Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нұржан Әбжанұлы: «Халық» газеті шынайы оқырманына арқа сүйейді»

21.07.2020, 10:10 1828

HALYQLINE.KZ Ақпарат айдынына аяқ басқан республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз апталық «Халық» газеті жиырма белестің жылнамасын жасады. Бүгінгі медиакеңістікте айшықты орнын қалыптастырған басылымның бедері биік. Осы орайда, басылымның бас редакторы Нұржан Әбжанұлымен жүздесіп, бүгінгі журналистика туралы сұхбаттастық. 


– «Халық» газеті – халықтың га­зеті. Ал, халықтың көңілі көкжиек кеңістігіндей. Әңгіме ауанын ал­ды­мен баспасөздегі журналист шеберлігі, жанр­лық ерекшелігі, сын, фельетондағы қамшы салдырмас биіктігі қалай қа­лып­тасты? Осы тура­сында тін тар­қатсаңыз.

– Алдымен ақпарат айдынында жел­кенін кергелі жиырма жылдың жүзі болған біздің басылымға бір бүйрегін бұрып, мерейлі мезет тұсында біз пақырыңызбен тілдесуді құп көрген аймақтық баспасөз саласындағы тұңғыш тәуелсіз «Ақмешіт апталығы» газеті ұжымына алғысым шек­сіз. Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң жылдарында қанатымен су сепкен қарлығаштай болған, негізін белгілі жур­налист, марқұм Әділхан аға Бәймен қалаған басылымның ізін басып келе жатқан «Халық» газетіне «халықтың газеті» деген атауды, бірден айтайын, біз емес, қарапайым халықтың өзі берді. Негізі, бұдан 20 жыл бұрын бүгінгі «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Аманжол Сақыпұлы бастаған шығармашылық топ медиакеңістікке «Халық» газетін алып шыққанда оқы­лым­ды басылым, халықтың газетін жасау идеясын ұстанғаны сөзсіз. Оны Әбекең бір сұхбатында: «Біз «Халықты» шығарарда алдымызға халықтың арман-мақсатын қозғайтын Сыр өңірінде жақсы бір басылым қалыптастыруды мақсат еткенбіз. Көптің бірі болғымыз келген жоқ және соған талап қылдық. Шыны керек, 2000 жылдың 21 шілдесінде алғашқы нө­мірді шығарғанымызда қалтамызда тек баспаханаға жететін ғана қаражат бар еді. Біз қайттік, «тәуекел ет те тас жұт» дейтін халықтың ұрпағымыз, жарық көрген жаңа газетті оқырманға тараттық, одан түскен пайдаға келесі нөмірді шығардық. Сөйтіп, бірте-бірте халықпен тығыз байланыс орнатып, нәтижесінде тиражымыз көбейе берді. Біз «ә» дегеннен басқалар секілді «пәлен демеушім бар», «түген нөмірге ақшамыз жетеді» демедік. Таза халықтың ықыласына жұмыс істедік» дейді.

Оны былай қойғанда, басылым мұқабасының оң жақ тұсында көкке қарап ұлып тұрған бөрінің бейнесі (логотип) мен газет ұранына (слоган) айналған «Халық – Құдайдың бір аты» деген сөзді өзіңіз байқап жүрген шығарсыз. Әлі күнге осы бейне мен сөзге шүйлігетіндер бар.

– Неге?

– Неге дейсіз бе? Оған себеп, елдің жоғын түгендеп, мұңын шағатын, шын­дықтың тұмылдырығын шешіп айтатын, бет-жүзіне қарамай, бағытты нақ көрсететін бірден-бір газет болған соң бастапқыда көпшіліктің де үрейлене қарауы еді. Алайда әу баста өз бағытын айқындап, жос­парын жүйеге салып қойған басылым жанашырлары үшін бағдарды өзгерту туралы ой қалыптасқан жоқ. Кезінде газеттің атауы мен логотипте бейнеленген көкбөрі туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан аға Тебеге­нов өзінің зерттеу мақаласында жіті талдап көрсетті. Біздің газеттің алғашқы нөмірінде «Халық – Құдайдың бір аты» атты мақалада газеттің ұстанымы мен бағыты туралы: «Ұлан-ғайыр тарихы, ұлы далалық салқар мәдениеті бар қазақ хал­қының осы бір киелі сөзі бекерге айтылмаса керек-ті. Халық – үлкен ұғым, ұлы атау, аталы жұртымыздың әруақты аты. Өмірге тәй-тәйлап қадам басқан жаңа басылымға «Халық» есімін қоюымыздың өзінде үлкен сыр, ауыр жүк бар екенін де айтқымыз келеді. «Халық» газетін қа­зақ халқының тәуелсіздігі жо­лында жүр­гізілетін мәңгілік күрестің белгілі бір кезеңдегі жаршысы деп те есептеуіңізге болады. Газетіміздің бетінде елең еткізер жаңалықтар, ата тарихтан тың деректер үнемі беріліп тұрады. Міне, жиырма жылдан бері халықтың арман-мақсатын қозғап келе жатқандықтан да, халықтың газетіне айналып, бұқараның көңілінің бізде екеніне дәлел осы болса керек. Сыр елінің абыз ақсақалдарының бірі, марқұм Ыдырыс ата Қалиевтің бұдан 10 жыл бұрын «Әр алуан атпен шығып жатқан газет көп ғой, қалың бұқараның атын иемденген басылым – осы «Халық» газеті» деп пікір білдіргенінің өзі ел сенімін ақтауға әркез дайын ақпарат тұтқасы екендігін айқындап тұр емес пе?

Ал, енді журналистік шеберлік, сын­дағы қамшы салдырмас биіктік дегенде, біздің басылымда көбіне жастар қызмет етеді, әр жылдары буын алмасқанымен, ұдайы жас қыз-жігіттерді тартып, тәрбиелеп келеміз. Жастың бойында жастық жалын болады, отқа да, суға да саламыз, шыңдаймыз. Ең бастысы, мәселе тауып, нақты фактіге сүйене отырып, оқырманның ойынан шыға білетін дүние тудырады. Арзан ой, сенсация не хайп қуу – бізге жат. Бес-алты ауыз сөз жазса да, ақпараттың не мақаланың тақырыбы адамды өзіне тартып тұрғаны жөн. Сынсыз дүние болмайды, ал сынның шын болғаны өзіңе жақсы. Қазақтың қабырғалы қаламгері Қадыр Мырза Әлінің бір әңгімесі бар. Желісі мынадай: «Базарға барып жүріп талай мәрте байқаған шығарсыз. – Маған үш-төрт килограмм ет өлшеп жіберіңізші! – дейсіз, өзіңізге ұнаған майлы жамбасты немесе бел омыртқаны көрсетіп. Сатушы сіз нұсқаған қой етін таразының табағына сылқ еткізіп тастай салады. Тілі әрлі-берлі теңселіп, табақтары жоғары-төмен көтеріліп-түсіп, қалш-қалш етіп, біразға шейін таразы өзіне-өзі келе алмай тұрады. Дәл болу, әділ болу оңай дейсің бе?!». Осы әңгімеден әдепкіде сауда мен таразы туралы ой түйесіз, түптеп келгенде, мәселенің әділдік, шындық туралы екенін бағамдайсыз. Қоғам да кейде осы таразы секілді көрінеді. Өйткені нақты шешім қабылдап, әділдігін ашып көрсету үшін таразының тіліндей теңселеді де тұрады. Ал сол таразының көрсеткен бағасын бұқпантайламай айтудың өзі – әділдік. «Халықтың» басты ұстанымы да – осы.

– Жөн екен. Нарық заманында газет те – тауар. Сол тауардың безендірілуі көз тартар, берері мол болуы үшін өзекті әрі өткір тақырып таңдауда кімнің кеңесіне сүйенесіз?

– Бірден айтайын, біз нарық заманы­нан әлдеқашан өтіп кеттік. Қазір ұлт­тық ұстын, рухани жаңғыру, ұлттық құндылықтарды насихаттау, қадірлеуді алдыңғы кезекке қойып отырмыз. Сөз жоқ, дамыған елдерде ақпарат әлдеқашан ақшаның көзіне айналған, яғни кез келген БАҚ өнімі – тауар. Ал, қазақ ұлты үшін газет идеологиялық құрал болып келеді. Өз басым Сыр елінде әлі күнге газетті сатылатын зат ретінде сұранысқа ие болып, қожайынына тәп-тәуір табыс әкеліп, байып кетіпті деген қазақ азаматын көрмедім. 1997-2000 жылдардың басында қазақ баспасөзінде газет-журналдарды кәсіп көзіне айналдырудың көшін шымкенттік «магнаттардың» бастап бергенін білемін. Сол кездері жарнамалық сипатта немесе көпшілік талғамсыз оқи беретін (саржағал басылымдар) газет шығарып, оны тауарға айналдырды. Қазір өркениет көшіне ілес­кен тұста, ондай газеттердің заты түгілі аты да есте қалмапты. Бірақ, өз өнімін, яғни газетін тауар да, идеологиялық құрал да ретінде өтімді ете білген ұтады. Ол үшін, өзің айтып отырғандай, өзекті әрі өткір тақырып арқылы оқырманның ойынан шыға білуің керек. «Әсіре қызыл тез оңар» демекші, Қытайдың ойыншығындай сыртын жылтыратып қойғаннан не пайда, ішінде ой түйіп, адамды баурап, алға жетелейтін сапалы да салиқалы сөз болмаса, бәрі бекер. Сондықтан мен көбіне газетті әлеміштеп, әсіре безендіргеннен гөрі әрбір бетінде сапалы дүниенің болғанын қалаймын.

Осы журналистердің дені «Сейдағаң­ның мектебінен», «Шерханның шекпені­нен», «Қалидың қайрағынан» шықтық деп жатады ғой. Білікті басшылардың тәрбиесін көріп, солардың мектебінен өткен мықтылардың, тіпті бүгінде мүйі­зі қарағайдай редакторлардың өзі С.Бердіқұловты, Ш.Мұртазаны, Қ.Сәр­сенбайды ұстазым деп мақтан тұтып жатады. Мен де жасым жиырмадан енді асқанда белгілі журналист, жазушы, мар­құм Сарбұлақ аға Ибрашұлының қол астында жұмыс істедім. Бірбеткей, анау-мынауға иілмейтін, талай басшыны мойындатқан азамат кезінде оппозициялық бағытта тәуелсіз «Тіршілік», «Самала» атты газеттерді шығарды. Билік белден басып, бірін жапса, екіншісін ашып, өз басын талай қатерге тігіп жүрсе де, оқырман оясынан шығатын басылым шығаруды қолға алды. Сондай жанкешті жанның қасында алты жылдай жүріп, бірге қызмет еттім, тәрбиесін көрдім. Мәселе көтеру, тақырып табу, жеделдік, жауапкершілік, ынта-жігер, мойымау де­ген қасиеттерді бойыма сіңірдім. Әлі күнге биліктің бір адамының алдына барып жеке мәселемді айтқан емеспін, мақтан, атақ, жүлде қуған жоқпын. Мен осылай тәрбиелендім, халқымның алғысынан артық ештеңе жетпейді. 2003 жылдың көктемінде «Халық» газетінің сол кездегі бас редакторы Аманжол Сақыпұлы өз құрамына шақырды, бүгінде 17 жылдың жүзі болыпты, осы басылымда тер төгіп келемін. Әбекеңнен кәсіпке адалдық, уақытпен санаспау, журналистік зерттеу жасауды үйрендім. Осындай аға­лардан алған тәлім-тәрбиемді өзімнің көп жылғы тәжірибеммен ұштастыра оты­рып, тақырып таңдауда ішкі «меніме» сүйенемін. Қарамағымдағы әрбір қыз-жігіттен де соны талап етемін. Олар да соған бейімделген.

– «Халықтың» мектебінен тү­ле­ген талантты шәкірттер же­терлік. Қаламы қарымды журна­листер жасақ­тауда ұжымның ұстанымы қандай?

– Дұрыс айтасың, «Халықтың» мек­тебінен талай талантты ұл-қыз түлеп ұш­ты. Мақтанғаным емес, басшылар да, қарапайым халық та «Халықты» «жас журналистердің ұстаханасы» деп жиі айтады. Осы жиырма жыл ішінде бір шоғыр жас буын журналистикадағы ал­ғашқы қадамын біздің басылымда бас­тап, бүгінде республикалық, облыстық, аудандық БАҚ-да, басқа да мекемелерде абыройлы қызмет етіп жүр. Бұл – біз үшін үлкен мерей. Бір қызығы, бізде кім жұмыс істемесін, дені – жергілікті Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситетінің түлектері. Көзінде оты, қаламында қуаты бар жастарды байқап, бағдарлап, тәрбиелеп, теориялық білімін практикалық тұрғыда ұштап, білікті маман етіп шығарып жатсақ, біз үшін одан асқан бақыт бар ма? Сөзім жалған болмасын, бір ғана Нұрлан Көбегенұлын алайық, «Халық» газетінің негізін қаласып, ақпараттан бас­тап, көлемді сыни мақалаларымен та­­нылған талантты журналист. Оның сол кездері жекелеген мекемелерге қа­тысты өткір сындарына жауаптылар үн қатып, нәтиже шығарғандығын көзі қарақты оқырман ұмытпаған болар деп ойлаймын. Қазір өз алдына «Әлімсақ» журналын, «Ұстаз мәртебесі» газетін шы­ғарып, үкіметтік емес ұйымы арқылы түрлі жобалармен айналысып жүр. Ал, «Ақмешіт жастары» газетінің бас ре­дакторы Айжан Абдуллаеваны қайда қоясың? «Халықтан» қанаттанған қыз университетті журналистика мамандығы бойынша бітірген соң сол оқу орнының қабырғасында жұмыс істей жүріп түн­гі ауысымда редакцияға келіп жазу жаза­тын, қандай өлермендік деуші едім. Ар­тынша Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің филология магистрі дәрежесін алып, сол жақта «Адам ата-Хауа ана» газетінде тіл­ші, «Қазақ» радиосында редактор, «Star.kz» журналының бас директоры қызметтерін атқарды. «Халықта» жүр­генде оның әлеуметтік салаға қатысты талдамалы мақалаларын жұртшылық жылы қабылдады, тақырыптары қандай еді? Бүгінде Айжан Жұмабекқызы Сыр еліне қайта келіп, «Ақмешіт жастары» газетін облыс жастарының айнасына ай­налдырып отыр. Осы жерде бір қызық детальды айта кетейін, ашылғанына жеті жылдың жүзі болған жастар басылымда үш бас редактордың қолтаңбасы болса, сол үшеуі де – «Халықтың» түлектері. Бүгінгі «Сыр бойы» газетінде бөлім меңгерушісі Назерке Саниязова, кешегі аудандық «Қармақшы таңы» газетіне бас редактор болған Дастанбек Садық та жастардың басылымын басқарды. Оларды мақтан тұтамын, әлі күнге ұстазым деп хабарласып, алдымнан кесе өтпейді. Бұл да – бір мәртебе. Одан бөлек Елордада жүрген белгілі тележурналист Нұрбек Әмиша, Ләззат Кемелбаева, Гүлжан Рахман, Нұрбай Шәкімбаев, Жазира Әшірбек, Жазира Бағлан, осындағы Гүлнұр Қаржаубаева, Мөлдір Қожахметова, Жансая Жүнісова, Гаухарай Есімова, Әйгерім Нажмадин, Құралай Жақсылық, «Qazaqstan» телеарнасының облыстағы меншікті тілшісі Әділбек Жақанов, шығармашылығын түрлі жанр­да шыңдап, отқа да, суға да түсетін «Qyzylorda» телеарнасының редакторы Тәжімұрат Әлжановтармен қалай мақтанбайсың?

Жоғарыда аты аталған, аталмаған­да­рдың бәрі – «Ха­лықтың» табалдырығын студент болып аттап, редакция қазанында қайнап, шы­ғармашылық шеберліктері шың­далған жастар. Бұл, сөз жоқ, «Халықтың» жас таланттарға жасаған қолдауы. Жасы­рып қайтейін, әрбір шәкіртің өзіңе ыстық, күн-түн бойыңдағы барыңды беріп, мәпелеп, тәр­биелеп, қанаттандырған ұл-қызыңды басқа ортаға, бөтен жерге жіберуге қи­майсың. Әрқайсысы кеткенде, бір сау­сағыңды кесіп бергендей күй кешесің. Бірақ, бұл – өмір. Басқа ортада «Халықтың» атына қылаудай кір түсірмей жүрсе, соның өзі бір ғанибет. Бүгінгі күні газетте жүрген Нұрбике Құдайбергенова, Қозы Көрпеш Жасаралұлы, Рыскелді Жахманның бойын­да да осындай қасиеттер бар. Осы үшеуі апта сайын асыға күтіп оты­ратын оқырманына сапалы, оқылымды басылымды дайындап беріп отыр. Жазу машығы қалыптасып, өзіндік стилін тап­қан оларды қалай мақтамайсың?

Әрине, осындай орта жасап, қаламы қарымды журналист қалыптастырудағы ұстаным жалғыз – мамандығына махаббат, кәсібіне адалдық, жазуына жауапкершілік, ақты – ақ, қараны – қара деп тану, Абай­ша айтсам, «сөз арасын бөтен сөзбен былғамау». Әрбіріне үнемі айтамын, «менің жанымда мәңгілік жүрмейсіңдер, ертеңгі күні басқа ортаға баратындарың ақи­қат, тек жауапкершілік, істеріңе адал­дықты ұмытпаңдар» деп отырамын.

– Өте орынды. «Мінезсіз адам ұлы өнер тудыра алмайды» деген сөз бар. Бас бұғып, бармақ бүгіп қалмайтын қайсарлық шы­ғармашылыққа қажет пе?

– Мінез біреудің көзінен, біреудің сөзінен көрінеді. Мінезді жүректің ісі, жүректің сөзі деп те жатады. Сол сияқты мінез шығармашылыққа да, шы­ғармашылық адамына да сөзсіз керек. Мен мерзімді басылымдарды, қолға түс­кен кітаптарды жиі оқимын. Көбіне қарымды қаламгер Қали Сәрсенбайдың жазғандарын, сұхбаттарын көрсем, бір деммен оқып шығамын. Сол Қалекеңнің белгілі тұлға, ұстазы Шерағаң, Шерхан Мұртаза дүниеден өткенде оның бар болмыс мінезіне қатысты түйінді сөзі бар. Былай дейді: «…Баспасөзіміздің бірнеше буынын тәрбиелеп өсірген тұлғаны «редакторлардың редакторы» деп бекер атаған жоқ. Бұл кісінің ғажаптығы – өзінің айтқанын істеген адам. Қаламы тиген қағаздың, қолы тиген газеттің бәрі көркейіп шыға келетін. Тіпті телевидениенің өзіне барған кезде де қалай құлпыртып жіберді! Таланттың аты, дарынның заты қандай! Бұл – мінез. Білім өз алдында, Құдай тағала берген дарынды, білімді іске асыру үшін мінез қажет». Сол Қали Сәрсенбай туралы сырбаз ұстаз, сырлы сөздің сүйрігі Зейнолла Қабдоловтың не айтқаның білесің бе? «…Қали жүрген жерінің бәрінде өзінің өзгеге ұқсамайтын нұсқалы қаламгерлік қолтаңбасы қалып жатыр. Сол арқылы біз оның тіл ерекшелігін, жазу мәнері мен машығын, сайып келгенде, журналистік мінезін таныдық. Қандай мінез? Батылдық, адалдық, әділдік! Осы үш қасиет оның адамдық бітіміне, азаматтық болмысына айналған. Журналистикада осылай қа­лыптасқан мінез енді көркем әдебиетке көшкенде тағы да өзгеше өрнек төгеді, өнімді нәтиже береді» дейді. Ал, ұлы Абай не дейді? «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де ақымақтық» дейді «Он сегізінші сөзінде».

Демек, бұдан біздің түйгеніміз: жур­налистік мінез дегеннің бары рас екен, ол қажет екен. Әрине, алты қатар ақпарат жазу үшін де тиісті орындардан мәлімет алу керек ғой. Жасырып қайтейін, кейбір ынжық, кесір жас журналистер бар, сол ақпаратына қажетті дерек пен дәйекті арнайы адамдардан ала алмай жатады. Өйткені, онда мінез жоқ. Өзін керекті жерінде көрсете алмайды, тартыншақтай береді. Осы жерде тағы мақтанып кетті дейсің ғой, тіл-көзім тасқа, өз шәкірттерім басшымен де, қосшымен де терезесі тең сөйлесіп, тіпті сұхбат жасап келеді. Бір ғана Қозы Көрпеш Жасаралұлы облыстың барлық аудан әкімдерімен ашық әңгіме ұйымдастыра алды. Тиісті құзырлы орын­дардан қажетті мәліметтерді сұратып, сыни да, журналистік те зерттеу жасап жүр. Мұндай қасиет өз тілшілерімде де бар. Бұл нені білдіреді? Оларда журналистік мінез, бойында батылдық, адалдық, әділдік барын байқатады. Әрі «ұстаздан шәкірт озады» дегенді де қосып қойған артықтық етпейді.

– Ашығын айтайық, бүгінгі таң­да әлеуметтік желіге жүгінетіндер қатары көбейіп келеді. Блогер мен журналистің болашағын қалай ба­ғам­дайсыз?

– Жасыратыны жоқ, бүгінде ерік­кеннің бәрі, екінің бірі әлеуметтік желіні ермекке айналдырып алды. Хайп қуғанды былай қойғанда, арзан сөзін өтімді қып жүргендер де жоқ емес. Өзін көрсетіп қалуға тырысып, белгілі бір тұлғаға қар­сы әрекет жасайтындар да бар, оны жақтайтындар да, даттайтындар да, қар­сы тарапты ақтайтындар да осында жүр. Айтысып-тартысып жатқан жұрт, әйтеуір. Жалпы, блогер мен журналистің болашағын бағамдаудан бұрын, оларға анықтама беру керек шығар. Меніңше, журналист – ақпарат жеткізуші, оның мін­деті – көргенін объективті түрде жет­кізу. Ал блогердің көзқарасы журна­листікіне қарағанда субъективті болып келеді. Белгілі журналист, блогер Асхат Еркімбай кезекті бір сұхбатында блогер туралы былай дейді: «Негізі екі түрлі түсінік бар. Ғылыми ортада блогер деп біз көзқарасын тұрақты түрде бір плат­формада жеткізетін адамды айтамыз. Ал келесі бір түсінік белсенді әлеуметтік желі қолданушысын блогер деп атап жүр. Егер ютубта белгілі бір контент жасайтын болса, оны виблогер деп атайды немесе вайнер дейді. Қазақстанның заңнамасы бойынша егер ол адамның миллион аудито­риясы болса, ол журналист, ол медиа боп есептеледі. Ғылыми тұрғыда біз оны медиа деп қарастырамыз. Себебі ол белгілі бір аудиторияға контентін шы­­ғарып, оны жариялап отыр. Мәселе – оны тексеріп, жариялап отыруда жур­налистік стандартқа сай ма, сай емес пе, ол – бөлек әңгіме. Сол себепті біз оны журналист деп атай алмаймыз. Біз оны медиатұлға немесе ықпалы бар медиатұлға деп ғана айта аламыз». Сол сияқты өз басым журналист пен блогерді қарама-қарсы қоюды құптамаймын. Әлеуметтік желінің жылдамдық жағынан озып тұрғаны, блогердің сол желіге өзінің ойын жазатыны рас дүние, бірақ онда сараптамалық мән жоқ, зерттелген нұсқа жоқ. Ал шын мәнінде маңызды мәселелерді журналистер көтеріп жүр, елеп-екшелген ақпаратты береді. Бір нәрсе ғана ақиқат, блогер өзі үшін, ал журналист ел үшін жазады. Көп болса, блогердің қоғамға енгеніне соңғы 10 жылдың көлемінде ғана шығар, ал журналистика бағзы заманнан дамып, өз заңдылықтары мен жанрларын қалыптастырып келеді. Яғни, мен үшін блог – ермек, журналистика – кәсіп. Бола­шақта да солай болып қала береді деп ойлаймын.

– Шерхан Мұртазаның «Жур­налис­тің жегені – жантақ, арқала­ғаны – алтын» деген сөзі бар. Бұқара мұңын жоқтайтын бұқаралық ақпарат өкілдері үшін не өзекті?

– Өзі қаламда құдірет, сөзде кие бар деп жатамыз ғой. Осы қаламын қару, қағазын қалқан қылып жүрген журналистердің де өз мәселесі барын жасыра алмаймыз. Былайынша «төртінші билік» деп айдар таққанымен, мәртебесі айқындалмаған мамандық иелері екені айдан анық. Тіпті, кәсіби мерекесін де біресе байланыс саласы, енді бірде тағы басқамен қосақтап атап өтіп жүрген БАҚ қызметкерлеріне былтыр ғана мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен, Үкіметтің қаулысымен 28 маусымды «Бұқа­ралық ақпарат қызметкерлері күні» деп бекітіп берді. Мұның өзі көңілге демеу. Әйтсе де, біздің мәртебеміз айқын емес, не мемлекеттік қызметшінің, не әлеуметтік саланың санатында жоқпыз. Демек, көп мүмкіндіктен, мемлекеттік көмектен, кейбір жеңілдіктерден құр қалып жүрміз. Бастысы, көп жасты баспана мәселесі қинайды, әсіресе отбасылы жастарға қиын. Бірақ, үйсіз-күйсіз жүрген мұңлықтардың мәселесін көтеріп, тиісті орындарға жеткізіп, шешімін тауып бе­ретін де, қарапайым халықтың басқа да мұң-мұқтажын, жоғын көтеретін де – осы журналистер. Солай бола тұрса да, олар өз кәсібіне адал, ар-намысын жоғары қойып, биліктің алдында алақанын жаймайды, атақ-дәреже сұрамайды, бір басшының есігін қақпайды. Олардың басты міндеті – билік пен бұқараның арасында алтын көпір болу, ақты – ақ, қараны – қара деп көрсету, нақты да, шынайы ақпарат жеткізе білу. Сонысымен де бұл кәсіп иелері қадірлі деп білемін. Алдағы уақытта журналистердің мәртебесі айқындалады деген үмітім бар.

– Қазіргі қазақ журналисти­касына қандай баға бересіз?

– Жоғарыда аты аталған Қали Сәр­сенбайдың: «Журналистика деген – ұлт­тың өзін-өзі жоғалтпауы жолында күре­сетін мамандық» деген сөзі бар. Де­мек, қазақ журналистикасы дегенің ұлт­тық журналистика емес пе? Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлы «Га­зет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі», Міржақып «Қай елдің баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де мықты» дейді. Алаш ұлыларын былай қойғанда, бертіндегі Шерхан, Камал, бүгінгі Нұртөре, Қайнар ағалардың тұсындағы журналистика сұрапыл сала болған ғой. Қазір кейбір медиа мамандар «Журналист өзінің пікірін мақаласына тықпаламауы керек» дегенді алға тартып жүр. Онсыз бола ма, белгілі бір ой, идея, пікір, көзқарасын, жалпы ұлттық ұстанымын, шындықты журналист айт­паса, жазбаса, ол неге керек? Біле білсек, «өз қотырыңды өзің қасып», ұлт­тық мәселелерді, қазақтың мәселелерін өзіміз өз жерімізде айтпасақ, жазбасақ, өзге тілде шығып жатқан БАҚ өкілдерінің жоғымызды жоқтап, мұңымызды мұңдап, бізге болыспайтыны айдан анық ғой. Демек, бізге, қазақ журналистикасына өз болмысын сақтай алатын қасиет керек. Ол бізде жоқ емес, бар. Тек соны тұғырдан түсіріп алмауымыз керек.Сосын бізде салалық журналистика кенжелеп қалған дегенді айтып жүр. Бел­гілі бір салаға бейімделгендік керек шығар, меніңше, журналистің әмбебап болғаны дұрыс.

– Сіз үшін жиырма жылдың жетістігі?

– Әрине, 20 жыл аз уақыт емес. Менің журналистика саласының нанын жеп жүргеніме ширек ғасырға жақындап қалыпты. Ал соның 17 жылын осы «Халық» газетіне арнасам, 11 жылдан бері басылымның бас редакторы екенмін. Жетістігім деп осы сағаттар сырғып, ай­лар алмасып, жылдар жылжыған уақыт бедерінде алдымнан талай түлекті қанатын қомдап, өз қолыммен ұшырғаным деп білемін. Сосын бұдан жиырма жыл бұрын мақсат болған халықтың арман-мақсатын қозғайтын Сыр өңірінде жақсы бір басылым қалыптастыра алғанымыз. Талай басшы әлекедей жалаңдап, «пышағын қай­рап», қыр көрсетті, сотқа сүйреп, тәубеге түсіргісі келгендер де табылды. Бірақ біз мойымадық. Осы жылдар ішінде еңкейген болармыз, бірақ жығылмауға тырыстық, қисайған шығармыз, бірақ құлаған жоқпыз.

Адам баласы әрбір күннен үмітті. Біз де 20 жылға жуық уақыт бойы сергек ойымен, оттылығымен, тілінің өткірлігімен қоғам­ның болмыс-бітімін елеп-екшеп отырған «Халық» газеті де алдағы күннен үміт күтіп, шынайы оқырманы – қарапайым халыққа арқа сүйеп келеміз. Сол үміт отын үрлеуде шындық алауын шырағдан етіп ұстаған басылымын әркез қолдап отырған оқырманы бары да – бір жетістік. Жыл басында ел мен жаһан жаңалықтарын, түрлі тақырыптағы мақалаларды, жедел әрі нақты ақпаратты алдыңызға тартатын газеттің жаңартылған halyqline.kz сайтын ашып, осы аттас ақпарат агенттігін құрдық. Демек, саясаттан сыр ақтарып, күйбең тірліктің күрделі қырын сөз етіп, мәселенің мәніне үңілуге, көңіл түкпіріндегі түйткілді талқыға салуға әрбіріңіздің мүмкіндігіңіз бар.

Алда бізді не күтіп тұр? Оны уақыт көрсетеді. «Біздің қазақтың достығы, дұшпандығы, мақтаны, мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды». Мұны ұлы Абай айтады. Демек, ешкімге ұқсамайтын ха­лықтың да, «Халықтың» да болашақтан да үміті зор. Ендеше, үміт оты өшпесін!

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Ақмешіт апталығы» газеті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: