Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сыр жастары» бағдарламасы баспаналы болуға мүмкіндік сыйлайды

09.01.2023, 16:05 710

HALYQLINE.KZ Қызылорда облыстық мәслихат депутаты Г.Есқалиеваның төрағалығымен облыстық мәслихаттың Әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысы өтті. Отырысқа қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекова, экономика және қаржы басқармасының басшысы Н.Қордабай, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ж.Даулетбаева, «Отбасы банк» АҚ Қызылорда филиалының бөлім басшысы Ш.Құттықов, облыстық мәслихат төрағасы Н.Байқадамов, облыстық мәслихат депутаттары А.Әбибуллаева, С.Бихожа, С.Өмірзақов, Н.Әмитов және ZOOM бейне-конференц байланысы арқылы Т.Шаутай, Б.Дүйсенбек, А.Оңғарбаев, І.Тілеп, Е.Аяғанов қатысты.

Күн тәртібінде «Сыр жастары» Қызылорда облысының жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы туралы 1 мәселе көтеріліп, аталған мәселе бойынша қоғамдық даму басқармасының басшысы М.Қазбекова хабарлама жасады.

Жас отбасылардың баспаналы болып, қоғамда әлеуметтенуі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы жастардың баспаналы болуына барынша жағдай жасалу керектігін атап айтқан еді. Осы ретте, облыс әкімі Н.Нәлібаев Сыр өңірінің жастарымен өткен форумда аймақ жастарын қолдау мақсатындағы бастамаларының бірі ретінде осы жобаны жариялаған болатын. Қазіргі таңда мемлекеттің басты міндетінің бірі санаған бұл маңызды іс өңірлерде қолға алынуда. Өңір жастарын қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету және жас отбасыларды қолдау мақсатындағы бұл бағдарлама арқылы жүздеген жастың баспана мәселесін шешу жоспарланып отыр.

Бағдарламаның ережесі мен шарттарына тоқталар болсақ, жастар бастапқы жарна ретінде баспана құнының 10 пайызын салып, 19 жылға ипотекалық несие алуына болады. Жылына 5 пайыздық өсіммен 18 млн теңгеге дейін беріледі. Бағдарламаға 35 жасқа дейінгі ҚР азаматы және негізгі қатысушы ретінде тек ерлі-зайыптылардың біреуі ғана қатыса алады. Бұл ипотеканы мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, спорт және әлеуметтік сала қызметкерлері, журналистер және жоғары оқу орындарының оқытушылары да ала алады.Ендігі мақсат – бағдарламаның бюджетін көбейтіп, жеңілдетілген несиенің санын арттыра түсу. Бұл – жергілікті жас отбасыларды, жас мамандарды қолдауға арналған тиімді әдіс.

Хабарламадан соң, көтеріліп отырған мәселе төңірегінде депутаттар өзара егжей-тегжейлі талқылап, жастар немесе қатысуға ниеттілердің арасында түсініспеушілік туындамас үшін, жобаны жан-жақты саралап, шешім қабылдауға тиіс екендерін жеткізді. Және түсіндірме, ақпараттық жұмыстарды барынша жүргізу маңызды екендігін ескеруді сұрады. Жиын соңында күн тәртібіндегі мәселені бірауыздан тұрақты комиссиялардың бірлескен отырысының қарауына ұсыну туралы қаулы қабылданды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: