Көктем келісімен футболдан Қазақстан премьер-лигасы басталады. Осы уақытта ел клубтары командаға келген, кеткен ойыншылар туралы ақпараттарды жиі-жиі бөлісіп жатыр. Трансферлік терезе жабылғанша осылай әрекет етеді. Айтпақшы, дәл осы футбол терминін өткен жылы «трансферлік терезе» емес, «трансферлік есік» деп аударуды ұсынғандар болған еді. Сол уақытта, көңілге қонымды, санаға сіңімді болғандықтан, біз мұны өз лексиконымызға жатсынбай кіргізіп, қолдануды бастағанбыз.
Сонымен, қазақстандық клубтар өзіне қажет емес ойыншыларды команда сапынан шығарып тастап, жаңа ойыншылар алуға барынша тырысуда. Әрине, олар клубтағы әлсіз позицияны нығайтуға күш жұмсап жатқаны айдан анық. Биыл Еуропа лигасында доп тебетін Қызылорданың «Қайсары» да өзінше қам-қарекет қылуда. Ол туралы басқа мақалада арнайы жазамыз. Ал, бүгінгі шығарылымда бас бапкер Стойчо Младенов жаттықтырғалы «Қайсар» сапын толықтырған қара маржандар жайлы сөз қозғамақпыз.
1. Матиас Курьор. Мартиника құрамасының ойыншысы Францияда, Испанияда, Кореяда бақ сынаған. Соңғы ойнаған командасы – Болгарияның «Локомотиві». Алаңда плеймейкер қызметін атқаратын ойыншы екі жылда «Қайсардың» жақсы шабуылдар өрбітуіне жол аша білді. 2017 жылы жолдастық кездесулерде гол салып көзге көрінген ойыншыны аларда Младенов көп толғанған жоқ. Қателеспепті де.
«Мені командаға шақырғаны үшін Стойчо Младеновке алғыс айтқым келеді. «Қайсарда» бар күшімді саламын» деген ойыншы 2018 жылдың соңында қызылордалық командамен қош айтысты. Жанкүйерлер де оны қимай-қимай шығарып салды.
2. Джон Камара. Сьерре-Леоне мемлекетінің тумасы. Өз ұлттық құрамасының ойыншысы бізге дейін Ливанда, Грекияда доп тепкен. Соңғы клубы – Латвияның «Ригасы». Тас қамал орталық қорғаушы «Қайсар» ойынының алға басуына көмектесті деп айтуға болатын шығар. Мансабында гол соғуға сараң ойыншы екі жыл ішінде бір гол (мансабындағы екінші голын – авт.) соға алды. Техникасы жақсы болғанымен, футболшының соққысы көпшілікке ұнамағаны анық. Джон 2018 жылғы маусымды аяқтап, әзербайжандық клубқа ауысты.
3. Абдель Азиз Ламанж. Младенов қызыққан тағы бір қара маржан, камерундық ойыншы мансабында Францияда ойнаған еді. Сондай-ақ, Ресейдің «Шинник», «Ротор», қазақстандық «Атырау» клубында доп тепкен. Ламанж орталық қорғаныста сауатты ойнайды деп сендік. Және ол біздің сенімнен шыға білді. 3 маусым бойына «Қайсарда» өнер көрсеткен Ламанж осы жылы да қызылордалық команда сапын толықтырғысы келген. Демалысқа кетер уақытта жаңа келісімшартқа қол қойғанымен, команда басшылығы оны қажет етпеген көрінеді. Қызылордалық жанкүйерлердің Ламанжға деген көзқарасы түзу деп айта аламыз.
4. Саиди Нтибазонкиза. Бурундики құрамасының ойыншысы карьерасында біраз чемпионаттың басын шалған болатын. Франция, Түркия, Польша лигаларында өнер көрсеткені бар. «Қайсармен» бірге Францияның «Монпелье» клубынан ұсыныс түскенімен, жартылай қорғаушы қызылордалық команданы таңдап еді. Тегі ұзақ әрі қиын футболшының техникасы өте жоғары көрінді. Ауыр жарақаттың салдарынан 2018 жылдың ақпан айында клубтан кетуге мәжбүр болды. Қалай десек те, Саиди есімі «қасқырлардың» және жанкүйерлердің есінде мәңгі қалады.
5. Франк Джа Джедже. «Ертіс» сапынан ауысып келген бұл ойыншыға «Қайсар» бапкері де, жанкүйерлері де зор сенім артып еді. Шетелде талантымен танылған Джеджеге Қызылордада не жетіспегені белгісіз? Младеновтың алдыңғы төртеуімен салыстырғандағы ең сәтсіз трансфері Франк десек қателеспейтін шығармыз. Ол 2018 жылы командадан кетіп тынды.
6. Йоанн Аркин. 2018 жылы Түркия жеріндегі оқу-жаттығу жиынында «Қайсар» басшылығы тағы бір Мартиника құрама командасының шабуылшысы Йоанн Аркиннің ойынын бақылауға алды. Ойыншы Франциядағы Гавр қаласының тумасы. Алпамса бойлы Аркин «Қайсар» легионері Матиас Курьордің немере ағасы болатын. Бұған дейінгі нәтижесі мықты болғанымен, Йоанн 2018 жылғы Қазақстанның ең сәтсіз 5 трансферінің қатарына енді. Себебі, «Қайсарға» ешқандай көмек көрсете алмады.
7. Пол Вере. Ол келер-келместен «Қазақстандағы ең жүйрік» ойыншы боламын» деген еді. Бірақ, арманы жайында қалғандай. Ойыншы бізге дейін Кения және Грекия чемпионаттарында өнер көрсеткен. 2018 жылдың басында «Қайсар» сапына қосылған шабуылшы – Қазақстан премьер-лигасында доп тепкен алғашқы кениялық ойыншы. Вереның жылдамдығы ойын шеберлігінен аспаған болуы керек, қараша айында қызылордалық командамен қош айтысты.
8. Джон Джошуа. 2019 жылдың басында «Аруба ұлттық құрамасының ойыншысы «Қайсарға» келді» деген ақпарат тарады. 1988 жылы Голландияда, Кариб теңізіндегі шағын аралдық мемлекетте дүниеге келген ол алаңның оң, сол қапталында және шабуылда ойнайды. Жыл соңында «Мен үйіме ораламын. Отбасыммен бірге болғым келеді. Олардан 5 жыл алыста болдым» деп жазды Джон өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында. Джон Джошуа «Қайсар» сапында 21 ойын өткізіп, 1 гол және 3 голдық пас берді. Ойыншы бас бапкер Стойчоның сенімін ақтады деуге болады.
9. Карлитос Мигель Таварес де Оливейра. 2019 жылдың ақпан айында ресми түрде команда құрамын толықтырған ол ҚПЛ-дегі дебюттық матчын наурыздың 10-ы күні өткізді. Ал, 12 шілде күні команда сапынан ресми түрде кетті. Шынын айтқанда, бұл ойыншының кеткеніне «Қайсардың» қолдаушылары дән риза болды. «Қасқырлар» сапында небәрі 5-ақ ойын өткізген португалдық жартылай қорғаушы 2019 жылдың ең сәтсіз трансферінің бірі болып қалмақ. Тіпті, бұл ойыншының командаға неге келіп, неге кеткенін түсіндіретін біреу болса ғой…
10. Андре Букия. Конголық ойыншы 2019 жазғы трансферде «Қайсар» құрамын толықтырды. 24 жастағы футболшы осы уақытқа дейін португалдық «Брага», «Боавишта» сынды бірнеше клубта доп тепкен еді. «Қайсарға» дейін Португалия біріншілігіндегі «Арока» командасының намысын қорғаған. Сырбойылық клубта 77-нөмірлі жейдемен өнер көрсеткен ол осы маусымда «қасқырлардың» намысын қорғамайды. Жалпы, ойыншы осы аралықта өзін жақсы жағынан көрсете алды деп айта алмаймыз. Мүмкін, уақыт жағы аз болып, жергілікті жерге үйренісе алмады ма екен? Шабуылшы «Қайсар» үшін 17 матч өткізіп, 1 гол соғып, 2 нәтижелі пас берді.
11. Кларенс Битанг. 2019 жылдың жазғы трансферінде камерундық жартылай қорғаушы Кларенс Битанг «Қайсар» футбол клубының жейдесін киді. 27 жастағы футболшы қызылордалық клубқа дейін Солтүстік Македонияның «Вардар» клубында ойнаған. Аталған елдің чемпионатында 42 матчқа қатысып, 3 нәтижелі пас шығарған. Командада 85-нөмірмен өнер көрсеткен ол биылғы маусымда «Қайсарға» тағы көмектеседі. Ал, ойыншының Түркиядағы оқу-жаттығу жиындарына баруына визаның дайын болмауы кедергі болып жатқан көрінеді.
12. Куле Мбомбо. 2019 жылдың қаңтарында «Қайсар» құрамы бір жаңа ойыншымен толықты. Куле Мбомбо Африканың Конго елінде 1995 жылдың 10 мамырында дүниеге келген. Футболдағы алғашқы кәсіби мансабын 2015 жылы Бельгияның про-лигасында ойын көрсететін «Андерлехт» командасында бастаған. Бұл – Младенов таңдаған әрі жаңылыспай таңдаған қара маржандардың бірі. Ойыншы өз еліндегі бір себептерге байланысты «Қайсардың» оқу-жаттығу жиынына қатыса алмай жатқан секілді. Алдағы уақытта анық-қанығы белгілі болады.
13. Алвин Фортес. «Қайсар» командасының биылғы оқу-жаттығу жиындарына нидерландық «Фейеноорд» клубының түлегі Алвин Фортес қосылды. Кабо Верде құрамасының ойыншысы 1994 жылы 25 сәуірде дүниеге келген. Алвин футбол мансабында «ПС Кеми», «Валвейк», «Йонг Витесс», «Осс», «Болуспор», «Вероя», «Збройовка Брно», «Дила» секілді командаларда доп тепкен. Алаңға 111 мәрте шығып, 18 рет мергендігімен танылған. «Қайсарға» дейін Грузия біріншілігіндегі «Дила» командасының намысын қорғап, 34 мәрте ойынға атсалысып, 9 гол соққан. Алаңда жартылай қорғаушы қызметін атқарады. Ойыншы туралы мақтау не даттау сөз айту әлі ерте. Оны уақыт көрсетеді.
Младенов басқарған 3 жылда «Қайсарға» 12 қара маржан келіпті. Алвин Фортес – 13-інші қара нәсілді ойыншы. Айтпақшы, өткен жылы әлеуметтік желіде «Бізге география пәні мұғалімінің білімі керек емес, біз Младеновтың таңдаған ойыншылары арқылы әлемді танып жатырмыз» деген сынды пікірді көзіміз шалып қалған еді. Иә, Мартиника, Сьерре-Леоне, Бурундики, Кения, Аруба, Конго, Камерун, Кабо Верде деген секілді елдердің кейбірін білсек те, енді бірі мүлдем естімеген ел екенін мойындауымыз керек. Бұл – «Қайсардың» бас бапкері, болгариялық маман Стойчо Младеновтың 4 маусымдағы командаға әкелген қара маржандары. Ал, 4-інші маусымның әлі басталмағанын, алда тағы жазғы трансферлік есіктің бар екенін еске салсақ, клубқа келетін «қара домалақтардың» саны мұнымен бітпейтіндей. Мұны да уақыт көрсетеді. Осыдан соң, «Қайсар» қара маржандарға құмар ма?» деген ой сізге де келеді…
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!