Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Спортшы болмағанымда, ішкі істер саласына баратын едім

01.10.2020, 10:30 927

Нұргүл  ТАҒАЕВА,

дзюдошы:

Елімізде дзюдо спорт түрі қарқынды дамып келеді. Оның ішінде Сыр елі спортшыларының алатын орны ерекше. Шапшаңдық пен төзімділікті талап ететін олимпиадалық спорт түрінен өңіріміздің жастары жақсы нәтиже көрсетіп жүргені тікелей бапкерлер мен спорт нысандары қызметкерлерінің арқасында мүмкін болып отыр. Спортшының дайындығына ешбір кедергінің болмауын қадағалап, көк туымыздың көкте желбіреуіне желеу болып жүрген жандардың бірі –Нұргүл Тағаева. Спорттық мансабында республикалық және халықаралық ойындардың жеңімпазы һәм жүлдегері болған Нұргүл Жұмабекқызы – қазір де жас спортшыларға үлгі болып жүрген жетекші маман. Айта кетейік, ол – дзюдодан ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан ҚР спорт шебері, 1998, 2001 жылдың үздік спортшысы, дзюдодан ҚР 8 дүркін чемпионы, Азия чемпионатының күміс жүлдегері және самбодан әлем чемпионатының қола жүлдегері. Бүгінде бозкілем үстінен көрмесек те, спорттан алыстамаған балуанды арнайы іздеп барып, аз-кем әңгімелестік.





МОҢҒОЛ   ҚЫЗЫНАН  ҰТЫЛҒАНЫМДЫ   ЕШҚАШАН  ҰМЫТА   АЛМАЙМЫН

– Нұргүл Жұмабекқызы, сіз қазір қайда жүрсіз? Яғни, спорттық мансабыңызды  қалай  жалғастырудасыз?

– Қазіргі таңда спортты қойға­ныммен, алысқа кете қойған жоқпын. №1 облыстық олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде жаттықтырушы болып 4 жыл жұмыс істе­дім. Одан кейін осы жерде екі жыл әдіскер-нұсқаушы болып еңбек еттім. Ал, қазір директордың оқу ісі жөнін­дегі орынбасарымын.

– Жалпы, спортшы болуыңыздың себебі неде? Оның ішінде, дзюдоны таңдауға  не  түрткі  болды?

–  Барлығы ойламаған жерден болды. Мектеп кезінде дене шынық­тыру сабағында Ишанбек Ысқақұлы келіп, өзінің спорт секциясына қабылдау жүргізіп жатқанын айтты. Содан бері, осы салада қызмет етіп келемін. Бастапқы кездері жаттығуға жай ғана, уақытты өткізу үшін баратынмын. Кейіннен алдыма мақсат қойып, дзюдоны­ң бар философиясын ұғына бастадым. Алғашқы жетістіктер­ім де содан кейін көріне бастады.

– Спорттағы ең алғашқы қадамыңызды  айтып  өтсеңіз…

–  Ұмытпасам, 1996 жылы Орал қаласында өткен ҚР жасөспірімдер арасындағы біріншілігіне қатыстым. Алғашында, балалықпен үлкен деңгейдегі жарыс екенін сезінбеппін де. Бірақ, сол жарыс осы спорттағы бағым­ды ашты десем қателеспеймін. Себебі, сол біріншіліктің чемпионы атандым. Бұл менің спорт додасындағы алғашқы жетістігім еді. Бірақ, мені қатты қуантқаны жеңімпаз атанған­ым емес, бапкерімнің ризашылығына бөленген кезім. Сонда ғана бірінші рет өзімді нағыз спортшы  ретінде  сезіндім.

– Ал алғашқы жеңілісіңіз есіңізде ме? Ол жігерлі қызды мақсатынан айыр­а  алды  ма?

– Бала кезімде жеңілістер көп болды ғой. Бірақ оларды ұмытып қалыппын. Дегенмен, өзімнің спорттық карьера­мдағы ауыр тиген жеңілісті айтайын. 2000 жылы ересектер арасындағы Олимпиада ойындарының іріктеу кезеңіне қатыстым. Төрткүл дүние көз тіккен додаға қатысу Сырдың  бойында өскен қарапайым қызға арман еді. Сол жарыстың шешуші ойыны­нда моңғол қызынан ұтылып қалғаным бар. Осы жеңілісті еш­қашан ұмыта алмаймын. Бұл – менің мансабымдағы ең үлкен өкінішім.





БҰРЫНҒЫ   БАПКЕРІМ  –  БҮГІНГІ   ДИРЕКТОРЫМ

– Сыр елінде спорттың бұл түрі қалай дамып жатыр? Алдағы жоспарлар  қандай?

– Сыр елінің дзюдо мектебі жаман емес. Біздің кезімізде Қызылорда көбінесе балуан қыздарды шығаратын. Ал, қазір ер жігіттеріміз де әлем­дік додада жақсы нәтижемен көз қуантып жүр. Қазіргі кезде карантинге байланысты спортшыларымызды формасында ұстап қалу қиындық тудыр­уда. Спортшыға жаттығуды үзуге болмайды. Ал, карантин уақы­тында біз оларды бақылай алмаймыз. Осы жағы бізге кіш­кене кедергі болып отыр. Бапкерлер барынша кеңе­сін беріп, жаттығулар жасауға тырысып жатыр. Ал негізінен, өңіріміздегі дзюдо спортының болашағына алаңдамауға  болады.

– Сіздің жетістігіңізге әсер етіп, көп үлес қосқан бапкер кім?

– Менің спорттық мансабымда бір ғана бапкер болған. Ол – жоғарыда айтып өткен Ишанбек Ысқақұлы. Мен басқа жаттықт­ы­ру­шылармен жұмыс істеген емеспін. Себебі, оны әкемдей көре­тінмін. Шынында, бала кезімнен осы кісінің қолындамын. Оқуға түсуіме де өзі атсалысты. Мені өз қызындай тәр­биелеп, қолдау көрсетеді. Қазір де сол кісінің жанындамын. Осы сәтте ол кісі – менің  директорым.

– Спорттық мансабыңызда өзіңіз таңғалған, әлсіз тұсын таба алмай кеткен­  қарсыласыңыз  болды  ма?

– Әрине, болды. Мен әлі күнге дейін таңданатын қарсыласым – жапон­ қызы. Аты қазір есімде жоқ. Бірақ, сол қыздың күресіне тәнті болдым­. Техника жағынан да, тактика жағынан да мығым қыз еді.

– Сіздің ойыңызша, мықты бапкер­дің бойында қандай қасиеттер болуы керек?

– Бапкер жаттықтырумен ғана айналы­спайды. Спортшының психологі де, дәрігері де, әкесі мен шешесі де, диетологі де өзі болуы керек. Себеб­і, спортшының өмір бойы қасында жүріп, кез келген сынаққа дайындайтын – сол адам. Жаттығудан бастап, қалай тамақтану, қандай дәрумен қабылдау керек екенін, ұйықтайтын уақытын да сол кісі айты­п отырады. Осы қасиеттердің барлығын бойына сіңірген адам нағыз­ жаттықтырушы деп ойлаймын.

– Осы спорт түрін елімізде дамудың шыңына жеткізу үшін қандай өзгеріс­тер  қажет?

– Спортшы нәтиже көрсетуі үшін жаттықтырушы екеуінің жағдайы барын­ша жасалуы керек. Тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, екеуінің де бар назары спортта, жаттығуда болса­, міндетті түрде нәтиже көрсетеді. Қазір спортшыларға жақсы жағдай жасалған. Біздің кезімізде жарыс өте аз еді. Ал, бүгінде ел біріншілігіне дейін бірнеше жарыстарға барып үлгереді. Көптеген турнирлер бар. Өздерін тексеруге барлық мүмкіндік қарастырылған. Ол спортшының бойына сенімділік сыйлайды.





ҚАЗІР  СПОРТШЫНЫҢ  ОЙЫН  БӨЛЕТІН  ДҮНИЕЛЕР  КӨП

– Бос уақытыңызды қалай өткізе­сіз?

– Қазіргі таңда бос уақытымды отба­сыма арнаймын. Себебі 3 жыл бұрын босанып, көптен күткен сәбиімді құшағыма алған едім. Қазіргі басты мақсатым – қызымды аяғынан тұрғызып, барынша соның игілігіне жұмыс істеу, одан бөлек үй шаруасына көңіл бөлемін. Сондай-ақ, спортпен де шұғылданып тұрамын.

– Бүлдіршініңіз болашақта жанына серік етіп спортты таңдаса, келісесіз бе?

– Міндетті түрде. Ешқандай қарсылығым жоқ. Күні кеше ғана еліміз­ге танымал жаттықтырушы Жанар Дүйсекенова ырымдап, қызыма «кимон­о» сыйлады. Жаттықтырушылық түйсігі оянған болар, қызымнан мықты спортшы шығатынын айтты. Егер спорттың бір түріне қатысам десе, мен ешқандай қарсылық біл­дірмеймін. Керісінше, қуанатын боламын.­

– Ал өзіңізді басқа саладан көре аласы­з ба? Жастық шаққа оралып, басқ­а жолмен кетуге мүмкіндік туса, қайсысын  таңдар  едіңіз?

– Мен енді спортпен туып, спортпен өмір сүріп келе жатқан адаммын. Ол жайында бұрын-соңды ойланып та көрмеппін. Елестете де алмаймын, осы жолды таңдағаныма қуанамын. Дегенмен, спортшы болмағанымда, бәлкім, ішкі істер саласына баратын шығармын. Себебі, жастайымнан ер мінезді болып өстім. Сондықтан осы салада жемісті қызмет атқарар едім деп ойлаймын.

– Жас спортшыларға беретін ақыл-кеңесіңіз? Неден бастаған жөн?

– Бала алты жастан бастап жүзуге барғаны дұрыс. Себебі, жүзуде бүкіл он екі мүше қозғалады. Соның арқасында он жасқа дейін барлық сүйегі қатаяды. Содан кейін бала кез келген спорт түріне дайын болады. Ал, жастар бос уақытын жаттығуға жұмсағаны жөн. Қазір әлем көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Неше түрлі өзгерістер болып, көздің жауын алатын, ойды басқа арнаға бұрып алып кететін дүниелер көп. Әлеуметтік желід­е де қажетсіз ақпараттар легі толып­ тұр. Бұлар спортшының ойын бөледі. Осыларға алданбай, бар назарын­ жаттығуға жұмсағаны жөн. Қазір бізде спорттың 12 түрі бар. Есігіміз спортпен шұғылданам деген барша жеткіншіктерге ашық. Жаттығам деген жастарға барлығы тегін. Одан бөлек, біз өз оқушыларымызға мұнда үйренген тәсілдерді сыртта қолданбауларын ескертеміз. Спорт достықтың бастауы болуы қажет. Сондықтан, мұнда ең алдымен сыйлас­тық пен кішіпейілдікке үйретеміз.­

– Болашаққа деген жоспарыңыз қандай?

– Қызымды өсіріп, өз ұясына қондырсам деп армандаймын. шәкірт­терім менің жетпеген мақсаттарыма жетіп, елдің қуанышына айналуы­на жұмыс істеймін. Алдағы бар күшімді қызметіме арнаймын. Пандемиядан аман-есен шығып, дүбірлі додаларға жастарымызды қайта алып шықсақ дейміз. Одан бөлек, халқымызды ең болмағанда дене шынықтырумен айнал­ысуға шақырғым­ келеді. Осылай болашағымыздың жарқын, ұрпағы­мыздың дені сау болуына ат салысқым  келеді.

– Сұхбаттасқаныңызға рақмет! Алдағ­ы жоспарларыңызға сәттілік тілеймін.

Сұхбаттасқан 

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: