Қызылорда қаласында білім саласын дамыту бағытында ауқымды жобалар жүзеге асырылып, соңғы жылдары жаңа мектептер мен заманауи білім беру нысандары пайдалануға берілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында Қызылорда қаласының әкімі Нұржан Ахатов мәлімдеді.
Қала басшысының айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында Қызылорда қаласында соңғы кезеңде 5 жаңа мектеп салынған. Бұл білім ұйымдары заманауи талаптарға сай жабдықталып, оқушылардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуына мүмкіндік беріп отыр.
– «Білімге салынған инвестиция – болашақтың берік негізі. Сондықтан бұл салаға бағытталған әрбір қаржы ертеңгі күннің сапалы адами капиталына қосылған үлес деп есептейміз», – деді қала әкімі.
Сонымен қатар, тәулігіне 3 мың оқушыға дейін қабылдай алатын, қосымша білім беру бағыттары қамтылған «Сыр жұлдыздары» академиясы ел игілігіне табысталған. Бұл орталықта дарынды балалардың қабілетін дамытуға, ғылыми-зерттеу және шығармашылық бағыттағы үйірмелерді кеңейтуге басымдық беріліп отыр.
Брифинг барысында физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернатының да пайдалануға берілгені айтылды. Аталған оқу орны жаратылыстану-математикалық бағытта тереңдетілген білім беруге маманданған және өңірдегі талантты оқушыларды қолдауға арналған.
Қала әкімінің мәліметінше, өнер және шығармашылық бағыттағы білім беру де назардан тыс қалған жоқ. Құны 4 млрд 800 млн теңгеге салынған Музыкалық колледждің жаңа ғимараты пайдалануға беріліп, өңір өнерінің дамуына кең мүмкіндік ашты.
– «Бұл нысан болашақ музыканттар мен өнер иелерін даярлауға, олардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған маңызды қадам», – деді Нұржан Ахатов.
Сонымен қатар, кәсіптік білім беру және жұмысшы мамандықтарының кәсіби шеберлігін шыңдайтын Құзіреттілік орталығының құрылысы жүріп жатыр. Бұл орталықта еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша практикалық дағдыларды дамыту көзделген.
Әкімнің айтуынша, аталған жобалар тек білім сапасын арттыруға ғана емес, жастарды еңбекке баулу, бәсекеге қабілетті маман даярлау және қаланың адами капиталын нығайтуға бағытталған.
Қызылордада білім инфрақұрылымын жүйелі жаңғырту алдағы жылдары да жалғасады. Жаңа мектептер салу, қолданыстағы білім ұйымдарын жаңарту және заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету арқылы қалада сапалы білім алуға толық жағдай жасалмақ.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!