Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Суық семсердің лаңы

27.12.2020, 11:00 454

HALYQLINE.KZ

– Уа, Құрайыш әулетi, таңғы нәсiп тәңiрден, тегiс атқа қоныңдар, алдарыңда қисапсыз байлық күтiп тұр. Уа, аттан, аттаныңдар! – Ащы дауыс таң алдындағы тыныштықты қақырата тiлгiлей саңқ ете қалды.

Жорыққа жиналған қосынға жан бiттi. Түндей қап-қара мүсiнi қоладан құйылғандай құл зеңгi басын ақ шалмамен тұмшалаған қою шоқша сақалды, шүңiрек көздi, жүзi сұсты Хәшiмнiң алдына басымен алысып жер тарпыған ақбоз атты көлденең тарта бердi.

– Мархабат, қожайын!

Денесiн жеңiл игерген Хәшiм сол аяғын үзеңгiге салар-салмастан ерге дiк ете қалды. Жан-жағындағыларға жүзi шатынай көзiн аларта қарап, соңғы бұйрықтарын берiп болысымен, ауыздығымен алысқан ақбоз атпен жасақтың алдына түсiп жорта жөнелдi.

Арт жақтан сыңсыған, ыңырси күрсiнген үндер естiлдi. Шығарып салушылардың арасында сұлу жүзiн мұң шiлтерi торлаған, қос танауы қусырылып, iштей ақ ұра күрсiнген Бәну сұлу да бар едi. Бұрымының ұшын үнсiз тiстелеген хас сұлу мойылдай жанарынан моншақтай төгiлген ащы жасты үнсiз жұтынды. Iштей «жорытқанда жолың болсын, пiрiм» дедi. Қылыш асынып, гүрзi ұстап, найза сүйреткендер шеруi бiрте-бiрте ұзай бердi.

Мыңдаған тұяқтың дүбiрi, мыңдаған жүректiң дүрсiлi, қару-жарақ сылдыры, жылқылардың пысқырғаны, түйелердiң бақырғаны жым-жырттыққа бой үйреткен шырт ұйқыдағы самарқау даланы селт еткiзiп, ұйқысынан шошытып оятты. Бұлардың тағы да қанды жорыққа бара жатқанын көрген Жер-ананың запысты болған жүрегi, адамдардың бiр-бiрiне деген қатыгездiгi мен қаталдығынан тiтiркене дүрсiлдегендей соғып жатты. Көкжиектен үнсiз басын қылтитқан Күн-ана жер бетiнен күрең түстi қан көргендей iшегiн тартып, тағы бiр сұмдықтың соңын үрейлене күткендей үнсiз, қан түстес қып-қызыл шапақ шаша қарап тұрды.

***

Бесiншi ғасыр – арабтардың мұсылмандықты әлi мойындамаған, әр тайпаның өзiнше ауа жайылып, күн көрiп, күрек ашып жүрген шағы болатын. Арабтар әлемiндегi тiршiлiк ыстық отта бұрқылдай қайнаған қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатты. Заман күштiлер мен тiстiлердiкi болатын. Әлсiз тайпалар азулылардың алдында қасқыр көрген қояндай құрақ ұшатын. Сорлының аты сорға, қайтып келiп орға жығылғандай шақ едi бұл. Тырнақтылар мен тiстiлердiң талайына түсiп, тауы шағылып, тауаны қайтқандар байлық пен барлықтан күдер үзiп, шыбын жанын шүберекке түйгендей баз кешетiн. Жұмыр жер бетiндегi тiршiлiк арнасын жөнге салар Табиғат-ананың қаталдығынан екi аяқтылардың аярлығы мен аяусыздығы асып түсiп жататын. Көшпендi бәдәуилер тайпасының өмiрi уақыт атты көш керуенге өз салтымен, өз дәстүрiмен iлескен едi. Ол ортада жабайылық пен жаугершiлiк үстемдiк ететiн. Он сегiз мың ғаламның иесi саналатын Хақтағаланың сенiмдi өкiлi, мұсылман дiнiнiң негiзiн салушы, жұмыр жер бетiндегi ең соңғы пайғамбар Мұхаммедтiң дүниеге келуiне әлi де бiр ғасырдай – үш ата ғұмырындай уақыт бар едi.

Ойы алымды, iсi шалымды Құрайыш тайпасының бас хәкiмi Хәшiмнiң басынан құс ұшырмастай дәуiрлеп тұрған шағы едi. Көшпендiлер өмiрiнiң қатал заңы ерте мойынсұндырған ол жастайынан тоқшылық пен жоқшылықты да, мейiрiмдiлiк пен қиянатты да, қастық пен достықты да, сатқындық пен мәрттiктi де, зұлымдық пен инабаттылықты да көп көрген жан едi. Ол жауына жасындай тиетiн қатал да қатыгез, досына етiнен ет кесiп берерлiктей мейiрiмдi жан болатын. Отызында орда бұзған Хәшiм жұртына ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс болып, билiктi бiлектiң күшiмен сығымдай ұстап тұрды.

Жаугершiлiк заманның өз салты мен дәстүрi, өзiне лайықты заңы бар. Сол дәстүрдiң бiрi – көршiлес тайпалардың қыз берiсiп, қыз алысып отыру салты. Қыз берiсiп, қыз алысу бiр-бiрiмен бейбiт әрi тату-тәттi қарым-қатынаста өмiр сүрудi қалаған тайпа басшыларының көршiлерiмен туыстық дәстүрдi жалғастыруының айғағы болып саналатын.

Осындай дәстүрмен көршiлес тайпа хәкiмiнiң қызы Бәну сұлу Хәшiмге ақ некелi жар болып едi. Күн артынан күн, ай артынан ай өтiп, жұбайлық өмiрдiң ләззатын бөлiскен ерлi-зайыптылар дүниеге шарана келер күндi асыға күтiп жүретiн. Аяғы ауыр Бәнудiң босанар күнi жақындаған сайын ерлi-зайыптылар дүниеге ендi келер сәбидiң қыз емес, тұлымшақты ұл болуын ойлап қиялдайтын. Жас жұбайлардың уыз тiлектерi жүрек тербетiп, көңiл шалқытып, көкiрек күмбiрлететiн. Бәдәуилер ұлды әке өмiрiн жалғастырушы, елдiң ертеңiн болашаққа жалғаушы, туыстық дәстүрдi ұрпақтан-ұрпаққа сабақтаушы санайтын. Мұсылманшылыққа мойынсұнғанға дейiнгi арабтар қауымында қыз да, қыздан туған балалар да туыстық санатына iлiнбейтiн. Жатса да, тұрса да әйелiнiң тұлымшақты ұл туғанын тiлеп, ақ түйенiң қарыны жарылғандай қуанышты күндi асыға күтiп жүргенде, алыстан арып-ашып құдалар сәлемiн жеткiзген хабаршы келдi. Басы бақастықпен басталып, соңы бақталастыққа, одан қалды бiтiспестей жаулыққа ұласатын аласапыран заман емес пе? Тайпалар арасындағы бақастық ұялы жыландай балалап, өшпендiлiк отын маздатып, соғыс өртi ана жерден де, мына жерден де қауға тиген өрттей лап етiп лаулап жанатын, кейде бұрқ етiп басылатын. Хабаршының суыт жүрiсiнен «тағы да соғысамыз ба» деген суық ой Хәшiмнiң тұла-бойын тiксiндiрiп өттi. Iшкi түйсiгi алдамапты. Көршi тайпамен жауыққан құдалар олардан өш алуға Хәшiмнен көмек сұратыпты.

Астан-кестенi шыққан алмағайып заманда бiр-бiрiңе қол ұшын бермесең, өз басыңа зауал шағы төнгенде, су түбi құрдымға кеттiм дей бер. Құрдымға кетпес үшiн өзiңдi жақын тартқандарға көмек көрсетесiң. Бұл – досыңды көбейтiп, жауыңды азайтудың бiрден-бiр сенiмдi жолы. Арғы-бергi алыс-берiстi ойша таразылаған Хәшiм хәкiм де мәрттiк танытты: «Барамын, жауын жер жастандыруға жәрдемдесемiн» деген уәдесiн берiп, өзi де iле-шала бәдәуилер жасағымен, құдасының жыртысын жыртып, жауынан кегiн әперуге аттанды. Тайпа ордасында ерiнiң аман-есен оралуын ойлап ойы онға, санасы санға бөлiнген аяғы ауыр Бәну сұлу қалды.

Күн артынан күн, түн артынан түндер өтiп жатты. Он сегiз мың ғаламға алтын шуақты нұрын шашқан Күн жарқын да жасампаз iстердiң куәсi болса, жер бетiн қараңғылықтың қара пердесiмен тұмшалайтын түн небiр зұлымдық пен аярлықтың, қорқаулық пен небiр жәдiгөйлiк әрекеттердiң желеп-жебеушiсi болатын. Күн өткен сайын аяғы ауырлай түскен Бәну сұлудың толғағы түн ортасы ауа басталды. Асып-сасып, бiр-бiрiмен сеңдей соғылысқан күтушiлердi көптi көрген Әдия кемпiр сабасына түсiрдi. Толғағы үш тәулiкке созылған Бәну сұлудың үнемi басы-қасында болып, жарық дүние есiгiн iңгәлап ашқан шарананы өз қолымен қабылдады. Қабылдағаны құрысын, алғаш шарананы көргенде көшпендi бәдәуилер өмiрiнiң талай-талай тозақ отынан өтiп, талай-талай сұмдықтардың тiрi куәгерi болған Әдия кемпiрдiң қолы қалтырап, үнi шықпай құмығып қалды. Тiл-аузы байланған кемпiр кiндiктерi шұбатылып, бiр-бiрiмен арқасы жабысып туған егiз ұлды маңдайы шып-шып терлеп, ентiге көтерiп тұрды. Тұрып-тұрып:

– Бұл не сұмдық, қожайынға не бетiмiздi айтамыз? – деп күбiрледi. Күтушiлерге: – Орданың бас қараушысы Ғылманға хабар берiңдер, дереу келсiн, – дедi ай мен күннiң аманында төбесiнен жай түскендей болып есеңгiреп есi шыққан байғұс кемпiр.

Жайсыз хабар жатқан ба, әп-сәтте, орда iшiндегiлер жаппай дүрлiгiсiп, абыр-сабыр болды. Күтушiлер арасында неше түрлi пышың-пышың әңгiме басталды.

– Сұмдық-ай, Бәну сұлу тапқан егiз ұлдың арқалары жабысып қалыпты. Оны көрген Әдия кемпiр ақыл-есiнен айырылыпты, – десiп, көздерiн бағжаңдатып, беттерiн шымшыласқан әйелдер жағы отқа май құйғандай гу-гу әңгiменi гулетiп жатты.

Арқаларымен жабысып, екеуi екi жаққа қарап туған бейкүнә қос нәрестенi көргенде орданың бас қараушысы Ғылман да құбыжық көргендей шошып кетiп: «О тоба, ендiгi көрсетпегенiң осы ма едi» деп жағасын ұстады. Көпке дейiн көзiнiң алдын буалдыр тұман тұмшалағандай не iстерiн бiлмей далбасалағандай дарақы күйге түстi. «Бұл Хәшiмге де, бүкiл Құрайыш тайпасына да жеңiл тимес соққы болды ғой, – деп ойлады. – Не iстеген ләзiм? Арқаларын бөлсе қайтер екен? Одан басқа шара да жоқ. Тек тәуекел десең ғана тас жұтасың». Ойымен алысып, басы әңкi-тәңкi болған орда қараушысы:

– Баланың орауын шешiп, дереу төсекке жатқызыңдар, екеуiн ажыратпаса болмас, – дедi. Арқасымен қосақталған қос сәби аяқ-қолдарын ербеңдетiп, тыржалаңаш кейiпте бiр-бiрiне терiс қарап бүрiсiп, күтушiлердiң апшысын қуыра шырылдап жатты. Орда қараушысы балалардың арқасын мұқият қарап шықты. Жабысып тұрған сүйек емес, ет екен, бөлуге болады. Көңiлде сөнуге айналған әлсiз шырақ қайта тұтанғандай iштей «ия, сәт» деп күбiрледi. Белiнен алмас жүзiн жарықпен шағылыстыра жарқ еткiзiп, қылышын суырды. Күтушi кемпiрге «шарап әкел» деп бұйырды. Шараппен аспай-саспай алдаспанның жүзiн суарды. Күбiрлей сөйлеп, бiр-бiрiнен ажыраса алмай iңгәлап жатқан қос сәбидiң жабысқан арқасының ортасын ала өткiр қылышпен «бiсмiллә» деп тартып жiбердi. Шар ете қалған дауысты естiп, алдаспан жүзiндегi қып-қызыл қанды көрiп есi шыққан Әдия кемпiр:

– Шырағым-ау, не iстедiң? – деп екi қолымен бетiн басып, отыра кеттi. Кемпiрден қайран болмасына көзi жеткен Ғылман ақ төсектi алқызыл қанға бояп, анадан туысымен тән азабын тартып, құлын дауыстары құраққа шыға, аяқ-қолдарын тыпырлатып тырбаңдап жатқан нәрестелердiң арқаларын таңуға кiрiстi. Ойға алған шаруаны бiтiрiп, көңiлдi демдеген соң ордадағы өңкей шуылдақты жинап алып, арқасымен жабысып туған балалар туралы жан адамға тiстерiнен шығармауға тапсырды. Осылайша орда маңындағыларды оқалақ тигендей дүрлiктiрген жайсыз оқиға тыншу тапты.

Арада айға жуық мерзiм өткенде барша бәдәуилерiмен барған жағын ойсырата шауып, мал-мүлкiн талап, артынып-тартынып Хәшiм хәкiм де жеттi. Келе сала егiз ұлды болған қуанышына дүркiрете той жасап, шарапты судай ағызды. Қос ұлға көптiң көзiнше азан шақыртып, Ыбания, Умия деген ныспы бердi. Күндердiң күнiнде балалардың арқаларымен жабысып туғандығы, оларды орда қараушысы Ғылманның қылышпен бөлгендiгi туралы әңгiме Хәшiм хәкiмнiң құлағына да тидi.

«Бұл қалай, Ғылманның ағайындылардың арасына қылыш жүгiртуi достығы емес қастығы ғой. О несi екен бәдбақтың, пайманасы тасиын деген екен» деп ойлады. Болған iстi өз аузынан есту үшiн Ғылманды шақыртты. Ақ дамбалы жер сызған орда қараушысы Хәшiмнiң қап-қара болып түтiккен жүзiн көрiп, оның ашулы екенiн сезген бойда сүтке тиген мысықтай жүнi жығылып асып-сасып, абдырап қалды.

– Отыр, күнәһар! – дедi екi көзi ұшқын шаша тәкәппар кейiпте оны сұқ саусағымен нұқыған хәкiм. Орда қараушысы жүзi ауған түйедей тұрған жерiнде жүрелей шөктi.

– Ой, зәнталақ! Сен маған мынаны айт: бұл дүниеде не қымбат, не тәттi? – дедi жастайынан кесек турауға дағдыланған өткiр қылыштай айбарлы да айбынды хәкiм. Оның өңменiн тесiп өтердей өткiр жанарына төтеп бере алмай бүгежектеп жүзiн төмен салған Ғылман:

– Бұл дүниеде екi аяқтыларға өмiр қымбат, шырқыраған шыбын жан тәттi, – дедi.

– Жан тәттi болса, мен жоқта ордада не бүлдiргенiңдi өз аузыңмен айт. Қаны басына тепкен Ғылманның тiл-аузы байланды. Қолдары дiрiлдеп отырған орнында төмен қарап шөге бердi.

– Арқасы жабысып туған балаларды қылышпен бөлгенiң рас болды ғой, зәнталақ?! – дедi түндей түнерген қас-қабағы қатулы Хәшiм. – Балаларға қылыш көтергенде өз шыбын жаныңды ойламадың ба?

– Ғафу етiңiз, қожайын, шыбын жанымды қия көрiңiз! – Орда қараушысы басымен жер сүзе құлады. – Күнәмдi кеше көрiңiз, тақсыр.

– Сенiң шыбын жаның кiмге дәрi, мен үшiн барың да, жоғың да бәрiбiр! – дедi жақ еттерi жиырылып жазылған Хәшiм. – Ендi екi баланың тұқымы өмiр бойы бiр-бiрiмен жауласып өтетiн болды, – деп күбiрледi. – Егер саған жан керек болса, екi елi аузыңа төрт елi қақпақ қоюың керек едi. Қақпақ қоя алмадың, отыз тiстен шыққан сөздi отыз рулы елге таратушы өсекшiнi тауып көзiн жоясың, бар, бәдбақ!

– Құп, қожайын! – Ажал тозағынан әупiрiммен құтылғанына есi шыға қуанған Ғылман орнынан атып тұрды. – Иншалла, айтқаныңызды бүгiн орындаймын!

Сол күнi түн ортасы ауа Әдия кемпiр тұншығып өлдi. Келесi түнi ерсiлi-қарсылы шапқылап жүрген Ғылман да ың-шыңсыз о дүниеге аттанды. Хәшiм хәкiмнiң егiз ұлы Ыбания мен Умия желкiлдей өскен жас құрақтай өсiп жетiле бердi. «Әке – балаға сыншы» деген сөз расқа шықты. Екi ортаға суық семсер жүгiрген егiз ұлдың ұрпақтары Хәшiм болжағандай өмiр бойы бiр-бiрiмен жауласумен өттi.

Сарбұлақ  ИБРАШҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: