Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада 4919 пәтер сатып алуға 101 миллиард теңге бөлінді

28.07.2026, 20:45 30

Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов баспасөз конференциясында баспана мәселесіне кеңінен тоқталды.

– Әлеуметтің ең әлеуетті әрі өзекті мәселесі – баспана екенін жақсы білеміз. Биылғы жылы бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан 4 919 пәтерді сатып алуға 101 млрд. 45,7 млн. теңге бөлінді. Бұл үйлердің жалпы ауданы 318,4 мың шаршы метрді құрайды, – деді ол. Сатып алынатын пәтерлер 172 үйге жинақталған.

Әкімнің айтуынша, ипотека бойынша 1 113 пәтерді құрайтын көпқабатты 17 үй, әлеуметтік осал топтарға 3 806 пәтер болатын 155 үй қарастырылған. Соңғысының ішінде 100 бірқабатты үй бар, оның пәтер саны 200.

Инженерлік желі тарту жұмысы да қатар жүріп жатыр.

– Инженерлік-инфрақұрылымды дамыту мәселесі басты назарда. Жыл басынан бері Президент саябағы аумағындағы көпқабатты 15 тұрғын үй мен әлеуметтік нысандарға және Сол жағалаудағы 5 қабатты 10 тұрғын үйге инфрақұрылым тартылуда, – деп толықтырды қала басшысы. Аталған жұмысқа 9 миллиард 957 миллион теңге қаралған.

Бұдан бөлек, қаладағы электр желісі 1 миллиард 447 миллион теңгеге жаңартылып, Қызылжарма ауылдық округінің жаңадан қоныстанған аумағына ауыз су және газ құбыры жүргізіледі. Оған 1 миллиард 293 миллион теңге бөлінген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: