Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оңталап Нұрмаханов: «Түсіне білетін болса, билікке көп нәрсе айттым»

11.01.2021, 10:30 1212

– “Жер  жөргек” атты  өлеңіңізде “…Ақыл ойың  айдан  асып  кетсе  де, Жер адамға  бола алмайды тәуелді” дей келе, “…Сатам деген түйсігіңе  түкірдім, Қайт райдан, қара жерге қонақсың” деп  аяқтайсыз. Мен мұны кешегі жер  дауына  қатысты айтылып  жатқан­  өткір  сөздердің  қатарына жатқызар едім. Жалпы, елде болып жатқан саяси жаңалық­тарға қаншалы­қты  үн  қосасыз?

– Жер деген жалғыз сенікі не менікі емес. Ол – ұрпақтыкі, мәңгіліктікі. Ол – анаң, ол – әкең. Біз неге қосылмаймыз, біз неге айтпаймыз? Мен айғайлап, біреуге қамшы үйіріп, біреуді кінәлап, тозақтап, азаптап айтқанды жек көремін. Маған өлеңнің тілінде жеткізген әлдеқайда ыңғайлы, өтімді. Екі  араға жік салып, мәселенің астарын, саясатын білмей тұрып, құзғындап жататын қасиетіміз бар халықпыз ғой. Біріншіден, қаны бар кез келген қазақ жерге­  ие болуы тиіс. Ол ата-бабаларымыздың қандай ерлігі, қан қайғысы, жан қайғысы бар екенін білгендіктен, ұлтарақтай жердің басқаның табанында, басқаның тырнағының ұшында кетпесін деген ой ғой. Бұл әр қазақ баласының ойында бар. Сөйлей алмайтын баланың да қанында, тегінде, бойында  бар қасиет. Мен сцена­рий­ арқылы да, спектакль арқылы да саясатты  айтамын. Бірақ, әлгінде сөзге қосқа­нымдай айғайлап­, бетін тырнап айтпаймын. Ол өнер емес. Түсіне білетін болса, билікке көп нәрсе айттым деп ойлаймын.

– “…Бір нөлді көрдім кеше мен, Билік басын­а беттеген” ой орамыңыздан да көңіл  толмаушылықты  байқадық.

– “Өлтіре алмайсың оқпенен, Тағдырлас орда, тақпенен. Бір нөлді көрдім кеше мен, Билік басына беттеген” деген ғой. Рас, билікте әріп танымайтын адамдар да отыр. Жазуды қойшы, жөнді оқи алмайды. Жаппай­ сауатсыздық жайлады. Оқуды ақшамен бітіреді, ақшамен жұмысқа тұрады­. Қойылымның иісі мұрнына бармайтын адамдар бізге ақыл айтады. “Мына­ны өйтсек қалай, бүйтсек қалай?” дегендей. Олардың кәсіби маманның жұмысына түкіргені бар. Қайтесің енді?

Ақын, режиссер, сценарист Оңталап Нұрмахановтың

«Халық» газетіне берген сұхбатынан үзінді

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: