Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңаша ойлағанды жақсы көремін

20.08.2020, 10:20 3686

Ақзира  ҚАСЫМОВА,

Қызылорда  облысының 

білім  басқармасының  басшысы:


БІЛІМ   САЛАСЫНДАҒЫ   БАРЛЫҚ СҰРАҚҚА   ЖАУАП   БЕРУІМ  КЕРЕК


– Ақзира Бақтыбайқызы, ең біріншіден, сізге қояр сауалым өте көп. Айтыңызшы, білім саласына­  қатысты  жауап бергіңіз келмейтін сұрақ  бар  ма?

– Білім саласында жүргеннен кейін жауап бермейтін сұрақ болмау керек. Сол үшін де қазір білім басқармасының басшылығында отырмын.

– Дұрыс екен. Ендеше бастайық. Аудандық, қалалық білім бөлімдерін басқардыңыз. Қазір облысты­ң бас ұстазысыз. Қызмет сатылап көтерілген сайын жауапкершілік  жүгі  де  ауырлайтын  шығар.

– Иә, дұрыс айтасыз. Әр нәрсенің өзіндік деңгейі, ауырлығы байқалады. Мысалы, мектеп мұғалімінің, директорының өз жұмысы бар, аудандық, қалалық білім бөлімдерінің де. Облыс­ деңгейінде болғандықтан жауапкер­ші­ліктің жүгі өте ауыр. Мұны мен сезінемін. Десе де, маған айтарлықтай салмақ түспейді. Өйткені мен қаладан бастап жұмыс істедім, ауылға да бардым, ауданның да деңгейін көрдім. Әлгінде айтып өткенімдей, мектептің мұғалімі де, басшысы да болдым. Бұл саладағы барлық қыз­меттен өткен соң, жұмыс процесінде аса бір қиындықтар кездеспейді. Бірақ, дәл қазіргі жағдай­да, яғни пандемия кезінде жауапкер­шілік екі еселенді. Біз осы күні балалардың үздіксіз білім алуы үшін бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз. Біздің тарапымыздан көптеген жұмыс атқарылуда. Министрліктің қолдауын да сезінеміз. Осы үдеден, сенімнен шығу үлкен міндет болып отыр. Пандемия жағдайында білім саласындағы қиындықтардан халықпен бірлесіп өтуіміз қажет. Бүгінгі кездегі басты жауапк­ершілік – осы.


АШЫҚТЫҚ   пен   ЖАРИЯЛЫЛЫҚ – БАСТЫ  МІНДЕТТЕРІМІЗДІҢ  БІРІ


– Басшылыққа тағайындалған күннің ертеңіне фейсбук парақшаңызға «Қандай бағытт­а болмасын, білім саласының абыройы үшін нәтижелі жұмыс істеуге даярмын» деп  жазба  жарияладыңыз. 3 айдан аса уақыт өтті. Орынды  әрі маңызды ұсыныстар  айтылып  жатыр  ма?

– Ашықтық пен жариялылық – басты мін­деттеріміздің бірі. Халықпен бірлесіп жұмыс істеу, кез келген сынды көтеру де – жұмысымыз. Бірақ, орынды айтылатын, кейде орынсыз көтерілетін тақырыптар бар. Оған мойымаймыз. Сын шын болса, оны түзеп қалыпқа кел­тіреміз. Сырт көз сыншы болады ғой, өзім оны құп көремін. Өзіңіз білесіз, менің фейсбук мессенджерім бар. Телеграм-бот бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Мұнда да ашықтықты назарға аламыз. Облыс көлеміндегі мұғалім­дер, ата-аталар сол арқылы білім бас­қармасымен  байланысып, мәселесін шешетін­дей  жағдайға  жетсе  дейміз.

Пандемия жағдайында облыста кейбір оқушылардың  ата-анасы пневмониядан қайтыс­ болып  жатты. Осы жайтқа байланысты барлық аудандарды қамтып, 8 орталық аштық. Ол жерде психологтар, психо-терапевттер бар. Осы уақытқа дейін 89 балаға көмек көрсетілді. Тек психологиялық көмек емес, барлық жағынан жағдай жасап жатырмыз. Бұл орталықтардан ата-аналар да көмек ала алады. Облыста ата-анасы пневмониядан қайтыс болып, 16 бала жалғыз қалды. Бұл балалардың білім алуына жағдай  жасауымыз  керек.

Биыл 116 мыңнан аса бала қашықтан оқы­ты­лады деп күтілуде. Жасырмаймыз, елді мекен­дерде, басқа жерлерде де интернет жылдамдығы төмен екені байқалады. Мұндай мәселе қаланың  шет аймақтарында да бар. Қазіргі таңда біз қаламен, барлық аудандармен бірігіп жұмыс  істеп жатырмыз. Цифрлық басқарма бар. Оған  да аймақ басшысы тапсырма берді. Әр ауыл  бойынша  анализ  жасаймыз. Облыста 9687 бала­да­ мүлдем электронды құрылғы жоқ. Ең бірінші кезекте сол балаларға тізім бойынша мектептегі компьютерлерді келісімшарт арқыл­ы беруді және жағдай тұрақтанған соң қайтарып алуды жоспарлап отырмыз. 20 тамызға дейін 1-сы­нып­қа қабылдау жүреді. Сондықтан, қосымша тағы балалар болуы мүмкін. Қазір 99% оқу­шылар қабылданып болды. Айта кететін жайт, демеушілер тарапынан да жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әлі  жалғасын  табады.

Сонымен қатар, біз BilimLand және Daryn Online платформалары арқылы жұмыс істейін деп отырмыз. Біз балаларды мұғалімдер кәдімгі Zoom бағдарламасы секілді онлайн оқытсын деп талап қойдық. Қазір олар осы жұмыстармен айналысып жатыр. BilimLand Қызылорда қаласына­ арнайы сервер қоямыз деді. Сервер қою – платформаны қолданудың мүмкіндігі көбейеді  деген  сөз.

Қазіргі уақытта санитарлық құрал-жабдықтарға қаржы бөлінді. Бұл жұмыстар өткен айда басталды. Барлық мектептерге туннелдер, дезин­фекциялық құралдар, термометр, т.б. алынып­ жатыр. Сондай-ақ, биыл кітапқа байланысты ешқандай мәселе болмайды деп ойлай­мыз. Өйткені,  барлығы  жеткілікті.


МЕНІ  БАЛАЛАРДЫҢ  КІТАПҚА ҚЫЗЫҚПАУЫ  ҚАТТЫ  ОЙЛАНДЫРАДЫ


– Облыстың бас ұстазы ретінде сізді не ойландырады?­

– Мені балалардың кітапқа қызықпауы қатты ойландырып жүр. Осыған орай біз белсенді жастармен кездестік. IT жобалар бойынша да мамандармен жолықтық. Жоба қандай болуы керек, қалай жасаймыз, т.б. сұрақтарға жауап алдық. Менің ойымша, балаларды кітап оқуға жүйелі түрде үйрету керек. Әлемдік желі бар десек те, электронды кітапханалар болға­нымен де, кітапты ұстап оқудың әсері бөлек. Сөздің зергерлігін, сөз саптауды осы кітап арқылы­ үйрендік. Сондықтан, алда жоспарымыз  өте  көп.

– Сырттай  оқығанын іштей ғана мойындайтын мұғалімдер шоғыры мектептерде бар. Оны жасыра­  алмаймыз. Жалпы, еліміздегі  кадр  дайын­дау  жұмысына  көңі­ліңіз  тола  ма?

– Бір өте қуантарлық жағдай болып тұр. Өзіңіз де білесіз, өткен жылы «Педагог мәртебесі» туралы заң қолданысқа енді. Заңда көп мәселе қарастырылған. Соның ішінде тоқтала кететінім, педагогикалық мамандықтарға байлан­ысты. Биылғы  жылы  педагог  мәртебесін көтерудің алғышарттарының  бірі ҰБТ-дан 70 баллдан жоғары жинаған балалар ғана оқуға түсе алатын болды. Бұл – енді педагогикалық кадрларға тек жақсы оқитын балалар ғана келеді деген сөз. Айта кететінім, биыл 700-ге жуық бала мұғалім болғысы келетінін мамандық таңдау арқылы білдіріпті. Бұл – жылдағыдан жоғары көр­сеткіш. Облыс бойынша ең жоғар­ы балл жинаған­ түлектің өзі «математика пәнінің мұғалімі боламын» деді. Міне, осы да – біз үшін қуанышты жаңалық. Демек, алдағы уақытта педагог мамандардың құрамы жақсы кадр­лармен толығады деп ойлаймын. Биыл болашақ­ мұғалімдердің шәкіртақысы да көбейіп отыр. Мемлекет мұғалімдерге барынша жағдай жасауда.­

Дегенмен, сырттай оқыған мұғалімдер бар. Оның ішінде практикалық тұрғыда жақсы жұмыс істейтіндері де бар. Бүгінде мұғалімдердің білімін жетілдіру, кадрлық әлеуетін жоғарыла­ту мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр.


МЫҚТЫ   КАДРЛАРДЫҢ   МЕКТЕПКЕ КЕЛУІ – БІЗ   ҮШІН   ҮЛКЕН  ЖЕТІСТІК


– Білімді, белсенді, барлық жағынан жетілге­н жас маман неге жұмыс іздеуі керек?­ Меніңше, жұмыс беруші, яғни директо­рлар оқу орындарымен тығыз байланы­с жасап, сапалы кадрды өзіне тартып­ алу үшін жұмыс істеуі керек секілді…

– Дұрыс айтып отырсыз. Мұны құптаймын! Мықты кадрлардың мектепке келуі – біз үшін үлкен жетістік. Жанып тұрған жас мамандарды жұмысқа  алатындай  жағдай  жасасақ  дейміз.

– Алдағы  күндері  қалалық, аудандық білім бөлімдері  әкімдік  қарауынан білім бас­қармасына  беріледі. Бұл қадам салаға қандай­  өзгеріс  әкеледі?

– Қазіргі күні біз қалалық, аудандық білім бөлімдерінің басшыларын тағайындауды бастадық. 2020 жылы 58 мектеп жан басына шаққандағы қаржыландыруға көшіп отыр. Оның басым бөлігі – қала мектептері. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларындағы мектеп­тер бұл практиканы пайдаланып көрген еді. Өз жемісін беріп отыр деуге болады. Қаржыны өздері жұмсайды, қажеттіліктеріне байланысты барлық жұмыстарды ұйымдастырады. Бала қайда барса, қаржы сонда болады деген сөз. Ал, 2021 жылы аудандық, қалалық білім бөлімдері толығымен облыстық білім басқармасына қарайды. Қазіргі таңда біз оның заңдық жұмыстарын жүргізіп, автоматтандыруға дайын­дап  жатырмыз. Оның  басқа да струк­ту­ра­сы  бойынша  жұмыстарды қарап отырмыз.

– Биыл тынығу лагерлері жұмыс істеген жоқ. Балалар  немен  айналысты?

– Осы жылы эпидемиологиялық ахуалға байланысты еліміздің барлық өңірінде балалардың жазғы тынығу лагері болған жоқ. Бірақ біз оған қарап отырған жоқпыз. Инстаграмнан «Онлайн  жаз – 2020» деген парақша ашып, біраз жұмыстар жүргізілді. Ол жерде 21 мыңнан аса оқырман бар. Балалардың уақытын тиімді пайдаланайық деп барлық сала бойынша қажетті ақпарат­тарды  салып отырдық. Бұл жұмысымыз республикада  жоғары  бағаланды.

Біз қазір қосымша білім беруге байланысты «Жол картасын» дайындап жатырмыз. Қосымша білім беруде балаларды қамту аздық етіп тұр. Сондықтан, осыны кеңейту мақсатында жүзеге­ асырамыз. Балаларға арналған жұмыстар жоқ деп айта алмаймын, әрине бар. Балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында қосымша білім беру ұйымдарын әрі қарай дамытуды қолға алдық. Пандемиядан соң бұл жұмыстар өзінің нәтижесін береді.


МЕН   САБАҚ   БЕРГЕНДІ  ӨТЕ   ЖАҚСЫ   КӨРЕМІН


– Соңғы рет мектепте қашан сабақ бер­діңіз?

– 5-6 жылдай болып қалды.

– Өзіңізге белгілі, Қызылорда облыстық білім басқармасының экс-басшысы Майра­ Мелде­бекова 15 жылдан соң мектептің кабинет­інен табылып­, оқушыларға сабақ берген еді. Бұл идеян­ы  жалғастыруға  қаншалықты  ниеттісіз?

– Мен сабақ бергенді өте жақсы көремін. 2008 жылы облыстың үздік физигі болғанмын. Директор болған кезімде сабағымды беріп жүрдім. Ғылыми жұмыс, пәндік олимпиада­ларда менің шәкірттерім жеңімпаз атанатын. Алдағы уақытта қосымша сағаттармен сабақ бергім  келеді.

– Айтпақшы, біздің қолымызда «облыстағы директорлардың 90 пайызынан астамы сабақ  беретін»  деген  ақпарат бар.

– Жалпы, мен осы өңірден, осы ортадан шықтым. Қазір мектеп басшыларына байла­нысты анализ жасап жатырмын. Қаншасында сабақ бар, жоқ деген секілді. Мектеп басшысы, ең біріншіден, өзі үлгі болуы керек. Ұжым ізінен еруі үшін мектеп директорының жан-жақты болғанын дұрыс көремін. Сондықтан, мен мектеп­ басшыларының жалпылама сабақ бергені­н қалаймын және соны алдағы уақытта міндеттейтін де боламын.

– Қашықтан оқуға қызылордалық оқушылар қаншалықты дайын? Алыс ауылдардағы ахуалды айтпай-ақ қояйық. Облыс орталығынан 70 шақырым жердегі Майлытоғай ауылында интернет жылдамдығы өте нашар, тіпті жоқ деуге де болады. Мұндай ауылдардың көп екенін ескерсек, ойлайн оқу ойдағыдай өтеді дегенге сену қиын.

– Облыста 71 мектеп жалпылама штаттық режим­де оқытылады. Оларға интернет жоқ, интернет  жылдамдығы  аз  мектептер  кіреді. Біз  бұл ауылды нақтылап қараймыз. Жаңағы 71  мектептің  қатарына қала аумағындағы  4 мектеп  кіріп  отыр.


МЕМЛЕКЕТТІҢ   ЖАҚСЫЛЫҒЫНА МҰҒАЛІМДЕРДІҢ   ҚАЙТАРЫМЫ   БОЛУЫ   КЕРЕК


– Республика бойынша педагогикалық кадрлард­ың  басым  бөлігі  қыз-келіншектер екенін статистика  растайды. Демек, Сыр елінде де солай­. Ер педагогтерге артықшы­лық беру керек.­ Оны өз облысымыздан бастасақ, көпке үлгі болатынымыз анық. Осы мәселеге қатысты көзқарасыңызды  білгім  келеді?

– Бұл айтып отырғаныңызды мен құптаймын, келісемін. Ер адам болған жерде оқушылардың тәрбиесі бөлектеу болады ғой. Менің ойым да – білім саласына ер балаларды көптеп тарту. Алдағы уақытта «Педагог мәртебесі» заңын­ басшылыққа ала отырып, артықшылықтарды саралауға болады. Сонымен қатар, министр­ліктен  алатын  ерекшеліктеріміз  бар еді ғой, енді аймақтың ерекше белгісі педагог мәртебесіне келтірілген. Оған да байланысты жұмыс жүргізіп жатырмыз. Жалпы, артықшылықтарды заң жүзінде қарастыруға болады.

– Бізде  мұғалім мәртебесі мемлекет абы­ройына  айналды  ма?

– Қазіргі таңда мұғалім өзінің құқығын қорғай алатын жағдайға жетті. Мұның өзі – үлкен жетістік. Менің айтатыным, осы жасаған жақсылықтың да мұғалімдерден қайтарымы болуы керек. Педагогтер білім сапасына жұмыс істеуі қажет. Бұл – мұғалімдердің міндеті. Осы күні білім сапасын әлде де көтеру жұмыстары жүргізілуі  керек.

– Сынға қалай қарайсыз және қызметкер­леріңізге  қандай  талап  қоясыз?

– Жалпы, менің қоятын талабым жоғары. Жаңаша ойлағанды жақсы көремін. Қызметкерлерімнің де менің деңгейімде болғанын қалаймын. Сын айтқан адаммен тікелей кездесуге де дайынмын. Орынды сын болса, оның барлығын қабылдаймын. Желіде жалған мәліметтер де айтылып жатады. Оларды қабылдай алмаймын. Өз басым ашық болғанды қалаймын. Мектеп басшысы болған кезімде кез келген оқушы менің кабинетіме кіре алатын. Мектеп­ директорларына осыны айта жүремін. Мысалы, мен мектепте болғанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар болды. Соларға­ «қандай мәселе болса да, маған келіп айта бер» дейтінмін. Себебі біз олардың анасымыз ғой. Менің ойымша, барлығы өз ойын еркін жеткізетін болуы керек. Иә, рас кейде біреулер кіре алмай қалуы мүмкін. Бізде де жұмыс көп. Бірақ мен «адамдар келіп тұр» десе, өзім арнайы барып сөйлесемін. Себебі, көбі түсінбей кетеді. Сосын әрі қарай қарсылық туында­йды. Дұрыс түсіндірсең, түсінбейтін адам болмайды. Шешілмейтін мәселе жоқ.


МЕНІ   ТАНЫМАЙТЫН   МҰҒАЛІМДЕР  БАР   БОЛУЫ   МҮМКІН


– «Қызылорда қалалық білім бөліміне басшы­ тұрақтамайды» деген пікір ел арасында бар. Өзіңіз де осында аз уақыт аялдадыңыз  дегендей…

– Қалалық білім бөлімінің де өз ерекшелігі бар. Қиыншылықтары да, кемшіліктері де бар. Қазіргі уақытта Динара Қонақбайқызы өз жұмысын жақсы атқарады деп есептеймін. Бұл әртүрлі жағдайларға байланысты болуы мүмкін. Кейбіреулері көшу мақсатында, енді бірі басқа жұмысқа ауысу мақсатында болуы мүмкін. Денсаулығы­на байланысты өз еркімен орнын босататындар да бар. Бұл жағдай тұрақталады деп есептеймін. Өзіңіз білетіндей, мектептерде жұмыс жеңілдеді. Бөлімдер жан басына шаққанда қаржыландыруға көшіп жатыр.

– Аймағымызда облыстық білім басқарма­сының басшысы Ақзира Қасымова екенін біл­мейтін  мұғалімдер  бар  деп  ойлайсыз  ба?

– Мен бұл салада бала кезімнен бері келе жатырмын. Мені басшы ретінде білмесе де, мұғалім ретінде танитын ұстаздар бар. Мен осы ортадан шықтым, басшы болмай-ақ, ұстаздармен, мектептермен байланысым бар. Мен Қазалы,­ Қармақшы аудандарында болдым, ол жерлердегі мектептерді толық білемін. Білім басқарма­сына басшылыққа келгелі барлық аудандармен тығыз қарым-қатынастамын. Жиналыс­ барысында да байланыстамыз. Әрине, танымайтындар болуы мүмкін. Әсіресе, жастар танымауы мүмкін деп ойлаймын.

– Бірақ, білуі керек ғой…

– Негізі ұстаздар қауымы жаңалыққа құмар. Ұстаздар бәрін біледі, білуі керек.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Рыскелді   ЖАХМАН

Пікірлер:
  • Облыстың білім басқармасының басшылығына барлық сатыдан өткен тәжірибелі басшының келгеніне қуанамыз. Облыстағы саланың жағдайы мен қиындықтарын білетіні және тиімді шешімдер қабылдайтынына сенемін.

  • Облыстық білім басқармасының басшылығына білімі мен білігі мықты маманның келгеніне қуаныштымын! Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы болғандықтан, сізді қолдаймыз және сенім білдіреміз! Сәттілік серігіңіз болсын!

  • Саналы ұрпақты сапалы біліммен сусындатуда заманның талапайы мен аумалылығына қарамастан, тығырықтан тындырымды жол тауып,бала санасына ьілім мен мәдениеттің сәулесін шашуда шаршамаған осынау ордалы білімнің ошағына алғысымыз шексіз. Білім мен біліктіліктің кемел үлгісі болар ұстаздар қауымы қашан да өздеріңізбен үндес,қашан да қолдауға әзір!!!

  • Ақзира Қасымова жұмысыңызға үлкен сəттілік тілеймін. Білім саласының барлық сатысынан өткен екенсіз, демек мұғалім мен оқушының жанын жақсы түсінесіз деп есептеймін. Облысымыздың білім саласындағы мықты, жаңашыл көшбасшысы болуыңызға тілектеспін.

Нұрбол үшін пікір үстеу Жауапты болдырмау

Тағы да оқыңыз: