Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүлдіршіндер арасында тілдің дамымай қалуы көптеп кездеседі

15.07.2022, 20:07 157

«Мен ауырсам да, балам ауырмасын» дейтін ата-ана көп. Қарбалас тіршілікпен арпалысып баланың денсаулығы екінші деңгейлі мәселе болып қалатыны бар. Әсіресе жас отбасылар мұндай олқылықты жіберіп алады. Соның әсерінен бүгінгі күннің балалары ауыршан болып келеді. Содан енесі келінін сөгіп, бір отбасының берекесі қашады. Рас, баланың денсаулығына көбіне аналар жауапты. Құрсақта жатқан кезде-ақ өзін күтіну арқылы баланың дені сау болып келуіне ықпал жасайды. Егер кез келген болмашы нәрсеге ашуланып жүре берсе, баланың жүйке жүйесіне кері әсерін береді. Жүкті кезінде эмоциялық тұрпаты қалай болса, бала да дүниеге келген соң ананың аузынан түсіп қалғандай болатыны хақ. Бұны мамандар да дәлелдейді. Соңғы уақытта халықты қан қақсатқан індет алаңдатып отыр. Бірнеше түрі пайда болып, жас пен жасамысы, әрісі жас балаға дейін ауру алқымдап барады. Оның үстіне «көріпкелдер» балаларға қауіпті деп ата-аналардың үрейін туғызып келеді. Бұл дерттен де бөлек, бүлдіршіндер арасында ОНР ауруы, яғни тілдің дамымай қалуы көптеп кездеседі. Қалалық №5 емхана қызметкерлерінің айтуынша, жыл басынан бері осы емханада 28 бірінші топ мүгедектік тіркелсе, соның 50 пайызы — тіл кемістігі бар балалар. Бұның алдын алудың қандай жолы бар? Ата-аналар балалардың денсаулығына мұқият қарауға тас түйін дайын ба? Осы орайда сала мамандарымен тілдескен едік.

– Бала дүние есігін ашқаннан кейін, оның дамуына әке мен ана бірлесе жұмыс істеуі керек. Біз маман ретінде бала дамуындағы әрбір сатысында не істеу керектігіне тоқталып өтсем. Екі айға дейін бала естімейді, көрмейді, түсінбейді деген 100 пайыз қате пікір деп айта аламын. Біз екі ай көлемінде шылдырмақтармен ойнатып, баланы дауысқа үйрету керекпіз. Көру қабілетінің жоғары болуына әртүрлі түстерді жақындатып, алыстатып көрсету көмегін береді. 6 ай өткеннен кейін қатты дыбыстарға үйрете бастаймыз. Тостақан, ағаш қасықтарды ұру арқылы дыбыстар шығарамыз. Бала зерттеп, көргісі келетін кезең. Ұстап, не зат екенін білу ол үшін өте қызық. Бүгінгі ата-аналар балалармен мүлде сөйлеспейді. Бесікте жатқан кезде-ақ ұялы телефон беру арқылы қарым-қатынасымыз шектеліп қалды. Әсіресе әкелер мүлде назар аудармайды. Сол себепті баламен жиі сөйлесіп, оның моторикасын дамытуға арналған жаттығулар жасалуы қажет, – деді қалалық №5 емхананың мейірбекесі Арайлым Сырлыбаева.

Әйгілі кеңес педагог-новаторы, жазушы Василий Сухомлинский айтпақшы, баланың қолының қимылы сенімді болған сайын, баланың сөйлеуі жарқын болып, қолының шеберлігі мен ептілігі артып, бала білімді болады. Сол себепті мамандар ұсақ моторикалық жаттығуларға ден қояды. Бұл емхана қызметкерлері де осыны жадында ұстанып келеді. Әрине, қазіргі таңда шағын бөлмеде балалардың денсаулығына қарауға мәжбүр болып отыр. Күніне шамамен 20-30 шақты бала келіп, тексеріледі. Ал, емханада 5000-ға жуық бала тіркелген. Мазасыз аналардың көңілін табу да мәселе екені жасырын емес. Дегенмен ұсақ моторикалық жаттығуларға арналған құрылғы, ойыншық емханада жеткілікті. Солардың көмегімен сөйлеу тілінің бұзылуын қалыпқа келтіруге дәрігерлер тырысып бағуда. Белсенді қозғалыстың жоқтығы да тілдің дамымай қалуына әсерін тигізіп отыр.

Бұған қоса, «ПМК» деген балалармен жұмыс істейтін орталық арнайы емхана басшыларының шақыртуымен жылына екі-үш рет келіп тұрады екен. Онда логопед, дефектолог, невропатолог, психолог мамандары қызмет атқарады. Бұл мамандар емханаға келген күні қалың жұрттың қарасы көп болады екен. Бас мейірбеке Ақжанат Жүнісова үш-төрт жыл бұрын мұндай көрсеткіш болмаған дейді. Қазіргі таңда ОНР дертімен келетін науқастардың саны да аз емес. Әрқайсысымен 20-30 минут, тіпті бір сағат көлемінде жұмыс істеуге мамандар мәжбүр болып отыр. Сондай-ақ ана сүтінің маңыздылығы жайында дәрігерлер тоқталып өтті.

– Ана сүтін балаға беру қоғамда үлкен мәселе болып кетті. Бірақ барлық ана балаға ана сүтін беруі керек. 30-дан асқан әйелдердің денсаулығына да пайдалы. Өйткені оның бойында қан айналым процесі жүреді. Сол арқылы онкологиялық аурулардан сақ болады. Баланы кемі 2 жыл емізген дұрыс. Себебі баланың IQ дәрежесі жоғары болады. Жалпы, ана сүті мен нан қоспасын екі сағатқа қойып, салыстырып көріңіз. Нан қоспасы төменге тұнып, бетіндегі суы қалқып тұрса, ана сүті өзінің қалпында қоймалжың күйін ұстап тұрады. Сонымен қатар, ми функциясын жақсы дамытады. Бала талпынып сорып, еміп, жұту арқылы үш рефлексті пайдаланады. Ал, нан қоспасын ішетін бала жұту рефлексін ғана қолданады, – деді Арайлым Сырлыбаева.

Балалардың денсаулығына немқұрайды қараған дұрыс болмас. Ең алдымен, ата-ана бала алдындағы жауапкершілігі мен міндетін ұмытпағаны жөн. Ел денсаулығы үшін, баланың болашағы үшін алаңдаулы болуы керек-ті. Бүгінде 4 жасқа дейін сөйлеу қабілеті дамымай қалған балалар күннен-күнге көбейіп келеді. Бұл — бәрімізді ойландыратындай мәселе. Бесіктен сәбиді желіге желімдей жабыстырып, виртуалды өмір сүруге бейімдеп, кейін опық жеп жүрмейік. Ең құрығанда «ана», «әке» деген асыл сөздерді айтқызып, өзіміз де бір марқайып жүрмейміз бе?

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: