Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қылмыстық топтардың тіреуі – құзырлы орган» деген жаңсақ пікір

18.06.2020, 12:15 2105

Бектөре  СҰЛТАН,

Қызылорда облысы полиция департаментінің басшысы, полиция  полковнигі:

– Бектөре  Жеңісбайұлы,  қазіргі  күні Қызылорда облысындағы  қылмыстық  ахуал  қандай? Соңғы  жылдары  қылмыстың  қай түрі белең алып, қайсысы бәсеңдеді? Толығырақ тоқталып өтсеңіз…

– Қызылорда облысы Полиция департаментімен атқарыл­ған кешенді шаралар нәтижесінде ағымдағы жылдың 5 айында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылықтар өткен жылмен салысты­рғанда 34%-ға төмендеді (2869-дан 1874-ке).

Оның ішінде, аса ауыр қылмыстар (-9%, 21-ден 19-ға), ауырлығ­ы  орташа  және  онша ауыр емес қылмыстар (-60%, 2378-ден 963-ке), қасақана ауыр дене  жарақатын  салу (-13%, 15-тен 13-ке), қарақшылық (-40%, 5-тен 3-ке), тонау (-42,2%, 45-тен 26-ға), бұзақылық (-38%, 133-тен 82-ге), ұрлық  (-50%, 1704-тен  842-ге), пәтер  ұрлығы (-60%, 422-ден 169-ға), мал  ұрлығы (-11%,  188-ден 166-ға), ұялы  телефон  ұрлығы (-53%, 273-тен 127-ге), алаяқтық (-37%, 403-тен 251-ге) қыл­мыстары  төмендеді.

Одан бөлек, қоғамдық орындарда (-32%, 619-дан 420-ға), көшеде (-24%, 316-дан 240-қа), топтасып (-52% 170-тен 82-ге), мас күйінде (-25% 158-ден 119-ға), бұрын сотты болғандармен (-26%, 385-тен 286-ға), жасөспірімдермен (-40%, 45-тен 27-ге), қару қолдану арқылы (-54%, 11-ден 5-ке) жасалған қылмыстар саны  азайды.

Сонымен қатар, жол-көлік оқиғалары (-9%), жол апатынан қайтыс  болғандар (-38%) және  жарақат алғандардың  саны  (-8%)  төмендеді.

– Жасыратыны жоқ, әлеуметтік желіде «ішкі істер саласы қызметке­рлерінің  заңсыз  әрекеті» деген  сарындағы  бейнежаз­балар  өріп  жүр. Департамент жанында өзіндік бақылау басқар­масы  жұмыс  істейтінін  білеміз. Құқыққа сыйымсыз әрекеті  әшкере­  болып, ішкі істер  саласынан  аластатылған  әріптестеріңіз жөнінде  айтып  өтсеңіз…

– Мысалға айтар болсақ, 2019 жылдың желтоқсан айында әлеуметтік желілерде патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторының мас күйінде нысандық киімде автокөлік бас­қарғандығы туралы бейнежазба жарияланған болатын. Бұл дерек­ке байланысты Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен қызметтік тергеу жүргізіліп, жалпы қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын ұстанбағаны үшін полиция қызметкері құқық  қорғау  органдарынан  шығарылды.

Қазіргі таңда әлеуметтік желілерге жарияланған әрбір бейнежаз­ба  департаменттің Өзіндік  қауіпсіздік басқармасының қатаң бақылауына алынады. Полиция қызметкерлерінің іс-әрекеті­не қатысты наразылық білдірген азаматтардың шағымдары қабылданып, қызметкерлердің іс-әрекетіне құқықтық тұрғыдан  баға  беріледі.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еститін үкімет» тұжырымдамасында мемлекеттік органдардың ашықтығын қамтамасы­з етуді тапсырды. Осы ретте облыстық полиция депар­тамент­і халықпен қаншалықты ашық  жұмыс  жүргізіп  отыр?

– Азаматтарды жеке қабылдау мәселесі – полиция қызме­тіндегі басты бағыттардың бірі. Қызылорда облысы Полиция департам­ентінің басшылығы тарапынан азаматтардың өтініштері күнделікті қаралады. Айталық, жыл басынан департаментке 2000-нан астам өтініш түсіп, әрбір өтініш бойынша тиісті тексерулер жүргізілді. Азаматтардың арыз-шағымдарын қарау барысы Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылау­ында. 2020 жылдың 11 мамырында Қазақстан Республикасының  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, төтенше жағдай режимі аяқталды. Төтенше жағдай мерзімі аяқталғанымен, карантин шаралары әлі де жалғасуда. Каранти­н режимінің сақталуына байланысты  азаматтардың жеке қабылдауы ерекше өкімге дейін тоқтатылды. Осыған байланысты, азаматтардың өтініштерін қарауды қамтамасыз ететін мемлекетті­к органдарда азаматтардың жеке қабылдауын өткізу тоқтатылып, өтініштер жазбаша түрде қабылданады. Сонымен қатар, қылмыстық процеске қатысушылар қозғалған қылмыстық  істер  шеңберінде  санитарлық  нормаларды  сақтай отырып,­ жедел  тергеу  қызметкерлеріне  жүгіне  алады.

Жуырда онлайн режимде облыс тұрғындарының алдында есеп  беру  кездесуім  өтті. Тікелей эфирде тұрғындармен тілдесіп, олардың сұрақтары мен  толғандырған мәселелері бойынша тиісті жауаптар берілді. Барлық аудандық полиция бөлімдері бейнекон­ференция  арқылы  байланыста болды. Онлайн режимде­ өткізілген кездесу барысында түскен әрбір арыз-шағымды­ жіті назарға алып, жауапты мамандарға нақты тап­сырмалар жүктелді. Ел қорғаны тәртіп сақшыларының қызметі халықтың сенімі арқылы өлшенетінін айта келіп, халық көкейін­дегі мәселелерді шешу және олардың Конституциялық құқық­тарының қорғалуы Полиция департаменті басшылығының назарын­да  екенін  айта  кетейін.

– Ел ішінде «қылмыстық топтардың тіреуі – құзырлы орган» деген әңгіме бар. Бұл пікір қаншалықты рас? Осыған дейін қылмыст­ық топтарға «қамқорлық» танытқан полицейлер анық­талды  ма?

– «Қылмыстық топтардың тіреуі – құзырлы орган» деген жаңсақ­ пікір. Полиция қызметкерлері тарапынан қылмыстық топтарға  «қамқорлық»  таныту  деректері  болған  жоқ.

– Қоғамдық тәртіпті нығайту үшін департамент тарапынан нендей­  шаруалар  іске  асырылуда?

– Қылмыстар мен құқықбұзушылықтардың алдын алу, оларды  болдырмау, ашу бағытындағы профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Патрульдік полиция қызметінің негізгі бағыты – жолда жүру ережелерін анықтау емес, қоғамдық жерлерде, оның ішінде көпқабатты үйлердің аулалары мен халық көп шоғыр­ланған аймақтарды аралау, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында жұмыстар жүргізу, яғни, автопатрульден жаяу бағыттарды арттырып, неғұрлым қылмыстар мен құқық­бұзушылықтар көп болатын аймақтарға ауыстырылды.

Тәжірибелі қызметкерлер қатарынан арнайы топтар құрылып, облыстағы аудан орталықтарында рейдтік іс-шаралар жүр­гізу тәжірибеге  енгізілді. Одан бөлек, апта сайын «Құқық тәр­тібі», «Қауіпсіз жол», «Түнгі қала», «Қауіпсіз аула», «Квадрат» және тағы да басқа көптеген жедел-профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде. Қоғамдық орындар мен көшелерде болған қылмыс­тардың, сонымен қатар, бөтен мүлік ұрлықтары, оның ішінде тонау, бұзақылық пен автокөлік ұрлықтарының орын алу себептеріне жасалған талдаудың негізінде, криминогендік жағдай­ күрделі қалыптасқан аймақтарда қысқамерзімді «Квадрат»­ профилактикалық іс-шаралары жүргізіліп, қылмыстың өсім алған аймақтарына «Маневр» тәсілімен бағыттарға өзгертулер  енгізілуде. Қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алуда профилактикалық шараларды барынша күшейту мақсатында  және «Мүлдем төзбеушілік» қағидаты бойынша, сонымен­ қатар, заңсыз айналымнан суық және атыс қаруы және есірткі затын анықтауда жұмыстарды барынша күшейту бағытындағы шаралар  тікелей басшылыққа алынып, тиісті жұмыстар атқарылуда. Бұған  қоса, жол  қауіпсіздігін  қамтамасыз  ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында  «Қоғамдық және жол  қауіпсіздігі үшін бейнебақылау жүйесін орнату» жобасы бойынша­ Қызылорда қаласында  автокөліктер  ағымы  басым көп жүретін көше  бойларына жалпы саны 13 дана «АРКАН» стациона­рлы  жылдамдық  өлшегіш құрылғылары  орнатылды.

– Айтыңызшы, қызметтік  көлікте  ұйықтап  қалған бұрынғы ішкі  істер  саласының қызметкерлері Мейір Махмұдов пен Олжас Қарабалае­вқа  қатысты қолданылған шара тым қатаң  емес пе? Олар  журналистерге  берген  пікірінде «тәулігіне төрт-ақ сағат ұйықтайтынбыз»  дейді.  Осы  пікірдің  рас-өтірігі  қайсы?

– 2020 жылдың 14 мамырында белгісіз тұлғамен түсірілген  патрульдік полиция саласының екі қызметкерінің қызметтік автокөлі­к ішінде ұйықтап жатқан бейнежазбасы әлеуметтік желі арқылы таралды. Жүргізілген қызметтік тергеудің қорытын­дысымен қызметкерлердің елімізде болып жатқан карантиндік режим кезінде өздеріне бекітілген аймақтарында қоғамдық тәртіпті сақтау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, болдырмау, жолын кесу міндеттері жүктелгеніне қарамастан, қызмет көрсететін аймақтарын тастап, қызметте ұйықтап, өздерінің іс-әрекеттерімен қоғам тарапынан айтылатын сынға себепкер болды.

Бұл екі қызметкер тарапынан Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің нормалары, патрульдік полиция саласының қызметін реттейтін Қазақстан Республ­икасы Ішкі істер министрлігінің бұйрықтары мен «Құқық қорғау қызметі туралы» ҚР Заңы және Қызылорда облысы­ның Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің шектеу шаралары туралы №12 Қаулысының талаптары бұзылды. Департаментт­ің Тәртіптік комиссиясы отырысында комиссия мүшелерінің талқыла­уымен қаралып, екі қызметкер құқық қорғау органдары қатарынан шығарылды. Өз кезегінде қызметкерлерге қабыл­данған шешіммен келіспеген жағдайда, жоғары тұрған инстанцияларға шағым келтіруге құқылы екендіктері түсіндірілді.

– Кәсіби  мерекеде  әріптестеріңізге­  айтар  тілегіңіз  болса,  мархабат…

– Егемен еліміздің тұрақтылығы негіздерінің бірі болып отырған Қазақстан полициясының құрылғанына биыл 28 жыл толып отыр. Атаулы мереке қарсаңында ардагерлерді және жеке құрамды Қазақстан полициясының күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, қылмысқ­а қарсы табанды күрес жүргізуде қызметтеріңіз үшін Сіздерге  алғысымды  білдіремін.

Жас қызметкерлерді тәрбиелеуге, полицияның дәстүрлерін сақтап, дамыту­ға зор үлесін қосып келе жатқа­н ардагерлерімізге деген алғысымыз  ерекше.

Халқымыздың  амандығын  сақтау мен Отанымыздың өркендеуіне қосып жатқан үлестеріңіз аз емес, еңбектеріңіз әрқашан жемісті де табыс­ты  болуына  тілектеспін!

Елдің амандығын, жұрттың тыныш­тығын қамтамасыз ететін полици­я қызметкерлерін мерекемен құттықтай отырып, еліміздің өркендеуі жолында атқарып жатқан игі қызметтеріңізге­ табыс, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, мол бақыт­ және бейбіт ғұмыр тілей­мін.

Сонымен қатар, 28 маусым – Байланыс және ақпарат қызмет­керле­рінің күні қарсаңында қоғамдық тәртіп пен тыныштықты сақтау, қылмыспен және құқықбұзушылықпен күрес тақырыбында қалам тербеп жүрген еліміздегі барлық бұқаралық ақпарат­ құралдары өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық, кәсіби шарықтау және шығармашылық  идеялар  тілеймін!

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: