Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайғыдан ішімдікке салынғандар көп болды»

27.11.2020, 12:25 685

HALYQLINE.KZ

ҚАЗАҚСТАНДА 28 ЖЫЛ ТҰРҒАН ТҮРІК АЗАМАТЫ ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН АЛҒАШҚЫ ЖЫЛДАР ТУРАЛЫ АЙТТЫ.

Елімізге 1992 жылы келіп, өмірі мен болашағын Қазақстанмен байланыстырған түркиялық журналист Ахмет Аляз «Өзімді Қазақстансыз елестете алмаймын» дейді. Stan.kz тілшісі тәуелсіздіктің алғаш жылдардағы Қазақстан, еліміздің дамуы, екі ел арасындағы байланыс туралы Ахмет Аляздан сұрап көрді.

 

– Қазақстанда тұрып жатқанызға бірнеше жылдан асыпты. Жалпы, елге қашан, қай мақсатта келдіңіз?

– 1992 жылы Қазақстанға келгенмін. Келгендегі негізгі мақсатым жоғарғы оқу орнында оқу болатын. Келгеннен кейін бір жыл дайындық факультетінде қазақ тілін үйрендім. Артынша 1997 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірдім. Сол жылы «Заман-Қазақстан» газетіне жұмысқа орналастым. Олар мені бірден жауапты хатшы қызметіне қабылдады. Мен оның алдында да газетте қазақша-түрікше мақалаларды аударып жүргенмін. Содан 2001 жылы газеттің атауы өзгеріп, құрылтайшылар қайта сайланғаннан кейін газеттің бас редакторы әрі директоры болдым. 2014 жылға дейін осы қызметті атқарып келдім. Артынша, қазақ-түрік кәсіпкерлер одағына бас хатшы қызметіне тағайындалдым. Ол жерде 4 жылдай қызмет атқардым. Журналистика факультетінде сабақ беріп, журналистикалық менеджмент бағытында шәкірт тәрбиелеп келемін. Алғашқыда Сүлеймен Демирел атындағы университеттің ұстазы болдым. Қазір Абылайхан атындағы университетте түрік тілі әдебиеті мамандығы бойынша сабақ беремін. 2019 жылдан бастап «Фараби шәкірті» деген жасөспірімдерге арналған журнал шығарып жатырмыз. Бұл журналды оқырман назарына ұсынғанымызға бір жыл болды, сұраныс жаман емес. Жас, зейінді балалардың қабілетін арттыру бағытында жұмыс істеп, соларды халыққа танытуды мақсат тұтып отырмыз.

– Ширек ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқымен бірге өмір сүріп келесіз. Қазақтың кемшіліктерін атай аласыз ба? Ұнайтын тұстары қандай?

– Егер бір елде түрме бар болса, демек ол жерде жаман адамдар да бар. Тек оларың жамандығы өз ортасында ғана көрініс табады. Олар тиісті жазаларын алып жатады. Ал бір елдің мектебі, мәдениет ошағы болатын болса, ол жерде жақсы адамдардың бар екені анық. Яғни, бір қоғамды алып, оны түбегейлі жерден алып, жерге салудың немесе мақтауын асырудың қажеті жоқ. Қоғам болған соң барлығы бар. Мен жеке басым Қазақстанда 28 жыл өмір сүргеніме қуанамын. Өйткені қазақ деген бауырларымды таптым, таныдым. Егер Қазақстан жақсы болмаса, 28 жыл бұл жерде тұрмас едім. Менің балаларым осында дүниеге келді, білім алып жатыр, өмір сүріп келеміз. Екі бауырлас елдің ынтымағына аздап болса да үлес қоссам, басқа арманым жоқ. Мен бұдан былай өзімді Қазақстансыз елестете алмаймын. Әрине өзімнің шыққан жеріммен де байланыс үзбеймін. Біздікі – ендігі жерде екі халыққа ортақ пайдамызды тигізу. Түркия халқы Қазақстанды атажұрт деп қабылдайды, қара шаңырақ деп есептейді. Осы сыйластық пен байланыс үзілмесе екен дейміз.

– Сіз келген уақытта еліміз Тәуелсіздігін жаңа алған еді, ондағы әсеріңіз қандай болды? Сол уақыттан бері не өзгерді?

– Қазақстанда 2000 жылға дейін әлеуметік-экономикалық жағдай өте ауыр болды. Ол кездері кемшіліктер көп еді. Халықтың арасында қайғыдан ішімдікке салынғандар көп болды. Жаңадан тәуелсіздік алып, фабрика, зауыт жұмысы тоқтап, экономика құлдыраған кездер еді. Дүкенге барсаңыз, іздеген нәрсеңізді таба алмайтын едіңіз. Тапқан күннің өзінде біреулер келіп алдын ала барлығын алып кететін. Артынша екі метр ары барып, өзінің дүкенін ашып, әлдеқайда қымбат бағаға сататын. Бірақ ол кезде сауданың да не екенін түсініңкіремей жатқан кездер болатын. Мысалы, басымнан бірнеше рет осы оқиға өтті. Дүкенге барсам 20 шақты жұмыртқа бар. Соның барлығын алайын десем, ана кісі маған «Мен кешке дейін не істеймін» деп жұмыртқасын сатпайды. Мен «Ата, барлығын маған беріңіз, бос отырмаңыз, бала-шағаңызға барыңыз» деймін. «Жоқ болмайды, балам» деп ол кісі таңнан кешке дейін соны сату керек деген оймен өмір сүреді. Қазір 30 жылдың ішінде көп нәрсе өзгерді. Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық жағдай көтерілді. Жоқшылық жоқ. Жұмыс жасаймын деген адам болса, жұмыс бар. Барлық нәрсе бірден ойдағыдай бола қоймайды ғой. Оның басты себебі қазақ халқы 70 жыл отарда болды. Социалистік қоғамнан шықты. Жүйе өзгергеннен кейін халықты экономикалық тұрғыдан басқаша ойлауға итермеледі. Қазақ халқы базарға барып нан, алма сатуды ұят санайтын, намыс көретін. Бұрын халық үшін барлығын мемлекет жасайтын болса, енді әркім өзі үшін әрекет етуі керек болды. Кейін келе халық бұл мәселелерге бейімделді. Нарықтық экономиканың не екенін түсіне бастады. Бұл халықтың санасындағы үлкен өзгеріс, жетістік еді. Есесіне халық, білімімен, ғылымымен қоғамға қайтып келе бастады. Экономикалық білімі қалыптасты. Қазір қазақтың баласы барлық жерде сауда жасап, ісін дөңгелетіп жатыр. Бұл әрине сан ғасыр бойы сауда жасап келе жатқан Қытаймен, Еуропамен, Түркиямен, Араб елдерімен салыстыруға келмейді. Бірақ сол жылдардан бастап, қазақтың санасы өзгеріп, ел басқа бағытта дамып келеді. 

Қазақ халқы бұрын газет-журналды жаздыртып алып оқитын еді. Ал қазір баспа өнімдері жоғалудың алдында тұр. Мұны интернеттің кең таралуымен байланыстырып жатады. Бірақ дамыған Еуропа, АҚШ-тың өзінде газет-журнал мәдениеттің айнымас бір бөлшегі. Оның себебі неде деп ойлайсыз?

– Мен бұл мәселемен ұзақ күрестім. Газетке электронды жазылу мәселесі Қазақстанда әлі күнге дейін ұйымдастырылмай келе жатыр. Кез келген газетке адам үйінен шықпай, отырған жерінен жазылуы керек. Бірақ бұл мәселе бізде қолдан ұйымдастырылады. Почтаға барып, индексін айтып, қай газет-журнал екенін біліп, қаражат төлеп жазылуың керек. Редакциялар оқырмандармен тікелей байланыс орната алмай отыр. Қазір тіпті мектеп аралап, жарнама жасауға да тыйым салынды. Бір сөзбен айтқанда, журналистиканың алдында көптеген кедергілер бар. Газет өзіне-өзі жарнама жасай алмайды. Жасаған күннің өзінде ол өте қымбат, басылымның әлеуметтік жағдайы көтермейді. Газеттің бір жылғы қаржысы 10 минуттық телеарнадағы жарнамаға кетеді. Газет-журналдар оқырмандарына жететін тікелей жолды таба алмай отыр. Газеттердің екінші проблемасы – қос тілділік мәселесі. Әлі күнге дейін мемлекеттік биліктегі тіл орысша болғаннан кейін, қазақ тілді басылымдар тұншығып жатыр. Газет-журналдар интернеттік жүйеге көшпейінше, оларға сұраныс болмайды. Өйткені әлі күнге дейін апталық газеттер бар. Бұл мәселеде аудиториялық, жастық ерекшеліктерді ескеріп отыру керек. Кез келген нәрседе аудитория сұранысын ескеру керек. Негізі бізде ескірмейтін тіл, әдебиет, тарих деген үш тақырып бар. Алайда біздің журналистика әлі осы үш тақырып аясынан шыға алмай отыр. Мемлекеттік сатып алу, тендердегі талаптар ауыр. Сапасына емес, санына мән береміз. Мемлекет газет-журналдарға көлем деп қарамауы керек. Ол газет-журналды жойып жібереді. Бұл мәселе әлі күнге дейін шешілмей келе жатыр. Ең бастысы, тәуелсіз, еркін, шектелмеген журналистер дайындау ендігі мақсатымызға айналып отыр. Кез келген елге барып сұхбат ала алатын, өзінің репортажын жасауға мүмкіндігі бар, өзіне сенімді журналист қалыптастыруымыз керек.

Қазір алып қарасақ, қазақ журналистикасында ең аз берілетін тақырып – шетел хабарлары. Мен шетел жаңалықтарына қызықпайтын адам жоқ деп ойлаймын. Себебі әлемдік аудиторияны қамтып отырған телеарналар мен басылымдардың артықшылығы – шетелдік жаңалықтарды беруінде. Қазақ телевизиясында аймақтық, шетелдік тілшілер ұстап, тікелей ақпарат жеткізу болған еді. Алайда бұл үлкен шығынды талап етеді. Дегенмен бұл шығындарды көтере білу керек. Әлемге қазақи көзқараспен қарап үйренген жөн. Олай болмаса, біреудің көзқарасымен кетіп қаламыз.

– Мемлекеттің БАҚ-қа қатысты саясатын қалай бағалайсыз?

– Журналист өзін сыйлата білуі керек. Өйткені журналист – төртінші билік. Билік дегенде тапсырма беріп, қарап отыру емес, барлығының жұмысын қадағалау. Бізде журналистер бар, бірақ журналистика жоқ. 

Осыдан бірер жыл бұрын елімізде қазақ-түрік лицейлері жабылып, Түркияда Фетхуллах Гюленді қолдайтындар қудаланды. Сіз қазір тарихи отаныңызға емін-еркін кіресіз бе?

– Мен елге бара алмаймын. Өкініштісі, бұл мәселеге Түркия билігі біржақты, әділетсіз қарайды. Ешқандай кінәсіз миллиондаған адам зардап шегіп отыр. Мемлекеттің жасап жатқан жұмыстарын ешкім түсіне алмай отыр. Қазақстанда еңбек етіп жатқан бір мұғалімнің не кінәсі бар. Ол өмірін, жастық шағын осы елге арнады. Қазақ-түрік білім саласында үлкен жетістікке жетіп жатса, оны қолдау керек деп ойлаймын. Бірақ қолдаудың орнына, оны жоюға, өлтіруге тырысып жатқан адамның психологиясын түсінбеймін. Бұл қазақтың ақтаңдақтарының кешкен тағдырына ұқсас. Басқа ешқандай түсінік жоқ. Байтұрсынов бір мақаласындағы жапондарды мақтап, солар секілді болуымыз керек деген екі сөзі үшін жапон шпионы аталып, атылып кетті. Бірақ халықтың ұлықтаған ұлы көсемі ретінде есте қалды. Демек, ол кісілердің тірлігі дұрыс, жақсы. Оны халқы ешқашан ұмытпады, ұмытпайды. Сол секілді мен үшін халықтың жүрегінде орын алу маңызды. Біз де осы мәселеге байланысты біраз қиындық көрдік. Бірақ Қазақстан бұл мәселеде өзінің ұстанымын көрсетті. Мектептер қайта құрылып, Білім министрлігі қадағалап отыратын болды. Әлемді тек жақсы адамдар өзгерте алады. Сондықтан оларды қолдау керек. Бұл жағынан Елбасымыз бен президентімізге алғысымыз шексіз. Қолдау білдіріп, айыптаулар түскенде «Біз 30 жыл бойы қарап, қадағалап, тексеріп келеміз. Сіз таққан айыпты көрген жоқпыз» деудің өзі – үлкен ерлік. Мұндай ерлік жасаған Қазақстанға алғысым шексіз.

Сұхбаттасқан  Дана  Русланқызы.

Stan.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: