«Сүйер ұлың болса,
Сен де сүй.
Сүйінерге жарар ол».
(Абай)
Бүгінгі уақытта өскелең ұрпаққа тек білім беріп ғана қоймай, оларды адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу де аса маңызды. Ел болашағы білімді, саналы және адамгершілігі жоғары жастарға байланысты. Сондықтан жас ұрпаққа тарихымызды, ата-бабаларымыздың өмірі мен еңбектерін бағалауды үйрету қажет. Абай атамыздың сөзіндей, нағыз ел сүйетін азамат болып өскен, ғылым саласында өз орнын қалыптастырып, дүниежүзі мойындаған қазақ тұлғаларының бірі – Шоқан Уәлиханов.
Шоқан Шыңғысұлының еңбектері еліміздегі білім беру пәндерінде, әсіресе тарих, география, қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында жиі қарастырылады. Оның әр салада қалдырған еңбектерінің мазмұны мен өмір жолы оқушыларға таныстырылады. Мен колледжде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерін өткізетін болғандықтан, білім алушыларға Шоқанның еңбектерін таныстыра отырып, оның бойындағы адамгершілік қасиеттерін де үлгі ретінде көрсетуге тырысамын. Оқушыларға, әсіресе, оның балалық шағы мен саяхаттары қызықты.
Қысқа өміріне қарамастан, Шоқан Уәлиханов тарих, шығыстану, география, этнография, экономика, филология, өнертану сияқты салаларда көптеген құнды еңбектер қалдырды. Оның «Қазақ шежіресі», «Жоңғария очерктері», «Қазақтар туралы жазбалар», «Абылай», «Даладағы мұсылмандық», «Қазақтағы шаман дінінің қалдықтары», «Ыстықкөл күнделіктері» және тағы басқа зерттеулері Қазақстан мен Орта Азиядағы түрік халықтарының өмірін жан-жақты қамтиды. Ғалымның зерттеулері ғылыми тұрғыдан дұрыс бағытталғаны кейінгі зерттеулерде расталды және бүгінгі күнге дейін өз құндылығын сақтауда.
Шоқанның ғалымдық атағын шыңға шығарған ең маңызды оқиғалардың бірі оның Қашқарияға жасаған саяхаты болды. 1858 жылы 28 маусымда басталған бұл сапар Қапал қаласынан Қарамола тауы арқылы Ыстықкөлді аралап, кейін Қашқар қаласына жетуге дейін созылды. Саяхат барысында Шоқан күнделік дәптер жүргізіп, Орталық Тянь-Шань мен Ыстықкөл бассейні, Нарын, Арпа, Атбас, Шатыркөл және Тарим өзендерінің географиялық жағдайы, табиғат байлықтары, күн райы, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі туралы мәліметтер жазды. Бұл күнделік Ресей Ғылым академиясының архивінде сақталған.
Қашқарияда жарты жыл тұрған Шоқан жергілікті саяси қайраткерлермен, ғалымдармен және халықпен араласып, көп құнды ақпарат жинады. 1859 жылдың сәуір айында ол Отанына оралды. Оның ғылыми еңбектері Ресей ғалымдары тарапынан жоғары бағаланып, Шоқан Қашқарияны зерттеген тұңғыш ғалым ретінде танылды. Ол сапар барысында шығыс қолжазбаларын, тау жыныстары мен өсімдіктер коллекцияларын, мәдени ескерткіштер мен қолөнер туындыларын жинады, сонымен қатар Шығыс Түркістан тұрғындарының тұрмысын бейнелейтін суреттер қалдырды.
Шоқанның еңбектері арқылы жастарға еңбекқорлық, шыдамдылық және ізденімпаздық сияқты қасиеттерді көрсетуге болады. Қашқарияға жасаған сапарының басты нәтижесі – «Алты шаһардың немесе Қытайдың Нан-лу өлкесінің шығысындағы алты қаласының жағдайы туралы» еңбегі. Бұл зерттеу материалының молдығы мен талдауының тереңдігі жөнінен тек Қазақстан үшін емес, бүкіл әлем ғылымына қосылған үлкен қазына саналады. Осы сапарға байланысты Шоқанды «Қашқария Колумбы» деп атауға толық негіз бар.
Шоқанның балалық шағы мен өмір жолы туралы мәлімет беру арқылы оқушылардың өз бетімен іздену қабілетін дамытуға болады. Оларға қосымша мәліметтер жинау, баяндамалар немесе көрнекі жұмыстар жасау ұсынылады. Г.Н.Потаниннің Шоқанмен достығы оның адалдығын көрсетеді, бұл достық оқушыларға сенім мен адал қарым-қатынастың маңыздылығын үйретуге мүмкіндік береді.
Шоқанның отбасы мен әжесінен алған тәрбиесі де үлгілі. Әжесінің еркелетіп қойған есімі – «Шоқан» оның бойындағы адамгершілік қасиеттерінің қалыптасуына әсер етті. Қазіргі кезде ертегі айтып, жыр оқитын әжелер саны азаюы өкінішті.
Мен колледждегі Жастар театры үйірмесімен «Аққан жұлдыз» атты іс-шара өткіздім. Қатысушылар да, көрермендер де Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығы туралы танысып, оның еңбектерін талдап, Шоқанға арнаған өлең жолдарын оқыды, суреттерін көрсетіп, сахналық көрініс арқылы өмірін бейнеледі. Іс-шара барысында студенттердің ойыны шынайы болып, көрермендер де әсерленді.
Әлкей Марғұлан Шоқанның өмірін зерттеуге өз өмірін арнағанын айтып, оның еңбектерін жастарға жеткізудің маңызды екенін атап көрсеткен. Шоқан тек бір салада ғана емес, ғылымның әртүрлі саласында терең білімге ие болды. Бұл оның зеректігін, ғылыми қабілетін көрсетеді және қазақ елінің сол кездегі тарихи жағдайынан туындаған қажеттілік еді. Қазақтың бірден-бір оқыған адамы ретінде ол этнография, әлеуметтік құрылым, тарихи шежіре сияқты мәселелерді ғылыми ортаға шығарды.
Қорытындылай келе, Шоқан Шыңғысұлының өмірі мен ғылыми мұрасы – бүгінгі білім беру жүйесінде тұлғалық тәрбиені жүзеге асырудың озық үлгілерінің бірі. Оның қысқа да мазмұнды ғұмыры жас ұрпаққа білімге ұмтылудың, елге адал қызмет етудің, ақиқат пен әділдік жолында табандылық танытудың нақты өнегесін көрсетеді. Шоқан тұлғасы арқылы білім алушылар тек тарихи деректерді меңгеріп қана қоймай, азаматтық ұстаным, рухани тазалық, ұлттық сана сияқты құндылықтарды бойына сіңіреді.
Шоқан Уәлихановтың ғылыми еңбектері мен өмірлік ұстанымы қазіргі уақытта жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының негізгі бағыттарымен толық үндеседі. Аталған тұжырымдамада көрсетілген адалдық, әділдік, еңбекқорлық, отансүйгіштік, жауапкершілік сияқты қасиеттердің барлығы Шоқанның болмысынан айқын көрініс табады. Ол ғылым жолында ешбір жеке пайда көздемей, өз халқының тарихы мен мәдениетін әлемге танытуды басты мақсат етті. Бұл – адал азаматтың нақты бейнесі.
Шоқанның өмір жолын оқу-тәрбие үдерісінде жүйелі қолдану арқылы оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарға деген құрмет қалыптасады. Әсіресе оның халық ауыз әдебиетін жинауы, салт-дәстүрге ғылыми тұрғыда қарауы, қазақ қоғамының болашағына алаңдауы – ұлттық рухты нығайтудың жарқын мысалы. Бұл өз кезегінде жас ұрпақты тамырынан ажырамай, жаһандану жағдайында ұлттық болмысын сақтауға тәрбиелейді.
Жас мамандар үшін де Шоқан Уәлихановтың тұлғасы – кәсіби және азаматтық дамудың темірқазығы. Ол үздіксіз ізденіс, жан-жақтылық, жауапкершілік және елге қызмет етудің үлгісін көрсетті. Жас ұстаздар Шоқанның өмірін зерттей отырып, тек пәндік білім берумен шектелмей, оқушы жүрегіне жол табатын тәрбие берудің маңызын түсінеді. Ұстаздың адалдығы мен ұстанымы шәкірт тәрбиесінің негізі екендігін Шоқан тағдыры дәлелдейді.
Осыған байланысты төмендегідей ұсыныстар жасауға болады:
– Шоқан Уәлихановтың өмірі мен еңбектерін «Адал азамат» тұжырымдамасы аясында арнайы тәрбие сағаттарында жүйелі пайдалану;
– география, тарих, қазақ әдебиеті сабақтарында Шоқанның ғылыми зерттеулерін пәнаралық байланыс арқылы оқыту;
– сабақтан тыс уақытта театрландырылған қойылымдар, дебаттар, жобалық жұмыстар ұйымдастыру арқылы оқушылардың зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерін дамыту;
– жас мамандарға арналған әдістемелік семинарларда Шоқан тұлғасын ұлттық тәрбие үлгісі ретінде кеңінен насихаттау;
– олардың бойында адалдық, жауапкершілік, еңбексүйгіштік қасиеттерін қалыптастыруда Шоқанның нақты өмірлік әрекеттерін мысал ету.
Шоқан Уәлиханов – бір дәуірдің ғана емес, барша ұрпақтың рухани шамшырағы. Оның мұрасын білім беру мен тәрбие жүйесінде тиімді пайдалану – адал, саналы, ұлттық рухы биік азамат тәрбиелеудің сенімді жолы. Сондықтан Шоқан тұлғасын тану – өткенді тану ғана емес, болашаққа жауапкершілікпен қараудың айқын көрінісі. Бұл – бүгінгі ұстаз бен жас маманның, жалпы қоғамның ортақ міндеті.
Аида ЕРҒАЛИЕВА,
Анар ЖАПАҚОВА,
Исатай Әбдікәрімов атындағы
Қызылорда политехнкалық жоғары колледжінің оқытушылары
Фото: ашық дереккөзден
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!