HALYQLINE.KZ Қажеттілік. Мемлекеттік тілді еліміздің әр азаматы өз бетімен үйренуге, таза сөйлеп, жазуға , өмірде қолдануға құлықты болуы үшін алдымен қажеттілік болуы керек. Сонда ғана қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілге, еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға мүмкіндік бар.
Ал ол қажеттілікті туғызудың екі жолы бары белгілі. Біріншісі, заңмен міндеттеу, бақылауды күшейту. Екіншісі, әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру.
Біріншісінің жайы белгілі, қоғам Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға жақындап келе жатыр. Ал екіншісі, яғни тілді үйренуге деген құлшынысты ояту, қажеттілік туғызу күн сайын және тоқтаусыз жүргізілетін жұмыс.
Тіл комитеті төрағасы қызметіне тағайындалған он күн ішінде осы бағытта жасалған жұмыстарға назар аударта кетейін.
Бірінші, Президенттің еститін мемлекет саясатын жүзеге асыру үшін, еліміздегі барша БАҚ пен әлеуметтік желілердегі тілге қатысты айтылған мәселелер мен жарияланымдарға мониторинг жасап, жедел назар аударуды, қажетті шаралар қабылдауды қолға алдық.
Екінші, еліміздегі терминолог ғалымдар мен мамандарды жинап, онлайн конференция өткізіп, онда елімізде осы уақытқа дейін мақұлданған 27 мың терминге қайта мониторинг жасап, сәтсіз терминдерден арылу міндетін қойдық. Сондай-ақ, терминдерді Үкіметтік комиссиямен бекітуге ұсыну туралы қарар қабылдадық.
Үшінші, латын әліпбиін жетілдіру мәселесі бойынша түркі тілді елдер арасында ғылыми конференция өткізіп, әліпбиімізді халықаралық деңгейде талқыладық. Оған Түркия, Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Молдовия, Қарақалпақстан, Татарстан, тағы басқа елдерден ғалымдар қатысып, әліпби жасаудағы және латын графикасына көшудегі мәселелер туралы ғылыми баяндама жасады. Түркі тілдес мемлекеттер арасында Тіл саласы ғалымдары арасындағы Ассоцияция құру мәселесі көтерілді.
Төртінші, Тіл комитетінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында және Тіл мәселелерін әлеуметпен бірлесе талқылап отыру үшін фейсбук, инстаграм әлеуметтік желілерінде Тіл комитетінің акаунттарын аштық. Енді сіздерді толғантатын мәселелерді, тілге қатысты заңсыздықтарды осы жерде жаза аласыздар. Мүмкіндігінше тез назарға алып, шешімін ұсынуға тырысатын боламыз.
Бесінші, үш тілді еркін меңгерген, қазақтілді жастар арасында байқау өткіздік. Олардың тіл үйрену тәжірибесі тіл оқыту орталықтарына ұсынылатын болады.
Алтыншы, Республика бойынша мемлекеттік тілді оқытатын тіл орталықтары оқытушылары арасында сынақ өткізіп, ең озық оқытушыны анықтадық. Ендігі жерде озып шыққан оқытушының ұтымды оқыту әдістемесі еліміздегі 99 тіл оқыту орталығына, басқа да тіл үйретуші мамандаға ұсынылатын болады.
Жетінші, еліміздегі мемлекеттік тілдің мәселелерін үздіксіз көтеріп жүрген ұлтжанды азаматтардың басын қосатын «ТІЛ ЖАНАШЫРЫ» онлайн тобын құрдық. Мақсат – Президенттің мемлекеттік тілді ұлтаралық қатынас тіліне айналдыру идеясын жүзеге асыру тұрғысында тілге бірлесе қызмет ету. Онлайн топқа тіліне, ұлтына қарамастан өзін тіл жанашыры санайтын кез келген азамат қатысып, пікірін білдіре алады. (Егер өзіңізді тіл жанашыры санасаңыз, айтарыңыз, қосар үлесіңіз бар болса, қосыламын, қолдаймын деп аты- жөніңізді жазып, телефоныңызды қалдыруыңызға болады.)
Сонымен Тіл комитеті жаңаша жұмыс істей бастады. Бұл бағытта Сіздерге арқа сүйейтініміз анық.
Іске сәт! Тіліміз мәңгі болсын!
Әділбек Қаба,
Тіл комитетінің төрағасы
Abai.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!