Қазіргі кезде немерелерімізбен мультфильм көретін болдық. Біздің балалық шағымыздағы көрген «Ну, погоди!», «Чебурашка», «Маугли», «Виний пух», т.б. мультфильмдермен салыстыруға да келмейді. Бала кезімізде қазақ мультфильмдері өте аз болатын, тек 1966 жылы шыққан «Қарылғаштың құйырығы неге айыр?» атты қазақтың тұңғыш мультфильмінен басқаға көңілім толмайды. Бұл мультфильм дүниежүзінің 40-тан астам елінде көрсетілді. 1968 жылы Ленинградта өткен Бүкілодақтық кинофестивальде 3-орын алды, 1975 жылы Нью-Йорктағы мультфильмдер фестивалінде «Қола Праксиноскоп» жүлдесіне ие болды. Авторы қазақ анимация фильмінің негізін қалаған, Мемлекеттік және «Тарлан» сыйлығының иегері, соғыс ардагері, 2015 жылы тоқсан деген торқалы жасында қайтыс болған Әмен Қайдар еді.
Қазіргі қазақ балалары «Алдар көсе», «Қаңбақ шал», «Қырық өтірік», «Құйыршық», «Құрылысшы Қожанасыр», «Алпамыс батыр», «Қобыланды батыр», т.б. мультфильмдерді көрмейді. Қызықпайтын себебі, оқиға желісін автор түсіндіріп айтып тұрады, кейіпкерлерін арасында сөйлетіп қояды, екіншіден, жай қозғалады, қимылдары ебедейсіз. Ертеректе түсірген «Алдар көсе» мультфильміндегі кейіпкердің басындағы бөркі денесінен екі есе үлкен, құбыжыққа ұқсайды. Соңғы уақытта шыққан «Алдар көсе» мультфильмінің сорпасы қазаққа келіңкіремейді, себебі режиссер Артур Краус түсірген. Алдар көсе халыққа жақын кейіпкер емес, суайт әрі озбыр болып шыққан сияқты, бұл – әрине, жеке пікірім.
2010 жылы ашылған «Балапан» телеарнасы жүз пайыз қазақ тілінде хабар таратады, бағдарламаларының да сапасы жылдан-жылға артып келеді. «Мики Макс клубын» көрген 4-5 жастағы бала оқиға желісіне қызығып онға дейін санауды үйренеді. Ал, қазақша мультфильмге қызықпайды, ондаған арналардағы шетелдік мультфильмді көреді. Балалар мен немерелердің көретіні – бір-бірін қуып жолдағы кездескеннің бәрің қирататын «Том мен Джерри», әркіммен қақтығысып ұрысып жүретін «Спанч Боб», бәрін қыратын «Кунг фу Панда», аюдың тілін алмайтын қаршадай қырсық қыз «Маша». Қазір кез келген мектеп оқушысынан сұрасаңыз, Шрек пен Спенджбобты, Дара мен Диегоны, Бетмен мен Кайланы өзінің туысқанындай танып, оқиға желісіннің барлығын аузының суы құрып айтып береді. Бұл мультфильмдерден немерелеріміз теріс тәрбие алып жүр, оқиғалары ұрда-жық, құтырынған бір бәле. Мысалы, «Өрмекші адам» мультфильмі де, киносы да бар. Базарға барсаңыз, «Өрмекші адам» дискісі мен киімдерін сатып алуға болады. Сол киімді жаңа жыл шыршасына киіп барған бала, үйінде шкафтан диванға, диваннан еденге секіріп, жын ұрғандай ойнайды.
Анимация демесеңіз, үлкендер де қызығып көріп жатады. Кейбір мультикті көргенде ұяттан жерге қарайсың. Мысалы, «Эльдарадоға сапар» мултьфильміндегі кейіпкер қыздың үстіңгі жағындағы лыпасы сегізге, төменгі жағындағы лыпасы үшбұрышқа ұқсайтын бірдеңе, төсі томпиып, бөксесі бұлтиып тұр. Кішкене қыздардың бүгінгі піріне айналған «Феясы» да жалаңаштанған ұятты жерлерін әдейі томпитып және торситып түсірген. Бұндай мультиктерді көрген баланың көзі үйренгендіктен, ұяты келмеске кетеді, бойжеткесін қыз бала ашық-шашық киінуді қалыпты жағдай деп түсінеді. Бұл мультиктер ұрпағымызды ұяттан жұрдай қылуға тәрбиелесе, балалар қанша көрсе де жалықпайтын «Шректегі» еркекшора қыз Фионаның әрекеті қатыгездікке тәрбилейді. Қарақшыларды бір өзі қырып салатын Фиона құс ұясындағы жұмыртқаны орман құбыжығына қуырып беріп, қалғанын бұзып тастайды. Қазақтың «көкті жұлма, көктей соласың, ұяны бұзба, үйіне зияны тиеді» деген сөзін жоққа шығарып тұр.
Менің айтайын дегенім, «бала мультик қөрмесін» емес, тек көретін мультигін ата-ана өзі таңдасын. Қазір неше түрлі қазақ ертегілері бойынша мультфильмдер бар, соларды көрсе, ай қайдам, қазіргі ата-әжелерінің өздерінің қолы түрік, үнді, қытай сериалдарын көруден босамай жүргені шындық.
Қазіргі кезде СССР-ді «тоқырау жылдары» деп мектеп оқулығына дейін енгізді. Бірақ сол кезде кітап дүкендерінде жақсы безендірілген бір ертегі жазылған кітап 3-5 тиын тұратын. Бала кезімізде қазақ мультфильмдерін көрмесек те, қазақ радиосынан күнделікті кешкі дастарқан басында ата-анамызбен «Ерден атайдың ертегісін» тыңдап, ізінше сол ертегіні талқылап өстік. Қазақ халқының ұлттық батыры Бауыржан Момышұлының: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек бала. Біздің қазіргі балаларымызға не әжелері, не шешелері ертегі айта білмейді. Содан қорқамын» деген сөзі болашағымызды болжап кеткен екен ғой» деп сөзімді қорытындылаймын.
Бақытжан ТҮМЕНБАЙ,
тарих пәні мұғалімі,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!