Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ қалай өлшеген?

17.04.2021, 18:00 1222

HALYQLINE.KZ Қазақтардың көне заманнан бастау алатын халықтық өлшем жүйесіне ұзындық, қашықтық, аумақ, көлем, салмақ, уақыт, мезгіл өлшем түрлері кіреді. Бұлардың өлшем бірліктері мен өлшеу ережесі адам әрекетіне, дене қимылына және қолданған бұйымдар мен заттарға балану арқылы қалыптасқан.

Біз қазақтың ұзындық өлшем бірліктеріне тоқталып өткенді жөн көрдік. Қай халықта болмасын, ерте заманнан ұзындық өлшем бірліктері ретінде адамның дене мүшелерінің өлшемі негізге алынды. Қазақта бұл өлшемдер елі, бармақ, шынашақ, буын, алақан, тұтам, қарыс, сүйем, шынтақ, кез, құлаш деп аталады.

Елі – сұқ саусақтың еніне тең ұзындық бірлігі, шамамен 2см-ге тең. Қатар орналасқан екі саусақтың қалыңдығы – екі елі, үш саусақтың қалыңдығы – үш елі, төрт саусақтың қалыңдығы – төрт елі.

Бас бармақтың қалыңдығына негізделген өлшем бармақ, шынашақтың қалыңдығына негізделген өлшем шынашақ деп аталады. Захр ад-дин Бабур (XVI ғ.) өз жазбаларында кейбір жерлерде бір елінің ені қатар қойылған алты арпа дәнінің еніне, ал арпаның дәнінің ені – жылқының алты қылының еніне тең болатынын жазып кеткен.

Тұтам – қолды жұмғандағы төрт саусақтың бойы. Шамамен 8 см-ге тең ұзындық.

Қарыс – қолдағы бас бармақ пен ортаңғы саусақтың толық керілген кездегі ұштарының арасына тең өлшем. Шамамен 19-20 см.

Шынтақ өлшемі шынтақтан саусақтың ұшына дейінгі аралықты білдіреді, шамамен 70 см-ге тең. Бұл өлшем бірлікті қазақтар аршын деп те атаған.

Құлаш – иық деңгейінде екі жаққа кере созылған екі қол ұшының арасы, шамамен 165-175 см-ге тең. Әдетте, өлшем бірлігінің бұл түрі адамның бойына сәйкес келеді. Мәселен, адамның бойының ұзындығы орта есеппен 175 см болса, құлашының да ұзындығы осы шамада болып келеді.

Бұл ұзындық өлшемдерін қалай қолданған?

Қазақ шеберлері жасайтын заттарының өлшемдерін анықтауда осы дәстүрлі ұзындық өлшем бірліктерімен жұмыс істеген. Біріншіден, адам денесінің бөліктерінің өзара және денемен пропорциялық үйлесімділігі ескеріліп, осы үйлесім негізге алынды. Демек әр нәрсенің басты өлшемі адам болды. Екіншіден, бұл өлшем жүйесі арқылы әр адамның дене құрылымына оған арналып жасалған құралдардың, заттардың, киімнің өлшемі сәйкестендірілді. Әрбір адамның өз пропорциясына өзінің заттары үйлесімді болуы тиіс деген идея жүзеге асты. Бұл үйлесімділік адамның заттарды тәжірибе жүзінде қолдануында маңызды рөл атқарған екен.

(Материалдар «Қазақтың этнографиялық категориялар,

ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» атты энциклопедиядан алынды)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: