Соңғы уақытта қоғамды дүр сілкіндірген отбасылық трагедиялар жиілеп барады. Бір кезде сүйіспеншілікке негізделген қарым-қатынас қызғаныш пен ашудың құрбанына айналып, ақыры адам өмірін қиған қатыгездікпен аяқталып жатқан жағдайлар аз емес. Мұндай оқиғалар тек бір отбасының қайғысы ғана емес, бүкіл қоғамның қауіпсіздігі мен құндылықтарына қатысты күрделі мәселені көрсетеді.
Қызғаныш – адамға тән сезім. Бірақ ол бақылаудан шығып, зорлыққа ұласқанда, оның салдары орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Неге кейбір ер адамдар өз эмоциясын басқара алмай, жанжалдың соңы қылмысқа айналады? Бұл – бүгінгі қоғам жауап іздеуі тиіс маңызды сұрақ.
ОТБАСЫЛЫҚ ТРАГЕДИЯЛАР НЕГЕ КӨБЕЙДІ?
Иә, бүгінде әйелін ұрып-соғып, тіпті асқан қатыгездікпен өлтіріп алып, кейін өзі сотталып, балаларын анасыз қалдырып, тұл жетімдікті қолдан жасап беріп жатқан ерлер туралы жаңалықтар жиілеп кеткенін байқап жүрміз. Мұны көрмеске де болмайды. Әлеуметтік желіні ашсаң, күніге дерлік зорлық-зомбылыққа қатысты суық хабарлар кездеседі. Бұл – тек бір отбасының трагедиясы емес, тұтас қоғамды алаңдататын күрделі әлеуметтік мәселе.
Мәселен, жақында Маңғыстау облысында ер адам жеті баласының анасын өлтірді деген қайғылы оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Бір отбасының шаңырағын ортасына түсірген бұл жағдай жұртшылықты терең ойға қалдырды. Бір сәттік ашудың салдарынан балалар анасыз қалып, әкесі түрмеге қамалды. Бұл оқиға отбасындағы жанжалдың тек ерлі-зайыптылар арасындағы мәселе емес, тұтас ұрпақтың тағдырына әсер ететін фактор екенін тағы да көрсетті.
Осындай проблемалық жанжалдың соңы адам өліміне әкелген бірнеше оқиға жұртшылықтың ашуын туғызды. Әсіресе, әйеліне қатысты аса қатыгездік жасалған істер қоғамда қызу талқыланып, отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесін қайта көтерді. Мұндай оқиғалар көпшілікті «Неге бұлай болды?» деген сұраққа қайта-қайта оралтуда.
ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚТЫҢ КӨРІНБЕЙТІН БЕЛГІЛЕРІ
Неге мұндай қылмыстар көбейіп кетті? Неге кейбір ер адамдар өз ашуын игере алмайды? Қызғаныш пен ашу неге адам өмірінен де қымбат болып кеткен? Өкініштісі, бұл сұрақтарға бір себеп деп ғана жауап беру мүмкін емес. Оның астарында психологиялық күйзеліс, әлеуметтік қысым, жауапкершіліктің әлсіреуі және еркектік туралы қате түсініктер сияқты бірнеше фактор, тіпті басқа да мәселелер жатуы ықтимал.
Психологтардың айтуынша, көп жағдайда мұндай трагедиялар бір сәтте пайда болмайды. Ұзақ уақыт жиналған агрессия, қызғаныш, сенімсіздік пен отбасындағы тұрақты жанжал ақыры қайғылы жағдайға әкеледі. Клиникалық психолог Линда Олсон зорлық көрсететін адамдардың бір бөлігі бала кезінде отбасындағы зорлықты көріп өскенін және сол мінез-құлық үлгісін қайталауы мүмкін екенін айтады.
– Ал ең ауыр зардапты кінәсіз балалар тартады. Олар бір мезетте анасынан айырылып, әкесінен де қол үзіп қалады, — дейді ол.
Ал қазақстандық психолог Лаура Сүйіндік тұрмыстық зорлық-зомбылық тек физикалық күш көрсету емес, оған психологиялық, экономикалық және жыныстық қысым да кіретінін атап өтеді.
Маманның сөзінше, зорлық-зомбылық бір күнде пайда болмайды, ол көбіне бақылау, қорқыту, қысым көрсету сияқты әрекеттерден басталады.
– Қоғам үшін ең қауіптісі – мұндай оқиғалардың біртіндеп қалыпты жаңалыққа айналып бара жатқаны. Егер зорлық-зомбылыққа тек қылмыстық оқиға ретінде қарап, оның себептерін терең түсінуге тырыспасақ, мұндай трагедиялардың қайталану қаупі сақталады. Сондықтан бүгінгі қоғам алдында тұрған маңызды міндет – агрессияны ақтамайтын мәдениет қалыптастыру және ер адамдардың эмоцияны басқару жауапкершілігін күшейту, — дейді психолог Лаура Сүйіндік әлеуметтік желіде берген пікірінде.
Елімізде бұл ахуал бойынша, яғни әйелдерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қорғайтын мамандардың да құзыреті күшейтілген. Дегенмен, соған қарамастан елімізде жыл сайын 100-ге жуық әйел заты өзінің ер-азаматынан зәбір көріп, көз жұмады. Тіпті, қоғамдық орындарда, ашық айтқанда көшеде көпшілік ортада әйелін ажалға итермелеген жағдайлар басымдық берген екен.
АШУДЫ БАСҚАРА АЛМАҒАНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
Көпшілік жерде немесе кез келген тұста өз ашуын билей алмаған жағдайда ең маңыздысы – ашуды жоққа шығару емес, оны басқаруды үйрену. Ашуды бақылауда ұстау – әлсіздік емес, керісінше күштің белгісі. Егер ер адам өз эмоциясын игере алмайтынын сезсе, оны жалғыз көтермей, көмек сұраудан ұялмауы керек. Психологқа жүгіну, сенімді адаммен ашық сөйлесу, спортпен айналысу немесе жанжал кезінде уақытша алыстау сияқты қарапайым қадамдар қайғылы жағдайдың алдын алуы мүмкін.
Ең бастысы, жанжалдың қызған сәтінде тоқтай білу. Бір сәт үнсіз қалу, бөлмеден шығып кету немесе әңгімені кейінге қалдыру кейде үлкен қасіреттің алдын алады. Себебі ашумен айтылған сөз де, жасалған әрекет те көбіне қайтарылмайды.
Отбасында сыйластық пен қауіпсіздік бірінші орында тұруы тиіс. Сүйген адамға үстемдік жүргізу емес, оны қорғау – шынайы ер-азаматтың белгісі. Өз ашуын жеңе алған адам ғана өмірді де, отбасын да сақтап қала алады. Ал ештеңеге қарамай қылмысқа барған ер адамның әрекетін тек «бір сәттік ашудың салдары» деп жеңіл түсіндірудің өзі өкінішті. Өйткені сана бар жерде таңдау бар, ал зорлық – ешқашан ақталмайтын таңдау. Көбіне мұндай әрекеттердің түбінде жиналған психологиялық жарақат, ішкі күйзеліс, бақылаусыз агрессия немесе тұлғалық ауытқулар жатады. Егер қоғам бұл мәселелерді дер кезінде байқап, ашық айтуға үйренбесе, үнсіздік тағы да қайғылы тағдырларға жол ашуы мүмкін.
Қорытындылай келе, қоғамды дүр сілкіндіріп отырған мұндай оқиғаларға қашан тоқтау қойылады? Оның жауабы әр адамның жеке жауапкершілігі мен отбасылық құндылықтарды сақтауға деген көзқарасынан басталады. Ер адамның күші – ашуында емес, сабырында. Егер ашуды жеңе алмаса, оның салдары тек бір отбасының емес, бүкіл қоғамның қасіретіне айналуы мүмкін.
Қызғаныштан басталған жанжалдың қылмысқа айналуы – әлсіздіктің белгісі. Ал шынайы ер-азамат өз эмоциясын игере алатын, отбасының амандығын бәрінен жоғары қоятын адам болуы тиіс. Өйткені бір сәттік ашудың салдары – өмір бойғы өкініш.
О.БАҚЫТЖАН
Коллажды жасаған автор.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!