Бүгін облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның отырысы өтті
Жиын барысында мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталу жай-күйі, облыстық инспекциялық топтың зерделеу жұмыстарының қорытындысы, сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты мекемелер мен Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау барысы қаралды.
Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес құрылған облыстық инспекциялық топ 24 тамыз бен 22 қыркүйек аралығында облыс аумағындағы 298 мемлекеттік мекемеде зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Мәжіліс барысында облыстық қоғамдық даму басқармасының басшысы Руслан Каюпов мемлекеттік рәміздердің қолданылуы мен насихатталуына жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша баяндама жасады.
Сондай-ақ облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жігер Айекешов басқармаға қарасты мекемелердегі мемлекеттік рәміздердің қолданылуы, орналастырылуы және насихатталуы жөніндегі атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
Комиссия отырысында мемлекеттік рәміздерді қолдану кезінде қолданыстағы заңнама мен ұлттық стандарттар талаптарын сақтау, оларды тиісті деңгейде орналастыру және насихаттау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
«Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің айқын белгісі, елдігіміздің ең басты нышандарының бірі. Сондықтан оларды талапқа сай пайдалану тек жауапты қызметкерлердің міндеті ретінде қаралмауы тиіс. Мемлекеттік рәміздерге деген құрмет әрбір мемлекеттік мекеменің жұмысында, қоғамдық ортада және күнделікті өмірде көрініс табуы қажет. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі жүргізіп, анықталған кемшіліктерді уақытылы жою маңызды», – деді Мейрамбек Зинабдинұлы.
Облыс әкімінің орынбасары сондай-ақ мемлекеттік мекемелердегі рәміздердің орналасу тәртібіне, олардың сыртқы талаптарға сәйкестігіне және мемлекеттік нышандарды насихаттау жұмыстарының мазмұнына жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.
Жиын қорытындысымен облыстық басқарма басшыларына, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдеріне, сондай-ақ аумақтық департамент басшыларына мемлекеттік рәміздердің бекітілген ұлттық стандарттар мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес пайдаланылуын, орналастырылуын және сақталуын тұрақты бақылауда ұстау тапсырылды.
Сонымен қатар 25 қазан – Республика күніне орай өткізілетін іс-шараларды ұйымдастыру мәселесі де қаралды. Осы бағытта мерекелік және ақпараттық-имидждік жұмыстарда бірізділікті қамтамасыз ету, мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын кеңінен насихаттау жөнінде тиісті міндеттер жүктелді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!