Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«ЭПШТЕЙН  ІСІ»: Жаһандық  және  отандық  астары

12.02.2026, 8:00 89

Соңғы  жылдары әлемдік  ақпарат кеңістігінде  «Эпштейн ісі» тақырыбы өршіп тұр. Даулы миллиардерге байланысты құжаттар көптеген саяси элита өкілінің, шоу-бизнес серкесінің  артын  ашты. Бұл іс жай файлмен ғана шектелмей, жаһандық элитаның жабық әлемін, билік пен ақшаның байланысын  ашып көрсетті. Бір қызығы, аталған  файлда Трамп пен  Масктың  ғана емес,  қазақстандық шенеуніктердің  де аты аталғаны  жақында белгілі  болды. Көптің аузында  жүрген  көлеңкелі  тақырыпқа зерттеу  жасап  көргенбіз.

Джеффри Эпштейннің ісі – ХХІ ғасырдың ең даулы оқиғаларының бірі. 2008 жылы кәмелетке толмағандарды жыныстық зорлық-зомбылық және оларды адам саудасына тартты деген айыппен сотталған Эпштейн 2019 жылы Нью-Йорк түрмесінде қайтыс болғанымен, оның артында қалған материалдар әлемді әбден дүрліктірді. АҚШ Әді­лет министрлігі 2025-2026 жылдары «Эпштейн ісі» деп аталатын миллиондаған құжатты, видеоны және суретті жариялап, қоғамға бұрын жасыр­ылып келген деректерді ашық  таныстырды.

Эпштейн файлы – бұл адам саудасы, жыныстық қанау және ықпалды тұлға­лар­мен байланыстар туралы 3 миллионнан астам парақ құжат, 2000-ға жуық бейне және 180 000-нан  астам сурет­тердің жиынтығы. Жарияланған материалдардың ішінде Эпштейн мен оған жақын адамдардың қарым-қатынасы, бизнес және саяси элита арасында жүріп жатқан өзара байланыстардың кейбірі кө­рінеді.

Шетелдік сарапшылар бұл оқиғаны тек бір адамның қылмыс­тық әрекеті ретінде ғана қарастырмайды. Мысалы, Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Эпштейн ісін «батыс элитасының жоғары деңгейдегі жемқорлығы мен ықпал жүйесінің белгісі» деп атады. Оның ойынша, бұл жағдай елдердегі билік пен байлықтың сыбайластықпен байланысын ашып көрсетеді. Қысқасы, ресейшіл шенеу­ніктер үшін бұл оқиға түрпідей тиген жоқ, майдай жақты десек  те  болады.

Батыс сарапшылары да файлдардың қоғамдық мәні мен саяси салдарын терең талқылап-ақ жүр. ТАСС агенттігіне берген сұхбатында экономика және стратегия мектебінің сарапшысы Николай Новик «Эпштейн құжаттарының ашылуы жаһандық элита арасындағы жасырын иммунитет дәуірінің аяқтал­ғанын білдіруі мүмкін» деп ашық  айтты.

АҚШ ішінде де бұл құжат­тардың  жариялануы қарсы­лық тудырып жатыр. Кейбір федералдық судья құжаттарды жариялау кезінде зардап шеккендердің құқықтарын қор­ғау­ды талап етеді, өйткені кей құжатта зардап шеккендердің жеке мәліметтері дұрыс жо­йылмағаны анықталды. Бұл өз кезегінде құрбандардың қауіпсіздігіне нұқсан келтірді деген  сындарға  алып  келді.

Шетелдік  басылымдар мен  саяси  талдаулар Эпш­тейн ісінің елдер ішінде саяси резона­нс тудырып отырғанын растайды. Мысалы, Reuters және The Guardian сияқты газеттердегі соңғы ақпаратқа сәйкес, Еуропа елдерінде жоғары лауазымды тұлғалар Эпштейнге қатысты байланыстарын мойындап, қызметтерінен кеткен жағдайлар тіркелуде. Сонымен қатар, жаңа құжаттар Ресеймен байланыс­тардың болуы мүмкін екенін көрсетіп, Польшаның үкіметі мұны ұлттық қауіпсіздік тұр­ғысынан  тергеуге  кірісті.

АҚШ  Президенті  Дональд Трамп Эпштейнге қатысты құпия файлдарды жариялау туралы заңға қол қойды. Бұл заң ең тұңғыш рет Эпштейн ісіне қатысты материалдардың көп бөлігін ашық етуге мүмкіндік берді деп есептеле­ді, дегенмен құжаттардың толық мазмұны әлі күнге дейін жан-жақты жарияланған жоқ. Бір қызығы, аталған файлда Трамптың өзінің де аты біршама рет аталған, фотода көзге түскен, видеоларда да бой көрсеткен.

Тақырыпты саясаттың құралдарына айналдыру туралы да пікірлер айтылады: кейбіреулер құжаттарды жариялау саяси бәсекелестік қаруы­на айналып отырғанын да  жасырмайды.

Эпштейн файлының әлемдік резонанс тудыруы оның ауқымды қылмыс­тық сипатына ғана емес, бұл істің ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейде «көрінбей» келгеніне байланысты. Шетелдік сарапшылар мен беделді басылымдар бұл жағдайды жеке адамның қылмысы емес, элиталық жүйелерде қалыптасқан жазасыздық мәдениетінің салдары ретінде қарастырады. The New York Times пен The Guardian сынды газеттердің талдауынша, Джеффри Эпштейннің байлығы мен ықпалды орталарға еркін кіру мүмкіндігі оны құқық қорғау жүйесінен ішінара қорғап  отырған.

2025-2026 жылдары АҚШ Әділет министрлігі жариялаған құжаттар кө­лемі осы пікірді күшейте түсті. Reuters пен Wired басы­лымдарының мәліметінше, сөз шамамен 3-3,5 мил­лион парақты қамтитын мате­риалдар туралы болып отыр. Оның ішінде электронды хаттар, қаржылық жазбалар, ұшақ журналдары, фото­суреттер мен бейнемате­риалдар бар. Бұл деректер Эпштейннің қылмыс­тық әрекеттерін, сонымен бірге оның әлемдік элитамен арадағы әлеуметтік және іскерлік байланыс­тарының кең желісін  көрсетеді.

Файлдарда саясат, қаржы және технология салаларын­дағы ықпалды тұлғалардың есімдері жиі ұшырасады. Халықаралық БАҚ бұл тұста бір маңызды жайтты үнемі атап өтеді: құжаттарда аты аталған адамдардың барлығы қылмысқа қатысы бар дегенді білдірмейді. Көп жағдайда бұл кездесулер, хат алмасулар немесе қоғамдық іс-шаралар аясындағы байланыстар ғана. Соған қарамастан, қоғам үшін бұл деректер элиталар әлемінің жабық сипатын ашып көрсететін маңызды белгіге ай­на­лды.

Мәселен, Reuters пен Associated Press агенттіктері жариялаған материалдарда АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтонның, Ұлыбритания ханзадасы Эндрю­дің және бірқатар ірі технология компаниялары­ның жетекшілерінің аты аталады. Бұл есімдер Эпш­тейннің жоғары ортаға қаншалықты еркін кіргенін көрсетеді. Wired журналы Эпштейннің Силикон аңғарындағы ықпалды тұлғалармен қарым-қатынасын жеке талдап, оның ғылыми жобалар мен инвестициялық бас­тамалар арқылы бедел жинаға­нын  атап  өтеді.

Адам құқықтары сала­сындағы халықаралық ұйым­дар бұл істі адам сауда­сы мен сексуалдық қылмыс­қа қарсы күрестегі жүйелік олқылықтың айқын көрінісі деп бағалады. Олардың пікірінше, төменгі деңгейдегі қылмыскерлер қатаң жаза­ға тартылғанымен, жоғары лауазымды немесе ықпалды адамдарға қатысты істердің толық ашылмауы – жаһандық проблема. Эпштейн файлы осы теңсіздікті ашық көрсетті.

Бұл даудағы ең күмәнді әрі даулы сәттердің бірі – Эпштейннің  түрмеде  көз  жұмуы. Ресми түрде суицид деп танылған бұл оқиға шетел­дік БАҚ-та «тергеудің ең маңызды сәтінде қойыл­ған нүкте» ретінде сипатталды. The Washington Post пен Der Spiegel сарапшылары дәл осы өлімнен кейін көптеген ықпалды есімдердің жауапкершілік аймағынан тыс қалғанын жазады. Осыдан кейін «шындық толық ашыла ма?» деген сұрақ халықаралық деңгейде күн тәртібінен  түспей  отыр.

Сонымен қатар, файлдардың жариялану тәсілі де сынға ұшырады. Бірқатар құжаттың қатты қараланып, кейбір беттердің толық жабық күйде берілуі ашықтық туралы уәделерге күмән тудырды. Ал кейбір деректерде зардап шеккендердің жеке мәліметтері абайсызда жарияланып кеткені туралы ақпарат қоғамда қосымша алаңдаушылық туғызды. Бұл жағдай әділет пен этика арасындағы күрделі тепе-­теңдікті  айқын  көрсетті.

АҚШ Әділет министрлігі Джеффри Эпштейн ісіне қатыс­ты жаңа құжаттарды жариялағаннан кейін бұл даулы файлдың Қазақстанмен де байланысы бар екені белгілі болды. Tengrinews.kz зерттеген материалдарға сәйкес, жарияланған құжаттарда Қазақстан атауы 400-ден астам мәрте кездеседі. Онда жоғары лауазымды тұлғалармен кездесулер, Алматы мен Астанаға жасалған сапарлар, сондай-ақ «И.» есімді құпия тұлғаға қатысты  деректер  қамтылған.

Жарияланған хат-хабарлардан Эпштейн мен оның айналасындағы адамдардың Қазақстанға сапарлары кездейсоқ емес, алдын ала жоспарланған әрі мұқият ұйымдастырылғаны байқалады. Мәселен, 2014 жылғы 7 наурыздағы хат алмасу сапарды жоспарлаудан басталады. Онда кездесулердің уақыты, қатысушылар мен визалық мәселелер талқыланған.

Кейінгі хаттардың бірінде автор «Алматыға жаңа ғана қондым» деп жазады. Құжаттарда жеке ұшақпен жасалған сапарлардың егжей-­тегжейлі жоспары көрсетілген. Бағыттар арасында Алматы мен Астана нақты аталады. Сонымен қатар, рейстердің Мәскеу, Рига, Вильнюс және Минск арқылы транзитпен өткені, ұшу уақыты мен жанармай құю қажеттілігіне дейін жазыл­ған.

АҚШ Әділет министрлігінің деректер базасына жасалған іздеу нәтижесіне сәйкес, жарияланған материалдарда «Қазақстан» сөзі 417 рет, «Астана» – 198 рет, ал «Алматы» – 74 рет кездеседі.

Қазақстанға қатысты тағы бір сапар 2019 жылдың мамыр айындағы хат-хабарларда көрініс табады. Онда автор «Қазақстаннан жаңа ғана оралдым», «Қазақстаннан ұшып келіп жатырмын» деп жазады. Кейін ол елдегі әсерімен бөлісіп, мемлекет­тік қауіпсіздікке жауапты «генералмен» көп уақыт өткізгенін айтады. Оның сөзінше, бұл адам «өте жақсы адам» болған. Алайда құжаттарда нақты кім екені көрсетілмеген, көптеген есім цензураға ұшырап, қара­ланып  тасталған.

Файлдарда Қазақстанның бұрынғы премьер-­министрі Кәрім Мәсімов­тің есімі де бірнеше рет аталады. Құжаттарда оның аты сегіз рет кездессе, оның орынбасары ретінде көрсетілген «К.» деген тұлға 90-нан астам рет жазылған. 2011 жылғы 4 тамызда жазылған хаттардың бірінде белгісіз адам Эпштейннен: «Менің үйімнің жанында Қазақстанның премьер-минист­рі Кәрім Мәсімов тұрады, сен оны танисың ба?»  деп  сұрайды.

Ал 2014 жылғы хат-ха­бар­ларда Эпштейннің айна­ласындағы адамдар оның атынан Мәсімовке сәлем жеткізгенін кемінде үш рет хабарлаған. Бір хатта Эпш­тейн «достық деңгейде сөйлес», «Нью-Йоркте жақсы уақыт  өткізгенімізді айт» деп  жауап  береді.

Құжаттарда «IPI-ден келген қазақ қызы» деп сипат­талатын И.А. есімді әйел де бірнеше рет ата­лады. Ол International Peace Institute ұйымында жұмыс істеген. Хат-хабарларда ол Эпштейннің кездесулерін ұйымдастыруға қатысқаны, сондай-ақ оның қызмет­керлерінен көмек сұрағаны көрсетілген. Мәселен, бір хатта ол екі түнге арзан қонақ­үй табуға көмектесуді өтінеді. Басқа бір жазбада Эпштейннің кеңсе ассис­тенті И.-мен кездесудің уақытын ауыстырғанын хабарлайды.

Жарияланған материалдарда «қазақ қызы И.» деген есім кемінде 38 рет кездеседі.

Сонымен қатар, құжаттарда Қазақстанның бір мемлекеттік мекемесі мен International Peace Institute арасындағы келісімшарт ту­ра­лы дерек бар. 2014 жылдың қаңтарында жасал­ған бұл келісім жылына 400 мың долларды құраған және валют­алық саясат пен резерв­терді басқару мәселелері бойынша төрт кездесу өткізуді  көздеген.

Бұдан бөлек, хат-хабарлардан АҚШ-тың бұрынғы жоғары лауазымды шенеу­нігінің Қазақстан тақыры­бына тұрақты түрде қызығушылық танытып, Эпштейнге  «Kazakhstan»  деген тақырыппен хаттар жіберіп отырғаны байқалады. 2015 жылдың мамырында Эпштейнге Қазақстан туралы аналитикалық жазба жолданған. Онда елдің экономикалық және геосаяси сын-қатерлері сипатталған. Эпштейн бұл құжатқа қысқа нұсқаумен жауап берген: «Оларға жылына 3-5 мил­лион деп айт». Бұл қаражаттың нақты не үшін және кімге арналғаны құжаттарда көрсетілмеген.

ТҮЙІН. Расын айту  керек, әлемде біз білмейтін небір нәрсе бар. Ал бұл файлды Эпштейннің қалдыру себебін олигарх түптің түбі жасаған қылмыстары үшін жауапқа тартылатынын біліп, лауазымдыларды бопсалау деп түсіндіреді сарапшылар. Кім біледі, мүмкін расымен солай да шығар? Неде болса, әлі талай шындықтың беті ашылғалы  тұр.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Фото: ашық дереккөзден

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: