Ауылдардан жастар жұмыс көзі болмағандықтан көшіп жатыр. Жарайды, көшіп емес, кетіп жатыр дегеніміз дұрыс шығар. Өйткені, қазіргі күні ауылдарда жасы үлкен кісілер ғана қалған сияқты. Әрбір екінші не үшінші қалалық жас отбасының көкейінде «шал-кемпірді қалаға көшіріп алсам» деген арманның жүргенін жасыра алмаймыз. Айғайлайтын жерде ауыз ашпау – айып. Мәселе бар, яғни оның шешімі де табылады. «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп әндетіп жүре беруге болар еді. Бірақ, бұл – қоғамдағы өте өзекті мәселе. Сонымен, жастарды ауылға тұрақтандыру бағытында не істеуге болады? Оның қандай жолы бар, мәселе көтергеннен бәрі шешіле қоя ма? Ел арасында қандай ұсыныстар айтылып жүр? Осы тақырыптар төңірегінде бірнеше мысал келтіріп, дәлел-дәйекпен жазғымыз келіп отыр.
Қазақ «үйі жоқтың – күйі жоқ» деп бекерден-бекер айтпайды. Мәселеге турасынан қарасақ, қазір ауыл-ауылдарда егесіз қалған аулалар, қараусыз қалған үй-жайлар баршылық. Бірақ, бұл жас маманның толық қажеттілігін өтейді дей алмаймыз. Иә, «Дипломмен ауылға», «Жастар практикасы» секілді бағдарлама-жобалар бізге ауадай керек. Бірақ, олардың механизмін жеңілдетуді де қолға алған жөн. Жастар ауылдан үдере көшіп жатыр. Ешқандай екпінмен сөйлеп, қатқыл дауыспен қатты-қатты айту бұдан құтқармайды. Мәселенің себебіне, салдарына терең үңілу маңызды. Яғни, барлық жағдайы жасалған, жастарға арналған соңғы үлгідегі тұрғын үй ауыл-ауылдарда көптеп салынуы керек. Бұған бүгіннен бастап мән берудің маңызы болашақта айқын көрінеді.
Иә, үй салумен ештеңе шешіліп кетпейтінін бәріміз жақсы білеміз. Десе де, инфрақұрылым мәселесін шешпей, ауылға жастарды байлап қойсаң да тұрмайды. Бұған дейін жазған сөзімізді тағы қайталаймыз: Жастар ауылдан үдере көшіп жатыр! Дәл осы мәселе қозғалса болды, «ауылда жұмыс жоқ» дегенді жиі-жиі естиміз. Ол рас! Ауылға баратындардың барлығының жұмысы (мемлекеттік қызмет – автор.) мемлекеттік бағдарламаларға сәйкес келе бермейтіні шындық. Сәйкес келгеннің өзінде, ауылда негізгі жұмыс мектеп, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі, балабақша, әкімшілік, теміржол саласында ғана. Ол жерлерде жастарға орын табыла бермеуі де мүмкін, табылмайды. Қайтпек керек?! Демек, мемлекеттік қызметтегі жас мамандардан бөлек те, ауыл жастарын жұмысқа тарту керек. Жаңа жұмыс орындарын ашу кезек күттірмейді. Ол жаңа жұмыс орындары дегеніміз не болуы мүмкін?
Меніңше, сырттан жас мамандарды алдырудан бұрын, жергілікті жастарды ауылда тұрақтандыру мәселесін бірінші орынға қою керек сияқты. Демек, әуелі қолда бар кадрларды ұстап қалуды ойлаған жөн. Өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген немесе ауылда бітірген мамандығына байланысты жұмыс күші жоқ жастарды белгілі бір кәсіпке, шаруашылыққа бейімдеудің, ұйымдастырудың маңызы зор. Осы орайда «Бір ауыл – бір кәсіп» деген секілді жобаны енгізуге болатындай. Яғни, Жаңақорған ауданы, Жайылма ауылының шаруашылығы республикаға танымал. Жайылманың бренді – қарбыз. Оны бәрі біледі. Сол секілді әр ауыл табиғи ерекшелігіне қарай, тұрғындардың бейімділігін және шикізаттың, құрал-саймандардың қолжетімділігін ескеріп, белгілі бір кәсіпке жаппай жұмылуы тиіс. Бұлай жасауға не кедергі? Мемлекет басшысының өзі «Еңбек адамдарының еңбегі еленуі керек» деп айтты. Ендеше, ауылдың көпті көрген абыз ақсақалдары, ауыл әкімдері, ауылдың атқамінер азаматтары осы істі тезірек қолға алып, көп күттірмей бастауы керек. Өз кезегінде бұл көп шығынды қажет етпейтін жұмыс екені анық. Бұл – жастарды ауылға тұрақтандырудың бірден-бір жолы. Өйткені, жұмыс күші бар жерде, ұжымдық еңбек бар кезде ауылдан көшу дерегі азаяды. Ауылдың тұрмыс-тіршілігі жанданады, жақсарады.
Шынын айту керек, қазір ауылда жол, жарық, ауызсу, аяқсу, т.с.с. мәселелердің көпшілігі өз шешімін тапқан. Десе де, қаражат ауыл халқының санына байланысты бөлінеді. Яғни, қарапайым формулаға салсақ, халқы көп ауылдар дами түседі, аз ауылдар азып-тозудың амалына түсе береді. Себебі, бәрі қаражатқа келіп тіреледі. Қаражат аз деп қарап жатуға әсте болмайды. Жастарды ауылда тұрақтандырудың тағы бір жолы – инвесторларды көптеп тартып, ауылды абаттандыру жұмыстарын қолға алу. Спорт кешендерін, демалыс саябағы мен аллея, кәсіпкерлік ғимараттарын салу да маңызды. Бұл ретте ауылдан шыққан кәсіпкерлерді алдыңғы шепте ұстау керек. Меценаттарды жақсылықта жарыстырған жөн.
«Кәсіптің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген бар. Мемлекет кәсіпкерлерге көп қолдау жасап жатыр, оны ешкім жоққа шығара алмайды. Екі қолға бір күрек таппаудың салдары – ауылдан көшуге әкеліп соғуда. Сондықтан, жастар арасындағы кәсіп ашуға ынтасы бар жандарды қолдауды жалғастыра түсу керек. Шынын айтқанда, көпшілік құжаттар жинау, бизнес жоспар жасау, грантты ұту жолдарына бас ауыртқысы келмейді. Сондықтан, түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізілуі тиіс. Жастардың қызығушылығына орай спорт секцияларын көбейтіп, жұмыс ашып, оң жамбасына сай келетін кәсіпті игеруге қолдауды аямау керек. Жалпы алғанда, кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдаудан өзге де ауыл азаматтарының көмегі керек. Бұл дегеніміз – ауыл жастарын ұйымдастырып, басын қосып игі істерге, қайырымдылық жұмыстарына, ақы төленетін ұжымдық жұмыстарға тарту. Ауылдан көшкен, жүрегі ауыл деп соғатын түлектерді жақсы іске жұмылдыру да көптік етпейді. Сондай-ақ, ауылдың абыройы үшін жұмыс істейтін қоғамдық қор не бірлестік секілді заңды ұйым құрып, жұмысын жүргізуді қолға алуға болады.
Мінеки, жастарды ауылға тұрақтандыру бағытында бірнеше ұсыныс-пікір айтып көрдік. Әрине, әлі де алып-қосары бар екені анық. Ең бастысы, көзбен көріп, құлақпен естіп отырғандықтан, ауылдың хал-ахуалымен етене таныс болғандықтан мақаланың шынайы жазылғанына сенімдемін. Бұған дейін мемлекет «Ауыл жылын» жариялағаны естеріңізде болар. Бірақ, оған да көп жыл болды. Сондықтан, ауылды дамытуды, жастарды ауылда тұрақтандыруды қолға алатын кез жетті. Ауылды дамыту – Қазақстанды дамыту. Ең бастысы, осыны ұмытпай, сөз емес, іс жүзінде кіріссек дейміз.
Рыскелді ЖАХМАН
Сіз не дейсіз?
«ЕҢБЕК ЖАСАҚТАРЫ» АУЫЛ ЖАСТАРЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУҒА СЕП БОЛАДЫ
Қазіргі таңда ауыл жастарын жұмысқа орналастыру, экономикалық-әлеуметтік хал-ахуалын көтеру, тұрғын үй мәселесін шешу – атқарушы үкімет алдындағы өзекті мәселелердің бірі. Барлық мүдделі мемлекеттік органдар осы мәселе төңірегінде кеңейтілген отырыстар мен жиындарда талқылап келеді. Сәйкесінше, жастармен жұмыс істейтін бірден-бір орталық ретінде біздің мекеменің де алдына қойған өз жоспарлары бар.
Жастарды ауылға жұмысқа орналастыру, ауыл жастарының әлеуетін арттыру мақсатында ел көлемінде ауқымды жобалар қолға алынды, сондай-ақ бұған дейін қабылданған осы бағыттағы мемлекеттік бағдарламалар қайта қаралып, оларды ілгерілетуге қажетті қаржы көлемі едәуір ұлғайтылды. Мәселен, ауылдық жерлерді қажетті еңбек ресурстарымен, яғни әлеуметтік сала мен агроөнеркәсіптік кешен мамандарымен қамтамасыз етуге бағытталған, дәлірегі білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, денсаулық сақтау, ветеринарлық медицина, мәдениет және спорт, агроөнеркәсіптік кешен салалары бойынша мамандығы бар жастар қатыса алатын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында көптеген игі іс атқарылды. Ал «Жастар практикасы» жобасы аясында колледж және жоғары оқу орындарының түлектері ауыл-аймақтағы жұмыс орындарына уақытша жұмысқа орналаса алады.
Біздің облыста қазіргі таңда жастар саны – 176 985. Бұл жалпы халықтың 21,4%-ын құрайды. Ал ауыл жастары – 103 509, бұл жалпы жастар санының 41,5%-ын құрап отыр. Облыста дәл қазіргі таңда 4,0% жұмыссыз жастар тіркелген. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз жолдауында еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы алдағы жылы 100 жасты жұмысқа орналастыру мәселесін баса көтерген болатын. Осы мақсатта біз облыс жастарына арналған «Еңбек жасақтарын» құру тұжырымдамасын әзірледік. Соның негізінде жастардың әлеуметтік жағдайына қолдау көрсету, NEET санатындағы жастардың санын төмендету, жас кәсіпкерлерге қолдау білдіруді мақсат етіп отырмыз. Облыстың барлық аудандарында арнайы мамандықтарға негізделген еңбек жасақтары құрылып, сол бойынша ауыл жастарын жұмыспен қамтымақпыз. Бұл бағдарлама жұмыссыз жастардың санын 3%-ға төмендетеді деп күтілуде. «Еңбек жасақтары» тұжырымдамасы биыл 1500-ге жуық жасты, келер жылы 5000-ға жуық жасты қамтымақ.
Алмат СМАЙЛОВ,
облыстық «Жастар ресурстық орталығы»
КММ-нің жастарды жұмыспен қамту және кәсіпкерлікке баулу
бөлімінің басшысы
АУЫЛДА ТҰР, ТУЫСҚАН!
«Ауылда не қызық?» деген сұрақ қояды көбі, ал оған жауап ретінде тыныштықты, сыйластықты, береке-бірлікті, жақсы жаңалықтарды айтамыз. Расында, ауыл – қарапайымдылықтың мекені. Ауылда әр адамның өмір тарихы бастау алған. Өзі қалада өскен баланың да ауылға аңсары ауып тұрады. Осы тұрғыда ауылда жастарды тұрақтандырып қалу үшін тек оларға ауылдың маңыздылығын түсіндіру керек деп ойлаймын.
«Біздің ауылда дым жоқ» дейтіндер де бар. Қазіргі заманда бұл сөз тек сылтау ғана. Ауылда бірдеңе болу үшін, бірдеңе жасау керек. Ал үлкен нәрсе жасау үшін кішкентай махаббаттың өзі жеткілікті.
Мен өзім М.Шаменов ауылында тұрамын. Біз жақта Қаракеткен ауылына қарасты Далдабай елді мекені бар. Ол жерде қазіргі таңда 71 үй тұрады. Осы оқу жылынан бастап Д.Жалтынов атындағы №115 мектеп 11 жылдық білім беретін болды. Бір қуанатыным, шағын елді мекендегі тұрғындар саны жыл санап артып келеді. Оның себебі, бұл жақтың жасының барлығы адал еңбек етуді әдетке айналдырған. Еңбектің арқасында еңсесі биік жаңа үйлер де көптеп салынуда.
Елді мекен ауылға айналса, ауыл жастардың арманына айналса, дамыған елдің бейнесі көріне бастайтыны анық.
Нарбота СЕРӘЛІ,
«Жалағаш аудандық жастар ресурстық орталығы» КММ-нің бөлім басшысы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!