Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлағат көрген ұядан

28.02.2020, 9:45 847

Адамның бойына кез келген қасиет атаның қаны, ананың сүтімен даритыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Оған халқымыздың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген даналық сөзін қосыңыз. Сонда ізгілік пен адамгершілік, имандылық дағдысының өзің дүниеге келген қарашаңырағыңнан бастау алатынын терең түйсінесің. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз Гүлдәрі Алдажарқызы туралы мақаламызды осылай бастауымыздың өзіндік себебі де табылады. Ендеше, оқырмандарымызға айтар сөзімізді тереңірек жеткізсек.

Қазалы ауданының Сырдарияға жақын тұсында Бірлік аталатын елді мекен бар. Ауыл тұрғындарының бірлігі атына заты сай бөтен емес. Мұндағы аузын ашса жүрегі көрінетін, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған қабырғалы қауым біріне-бірі құда-жекжат, нағашы-жиен, туыс-бауыр болып саналады.

Гүлдәрі өткен ғасырдың елуінші жылдарының орта шенінде ауыл мұғалімі Алдажар Тұрсынмұратовтың шаңырағында, көпбалалы отбасында дүниеге келді. Балаға туып-өскен ортасынан қонған тағылымы мінезіне, ал дағдысы тағдырына әсер ететіні ежелден мәлім. Ұстаз әкенің ұлағатын бойына терең сіңірген Гүлдәрі Алдажарова мектептен соң жоғары оқу орнын да жақсы бағаға бітірді. Жаратылысынан пісентті, алдына қойған мақсатына жету жолындағы кездескен кедергілерге жасымайтын балауса бойжеткеннің «инженер-гидротехнолог» деген мамандықты таңдауға да ашық-жарқын, алайда қайсар мінезі де әсер еткендей. Көктем-күз мезгілінде арнасынан асып, шалқып жататын Сырдарияның тосын қылығына бала жасынан қанық арудың өзге емес, су маманы болуды қалауы туған жерінің табиғатына деген құрмет нышаны екені анық.

Алланың құдіретіне шек бар ма?!. Гүлдәрі сол кезде өзінің уақыт өте Қазалы су торабы басқармасына қызметке орналасатынын, өмірлік жары Ерболмен осы жерде жарасып, отау құратынын, өмірінің басым бөлігі су шаруашылығы саласымен байланысты өрбитінін болжады деймісіз?!

Қазалы су торабы басқармасына қызметке орналасқан Гүлдәрі Алдажарова өзінің тындырымдылығы, кәсіби шеберлігімен тез арада ұжымдастарының ілтипатына бөленді. «Елі сыйлағанның есікте отырмасы» белгілі ғой. Өзінің міндетті жұмысын атқара жүріп, мекеменің бастауыш комсомол ұйымына жетекшілік етті. Бұл сол кездегі ұғыммен екінің біріне жасалмайтын құрмет, ең бастысы, көпшіліктің зор сенімі еді.

Гүлдәрі Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қазақ ССР білім ағарту ісінің озық қызметкері, Басықара елді мекенінен алғаш 4 жылдық метептің ашылуына зор үлес қосып әрі сол мектептің тұңғыш директоры болған Сәду Тасмағанбетовтың қасиетті шаңырағына келін болып түсті. Сәду атамыздың ұлы, Гүлдәрінің өмірлік жары Ербол да су торабы басқармасында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының басшысы болып жұмыс істейтін.

«Құданы Құдай қосады» деседі. Рас болуы. Ұстаздың қызы Гүлдәрі енді есімі өңірге танымал ұстаздардың ұстазының келіні атанды. Қанмен дарыған тектілікті ұлағатты ұяның өнегесімен ұштастырды.

Жылдар жылжи берді. 1996 жылы Сәду ақсақал Оңтүстік Қазақстан облысына (қазіргі Түркістан облысы) ұл-қыздарымен бірге бес отбасы болып қоныс аударды. Өзі жақсы адамға қай жерде де бір кісілік орын болады екен. Тасмағанбетовтер әулеті жаңа ортаға да тез сіңісіп, беделсіз болмады. Кенет… Іргелі шаңырақты қайғының қара бұлты торлады. Қамал бұзар шақтан енді асқан Ербол ажал құрығына ілінді. Орны толмас қаза қабырғасын қайыстырған қарт ата-ана, бауыр, жастайынан қосылған жар, үйелмелі-сүйелмелі үш перзенті аңырап қалды. Гүлдәрінің санасына сол ауыр күндер өшпестей ізін қалдырды. Бірақ… Жанары жәутеңдеген үш құлынының осынау жарық ғаламдағы басты сенері де, сүйеніші де өзі екенін сұңғыла ана бар түйсігімен, жан дүниесімен сезінді. Ұғынды да тұғырына қонған қыран құстай шамырқана, ширықты. Қалайда асыл азаматы Ерболының аманаты балапандарын жетілдіріп, ел қатарына қосуға бекінді. Асыл ана сертінде тұрды. Әулеттің жүгін иығымен көтерген Гүлдәрі өмір жолындағы кедергілердің бәрінен сыр бермей өтті. Көрген қиындық ұйқыда жатып көрген жаман түстей артта қалды. Түлкібастағы ауыл әкімшілігінде табаны күректей 10 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлік демалысына шықты. Перзенттерінің баршасы жоғары білім алды. Ұлын аяқтандырып, қызын құтты жеріне қондырды. Қазіргі таңда он екі немеренің абзал әжесі.

Гүлдәрі Алдажарова тындырған өзгелерге үлгі болуға лайықты тағы да бір еңбегін атап кетсек. Қазалы мен Түлкібастың арасын жол қылып жүріп, өзіне әкесіндей қамқор болған, ел ағасы атанған қайын атасы, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қазақ ССР білім ағарту ісінің озық қызметкері Сәду Тасмағанбетовтың атына Басықара елді мекенінен көше беру туралы ел азаматтарының атына ұсыныс түсірді. Ел ағасыз болған ба?! Гүлдәрінің өтінішін аудан, ауылдағы ел ағалары аяқсыз қалдырған жоқ. Нәтижесінде өзі талай маңдай терін төккен Басықараның бір көшесі Сәду Тасмағанбетовтың есімін иеленді. Міне, азаматтық! Ата есімін ардақ тұтқан Гүлдәрінің бұл игі ісін естігенде менің де кеудемді шаттық кернеді. Аман бол, асыл ана!

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: