Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада бас акушер он мыңға жуық ананы босандырған

04.05.2023, 10:25 204

HALYQLINE.KZ Жұмабекова Гүлзат Жолдасқызы – Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушері, облыстық перинаталдық орталығы ІІІ акушерлік босану бөлімінің акушері. Жоғары санатты, еңбек өтілі – 30 жыл.

1991 жылы Жезқазған медицина училищесіне оқуға түсіп, 1994 жылы акушер амандығы бойынша «Үздік» дипломмен оқу орнын аяқтады. Гүлзат Жолдасқызы еңбек жолын 1994-1995 жж. Қармақшы аудандық денсаулық сақтау бөлімі, әйелдерді емдеу бөлімшесінде акушер ретінде бастаған. 1995-1998 жж. Ақжар ауылдық ауруханасына ауыстырылды. 1998-1999 жж. Қармақшы аудандық аурухананың перзентхана бөлімінде қызмет атқарған. 1999-2004 жж. Төретам ауылдық ауруханасына акушер ретінде қабылданған. 2004-2007 жж. Байқоңыр қаласы ауруханасының босану бөлімінде аға акушер қызметін атқарған. 2008-2009 жж. Байқоңыр қаласындағы федералды медициналық-биологиялық агенттіктің №1 орталық медициналық санитарлық бөлімінде қызмет атқарған. 2009-2010 жж. Ақтөбе қаласындағы облыстық перинаталдық орталығында акушер. 2010 жылы Қызылорда қалалық перзентханаға қабылданып, осы уақытқа дейін қызмет атқаруда. Қызмет ете отырып, Астана, Алматы, Ақтөбе, Санкт-Петербург қалаларында бірнеше рет білімін жетілдірген. Ал 2022 жылдан бері бас акушер қызметін атқарып жүр. Медициналық мекемелердегі акушерлік шұғыл жағдайлардағы көрсетілетін алғашқы көмекке байланысты соңғы хаттамаларды тәжірибеге енгізіп, жаңадан келген жас мамандарды дайындайды. Облыс көлеміндегі акушериялық көмекті жоспарлап, ұйымдастыру жұмысының сапасын бақылап қана қоймай, акушерлерге кеңес беріп және практикалық көмек көрсетеді.

«Акушерлік сала күш-қайратты, жауапкершілікті талап етеді. Сонымен қатар ең қажетті мамандық, себебі дүниеге сәбидің келуіне себепші болады. Анаға қуаныш сыйлап, сәбидің кіндігін кесіп, жарқын болашағына алғашқы тілек айтатын маман. Одан бөлек орталықта акушер-гинеколог мамандар бар, біз сол мамандардың оң қолымыз», – дейді бас акушер Г.Жұмабекова.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас акушері Гүлзат Жұмабекова 30 жыл ішінде 10 мыңнан аса сәбиді дүниеге әкелген. Физиологиялық босануды өзі жетік жүргізе білетін, заманауи жаңа тиімді перинаталды технологияларды өз деңгейінде игерген, жас акушерлерді еңбекке баулып, үйретуден еш жалықпайды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: