Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент цифрландыру саласын сынға алды

10.02.2026, 16:20 83

Бүгін Астанада өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев елдің цифрландыруы мен жасанды интеллект саласының деңгейіне қатысты пікір білдірді. Сонымен бірге Президент сала басшыларына сандық технологиялар жөнінде стратегиялық тапсырмалар жүктеді.

ҚазАқпарат порталының жазуынша, Президент салада кемшіліктер барын жасырмай, отандық бағдарламалардың ел ішінде пайдалану ауқымын арттыру керектігін айтқан.

– KazLLM бағдарламасы іске қосылды деп айттыңыз, бірақ менің білуімше бұл бағдарламаға сұраныс әлі төмен. Жұрт Chat GPT-ге жүгінеді, KazLLM-ге көшкісі келмейді. Сондықтан KazLLM айналасында не болып жатыр деген сұрақ бар, – деді Мемлекет басшысы Жасанды интеллект министріне.

Өз жауабында министр елде екі үлкен тілдік модель бар, олар: KazLLM және AlemLLM. Олар қазір 40-тан астам жүйеге енгізілді. Қазіргі уақытта осы модельдер нарыққа, it-компанияларға, стартаптарға, студенттерге, зерттеу институттарына қолжетімді. Бірақ осы модельдердің сапасын әрдайым жақсартып отыру қажет. Сондықтан халықаралық деңгейдегі сарапшылармен бірге осы жұмыс жалғасады.

– Бұл салада олқылықтар барын мойындайсыз ба? – деп нақтылады Президент.

– Бұл модельдерді үнемі жаңартып отыру керек. Себебі OpenAI сияқты ірі компаниялар жаңа нұсқалар мен модельдерін шығарып, оларды жетілдіріп келеді. Сонымен қатар, осы оқыту процестерінің үздіксіздігін қамтамасыз етуіміз керек, – деп жауап берді министр.

Президент: Қазіргі таңда қанша адам KazLLM пайдаланып отыр?

Министр: Біздің мәлімет бойынша, осы модельге 600 мыңнан астам сұраныс болды.

Президент: Мысалы Chat GPT-де Қазақстан бойынша қанша адам отыр?

Министр: Қазақстан бойынша халықтың 13% пайдаланады.

Президент: Мысалы Aitu деген өз мессенджерімізді жасадық. Онда қанша адам бар?

Министр: Aitu платформасының бүгінгі пайдаланушылар саны 700 мыңнан асып, бір миллионға жуықтады.

– Цифрлық ел болу – алдымызда тұрған аса ауқымды міндет. Әсіресе биыл шешуші жыл болмақ. Сондықтан Үкіметтің осы бағытта қолға алған жобалары цифрландыру ісіне зор серпін беруге тиіс, – деп тапсырма берді Президент.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Онда еліміздің 2025 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланып, алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалады.

Коллаж: halyqline.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: