Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сегізінші шақырылымға сенім артамыз

28.03.2023, 11:45 142

HALYQLINE.KZ

X-XIII ғасырда Батыс Еуропадағы сайлау мен сайлау процедурасы тарала бастаса, 1789 жылы АҚШ-та алғашқы президент сайлауы өтіп, Джордж Вашингтон ел тізгінін қолына алған-ды. Сол кезден бастап сайлау жүйесі әр мемлекетте әртүрлі бағытта дамып, елді демократияландырудың құралына айналды.

Естеріңізде болса, Қазақстан Мәжілісінің алғашқы сайлауы 1995 жылы 9 желтоқсанда өтіп, 67 депутат мажоритарлы жүйе негізінде сайланды. 1999 жылдың күзінде Конституциялық өзгерістерге сәйкес, Мәжіліс сайлауы аралас схема жүйесімен: мажоритарлы және партия тізімі бойынша сайланды.

Үшінші шақырылым 2004 жылы қыркүйекте өтіп, оған 12 саяси партия қатысты. Тек төртеуінің мүшелері Мәжіліс қабырғасынан табылды. 2007 жылы – төртінші, 2012 жылы – бесінші, 2016 жылы – алтыншы, 2021 жылы жетінші шақырылымдағы депутаттар заң шығару органда қызмет етті.

Бізге бір түсініксізі, 1990-1993 жылғы және 1994-1995 жылғы Жоғарғы кеңесті неге заң шығарушы органның бастауы ретінде санамаймыз? Нағыз интеллектуалды депутаттардан құрылған Жоғары кеңес өтпелі кезеңде елдіктің негізін қалауда шешуші рөл атқарғанын қалай ұмыттық?

1990 жылы 25 қазанда Егемендік Декларациясын қабылдауда табандылық танытқанын неге естен шығардық? 25 қазанды Республика күні ретінде кең атап өтуді ойласақ, тәуелсіздікке бастау болған нормативтік-құқықтық актіні қабылдаған Жоғары кеңестің рөлін мойындауымыз керек. Сонда биылғы Мәжіліс сайлауы сегізінші емес, оныншы болып шыға келеді.

Биылдан бастап Мәжіліске қайтадан мажоритарлы және партия тізімі бойынша депутаттар сайланды. ОСК сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша Amanat партиясы заң шығарушы органнан 53,90 пайызын алды. «Ауыл» партиясы – 10,90, «Respublika» партиясы – 8,59, Қазақстан халық партиясы – 6,80, «Байтақ» жасылдар партиясы – 2,30, «Ақ жол» партиясы – 8,41, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – 5,20, «Бәріне қарсымын» 3,9 пайызды құрады. Бұл –Мәжіліс депутаттары сайлауына қатысқан 7 партияның 6-ауы өтті деген сөз. Яғни Мәжіліс тұңғыш рет 5 партиядан артық партия болады.

Жоғарыда жазғанымдай, 1990-1993 жылы сайланған Жоғары кеңестің депутаттары нәтижелі жұмыс істеді. Ол шақырылымдағы халық қалаулылары интеллектуалды тұрғыда халықтың талап-тілегіне жауап берді. Олар күн ұзақ айтысып-тартысып, Егемендік декларациясынан бөлек, «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңын қабылдады. Мемлекеттің атауын өзгертіп, мемлекеттік герб, ту, әнұранды бекітті.

Енді 8-ші шақырылымдағы Мәжіліс депутаттары Жаңа Қазақстанды құруда шешуші рөл атқарып, халықтың әлеуметтік-экономикалық тұрғыда әлеуеті артуына үлес қосады деген сенім бар. Тек сенімге селкеу түспесе болғаны.

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: