«Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген еді Қазақстанның Тұңғыш президенті Н.Назарбаев өз жолдауында.
Айта кетсек, қазақ елінің латынға көшуі туралы хабар әсіресе, Түркия мен Еуропада қоныстанған 25 мыңға жуық қазақты қатты қуантқан болатын. Латынға көшу сауатын ашқаннан латын әліпбиін қолданатын Батыс елдеріндегі қазақтардың атажұртпен мәдени, рухани қарым-қатынасын арттырып, өзара түсінісуіне мол мүмкіндік береді деп күтілуде.
Латын әліпбиі біздің жыл санауымыздан 800 жыл бұрыннан келе жатыр, яғни үш мың жылға жуық уақыттан бері бар. Жоғарыда аталған латын әліпбиі туралы дереккөздерді келтіре отырып, қазақ қоғамына, халқына латын әліпбиінің қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады. Бұл жайына Елбасымыз былтырғы Жолдауында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшу туралы ойларын таратып айтты. «Бұл ой еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін бәрімізді жиі мазалағаны рас. Бірақ біз – көп ұлтты халықпыз. Әр ұлттың ой-пікірі бар. Қазіргі кириллица арқылы қазақтардың да, қазақстандықтардың да бірнеше буыны тәрбиеленіп, білім алды. Өмірді таныды, дүниені көрді. Сондықтан латын қарпіне көшкен жағдайда да кириллица көпке дейін қатар қолданылады, екеуі біразға дейін бірге пайдаланылады деп ойлаймын»– деген болатын.
Қазіргі уақытта ұялы телефондарда жарнамалар, хабарламалар латын әліпбиімен жазылуда. Сонымен қатар, интернет желісінде де латын әліпбиіне аударатын транскрипция орнатылған, бірақ орыс графикасында ғана жасалған, болашақта қазақ графикасында жасалады деген ойдамыз.
Әлеуметтік желілердегі деректерге сүйенсек, бүгінде әлемнің 70% елдері латын жазуы арқылы білімді игеріп, ғылыми зерттеулермен танысуда. Бұл дегеніміз – білім, ғылым, саясат пен техника, мәдениет пен өнер, спорт, т.б. қатысты жазбаша ақпараттың барлығы дерлік латын графикасымен беріледі, қоғамдық өмірдегі жаңалықтардың басым бөлігі осы графиканың негізінде таралады дегенді білідерді. Демек, латын әліпбиінің біздің отанымыздың әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу талабының орындалуы жолында маңызды роль атқаратыны сөзсіз. Латын әліпбиіне көшу мемлекеттік тілдің қолданыс аясын одан әрі кеңейтуге мүмкіндік жасайды. Тіл тазалығы мәселесіне келсек, тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз. Қазақ тілін оқытуда басы артық таңбаларға қатысты емле, ережелер қысқарып, мектептен бастап барлық оқу орнында оқыту үдерісі жеңілдейді. Уақыт үнемделеді. Сондай-ақ латын әліпбиіне көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Себебі, әлемнің көп елі үшін латын әліпбиі таңсық дүние емес. Шетел азаматтарының латын әліпбиінде жазылған сөздерді оқып, оларды түсіне бастауы – біз үшін, еліміз үшін үлкен мәртебе болары сөзсіз.
Жалпы, мемлекеттің күші мен тірегі халық болса, халықтың тірегі – тіл. Тіл дұрыс әріптеліп, дұрыс таңбаланатын болса, мемлекеттің де бүкіл тіршілігі дұрыс болары анық. Тіл табиғатын сақтап, дұрыс қолданылса ғана адамдар да, мемлекеттер де бір-бірімен дұрыс қатынас жасай алары айдан анық. Тіл қателікке ұрынса, қоғамның да, халықтың да, мемлекеттің де ішкі, сыртқы тіршілігі оңға баспайды. Сондықтан, қазақ әліпбиін латын әліпбиіне көшіру мемлекетіміз бен халқымыздың өте маңызды әрі тарихи шешімі болып табылады деп нық айтамын. Меніңше, елдің болашағын, қазақ тілінің болашағын ойласақ, жаңа әліпбиді қабылдауға құлшына кіріскеніміз абзал. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін биіктерге бастайтынына кәміл сенемін. Латын әліпбиіне көшуде бастапқы жұмыстар қолға алына бастады. Мен де өз үлесімді қоспақ ниетпен 72 сағаттық «жаңа емлені оқыту әдістемесі» тақырыбындағы тренерлерді дайындауға арналған республикалық курстан өткен болатынмын. Және де барша қазақстандықтарды латын графикасын меңгеруге шақырамын. Қорыта келгенде, латын әліпбиіне көшу ұлтымыздың анасын бұғаудан босатады, түркі және жаһандық әлемімен ықпалдасуға, қазақ халқы ертеден қолданған әліпбиімізге қайта оралып, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруынажол ашады демекпін.
Данияр ТӘҢІРБЕРГЕНОВ,
Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығының
мемлекеттік тіл оқытушысы,
Арал қаласы
Салем. Сіздің ой-пікіріңізбен толықтай келісемін. Жаңа латын әліпбиінің нақты және соңғы нұсқасы халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын.