Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Төтенше жағдай, карантин режимін неше рет бұздыңыз?

10.12.2020, 11:00 623

15 наурызда елімізде төтенше жағдай енгізілді. Жарлыққа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

«Қазақстан Республикасы халқының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 16) тармақшасына және «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4, 5, 6-баптарына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН» делінген еді Ақорда таратқан хабарламада.

Ал, біз осы режимді қаншалықты сақтадық? Осы сұрақ бізді де толғандырған болатын. Сондықтан, «Халықтың» кезекті сауалнамасының тақырыбын «Төтенше жағдай, карантин режимін неше рет бұздыңыз?» деп қойдық.

Мына бір жайтты ел арасында әлі де түсінбей жүргендер бар. Жоғарыда атап өткендей төтенше жағдай 15 наурызда басталып, 11 мамырда аяқталды. Бұл туралы мемлекет басшысы сол уақыттағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында айтқан еді.

– Бүгін бүкіл ел аумағындағы төтенше жағдай режимі аяқталды. Алайда кейбір аймақтарда дерттің таралуы бәсеңдемей отыр. Індет толығымен жойылып кеткен жоқ. Пандемия халықтың денсаулығына әлі де қауіпті. Сондықтан карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады, – деді президент.

Яғни, төтенше жағдай режимі бір бөлек те, карантин режимі бір бөлек. Төтенше жағдай режимі аяқталған соң ел-жұрттың сәл де болса босаңсып кеткені рас. Той-томалақ әу бастан тыйылмады. Шектеу шараларын жеңілдетудің де қажеттілігі туды. Экономикаға едәуір шығын келді.

Тақырыпқа қайта оралсақ. Сауалнама қатысушыларына  5 нұсқа берілді. «Режимді 1-2 рет ғана бұздым» дегендер 5%-ды құрады. Бұл – ең төменгі нәтиже. Ал, біз ұсынған нұсқадан өз жауабын таппағандар 10% екен. Яғни, олар «Өз жауабым бар» деген батырманы басқан. Оқырмандардың 25%-ы төтенше жағдай, карантин режимін 10 реттен көп бұзғанын айтыпты. Бірақ, халықтың саулығын, елдің амандығын ойлағандар да бар. Біз сұрау салған сауалнамаға қатысушылардың тағы 25%-ы шектеу шараларын 100% (Мүлдем бұзған жоқпын) сақтаған көрінеді. Сауалнама сұрағына  «5-10» деп жауап бергендер  34%-ды құрады. Бұл нұсқа бірінші орынға шығып отыр. Сауалнама нәтижесінен нақты қорытынды шығаруға болатындай. Ел арасында режимді бұзғандар да, шектеу шараларына құлақ асқандар да бар. Қалай десек те, сақтансаң, сақтайды. Саулық – сақтықта екенін ұмытпағанымыз абзал!

Бүгінде елімізде аталған індеттің екінші толқыны жүріп жатыр. Қызылорда облысы бойынша 9 желтоқсандағы мәліметке сүйенсек, осыған дейін 3302 жағдай расталса, 3270 адам коронавирустан жазылып шыққан. Оның ішінде өзге өңір мен мемлекеттердің адамдары да бар. Өкінішке қарай, қызылордалық 15 кісі індеттен қайтыс болған. Өткен тәулікте Қызылорда қаласында коронавирус инфекциясынан 1 науқас емделіп шықты. Тіркелген жағдай жоқ. Соңғы 24 сағатта зертханаларда 959 сынама тапсырылған, оның 197-сі тексерілген. Қалған 762 сынамамен мамандар жұмыс істеуде. Жалпы, облыс бойынша   15 046 тест бар. Бүгінгі күні инфекциялық стационарда – 16, реанимация бөлімінде 2 науқас ем алуда.

«Халықтың» сауалнамасы – халықтың ойы, пікірі, көзқарасы. Бұған ешкімнің күмән-күдігі, талас-тартысы жоқ шығар. Жариялық пен ашықтық азаматтық қоғамды орнату, азаматтық пікірді дамыту жолында ауадай қажет. «Halyqline.kz» сайты алдағы уақытта да ел ішіндегі өзекті жаңалықтарға, жайттарға байланысты сауалнаманы тұрақты түрде ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Барлық оқырмандарды белсенді болуға, әділетті болуға шақырамыз!

Сондай-ақ, +77001962000 ватсап нөмірі арқылы бізге кез келген мәселеңізді жолдай аласыз. Біз оған жауапты мекеменің назарын аударамыз, шешілуіне мұрындық боламыз! Ел сенетін белсенді бар. Ол – сіз! Сын болсын, бірақ шын болсын!

Рыскелді  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: