HALYQLINE.KZ Іргеден, автомобильдер шуылы естіледі. Көліктер – жылдам, асығыс, наразы. Тегі, елең-алаң, таңертеңгілік басталған сергелдең күні ұзаққа созылып, баянсыз жалғасып жатады, шаруа бағып, жаяу-жалпы, телегей теңіз, толқын-толқын, қыдырымпаз жұрт теңселе көшеді, сапырылысқан халық, сенделген кәрі-жас, ерсілі-қарсылы, өтіп бара жатқан жүргіншілер дауысы құмығып, тұншығып жетеді.
Ескі ғимарат аулада тұр, алайда, жолға жақын, қала өмірі сыртта, көшеде, даңғылда, бульварларда, аспалы гүлдерді омырауымен аспанға көтерген шалқыма көпір үстінде, жолайырық астында, – тынық, тұнық, тымық – аула ішінде емес.
– Мені көрші терезеден біреу көріп ғашық болып қалса екен, шіркін.
Ол әйнектен тысқа қарады. Үнінде – қапа, шер, уайым – жалғыздық, беймаза тіршілік бейнетінен азап шегіп, мұңға батқан жаны тыныштық тілейді.
– Ешкім жоқ.
Кешқұрым. Жұрт кеңседен қайтып жатқан мезгіл. Бөлмеде – екеуі. Есік іштен жабулы. Құлпын бұрап, бекітіп қойған. Үстелде қос рюмка – ішімдік енді ашылған тәрізді. Қашанда, рюмка ма, фужер ме, бірінші тост – әйбат, тамаша, әдемі. Кейінгілері алғашқының дәмін де, әсерін де бұзып жібереді. Соңыра шаршатып тастайды, сосын, үнсіз таусылып отырады, төңірегі жым-жырт, тұла бойы дел-сал, көкірегі ояу, өткен күндері есіне түсіп, ойына жаңғырып оралады, алай-түлей, ең жаманы осы, тән тозған, қайрат азайған, көңіл жас.
– Бір рет шықтың, жетеді.
– Мәселе бас құрап, шаңырақ көтергенде емес, бір еркек кіндікті қатты жақсы көріп қалса екен деймін.
– Қайда, уақыт көп, үлгересің, әлі-ақ талай рет күйеуге шығып, талай рет ажырасып тынасың.
– Ағеке-ау, қырықтамын.
Ол күлді.
– Қырық деген не, тәйірі.
– Елудің төбесі көрініп тұр емес пе.
– Біз алпысты алқымдасақ та баяғыдаймыз.
Енді келіншек езу тартты. Ер адам орындықты нұсқады.
– Тізе бүксеңші.
Әйел кері бұрылды. Шкафқа тақап, шұжықты алды, туралған, әбден кепкен, сірі, оны дәлеңкесімен дастарқанға қойды. Қата бастаған бір бөлке нанды бері шығарды, тілімдеп, турап, себетке салды, ескі компьютердің іргесіне қарай жылжытты. Жалюзиді түсірді, бөлме іші қара көлеңкеленді, келіншек жарықты қосты, шам жарқ етіп өшіп қалды, беймезгіл меймандар қосарлана күлді, терезе жақтауы алдына барып, екі балауыз алып келді, ер адам шырпы тұтатты да, балауыздың тіліне тигізді, ол лап етті, екеуінің өңі жадырады, ішімдіктен құйды, балауыздың көмескі оты ары-бері шалқып жанады, кезек, қатар сөйлегенде жалыны дірілдеп кетеді, билеп тұрып алады, жарықтың көлеңкесі жүзіне түсіп, бетіне айбақ-сайбақ із салады, дыбыстың күшімен лапылдап келе жатып, қарсы жақтан екпіндеп үн шыққанда, кері құлайды, жуан балауыздардың бірі ұзын, бірі қысқа, әредік, қалт, әрекетсіз отырып қалғанда, баяу, ақырын сөздің лебінен желпілдеп, ұршықтай иіріліп, жайылып, жазылып тұрады, кейде жалпылдап ұзақ сөйлеген адамнан безілдеп қашады, бірақ, кіндігінен байлаулы, еліріп, қалтырап, дірілдеп, қанша безектесе де, қопарып, үзіп-жұлып, босап кете алмай, сұлап жатады.
– Сұлусың.
Әр әріптің дыбысы анық естіледі, демі де жақсы білінеді, қаріп санына қарай, жеті мәрте үрлеп, жеті мәрте жұлқылайды, сөз жұлмалаған майшам тілі тыным таппай қойды.
– Сұлусың.
Мастықтың алғашқы белгісі, қайталанып қалды, келіншек арасында үзіліс жасап, көпе-көрінеу алдап отыр, қызыл іңір кеште, оңашада, ер мен әйел жалғыз, оқшау, бірге қамалғанда, бір жарты берекелі, жақсы ішіледі, екі жарты есеп-қисапты бұзады, артықтау, ақыл-естен айырады, сана-сезімін улайды, ұяттан бездіреді, алайда, бұ жолы шөлмек мойнынан ентелеп құйылып, ептеп-ептеп, енді түсіп келеді, жайлап, тамаша бір күйге бөлейді, сатылап, асықпайды, сабырлы, бұ жолы шөлмек мойнынан ентелеп құйылып, ептеп-ептеп, енді түсіп келеді.
– Қайтайық.
– Қазір.
– Үйге барып ішейік.
– Ұят емес пе?
– Жоқ.
– Ұл ше?
– Ол ерте жатады.
– Қой, ұят болады.
Тағы толтырды. Балауыздың өзі, тегінде, дербес өмір сүрмейтін секілді, шырағдан – басқа ғұмырдың өлшемі, жалпы, от атаулыда, су біткенде бір құдырет бар екені рас, табиғаты бір-біріне қайшы, қырғи қабақ, қарама-қарсы, бірақ, мұңдасуға, сырласуға, ойлануға шақырады, бөлек жүрсе де, бөлінбейді, өрт суға көнеді, дым отқа кебеді. Жойылып кетпейді, басқа күйге түседі, өзге формаға өтеді, бөтен затқа айналады, құрамы сол беті, құрылымы өзгереді, өз кезегінде, өзгеріс қасиетіне әсер етеді, жоқтан барды Құдай ғана жасай алады, кез келген нәрсе даму жолында үш кезеңнен көрінеді, төртіншісі – плазма, қоймалжың шақ, Күннің көзі.
Қайта леп соқты. Балауыз жалыны өршіп, жанталасып, желден желбіреп, сытырлаған жалау тәрізді безек қақты. Бір күні балауыз да сөнеді, деп ойға шомды әйел, мәңгіге, себебі, отын таусылады, жанар-жағар майдан ештеңе қалмайды, қуатынан айрылған адам да құлайды, кісі жанына бала кез, жас уақ күш береді, пенденің өмір бойы көтеріп ұстап өтетін алауы – перзент шақтың тамызығы, жасында неғұрлым қуат көп алса, жер ортасына, алпыс-жепістің жайлауына жағаласып кешігіп жетеді. Жақсы өмірдің жолы да ұзақ.
– Қайтесің бас ауыртып, әрбірден соң, махаббат та бос әуре, ұшқын, жарқ етеді де жоқ болады, жаңғырық сықылды, құмығып барып өшеді, алысқа кетіп жоғалады, балауыздың ғұмыры оған қарағанда, тиянақты, ұзағынан сүйіндірсін.
– Бәріне бір-бірлеп жарық түсіргенше, бірден бәріне сәуле шашып жіберген жақсы.
– Балауызда қарттық жоқ, ол қартаймай өледі.
– Онда, адам үшін кәрілік – жасында көрген қызықтың өтеуі.
– Әрине, әр ішкен арағың әуелі рюмкаға, рюмкадан шөлмекке, шөлмектен жәшікке, жәшіктен жүк машинасына айналады, сосын, керек жеріңе апарып тастайды, ерте түсіп қалсаң да, ешкім іздемейді.
– Бірақ, махаббат бар, – деді келіншек, – басқаша болуы мүмкін емес.
– Мүмкін, – деді ер адам қарсыласып.
– Мен, әйтеуір, бір күні, бір жерде, бір жігіт, мені көріп ғашық болып қалатынына сенемін.
Күлді. Сөзін ақтағысы келіп күлді. Махаббатсыз өмір бола ма.
– Кетеміз бе?
– Иә.
Ол үстелді жиыстырды. Ыдыс-аяқты апарып жуып келді. Сосын, балауызға қарап отырды. Балауыз қимылсыз, сұлқ, немқұрайды жанып тұр. Сен де біреуді сүйесің. Ол мас болып қалдым ба деп ойлады.
– Тауысайық.
– Тауысқанша, таң атқанша отырамыз ба?
– Иә.
– Қойыңызшы.
– Кейде үйге қайтқым келмей қалады.
– Неге?
– Мен оны сүйемін.
Сенбей тұр деп ойласа керек, жұлып алғандай, екілене:
– Рас, сүйемін, – деді, аузынан арақ, шұжық, қияр иісі келеді.
Келесі мезет, зады, жалғызбасты әйел түсініп үлгермеді, ер адам еңкілдеп жылап жіберді, аңтарылып тұрып қалды. Біртүрлі екен. Кенет, екеуі бір-біріне тақап, қайта сөйлесе бастады да, сүйісе жөнелді. Келіншек, бар болғаны жұбатып жатырмын деп ойлады. Бұл кезде омырауын ұстап, төсін қысқан алақан ұмар-жұмар күшейе түсіп, қаталаған әйел сүйсініп, талықсып кетіп еді, үрпісі қатайып шыға келді, арақ, шұжық, қияр иісін әкелген қалың ерін жұпары аңқып, әтір шашқан қос анарын иіскелеп, қолы етегін көтерді, басында алмаларына алданды, ұзақ сүйді, сосын, тұла бойын бір ұлы қуаныш билеп, тебіреніп кетті.
Қарама-қарсы орналасқан көрші үйдің төртінші қабатынан, жазда, шілде айының апақ-сапақ кешінде, қапырық мезгіл шалқасынан ашық жатқан терезеден біреу тысқа, көз байлаған қараңғылыққа қадалып ұзақ қарады. Қолындағы күл шоғы түнекте жүзіп, қызарып әр жерден бір көрінеді.
Ол ешкімді көрген жоқ. Қала бір сәт жым-жырт, тып-тыныш бола қалды. Тек қана, жарықтары сөнген ғимарат әйнегінен өлмеусіреген балауыздың күңгірт жарығы, кезек тыныстаған демнің лебінен ақырын қозғалады.
Дидар АМАНТАЙ,
Teledidar.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!