Қазақстан үшін Каспий теңізінде контейнер тасымалдайтын жаңа кемелердің құрылысы басталды, деп хабарлайды halyqline.kz.
Баку кеме жасау зауытында елімізге арналған алғашқы мамандандырылған контейнерлік кеменің килін қалау рәсімі өтті. Кеме 780 TEU көлеміндегі контейнер тасымалдауға есептелген. Жоба “Қазмортрансфлот” ұлттық теңіз кеме қатынасы компаниясы мен Abu Dhabi Ports Group арасындағы серіктестік аясында жүзеге асып жатыр.
Көлік саласындағы бұл бастама Қазақстанның Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған. 2027 жылдың соңына дейін Каспийде контейнерлік жүктерді тасымалдауға арналған екі заманауи кеме салу жоспарланып отыр. Сонымен қатар екі құрғақ жүк кемесін салу мәселесі де қарастырылып жатыр. Оларды тапсыру 2028 жылға жоспарланған.
Жаңа кемелер Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша жүк тасымалын арттыруға мүмкіндік береді. Соңғы жылдары Орта дәліз Азия мен Еуропаны жалғайтын маңызды бағыттардың біріне айналды. Қазақстан осы бағыттағы теңіз логистикасын күшейту арқылы халықаралық тасымалдағы орнын бекіте түспек.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!