Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғандағы зауыт жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіреді

18.08.2026, 12:30 57

HALYQLINE.KZ – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұйымдастырған баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері Жаңақорған ауданындағы «СКЗ-U» ЖШС күкірт қышқылы зауытының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын аудан орталығынан 17 шақырым жерде, «Хорасан-1» және «Хорасан-2» уран кеніштеріне жақын орналасқан. Зауыт тәулігіне 1500 тонна, жылына 500 мың тонна күкірт қышқылын өндіруге қауқарлы. Кей жылдары өнім көлемі 510–520 мың тоннаға дейін жеткен.

Өндірістің негізгі шикізаты – Атырау өңірінен теміржолмен жеткізілетін түйіршікті күкірт. Кәсіпорын жылына 160 мың тоннаға дейін шикізат өңдейді. Алдымен күкірт 135 градус температурада балқытылып, сүзгілеуден өтеді. Кейін арнайы пеште жағылып, бірнеше технологиялық кезеңнен кейін күкірт қышқылына айналады.

— Дайын өнімнің бастапқы концентрациясы 98,5 пайыздан асады. Кейін ол тұтынушы талабына сай деңгейге жеткізіліп, «Хорасан-1», «Хорасан-2» кеніштері мен Шиелі өңіріндегі уран өндіруші кәсіпорындарға жөнелтіледі. Күкірт қышқылы уран өндірісінде қолданылатын негізгі компоненттердің бірі, — деді күкірт қышқылы зауытының директоры Сәбит Дауылбаев.

Күкіртті жағу кезінде бөлінген жылу да қайта пайдаланылады. Одан бу өндіріліп, турбина арқылы электр энергиясы алынады. Өндірілген қуаттың 5–6 мегаваты зауыттың өз қажеттілігіне жұмсалса, сыртқы желіге 10–11 мегаватқа дейін электр энергиясын беруге мүмкіндік бар.

Күкірт қышқылын өндіру MECS (Monsanto) лицензиясы бойынша қосарлы конверсия және қосарлы абсорбция технологиясына негізделген. Негізгі жабдықтарды итальяндық BALLESTRA компаниясы жеткізген. Энергетикалық кешенде General Electric бу турбогенераторы, Termodyn турбинасы мен Brush генераторы қолданылады.

Өндірістің барлық кезеңі орталық басқару бөлмесінен тәулік бойы бақыланады. Ал сынақ зертханасының мамандары түйіршікті күкірттен бастап дайын қышқылға, технологиялық су мен мұржадан шығатын газға дейін тексереді. Зертхана 2012 жылдан бері аккредиттелген, мұнда 11 маман еңбек етеді.

Кәсіпорында экологиялық бақылау да жүргізіледі. Өндірістің жалпы тиімділігі 99,7 пайызға, ал абсорбция кезеңіндегі көрсеткіш 99,9 пайызға жуықтайды. Тәуелсіз мамандар тоқсан сайын зауыт аумағы мен Кеден ауылындағы ауа, су және топырақтан сынама алады. Шығарындылар автоматтандырылған жүйе арқылы онлайн режімде бақыланады.

2026 жылғы 31 шілдедегі мәлімет бойынша «СКЗ-U» ЖШС-де 276 адам еңбек етеді. Оның 259-ы күкірт қышқылы зауытында жұмыс істейді. Қызметкерлердің 83 пайыздан астамы – Жаңақорған ауданы мен Қызылорда облысының өзге аудандарының тұрғындары.

Мақаланың толық нұсқасын «Халық газетінің» алдағы санынан немесе

HALYQLINE.KZ сайтында бейсенбі күні оқи аласыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: