Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаһар басшысы болып Шәменов келді

28.04.2022, 11:03

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев актив отырысында жаңа қала әкімін таныстырды.

Жиында аймақ басшысы қала әкімі қызметін атқарған Ғанибек Қазантаевтың өз өтінішіне сәйкес Қызылорда қаласының әкімі лауазымынан босатылғанын хабарлап, әріптесіне қаланың әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына сүбелі үлес қосқаны үшін алғыс білдірді және Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасын табыстады.

Өз кезегінде, Ғанибек Қазантаев әріптестеріне бірге жұмыс істеу барысында көрсетен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

Облыс әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Қызылорда қалалық мәслихаттың келісімі бойынша Қызылорда қаласының әкімі лауазымына Асылбек Шәменов тағайындалды.

Аймақ басшысы жаңа әкімді таныстырып, қызметінде сәттілік тіледі.

«Асылбек Өмірбекұлы бұған дейін де бірқатар жауапты қызметтерді атқарған. Қаланың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Әсіресе Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары ретінде қаланың қайнаған қазанында шыңдалған тәжірибелі және іскер басшы. Бүгінгі күнге дейін Жалағаш ауданының әкімі қызметінде жүріп, ауданның экономикалық жағдайын жақсарту мен әлеуметтік әлеуетін арттыру жолында ауқымды жобаларды жүзеге асырып, жергілікті халықтың қолдауына ие болған. Ендігі кезекте, осы жинаған тәжірибесі мен білімін, іскерлік қабілетін облыс орталығы Қызылорда қаласын дамытуға арнап, сүбелі үлесін қосады деп сенеміз», – деді Нұрлыбек Нәлібаев.

Облыс әкімі Асылбек Шәменовке Қызылорда қаласының қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығына жауапты болып, халықтың әл-ауқатын көтеру мақсатында экономиканың барлық салалары бойынша дамудың оң параметрлеріне қол жеткізуді тапсырды.

Қаланың санитарлық тазалығы, көпқабатты тұрғын үйлердің сәулеттік келбеті, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына және тіршілікті қамтамасыз етуші кәсіпорындардың үздіксіз жұмыс жасауына баса назар аударуды және облыс орталығының сол жағалауын игеру және дамыту бойынша жаңа жобаларды жүзеге асыруды міндеттеді.

Жиында қоғам қайраткерлері Қожахмет Баймаханов, Айтбай Көшербаевтар жаңа шаһар басшысының қызметіне сәттілік тілеп, жерлестерін өңірді өркендету жолында бірлесіп әрекет етуге шақырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: