Фото: ЖИ
Күннің қабағы ашылып, қыстың қытымыр суығы қайтқан сәрсенбі. Таң қылаң бере жанарымды терезеден тысқа тастап, ойдың тереңіне үңілдім. Жылы жерде отыра бергеннен алақаныма біреу несібе әкеліп салмайды. Жұрт қатарлы жұмыс істемесем, қарғаның саңғып кеткені кімге бұйырады? Басымда – көне қара қалпақ, үстімде — ағамнан қалған әскери тон мен былтырдан қалған қара шалбар, аяғымда – әбден тозығы жеткен қонышты етік.
Бағытым – қаладағы III мөлтек ауданындағы (Ескі базар маңы) сауда үйлерінің алды. Ол жақта не бар еді деп ойлап отырсыз ба? Сол маңдағы жол жиегі – адамдардың жалданып жұмыс істейтін орталығы. Қолынан бұранда бұрау мен қара жұмысқа күш жұмсағысы келмейтін кержалқаулар, бай-бағландар осы азаматтардың жұмысына мұқтаж. Мен де уақытымды босқа өлтірмей, ақшатабудың амалын жасап, жұрттың тілімен «құлбазар» аталып кеткен орынға жеттім. Құдды біреу маған «міне, жұмыс, міне, ақша» деп ұсына қалатындай.
Жол жиегімен келе жатқан маған жұрттың бәрі көзін төңкеріп карайтындай. Діттеген орныма да жеттім. Әдепкіде қара жұмыстың ауырлығынан қашып, іргемді аулақ салып тұрсам да, бұдан баска амалдың жоқтығын өзі-өзіме мойындаттым. Сырттай бақылап тұрған жұмысшылардың бәрі бір-бірімен таныс секілді. Темекінің түтінін будактатып, қара жерге «жер» сайлап, карта ойынының көрігін қыздырып-ақ жатыр. Тамағымды бір кенеп, жандарына барып, амандастым.
– Ағалар, жұмыс керек еді! – деген бір ауыз сөзбен ғана тоқталдым.
– Жұмыс жоқ! – деп мұрындарын шүйіріп, аларған көзімен шығарып салды.
«Смотряший» кім?
«Шешінген су дан тайынбас» деген ой мені сол жерге кайта апарды. Үнтүнсіз тұра бердім. Бәрі жол жиегіне тоқтаған көліктерге жүгіре жөнеледі. Сөйтсем, олар жұмыс ұсынушылар екен. Екі-үш мәрте жүгіргендерін көріп, мен де әдістерін жылдам менгеріп алдым. Бұл әрекетіме өзім іштей куаныштымын. Келесі көлік те кілт тоқтап, терезесін ашты. Жапа-тармағай жарысқандардын арасына мен де қосылдым. Біреуі итке жекігендей «кет» десе, біреуі көкірегімнен итеріп, келесісі тіпті жұдырығын ала жүгірді. Жалғыз өзім – бір қазық, олар бір топ. Сірә, менің өздерінің «нанына» ортақтасқанымды жақтырмай тұр.
Сәлден соң араларынан шамамен орта жасты алкымдаған жас жігіт жаныма келіп:
– Бауырым, бұл жерде саған қалған жұмыс жоқ! Аман-есен, есінді біліп тұрғанда жөніңе бар!
– Тым болмаса, бір-екі жұмыс істеуге мұрша беріңдерші…
– Атын кім сенің?
– Ердәулет!
– Мені «Жека» деп атасаң болады. Аралдың тумасымен. Мен де сен сияқты келгенмін басында. Қалаға оқуға түскенмін. Күнкөріс қиындап кеткен соң амалсыздан осында жүрмін. Ауылдың баласының қолынан осындай қара жұмыстан басқа не келеді дейсің?…
– Жека, бір азаматтығың болсын. Жұмыс істеуге көмектесші…
– Інім, мұнда жұмыс істеу үшін алдымен «смотрящийдің» алдынан өтесің. Онымен сөйлесу үшін де таныс керек. Оңайлықпен сөйлеспейді. Оның үстіне ол қазір қалада емес, келген күннің өзінде саған жұмыс істеуге мүмкіндік беруі екіталай.
– Менің мұнда келгенімді ешкім білмейді. Сенің үй ішің біле ме?
– Бұл жерде отыз шақты адам тұрамыз, келген-кеткен көліктерді «аңдып». Үйдегілерге айтсаң, маскара ғой, менің кесірімнен бүкіл ауылдың алдында абыройы төмендейді ғой. Басқа амал жоқ енді, – деді де тобырына қосылды.
«Ақысын берсең, бокысын шығарады»
«Еңбегі көптің өнбегі көп» демекші, сананы тұрмыс билеген заман туғалы қашан? Күйбің тірліктің ноқтасы басыңа түскен кезенде нәпақа табу үшін тер төгіп, арқа тері арша, борбай еті борша болып жүрген жандар қаншама? Бұл – базар айналасындағы күнделікті көз үйренген тірлік. Бірінің ойы «жан бақсам» дейді, енді бірі «бай болсам» деген ниетпен тіршілік етуде. Базар маңынан әрі-бері өткенде, полиэтилен қалтаға салынған нан сатып жүрген өзбек жігіттерін байқаймыз.
Арасында өзіміздің қазақ бауырларымыз да бой көрсетіп жүр. Тіпті, жол шетінде қайыр сұрауды кәсіпке айналдырған адамдар да көбейген. Ал, ескі базар жанынан салынған «Сұлтан» сауда үйінің бұрыш-бұрышында жұмыс іздеп, еңбегін саудалағандардың тірлігі жаңағыдай. Айлығымен емес, шайлықақшамен күн көретін, сол үшін айтқаныңа көніп, айдағаныңмен жүретін бұл ағайын қай істің де ақысын берсең, бокысын шығарады.
Араға бірнеше сағат салып, «құлбазарға» айналған «Сұлтан» сауда үйінің алдына «сұлтанша» келіп тоқтаған жігіт көлігінің терезесін сәл түсіріп, (мұнда келушілердің бәрі тек терезесін ашады -ред.) бірнеше қызмет түрін ұсынды.
Мені итеріп-итеріп ортасынан шығарып тастаған олар бағасын айтып абыр-дабыр. Бұлар айтқан бағаға келісім бермегендей көлігін ұйытқытып айдап кетті. Сондағы білгенім, аула ішінен әжетхана қаздыру – 10000 теңге, жүгіңді қалаған жерге жеткізу – 5000-6000 теңге, бетон кұю, қора тазалау, бір күндік құрылыс жұмыстарын істеу 20-30 мың тенгедей ғана. Ал аула жұмыстары 5000 теңгенің айналасы. Бұл көлемдегі қаржыға алатын азық- түлік бір себетке де толмайды. Әрине, нарықта баға шарықтап тұр.
Ұлымыз құл, қызымыз күң болмасын…
Кейіпкер кейпіне енген бір күнде байкағаным осы болды. Жұмыстан шеттетіліп қалғандар да, бала-шағаның қамы үшін жұмыс таппай сенделгендерде – осында. Шаруа киімін құшақтап, айналасына тоқтаған кез келген көлікке жалтақтап тұрған бұл адамдардың әрқайсысының ойында «қандай жұмыс, қанша төлейді?» деген бір ғана сауал тұрады.
Айтпақшы, араларында отбасынан безіп, өз бетінше күн көріп жүргендер де жоқ емес. Бір өкініштісі, жылдар бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, сол бейнеттің зейнетіне жете алмаған мамандық иелері бар. Де.енмен, нарықтың өмір базары тіршілікке де үйретіп тастаған. Бұрынғы лауазым мен қызмет бұл жерде өзгелер үшін абырой емес. Жалдамалы жұмыстың тәртібі мен өзгешелігі де сол. Қатып қалған зандылықтың жоқтығынан не пайда, барған жерінде қарапайым техника қауіпсіздік сақталмайды, біреуі ауырып, біреуі құлап жатса да оларға көмек берер ешкім жоқ.
Құлдық өмірдің қамытын киген бұл адамдардың мұндай жағдайға түсуінің өзіндік себептері бар. Олардың дені оқуды бітіріп, дипломмен жұмысқа тұра алмай, бірі өзінің мамандығына сай жұмыстың жалақысына көнілі толмайтындығын, енді бірі оқудан да, отбасыдан да мақұрым қалғандықтан осындай шарасыз күйге түскендігін айтып күйінеді.
Статистика мәліметтеріне сүйенсек, елімізде 2025 жылы жұмыссыздар саны 445,7 мың адамды құраған. Демек, базардың айналасын «меншіктеп» жүргендер саны да күн санап артып жатыр. Қатарын арттырмауға тырысып, кеш қарая мен де өз бағытыммен кете бардым. Басым жарылып, көзім шықпай тұрғанда…
Ердәулет Кәкімжанов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!