордың өзінен екінші деңгейлі банктерді сауықтыруға деп талай теңгенің берілгенін білеміз. Бәрі дұрыс дейік, мұның өзі мемлекеттің экономикалық тұрақтылығын сақтауға, әлеуметтін әлеуетін көтеруге бағытталған қамқорлық деп түсінген жөн. Алайда кейде сол мемлекеттің демеу қаржысын талан-таражға салып, «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баратындар кездеседі. Одан қалды, осы мемлекеттік қолдауға иек артқан кәсіпкерлердің үлкен көлемде несие алып, артынан субсидиясыз қалып, пұшайман күй кешіп отырғаны да айтылады.
Бір ғана мысал. Қайбір күні Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі ақпарат таратты. Онда қызылордалық 45 кәсіпкердің субсидия ала алмай, соның салдарынан бүгінде 40 млн теңгедей жоспарланбаған шығынға ұшырап отырғаны айтылған. Солардың бірі – мал шаруашылығымен айналысатын «Еркебұлан» шаруа қожалығының иесі Кемалладин Өтеев. Ол өз сөзінде: «Алынған несиеге 100 бас жылқы алдым. Мал басын көбейткім келген. Жоспарым бойынша 3 жылдан кейін пайдаға шығу мүмкіндігім бар еді. Негізі серіктестіктен несиені осы жылдың наурызында 16 пайызбен алдым. «Агробизнес» бағдарламасы арқылы алғандықтан 10 пайызы мемлекет есебінен субсидияланып, мен кәсіпкер ретінде тек 6 пайызбен ғана төлеуім керек еді. Алайда мемлекеттен ақша бөлінбегендіктен әлі күнге дейін «Qoldau.kz» қосымшасы арқылы өтініш бере алмай отырмын. Қосымша өтініш қабылдамай тұр. Қазір несиені толық 16 пайызбен төлеп жатырмын. Әрі қарай төлейтін ақшам жоқ. Мәселені шешудің жалғыз жолы – алған малымды сату. Олай жасамасам, кепілге қойылған үйімнен айырылып қаламын» деп мұңын шағады.
Кәсіпкер несиені «Сырдария-1» несие серіктестігінен алған. Аталмыш серіктестік соңғы бес айда 45 шаруа қожалығына 850 млн теңге несие беріпті. Ал сол несие серіктестігінің төрағасы Алмат Абдуллаев кәсіпкерлер несие алғанда мемлекеттен қолдау болатынына сенгендігін, мұндай немкеттілік шаруа қожалықтарының әрі қарай дамуына кедергі келтіріп ғана қоймай, Үкіметке деген сенімінің төмендеуіне әкелетінін жеткізді. Бұл мәселеден облыстық кәсіпкерлер палатасы да хабардар екен. «Мемлекеттік қолдаудың бір түрі – ауыл шаруашылығы мақсатында алынған несиелердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау мүмкіндігі. Өкінішке қарай, осындай мемлекеттік қолдау бар болғанымен толық жұмыс істемей тұр. Яғни, мемлекеттік қолдау қағазда бар, ал іс жүзінде орындалмауда. Мәселе жақын арада шешілмесе, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлер қаржылық қиындықтарға тап болады. Біздегі бар ақпарат бойынша бір ғана «Сырдария-1» несие серіктестігі соңғы бес айда 45 шаруа қожалығына несие берген. Ал облыста осындай 7 несие серіктестігі бар. Әрі қарай қанша шаруаның шығынға батып отырғандығын есептей беріңіздер», – дейді аталған палатаның бөлім бастығы Жасұлан Серіков.
Палата маманы бұрын кедергісіз жұмыс істеп тұрған мемлекеттік бағдарламадағы бұл олқылық уәкілетті орган – Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан қаржының дұрыс жоспарланбағандығынан болуы мүмкін екендігін жеткізді. Мәліметке сенсек, қазіргі таңда 2021 жылға Қызылорда облысына 1,2 млрд теңге бөлінген, ал негізгі қажеттілік – 3 млрд теңге.
Хош деңіз. Бұған қарап қажетті қаржының өзі толық бөлінбей, алдындағы ақ адал малынан айырылып қаламын ба деп уайым жеп отырған шаруалардың шырылын біздің кейбір шенеуніктер шыбын шаққан құрлы көрмейтінін бағамдауға болады. Тіпті мемлекет қаржысын талан-таражға салып, ұпайын түгендеп жүргендері де бар екен. Бір қызығы, олардың «теріс әрекетіне» кейбір кәсіпкерлердің өздері болысатын көрінеді. Былай қарасаң, бір кәсіпкер шыр-пыр, екіншісі шырт түкіріп жүргендей әсер қалдырады екен.
Фактімен сөйлесек, өткен аптаның аяғында Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Қызылорда облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің баспасөз қызметінен мәлімет келіп түсті. Онда аталған департаментпен аса ірі көлемде инвестициялық субсидия қаражатын талан-таражға салып, әрі қарай жымқыру дерегі бойынша облыстық ауылшаруашылық басқармасы қызметкерлеріне қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен қылмыстық іс тергеліп жатқаны айтылған. Мәліметке сүйенсек, облыстық ауылшаруашылық басқармасының бірнеше лауазымды тұлғасы өздерінің қызмет бабын пайдалана отырып, облыс аумағында 2019-2020 жылдарға арналған бірнеше жобалар бойынша инвестициялық субсидия қаражатын үлестіру барысында бірнеше кәсіпкерлік нысандарымен келісімге келіп, аса ірі көлемде мемлекет қаржысын талан-таражға салып, жымқыруды жүзеге асырған. Яғни, бұл қызметкерлер бірқатар шаруа қожалықтарында ешқандай жұмыс атқарылмаса да, жабдықтар мүлдем қойылмаса да, жұмыстардың толық орындалғаны туралы жалған актілерді толтырып, қол қойған. Жүргізілген сот-құрылыс сараптамалары негізінде бірнеше шаруа қожалығы бойынша мемлекетке келтірілген залал сомасы 26 млн 792 мың теңгені құрап отыр. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189 бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салуды мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттік берілген адам не жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам жасаса) белгiлi бiр лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айырыла отырып, жеті жылдан он екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айырылу жазасы көзделген.
Міне, кәсіпкерлер көмектен қағылдық деп зар жылап отыр, ал кейбір лауазым иелері мемлекеттің қаржысына қол салғанда, мол салып, масқара болып отыр. Оны былай қойғанда, сол жылдары (2019-2020 жылдары. – ред.) әлгі басқарманы басқарған басшылардың бірі ауданға әкім болып кетсе, енді бірі кеше ғана басқа салаға басшы болып тағайындалды. Осы ғой енді…
Н.АҚПАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!