Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тілді қастерлей біл

20.07.2022, 13:00 158

Тіл – қастерлі де қасиетті ұғым. Тілсіз ұлтта, елде болмайды. Біздің ана тіліміз – қазақ тілі сөздік қоры мол тілдер қатарына жатады. Ана тілі əр бір адамның бойына ана сүтімен дариды. Өз тілін сүйген адам сөзсіз Отанында сүйеді. Қазақ тілінің тарихы тереңде жатыр. Оның айғағы – еліміздің түкпір-түкпірінен табылып жатқан тасқа қашалып қалдырылған таңбалар. Қазақ əліпбиі бүгінге дейін бірнеше рет өзгеріске ұшырады. Атап айтсақ ХХ ғасырға дейін қазақ жерінде араб жазуы пайдаланылған болса, ХХ ғасыр басында Ахмет Байтұрсынұлының ұсынысымен қазақ фонетикасының ерекшеліктері ескеріліп араб графикасына негізделген төте жазу пайдаланылды. 1929-1940 жылдар аралығында латын алфавиті пайдаланылған, 1940 жылдан бастап қазақтар кирилл əліпбиін пайдаланып келеді.  «Ана тілі – бәріміздің анамыз, өйткені ол – ұлтымыздың анасы» деген еді Елбасымыз. Қазақ тілі  – халқымыздың рухани байлығы, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып қалған таусылмас қазына. Ана тіліміздің қадір – қасиеті туралы қанша айтсақта таусылмайды. Бабадан ұрпаққа аманат болған ана тілін көздің қарашығындай қорғап, оның тазалығына мəн беруіміз керек. Орыстың ұлы жазушыларының бірі К. Г. Паустовский: туған тіліне жаны ашымаған адам – жəндік, деген болатын. Сондықтанда ана тіліне қорған болу əр біріміздің борышымыз.

Біздің ел – көп ұлтты ел. Дана басшымыз Н.Ə.Назарбаевтың көреген саясаты нəтижесінде жүзден астам ұлт өкілдері қазақ топырағында тату-тəтті ғұмыр кешуде. Елбасымыз «Қазақстан – 2050»: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды. Бұл мәселені даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн. Біздің тіліміз мемлекеттің барлық жүйесінде қолданылуы үшін біз өзімізді өзіміз қамшылауымыз керек және осыған өзіміз атсалысуымыз қажет» деген болатын. Сондықтанда қазақ тілінің кең етек жаяуына əр біріміз жауапкер болуымыз керек.  Бүгінде тұңғыш президентіміз үш тілді білуді міндеттеп отыр. Болашақта бұл үлкен мәселе болмақ. Менің ойымша, егер адам өзге тілді білетін болса, ол рухани бай адам деп ойлаймын. Өйткені сол тіл арқылы басқа халықтың мәдениетін, дәстүрін үйренеді, басқа тілді үйрену арқылы танымы  кеңейеді. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп ақын Қ.Мырзалиев айтқандай, басқа тілді біле отырып, ең алдымен өз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек.

Жанна Сүйіндікова,

Қызылорда қалалық соты кеңсесінің жетекші  маманы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: