Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Кіп-кішкентай бала екенсің ғой…»

21.07.2020, 11:10 914

«Халық» газетіне 3-курста жұмысқа алындық. «Түске дейін – оқуға, түстен кейін – жұмысқа». Осы сценариймен соңғы 2 курсты тамамдадық. Сабаққа мойнымыз жар бермей тұрса, кураторға «жұмыста едім» дей саламыз.­

Жастығымызға қарамай, қоғамдық-саяси тақырыптарға қалам тарттық. Жастық амбициямен министр­ліктің, жергілікті биліктің жұмысын сын тезіне салдық. Әрине, нақты дерек-дәйекке сүйене отырып. Сөйтіп, аз уақытта есіміміз ептеп елге таныла бастады.

Тәуелсіздіктік күніне орай Қазалы ауданында кең көлемде мәдени іс-шара болды. Соны ақпараттандыруға облыстан бір топ тілшілер аттандық.

Қазалы. Орталық алаң. Ақшаңқан үйлер. Аудан­дағылар журналистер үшін арнайы бір киіз үй тіккен. Түс әлетінде ас ішіп, аяқ суытуға кірістік. Сорайған бойымы­з болмаса, дене-бітіміміз жұқалтаңдау ед(і). Оның үстіне облыстан барған журналистердің ішінде ең кішісі – мен. Дастарқан басында «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Әкімжан Жолтаев күтіп алушыларға тілшілерді таныстыра бастады. Кезек бізге келгенде орным­ыздан ақырын көтерілдік. Әдекең:

 – Қозы Көрпеш Жасаралұлы! Республикалық «Халық» газетінің журналисі, – дей беріп еді, сол жерде ас-ауқат дайындап жүрген апайдың бірі сұраулы жүзбен:

– Әй, өзің кіп-кішкентай бала екенсің ғой. Газеттен мақалаңды оқып тұрамын. Мен сені бір ересек адам шығар деп жүрсем, – дейді таңданып.

Расында, ол кезде  ашқұрсақ студенттің бірі едік.

СЫРТЫМЫЗДАН   СЫБАП

Облыстық әдеп жөніндегі кеңесте аудандағы бір шенеунік­тің тәртіптік ісі қаралды. Сол жиында айтылған ой-пікірлерді, сынға қалған шенеунікке қатысты мәліметтерді газетке жарияладық. Араға біраз уақыт салып­ әлгі шенеунік жұмыс істейтін ауданға ат басын бұрдық. Ойда-жоқта өзіміз сынаған азаматпен кездесе қалдық. Кабинетіне шақырды да, ол:

– Өткенде республикалық газеттің біріне мен туралы­ мақала шығыпты. «Осындай да, осындай» деп жазған екен. Авторы есіме түспей тұр..,- деп әңгіме бастады.

Сәл ойлансам, шенеуніктің айтып отырғаны менің мақалам екен. Бақсам, жазғанымызды жоққа шығар­ғысы келеді. Содан:

– Аға, айтып отырған мақалаңыздың авторы – мен. Келіспейтін тұсы болса, редакцияға хабарласыңыз. Дегенме­н, ондағы мәліметтерді «аспаннан алып» отырған­ жоқпыз. Әрі-беріден соң сол жиында айтқан сөзіңізді айна-қатесіз жаздық. Сенбесеңіз, диктофонды қосайын, – дедік.

Бағанадан бері «сыртымыздан сыбап» отырған шенеу­нік сап тыйылды да, әңгімені басқа тақырыпқа бұрып  әкетті. Ал  біз  іштей  күліп  отырдық…

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: