Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қыздар нені жасырады? (Аудио)

19.05.2022, 11:00 497

Кез келген адамның өмірінде өзіндік бір қиындығы болады. Әртүрлі жайт, тағдыр, кейіпкер… Кейде басқалардың өміріне қарағанда болмашы нәрсе ретінде көрінеді. Дегенмен егер саған терең тыныстап, қанатыңды құлаштай сермеп, өмір сүруге бірнәрсе кедергі болып, тежеп тұрса, бұл саған берілген сынақ деп қабылдаған дұрыс. Бірақ сынақты өмір бойы өзіңмен арқалап жүрген де дұрыс емес. Жақыныңмен бөлісіп, ішіңдегі толқынысты сыртқа шығару керек. Алайда есте сақта, бәріне емес. Тек сенің жаныңды түсінетін жанмен сырыңды бөліс. Сонда ғана дертіңе дауа табасың.

Соңғы уақытта адамдар өмірді қиындатты. Өшпенділік. Қиянат жасау. Тәкаппарлық. Бәрі-бәрі адамнан-адамға вирус болып жұғуда. Ешбір екпе емін таппасы анық. Бәлкім, қай дәуірдің адамы болса да, осы бір жиіркенішті әрекеттерге жол беретіндей секілді. Мәселен, елімізде зорлық-зомбылық көбейді. Мықтылар әлсіздерге күш көрсетуде. Иә, әрқашан мықты ғана дегеніне жеткен. Десе де әлсізге әлімжеттік танытып, оның тәні мен жанына мәңгілік өшпес жара салу ешбір саналы адамның әрекеті емес. Тек… шайтанның құлы ғана мұндай озбырлыққа барады.

Жаратқан ием, адам баласының жынысын екіге бөлді: әйел және ер. Дегенмен әлі күнге дейін екі жыныс арасында біршама келіспеушілік бар. Қазіргі таңда қыздар нені жасырады, ал ұлдар неге түсінгісі келмейтін  тақырыпты   қозғайтын  боламыз.    Ол – харассмент.  Алғаш естіген адамға құлаққа түрпідей тиетіні даусыз.  Бұл терминнің мән-мағынасы – жеке шекара мен субординацияны бұзу, біреудің өміріне қол сұғу, тиісу. Бәрімізге өзгенің тұрмыс-тіршілігі қызық. Бірақ харассмент – өзгенің өміріне есігін қақпастан рұқсатсыз кіру. Ол тек сексуалдық әрекет емес, психологиялық қыспақ пен көргенсіз ұсыныстарды қамтитын кең түсінік. Қазіргі қоғамның шынайы көрінісі харассменттің белең алғанын дәлелдейді. Егер сөзімізге сенімсіздік туындаса, кейіпкердің кейпіне кіріп, оның мұңын тыңдап көріңіз…

Дисклеймер: Кейіпкерлердің өмірінің қауіпсіздігін сақтау үшін есімі өзгертілді.

Айнұр,  21 жаста:

– Өзгелерден дене бітімім ерте қалыптасты. Сол себепті ер балалардың көзі маған түсетін. Бәрін біліп, сезіп жүретінмін. Бірақ түр білдірмейтін едім. Бір күні үйге әкемнің туған-туысы келді. Мен ол кезде 6-сыныпқа енді ғана көштім. Бәрі аулаға шығып кеткенде бір досы үй ішінде қалды. Мен сол бөлмеден затымды алуға кіргенде менен теледидардың пультін сұрап, жанына шақырып алды. Сөйтіп, күшпен алдына отырғызып, санымнан сипап, бетімнен шөлп-шөлп сүйе бастады. Мен біртүрлі екіойлы сезімде болдым: бір жағынан туысым ғой, сағынып қалған шығар, екінші жағынан жиіркеніш сезімі кернеп жатты. Санымды қайта-қайта сипап, киімімді көтере бастағанда бұл нәрсенің дұрыс емес екенін түсініп, орнымнан атып тұрып, жұлқынып шығып, жүгіріп кеттім. Анама айтқым келді. Алайда реті болмады. Сонымен ұмыттым дей алмаймын, әлі күнге дейін құпия ретінде ұстаудамын. Кейде жылап та аламын. Сонда да оны біреуге айтуға батпадым. Болған нәрсені масқара, ұят деп ойлайтынмын. Бірақ бір күні ішкі сырымды досыма айтып, жеңілдедім. Бұл оқиғаның кесірінен ер адамдардан қорқатын деңгейге жеттім. Еркектің бәрі сондай деп пайымдадым. Болашақта қызым болса, жалғыз қалдырмауға тырысамын. Себебі қоғам  қауіпті.

Жәмила,  19  жаста:

– Оқудан шығып, такси шақырып көлікке отырдым. Сондағы такси жүргізуші үлкен кісі болса да қызымен жасты адамға қырындап, түрлі қисынсыз сұрақтар қойды. Жауап бергім келмеген. Бірақ біртүрлі іс-әрекет танытқаны үшін әңгімесін қолдап, мысқылмен жауап қаттым. Сонда да әңгімелесуін қоймады. Бір кезде қолын денеме жақындатып жатқанда ұрып, жекідім. «Тоқтатыңыз! Түсемін» деп қарсылық таныттым. Ол кісі маған ұятты нәрсе ұсынуын қоймады. Мен досыма хабарласып, болған оқиғаны баяндап жатқанымда іс-әрекетін доғарды. Діттеген жеріме аман-есен әкеліп тастады. Шыны керек, бүкіл жол бойы дірілдеп, қорқыныштан бой жаза алмадым. Баратын бағытыма ешқашан бара алмайтын шығармын деп те ойладым. Басқа жерге апара жатқан сияқты болып көрінді. Шүкір, олай болмады. Біраз уақытқа дейін осы жайт ойымнан кетпеді. Бірінші өзімді кінәладым. Қысқа киім кигесін осындай жағдайға тап болдым деп жүрдім. Дей тұрғанымен, оның менің не кигеніме қандай қатысы болу керек. Мен жеке тұлғамын. Бұл дұрыс емес. Егер қыздар қысқа кисе, бізді қорласын деген сөз емес. Ер-азаматтар, өтініш, ақылмен ойланыңыздаршы, басқа жермен емес.

Харассментке тап болған екі аруымыздың пікірін тыңдадық. Қазақ – шүкіршілік еткен халық. Ең бастысы, «аман-есен қалдың» болды. Бұл дұрыс па? Әрине, жоқ. Қыз қорлану үшін, ұл зорлау үшін өмірге келген жоқ. Мұндайда «қыз өзі кінәлі» немесе «ол еркек қой» деген ұғымды алып тастау қажет. Заң – бәріне ортақ. Десе де екі кейіпкердің өмірінде де харассмент болды. Бірақ дәлелдейтін аргумент, айғақ жоқ. Не істеуге болады? Заң жүзінде шешіп көрейік.

– Жалпы, қазақ елінде харассмент бағытындағы іс-әрекеттер бұған дейін де болып жатты. Бірақ батыс елдері секілді дөп басып айта алмадық. Бұл заңнамаға сәйкес қылмыс және оны ақтауға болмайды. Алайда қоғамда жиі кездеседі. Оның сорақысы өкінішті жайтқа әкеліп соғады. Қазіргі таңда зорлық-зомбылық әлеуметтік мәселеге айналып келе жатыр. Бұл мәселе бойынша біздің орталық жұмыс істеуде. Ең алдымен, зорлық-зомбылық  дегенде  ер-азаматтардың әйелін ұрып-соғуы немесе агрессордың әйелге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттеріне баға береміз. Бұл – өте  қате  пікір. Дене жарақатын түсірмей-ақ психикалық тұрғыда зорлық-зомбылық көрсетуге болады. Бізде зорлық-зомбылықтың 4 түрі заңнамада бекітілген. Қылмыстық кодекс пен қылмыстық зорлық-зомбылық профилактикалық заңы бойынша мұндай іс-әрекеттер қатаң түрде қаралады, – деді «Қамқорлық» дағдарыс орталығының директоры Жандос Тұсмағамбетов.

Елімізде солқылдақ заң бар екенін бәрі біледі. Харассментке қатысты нәтижелі механизмнің жоқтығынан бұл көбеюде. Сондықтан жыныстық бопсалауды дәлелдеу де оңай емес. Басқа заңгердің айтуынша, бізде «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 434-бабымен қаралады, яғни бұл ұсақ бұзақылыққа ғана жатады. Ол бойынша жеке тұлғаларға қорлап, тиісу үшін 5 АЕК мөлшеріндегі айыппұл не 10 тәулікке дейінгі қамау қарастырылған. Ал тағы бір маман бүй деді. Қазақстан заңнамасында харассментке қатысты ұғым жоқ. Осыған  ұқсас,  жақындауы – Қылмыстық кодексте кейбір жыныстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға мүмкіндік беретін 123-бап. Бапта «Адамды бопсалау, мүлкін жою, бүлдіру немесе тартып алу қаупін төндіру арқылы не жәбірленушінің материалдық немесе өзге тәуелділігін пайдаланып жыныстық қатынас жасауға, еркек пен еркектің жыныстық қатынас жасауына, лесбилікке немесе жыныстық  сипаттағы өзге де  әрекеттерге  мәжбүрлеу – 1 000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не дәл сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не  1 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазалансын» делінген. Екі баптың оңып тұрғаны да шамалы.

Бұл Қазақстан десе, көгеріп, ренжу – жат құбылыс. Себебі еліміздің азаматтарының қауіпсіздігін қорғай алмай отырмыз. Қазақстандықтар беймезгіл уақытта қауіпсіз елде тұрып жатырмын деп айта алмайды. Өйткені әлемдік рейтинг бойынша 137 мемлекеттің ішінен қауіпсіздік бойынша Қазақстан 98-орында. Біршама ТМД мемлекеттерінің соңында тұр. Бұл билікті алаңдатуы қажет. Сол себепті меңіреу басшыларға құлағдар ету мақсатында қыздарымыздың мұңын жеткізуді шештік. Әрі қарай мақаланың жалғасын qr-код арқылы өтіп, өзекті мәселенің түйінін аудио-подкасттан тыңдай аласыздар. Бұл жолы қызылордалық феминизмді қолдаушы Шолпан есімді қызды қонақ ретінде шақырдық. Ол қыздар биліктен нені күтеді, заңға қандай өзгеріс керек екенін айтты.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: