Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Баға, қағаз, бедел –бүгінгі білім беру жүйесінің бет-бейнесі

26.02.2026, 7:20 120

Қай  кезеңде  де  қоғамның  даму  деңгейі  білім сапасымен  өлшенеді. Білім – ұлттың  ертеңін айқындайтын стратегиялық сала. Алайда бүгінгі күні білім беру жүйесінде шешімін күткен мәселелер аз емес:  мұғалім  мәртебесі, оқулық сапасы, жүктеменің артуы, мемлекеттік мектеп пен жеке мектеп арасындағы алшақтық, тәрбие  мен  білімнің  ара  салмағы – осының  бәрі  қоғам  назарында  тұр.

Осы өзекті тақырыптар төңірегінде біз педагог-зерттеуші, тарих пәнінің мұғалімі Досхан Ахметқалиевпен әңгімелестік.

Білім – болашақтың кілті десек, сол кілттің  дұрыс қолданылуы кімге байланысты?  Мұғалімнің  миссиясы қай тұста өзгерді? Ал ата-ана мен қоғам  жауапкершілігі ше?  Осы  және  өзге  де  сауалдарға  сұхбат  барысында жауап  іздедік.

– Досхан Фаридонұлы, сұхбатқа келісім бергеніңізге рақмет. Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз, еңбек жолыңыз қай білім ордасынан бастау  алды?

– Алғашқы қызметім 2017-2023 жылдары №39 «Қызылөзек» орта мектебінде тарих пәні мұғалімінен басталды. Кейіннен 2023-2024 оқу жылында «Qazbilim Qyzylorda» ұлттық лицейін­де оқу ісі орынбасары, ал 2024-2025 жылдары директордың міндетін атқарушы боп жұмыс істедім. Тоғыз жылдық тәжірибеден соң, магис­тратураға тапсырып, қазіргі уақытта осы білім алуыма байланысты «Qazbilim Qyzylorda» мектебінде әкімшілік қызметті тоқтатып, мұғалім боп жұмыс істеудемін. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдас­тыруымен және Ұлттық тест орталығымен бірге арнайы «Тест тапсырмаларын әзірлеу және сараптау» атты даярлау курсынан өтіп, қазіргі уақытта ҰБТ сұрақтарын даярлау құрамының мүшесімін. Сондай-ақ, «Тарихшының махаббаты» атты жыр кітабының авторымын. Білім саласының бүгінгі бет-бейнесін кәсіби көз­қараспен ашып айтпақшымын, жоғары білім мен тәжірибені талап ететін салада сындарлы сәт көптеп кездеседі. Десе де, бүгінде білім беру жүйесі өткенмен салыстыруға келмейтін жақсы  өзгеріске  толы.

– Жақсы, сұхбатымыздың негізгі сұрақ­тарына оралайық. Қазіргі мұғалімнің басты мис­сиясы не деп ойлайсыз? Білім беру ме әлде тұлға қалыптастыру ма? Мұғалім мамандығының қадір-қасиеті  бүгінгі  қоғамда  жеткілікті  деңгейде  бағаланып  отыр  ма?

– Жалпы,  басты  міндетіміз – білім   мен   тәрбие. Әл-Фараби бабамыз айтқандай, «Адамға бірінші тәрбие керек, тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» демекші, ұстаздық еңбек тек біліммен ғана шектеліп қалмай, тәрбиені де қатар алып жүруі керек. Мұғалімнің басты парызы – бәсекеге қабілетті тұлға тағайындау, үлкен өмір сахнасына шығару. Сонымен қатар, мектеп қабырғасында бейімділігі бар пәнмен жұмыс істеп, болашақ сол пәнмен астасқан салаға оқушының қызығушылығын арттыру. Бүгінгі білім беру жүйесінің басты ұстанымы да – білім мен тәрбиені қатар алып жүру. Себебі сапалы білім тек академиялық көрсеткіштермен өлшен­бейді. Тиісінше, тұлғаның қабілетін ашу, кәсіби бағыт-бағдарын айқындау, өмірге бейім, бәсекеге қабілетті азамат қалыптастырумен тікелей байланысты. Сондықтан мұғалімнің негізгі миссиясы – білім мен тәрбиені ұштас­тыра отырып, болашақта өз орнын таба алатын, толыққанды тұлға тәрбиелеу. Жоғары­да атап өткенімдей, «тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы», осы нақыл сөз қазіргі қоғамда көптеген қызметтегі адамның шынайы бет-бейнесін көрсетеді. Хакім Абай «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» десе, «Ұлтқа қызмет – білімнен емес, мінезден»  дейді  Алаш  көсемі Әлихан Бөкейхан. Демек, алғашқы білім мен тәрбиенің негізгі көзі білім ордасы болса, сол білім ордасының мамандары мұғалімдердің миссиясы – осы тәрбие  мен  білімді  қатар  беру.

Ал, мамандықтың қадір-қасиетіне келер болсақ, осы бағытта соңғы жылдары білім саласында бірқатар оң өзгеріс жүзеге асты. Әсіресе, педагог мәртебесінің артуы ұстаздар қауымы үшін тарихи қадам болды. Бұрындары сабақ уақытынан тыс кездері талай Қызылорда көшелерінің тазалығына ат салысатын болсақ, «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан кейін мұғалімдердің кәсіби қызметіне қатысы жоқ жұмыстарға тартылуы шектеліп, олардың негізгі міндеті – сапалы білім беру ісіне басымдық берілді. Сонымен қатар, мұғалімдердің санаттық дәрежесіне байланыс­ты еңбек­ақыны көтеру мәселесі де кезең-кезеңі­мен жүзеге асырылды. Нәтижесінде соңғы он жыл көлемінде қоғамдағы мұғалім мәртебесі бұрынғыға қарағанда айтарлықтай өсті. Ұстаз еңбегі лайықты бағаланып, әлеуметтік тұрғыда қолдау  күшейді.

– Мұғалімнің уақытын қағазбастылық қанша­лықты «жеп» жатыр? Бұл балаға бөлінетін уақытқа қалай әсер етеді? Есеп беру мен нақты сабақ беру арасындағы тепе-теңдік сақталып отыр  деп  айта  аласыз  ба?

– Қағазбастылық мәселесі бүгінде бір­шама мұғалімнің көтеріп жүрген ауқымды мәселе­лерінің біріне айналғаны рас. Негізінен, мұғалімнің жүктемесі білім беру болса, сол білім беру жүйесінің жұмыстары қағаз бен қалам­мен қатысып жатқандықтан, маман­дығын сүйіп тұрған маманға бұл кедергі бол­мауы тиіс деп ойлаймын. Ал саласына салмағын салып жүрген артық қағазбастылық сыныбы бар мұғалімдерде жиі кездеседі. Оны енді ашып айту қажет. Кей белсенді мұғалімдер сынып жетекшілікке бөлек штат ашып, жалақы­ны жоғарылатуды талап етуде. Расымен де, сыныбы бар мұғалімдер өз пәндерінен бөлек, сыны­бының әлеуметтік жағдайына да жауап­ты. Жұмысы мен жауапкершілігі жоғары  болғандықтан, ұстаздықтың бұл бөлігіне де аса жоғары мәртебемен қарау қажет. Жалақы жағы, жауап­кершілік  жүктемесі  тағы  бар.

Ал, енді есеп беру мен сабақ беру арасындағы тепе-теңдік әлі де дұрыс орныға алмай жүргені бар. «Аш құлақтан тыныш құлақ» деп, басшылықтан сөз естімеу үшін, ата-ананы босқа әурелемеу үшін балаға бағаны көтермелеп қою кез келгені болмаса да, кей мұғалімнің тәжірибесінен өткені рас. Баға саясаты да мектептің деңгейіне тікелей әсер етуші болғандықтан, баға қоюдың да өзіндік ішкі саясаты осындай ережеге бағынуда. Әрине, кей шыншыл мұғалімдер бар, баланың білім деңгейін шынайы баға­лайтын, бірақ, тиісінше бұл басшылықтан сөз естуге апаратын әрекет екені тағы бар. Мұны жасырмаймыз. Десе де, жоғарыда айтып өтке­німдей, «аш құлақтан тыныш құлақ  жақсы» деп, ата-­ана сөзі мен әкімшіліктің артық  жүктемесінен  қашып,  бағаны көтермелеп  қоя  салатын  мұғалімдер  кездесетіні  анық.

– Енді  қағазбастылықтан бөлек, көрнекі сабақ өту әдісіне келейікші. Бұл – мұғалімнің  жұмыс  сағатынан тыс уақыттарды талап ететін әдіс. Қазіргі талапқа сай «көрнекі сабақ» дегені­міз, шын мәнінде, нәтиже беретін әдіс пе, әлде формализмге айналып бара жатқан үрдіс пе? Сондай-ақ, көрнекілік құралдарын қол­дану мазмұнды  байыта  ма, әлде мұғалімге артық жүктеме  ме?

– Ыбырай Алтынсарин атамыздың бір сөзі бар: «Аз жұмысты қиынсынсаң, көп жұмысқа тап боласың». Сол секілді, мамандықты сүйіп таңдап, өмірімізді осы салаға арнағаннан ке­йін, бұл саланың қиынына да, қызығына да төзе білу керек. Көрнекі сабақты өтудің өзінің бір тиімділігі бар, бір дайындап қойған әдістемелерің  кейінгі   уақыттары  да  қолданысқа жарай береді. Ал енді оны дайындауға әрине, жұмыстан тыс ұзақ уақыт қажет екені рас. Бірақ, бұл әдісті белгілі бір межедегі мақсатты жұмыс­ты оңтайландыру деп қарастырсақ, мәселе  туындамас па еді. Арнайы мұғалімнің 45 мину­ты балаға арналған, осы уақыт аралығында сабағ­ыңды бар ынтаңмен, оқушының назарын аудартып, тиімді тәсілдермен өткізу ұстаздың біліктілігінің бір бөлігі деп есептеймін.

– Мектеп қабырғасындағы бала тәрбиесіне ауысайық. Бала тәрбиесіндегі мектеп пен ата-ананың жауапкершілігі қай деңгейде теңесуі керек? Мұғалім баланың психологиялық қауіп­сіздігі үшін қаншалықты жауапты болуы тиіс?

– Ең бірінші кезекте, ата-ана тәрбиесі бас­ты орында болуы керек. Баланың сабаққа уақытылы  баруы, оқу құралдарының түгел болуы, үй тапсырмасының орындалуы – осының бәріне алдымен ата-ана жауапты, ал мектеп қабырғасындағы 8 сағатқа әрине, ұстаз жауап­ты. Мектепке кірген сәтінен бастап, білім ошағы дейміз ғой, қауіпсіз орта деп санаймыз, осы білім ошағындағы тәрбиесі мен тәртібіне мұғалім жауапты. Тәжірибем бойынша жинақ­тағанымды айтайын. Негізінен, үйдегі тәрбие түзде сыналатыны рас, сондай-ақ, баланың сана-­сезіміне де тікелей қатысты. Бұл ретте, адами фактор әсер етуші болғандықтан, бала да өзіндік жауапкершілікті сезіне білуі тиіс. Сана-­сезімімен дұрыс, бұрыстың аражігін ажырата алуы қажет. Мұны неге айтып отырмын, жасөспірім шақтағы кей бала бар, болдым, толдым, өстім дейтін. Осы балалар арасында көптеген түсініспеушілік, жанжал жағдайы жиі кездеседі. Мұндай сәттерде баланың әрі қарай бұл этаптан өтіп кетуіне ата-ана мен мұғалімнің бірлесе жасаған жұмысы жемісті болады. Жеке тәжірибемде, мен қазір жеке мектепте жұмыс істегендіктен, жеке мектептің білім беру жүйесі­нің мемлекеттік мектептен айырмашылық көрсететін тұсы бар деп ашық айта аламын. Ол – баланың білім алуындағы арнаулы уақыттың ұзақтығы. Яғни, таңертеңгі сағат 08:00-ден басталып, 16:00-ге дейін мектеп қабырғасында болуы. Нәтижесінде, ата-­ана да алаңдамайды, бала да зейінін тек білімге арнай­ды, ал мұғалім де сабағын тыныш, оңтайлы өткізе­ді. Яғни, артық шусыз, жүктемесіз, арнайы  білім  беру  жүйесінің  ізімен.

– Жекеменшік мектептердің көбеюі сапаның өсуі ме, әлде әлеуметтік теңсіздіктің тереңдеуі ме? Ақылы білім мен сапалы білім ұғымдары әрдайым сәйкес келе ме? Мемлекеттік мектептер жекеменшік  білім  ошағымен  бәсекеге  түсе  ала  ма?

– Мемлекеттік мектепті даттағаным емес әрине, бірақ, бала мен мұғалімге берілетін уақыттың бала санына жетіспейтіні де – мектеп­те қозғалуы керек мәселе. 45 минут – 30 балаға. Есептей беріңіз… Бала саны көп, тапсырма жеткілікті, ал уақыт тапшы. Мұнан кейін баланың сабаққа деген назары төмендейді, мұғалімнің сабақ беруге деген ынтасы артпайды, энергиясы азаяды. Ал бұл дегеніміз білім  сапасының  осалдануына  апарады.

Ақылы білім сапалы білімге жұмыс істейді, бірақ, мемлекеттік білім беру орындарымен салыстырғанда жылдамырақ. «Неге?» десеңіз, жоғарыда атап өткенімдей, бала саны мен білім беру уақытының жетіспеушілігі. Мәселен, мемлекеттік мектепте математика пәнін апта­сына 5 рет беретін болса, жекеменшік мектепте бұндай маңызды пәндерді 10 сағаттап өтеді. Және бала саны да басты орында тұрады. Бір сыныпта ең көп дегенде 15 баладан, 45 минутты, сондай-ақ бір пәнді аптасына 10 рет өтудің нәтижесінде сапалы білім мен үздік оқушы деңгейі айқын білінеді. Бізде маңызды пәндерге басымдық берілгендіктен, уақыт та, тиісінше, алатын білім де жеткілікті болмақ. Ал бәсекеге келер болсақ, мұғалім деңгейі шешу­ші рөл атқарады. Бұл бәсекеде жекеменшік мектеп не мемлекеттік мектеп басып озады деп кесіп айту қиынырақ, себебі, әр мектептің өзінің бір белгілі пәнінен мықты жинақталған тәжірибесі болады. Мемлекеттік мектептер көбіне олимпиадалық сайыстарда жоғарыдан көрініп жататын сәттер болады, арнаулы бір пәннен жоғары деңгейде білім беретін мұғалім де болады. Сондықтан, мемлекеттік мектептің ақсап тұрған тұстарын ашып айтқанмен, бәсекеге келгенде білім сапасымен биіктеп жатады. Әрине, жаңа технология, үздік әдістемелер, шет тілдік даму үдерістерінен жекеменшік мектептер алда екені рас. Қоғам болғаннан кейін әртүрлі деңгейдегі институттар болуы тиіс. Мемлекеттік мектеп болған жерде бәсекеге қабілетті жекеменшік мектептердің де болғаны  дұрыс.

– Репетиторлықтың кең таралуы мектептегі білім беру жүйесінің әлсіздігін көрсете ме? Егер мектеп өз міндетін толық атқарса, репетиторға сұраныс азаяр ма еді? Мұғалімнің өзі репетиторлықпен айналысуы қажеттілік пе, әлде жүйелік мәселенің  салдары  ма?

– Білім қалтаға салып қоятын, басты ашып құя салатын зат емес. Репетиторлық та осы ұстанымды ұстанса деймін. Бұл ретте репетиторлықтың сапалы, сапасыздығы рөл ойнайды. Ақшаның артына ілескен, саны көп, сапасы жоқ білім курстарын даярлаған мұғалімдерді де көптеп көрудеміз. Тиісінше, сол онлайн білімге ауысатын балаларды да жиі кездестірудеміз. Мұның бір ұшы сұрағыңыз­ға сай, «мектептегі білімнің әлсіздігін көрсете ме?» дегендей, бала­ның білімді қабылдай алуына тікелей байланысты. Кей бала жеке оқытуды жөн көреді, көпшіліктен қымсынады дегендей. Ал кей бала артық білімді қажет етіп тұрады, яғни үнемі ізденісте жүреді. Ал енді, мұғалімдер тарапынан сараласақ, нарық заманында бұл әдіс табыс көзінің тиімді тұсы болмақ. Әрине, егер сапалы болса ғана. Нәтижесіз білім – құмға сіңген судай, сондықтан да ақшаға емес, нақты мақсатқа, нәтижеге жұмыс істейтін репетиторлық әдісті оңтайлы қолдану маңызды. Жоғарыда айтып өткенімдей, бір 45 минут 30 балаға тиімсіз, сол үшін де сапалы білімді ізденген балаға қосымша оқыту қажеттілік болып саналады.

– Қазіргі оқулықтардың мазмұны баланың жас ерекшелігі мен қабылдауына сай келе ме? Оқулық сапасына қатысты мұғалімнің пікірі ескеріліп отыр ма? Қате, ауыр тіл, артық ақпарат оқушыны білімге емес, жалықтыруға жетелеп  жүрген  жоқ  па?

– Білім беру жүйесінде арнайы спиральді оқыту жүйесі қолға алынған. Бұл әдіс кейін­нен қалыптасты. Мәселен, 2-ші, 3-сынып оқулықтарында ғұн сөзі кездеседі. Бала оны толық түсініп қабылдай алмайтыны анық, ал кейін­нен көзі үйреніскеннен кейін, 5-ші, 6-сыныптарында ғұнның кім екеніне толық түсінік береді. Осы тұста, жаңағы айтқан, спиральді оқыту әдісі жұмыс істеп тұр. Қазіргі ұрпақ – альфа ұрпақтары, тез түсініп, тез қағып алады. Берген білімің мен ақпаратыңды аздық етіп, қосымша ізденіп отырады. Ал мұндай оқушыларға блум таксономиясы нәтижесін жақсы беру­де. Блум таксономиясы – Бенджамин Блум әзірлеген оқу мақсаттарын жүйелеу жүйесі, ол білім алушылардың танымдық қабілетін қарапайымнан күрделіге қарай алты деңгейге бөледі: білу, түсіну, қолдану, талдау, жинақтау (синтез) және бағалау. Бұл иерархия­лық модель – білімді меңгеруді фактілерді еске түсіруден бастап, жоғары деңгейлі сыни ойлау мен шығармашылыққа дейін дамытуға бағытталған жүйе. Қазіргі кітаптағы ауыр тіл деп отырғаныңыз осы жүйе арқылы жұмыс істейді. Бұл әдістің де олқы тұстары бар. Мәселен, бұрындары біз екі нұсқаға бөліп, мұғалімнің дауыстап оқуымен диктант жаздырып, баланың тыңдау, жазу қабілетін анықтайтын едік. Ал қазір бұл әдіс түбегейлі тоқтатылды. Қазір блум таксономиясымен баланың түсіну, саралау, ойлау қабілетін анықтайтын арнайы тест жұмыстары ғана жүргізілуде. Тиісінше, расын айту керек, сауатты жазатын ұрпақ азайып бара­ды. Тілдік қолданыстың бұрмалануы байқалады.

Ал, мұғалімнің  пікірі расымен де ескерілуде. Оған дәлел, қазіргі өзімнің жұмыс тәжірибемді айтайын. Жоғарыда айтып өткенімдей, Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының Қазақ­стан бойынша тарих пәнінің сарап­шыларының бірімін. Қызылорда өңірінен  4 мұғалім  іріктеліп  шықтық, қазіргі уақытта тест сұрақтарын дайындауда құрылтай өткізіп, сара­лап,  арнайы белгілі бір  уақыт межесін қойып, сараптай отыра дайындаймыз. Мұны неге айтып отыр­мын, себебі, сұрақты дайындаудың өзі – үлкен жұмыс. Бір емес, бірнеше синтезді талап етеді, жай, оңай қойыла салатын сұрақ емес. Ол сұрақты дайындағаннан кейін балама жауап­тарын әзірлеу – өз алдына бөлек тағы бір жұмыс. Сол секілді, кітап мәтініне кейде мұғалім тарапынан түсініспеушіліктер туындап  тұрады.

– «Алдағы 2027 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгереді» деген бейресми ақпарат тараған болатын, бұл қаншалықты рас?

– ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын, алдағы екіжылдықта тестілеу сапасына өзгертулер енгізіледі деп. Яғни, 4 жауапты белгілейтін нұсқалар алынып, орнына халықаралық деңгейдегі оқу орындарына тапсыра алатындай тестілеу түрін тағайындау ойда бар. Жалпы, пилоттық жоба ретінде жүзеге аспақ. Көпжауапты, арнаулы дұрыс жауапты белгілеу арқылы балл жинайтын тестілеу түрі енді болмайды, 2027-2029 жылдар аралығында жаңа әдіспен оқуға түсу бағыты басталмақ. Алдағы уақытта ресми өкілдеріміздің парақшасынан әлде де тың жаңалықтарды естіп, көре жатармыз. Ал «2027 жылдан  бастап ҰБТ алынады» деген ақпарат рас.

– Сұхбатымыздың соңына да келіп қалдық, білім сапасының артуына, бәсекеге қабілетті тұлға  тағайындауда мұғалімнің кәсібилігі қаншалықты  маңызды?

– Әрине, өте жоғары деңгейде. Сапалы білім мен кемел болашақтың болуына ұстаздық жолдың ерен еңбегін бағалау қашанда маңызды. Білім мен тәрбиені тұтас дәріптеп жүрген жандардың әлеуметтік маңызы жоғары.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет,  жұмысыңызға  сәттілік  тілейміз!

Сұхбаттасқан  Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: