Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жылына бір сөз жоғалады

21.01.2020, 13:17 604

Зарқын  ТАЙШЫБАЙ:

Академик М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, көрнекті абайтанушы және абылайтанушы ғалым, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, баспасөз тарихшысы, Қазақстанның құрметті журналисі, Қарағанды және Қызылжар өңірінде журналистік мамандыққа оқытудың негізін қалаушы Зарқын Сыздықұлы Тайшыбаймен кәсіби журналистикадағы өзекті мәселелердің бірі – дұрыс сөйлеу және дұрыс жазу жайында әңгімелескен едік.

– Зарқын Сыздықұлы, қазір кейбір журналистер дұрыс сөйлемейді, дұрыс жазбайды деп жатамыз. Сонда олар тіл білмегеннен осындай кемшілік жібере ме?

– Журналиске ТІЛ үйретудің керегі жоқ. Ол балабақшада тілі шыққанда, мектеп бітіріп аттестат алғанда кәдімгі ҚАЗАҚ ТІЛІН біліп шығуы керек. Өйткені, журналистиканың басқа да мәселелері жетерлік. Менің еңбек кітапшамда «ӘДЕБИ ҚЫЗМЕТКЕР» деген жазу бар. Оның журналистен сәл «оттеногы» жоғары. ӘДЕБИ ҚЫЗМЕТКЕР, ӘДЕБИ РЕДАКТОР деген болады. Яғни, олар мәтінді әдеби тілмен өңдейді. Бұрын «Правда», «Известия» сияқты үлкен газеттерде ЛИТЕРАТУРНЫЙ РЕДАКТОР деген болған. Газеттегі стильді түзетіп отырады. Бәлкім, қазір журналистика факультеттерінде осындай мамандыққа оқыту керек шығар.

Жуырда бір конференцияға қатыстым. Жұрттың алдына сөз сөйлеуге шыққанымда слайд көрсетті. «ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ. ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ, М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚМУ-дың ПРОФЕССОРЫ» деп шықты. Сонда ана жердегі сөйлемде стильдік қате кеткенін бір адам баласы аңғарған жоқ. Яғни, М.Қозыбаев филология ғылымдарының кандидаты болып кеткен. Бұл сөйлем керісінше былай жазылуы тиіс: «ЗАРҚЫН ТАЙШЫБАЙ – АКАДЕМИК М.ҚОЗЫБАЕВ АТЫНДАҒЫ СҚМУ-ДЫҢ ПРОФЕССОРЫ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ». Университетте менің 75 жылдығымды тойладық. Сонда төрге үлкен суретімді іліп қойыпты. Соның жанына «ЗАРҚЫН СЫЗДЫҚҰЛЫ ТАЙШЫБАЙ – 75 ЖЫЛ» деп жазыпты! Әй, ЖЫЛ деп өлген адамға, ЖАС деп тірі кісіге жазады емес пе?! Орысшада бәрі ЛЕТ деп жаза береді. Мысалы, Абай 175 жасқа келді демейміз ғой. 175 ЖЫЛ дейміз. Осындай болмашы ғана нәрселер – сауаттылығымыздың, мәдениеттілігіміздің бір түрі. «Межкультурная коммуникация» дегеніміз осы. Қазақта адамның аты-жөні бірінші айтылады. Бірақ біз қазір ТІЛЕУБАЙ ТӨЛЕН ЗӘРУБАЙҰЛЫ деп жазамыз. Бұл – үлкен қате. Мысалы, Алтынсарин Ибраһим демейміз ғой. Ал орысшада фамилиясы бірінші жазылады. Иванов Петр. Бұлай жазылатын себебі, ол кімнің Иваны? Иванның Иваны ма, Петрдің Иваны ма? Орыстар Иванова дочка, Иванов сосед дей береді. Ол Иванның қызы, Иванның көршісі деген сөз.

– Демек қазір журналистердің өздері сөздерді орнына дұрыс қолданбайды дейсіз ғой. Мұндай жағдай басқа ұлттарда болмаған ба?

– Сөздерді өз орнына қолданбаймыз. Жыл сайын бір сөз жоғалады. Мұндай уайым бұрын орыста болған. Себебі, 18-ғасырда орыстардың бәрі французша сөйлеп кетті. Кейін орыстың сөзін қолдана бастады. Мысалы, орыста КРИТИКА деген сөз бар. КРИТИКОС – латын сөзі. Орыстар осы сөзді қалай орысшалау керегін ойлаған жоқ. Сол сияқты МОНИТОРИНГ, РЕЙТИНГ деген сөздердің қазақша баламасын да бізде ешкім іздеген жоқ. РЕЙТИНГ деген САПАСЫ, ДӘРЕЖЕСІ болуы мүмкін. Неше түрлі әдемі сөз ойлап табуға болады. СЫНЫП деген сөз шықпай тұрғанда КЛАСС дегенді қолдандық. Өйткені, СЫНЫП деген сөзді ойлап таппадық. СЫНЫФ та арабша. Бірақ оның қазақша баламасын табуға ешкім басын қатырғысы келмейді. САТЫ, БАСҚЫШ дедік те, ақыры СЫНЫПҚА тоқтадық. Табиғатта адамды дамытатын қайшылықтар. Күн суытпаса жылы киім кимейміз ғой. Қатты суыған сайын, үстімізге киетін тон, тұлып, т.б. ойлап шығарамыз. Солай ғой. Сөздерді қолданғанда да тура осылай. Біз қиналмай-ақ кез келген сөзді айта саламыз. Жаза саламыз. Тілді орнына қолданбаймыз.

– Зарқын Сыздықұлы, Сіз бір сөзіңізде қазір біз қолданып жүрген ТІЛШІ деген сөздің ЖУРНАЛИСТ мағынасын бермейтінін айтып едіңіз…

– Иә, ТІЛШІ деген ЖУРНАЛИСТ емес. 1920 жылы «Кедей сөзі», «Бостандық туы» сияқты алғашқы қазақ газеттеріне шала хат танитын адамдар хат жазып тұрған. Соларды ТІЛШІЛЕР деп атаған. Ал газеттің қызметкері – ЖУРНАЛИСТ!

– Қазіргі кезде орысшадан қазақшаға тікелей аудара салатын әдет бар. Бұған тағы қандай мысалдар келтірер едіңіз?

– Мысалдар жетерлік! Мысалға, ПО деген сөз байланысты, бойынша деген мағынаны бермейді. Мысалы, закон ПО высшему образованию дегенді жоғары білім БОЙЫНША деп аударады. Жоғары білім ЖӨНІНДЕГІ немесе ТУРАЛЫ емес пе?! СЛЕДУЮЩИЙ деген сөзді КЕЛЕСІ деп аударып жүр. КЕЛЕСІ балалар жиналысқа барады дейді. МЫНА балалар деп неге айтпайды?! Қазақ радиосының заң кеңесшісі: «КЕЛЕСІ құжаттарды апарып тапсырыңыз» деп сөйлеп тұр. МЫНА қағаздарды деп неге сөйлемейді?! СЛЕДУЮЩИЙ день деп КЕЛЕСІ күнді айтамыз. Халықтың саны 5 мыңды ҚҰРАЙДЫ дейміз. 5 мың халық БАР немесе халықтың саны 5 мың деп неге айтпаймыз?! Мысалы, Күләш өлең жазатын қасиетке ИЕ деп айтамыз. Күләш өлең ЖАЗАДЫ немесе ҚАСИЕТІ БАР десе қайтеді?! Яғни, айтылатын сөйлем мен жазылатын сөйлем бөлек. Айта берсек, мұндай мысалдар көп. Сауатты болуымыз үшін, әуелі сауатты жазып, сауатты сөйлеуіміз керек. Сонда ғана іс оңға басады.

Сұхбаттасқан  Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: