«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 427.91 (-0.77)

  • EUR: 506.9 (-0.31)

  • RUB: 5.6 (+0.03)

Кесенелер салынуының астарында саяси идеология бар

08.10.2020, 11:00 206 0

Марат   Сүгірбай,

жырау:

Заманның қиынында да, қызығында да таңды таңға, күнді күнге ұрып жырлаған жыраулар ел тарихынан үлкен орын алады. Жаугершілік заманда батырларды жігерлендіріп, бейбіт күнде солардың ерліктерін тілге тиек еткен сүлейлердің толғаулары әлі де халық аузында жүр. Ал, осы өнерден өзіндік мектебін қалыптастыра білген Сыр елі қашанда өзінің нар тұлғалы термеші, жырауларымен белгілі. Осы өңірдің топырағынан шыққан жырау Марат Сүгірбаймен кездесіп, халқымыздың  дәстүрлі өнері, тарихы  және  мәдениеті  тақырыбында аз-кем  әңгімелескен  едік.

— Марат Бердібайұлы, дәстүрлі өнер жолына қалай  келдіңіз?

— Ауылдың  қарапайым  қара  баласымыз  ғой. Жыр өнеріне бала кезімнен қызықтым. Ел ағаларынан домбыра үйреніп, жыр тыңдап өстік. Дегенмен, ең алғаш теледидардан Бек­болат Тілеуханның қобыз тартқаны ерекше әсер қалдырды. Сол бейнені әлі ұмытпаймын. Қобыз аспабын жаным қатты жақсы көріп қалып еді. Қобызбен жыр айту өнерінің құдіретіне таңғалдым. Осылайша дәстүрлі өнерге қызығушылығым арта түсті. Одан кейін, университетімізде Мақсат Мұхаммеджанов ағамыздың қобызбен жыр айтып отырғанын көріп, шалқамнан түскендей болдым. Бұл аспапта ойнауды да үйреткен Мақсат ағамыздың өзі еді. Жалпы, өнер жолын таңдауға әсер еткен осы жағдайлар.

— Дәстүрлі өнерге жастайыңыздан ден қойдыңыз. Ал, қазіргі жастар дәстүрлі өнерге қызығады ма? Қызығатын болса, бұл тізімде тек өнер арасында жүрген жастар ғана ма?

— Жастардың арасында қызығушылық бар. Домбыраны үйренуге, меңгеруге тырысып жатқанд­ар саны көңіл қуантады. Тек осы өнер жолындағылар ғана емес, еліміздің әртүрлі саласы­нда бой көрсетіп жүрген жандардың барлығ­ы дәстүрлі өнерге қызығады. Мәселе сол дәстүрлі өнерді жастарға жеткізуімізде. Қазіргі кезде бізге насихаттау жетіспейді. Аға буын өкілдері осыған жұмыс істеуі керек. Орталық алаңға шығып, домбыраны шертіп жіберсең, айналаңда адамдар жиналып қалады. Солардың барлығы – жастар. Кейде біреулер «дәстүрлі өнер баяу дамуда, әлемдік аренаға неге шыға алмаудамыз?» деп айтып жатады. Олай деп айту қисынсыз. Әлемдік аренадан бой көрсететін уақыт  енді келді. Биліктің де нағыз қолдайтын шағы  –  осы  кез.

— Демек…

— Қазіргі таңға дейін көптеген жұмыстар істелді. Қазір сол жұмыстарды үдететін уақыт келді десек болады. Жалпы, тарих беттерінде біз жас мемлекетпіз. Тіпті, өзіміздің дәстүрлі өнерімізді толықтай танып үлгермедік. Тарих сахнасына шыққанымызға да көп болмады. Дәстүрлі өнеріміз, аспаптарымыз танылу үшін әуелі біз ұлт ретінде көрінуіміз керек. Халқымыз әлемге енді танылып жатыр. Өнерімізді әлемдік аренағ­а шығаруға енді мүмкіндік алудам­ыз. Қаншама жылдар бойына Кеңес үкіметінің қарамағында болып, көп нәрсені ұмыттық. Өз өнеріміз бен тарихымызды енді танудамы­з. Сол үшін де «Рухани жаңғыру» аясында көптеген жұмыстар істеліп жатыр. Ұмытылған тұлғаларымызды зерттеп жатырмыз. Тарихымызды жаңа қырынан тану үстін­деміз. Дәстүрлі өнер былай тұрсын, тіпті эконом­икамыздың дамуы  үшін де ең алдымен тарихымызды толықтай біліп алу қажет деп ойлай­мын. Бұл үйден шығып бара жатып сөмкеңді ұмытып кеткендегідей әсер тудырады. Бірнәрсе жетіспей тұрған секілді боласың. Сол үшін үйге қайта оралып, сөмкеңді алып келуің керек болады. Осы секілді бізде ұмыт қалған тарих­ымыздың әр қырын, әр сырын толықтай танып, бойымызға сіңіріп алған соң барып, алға жылжу  болады.  Әйтпесе, бірнәрсе ұмытқандай артымызға қарай беріп, бастапқы жерге орала­ беретін боламыз. Қазіргі таңда жырау­ларымыз бен сал-серілерміз жайлы көптеген дерект­ер  ашылмай жатыр. Соған жұмыс істеуі­міз  қажет.

— Сал-серілер демекші, өз уақытында ел ағалар­ы оларды біраз сынағаны белгілі. Ер жігіттің жібек матадан киім киіп, өзін жеңіл ұстауы ұнамаған болуы керек. Дегенмен, уақыт өте сал-серілерге өнеріміздің шыңынан орын бердік. Қазіргі кезде де сол секілді Q-pop әншілері біраз ел ағаларының сынына ұшырап жүр. Тарих беттері  қайталанып, олардың  өнерін де  уақыт өте  ел  мұрасы  ретінде қарауымыз  мүмкін  бе?

— Иә, сал-серілерді уақытында сынаған адамдар да болуы керек. Дегенмен, олар жан-жағына көңіл күй сыйлап жүретін адамдар болған­. Қай ауыл болмасын сал-сері келер алды той етіп, дайындалып, шат-шадыман ойын-сауық  құрған. Сонда ел серілері халыққа өнерін көрсетіп, ел аумағындағы жаңалықтармен бөліскен, жақсыны насихаттап, елдің рухын көтере білген. Соғыс барысында да батыр­лардың жігерін қайрау үшін сал-серілер, жыраула­р шақырылатын болған. Олардың өнер туындыларында тарих, батырлар өсиеті мен халық даналығы болған. Сол себепті оларды ұлтымыз қастерлеп, өнеріміздің биігінен орын бердік. Ал жоғарыда айтып өткен әншілердің өнерінен мен мұндай асыл сөздер легін байқамадым. Сол секілді сал-серілердің тарихы қайтала­нады деп ойламаймын. Ол замандардағы неше түрлі өсиет жырлардың көбісі осы сал-серілер арқасында келген. Сол арқылы біз ата-бабамыздың  менталитетін, бар рухани жан дүниесін  сезіне  аламыз. Бір ғана  әңгімемен бар халықтың  болмысын  тануға  болады.

— Мысалы…

— Бірде жаугершіліктен Бұқарбай батыр үйіне оралып, демалып жатса, бір қара жылан беліне мініп, кеудесімен көтеріліп, батырдың дәл алдына­ келіпті. Көзін ашса, қарсы алдында айыр тілді жылан тұр екен. Шошынған батыр аузымен жыланның басын тістеп жұлып алып, жерге­ түкіріп тастапты. Сонда жақын жерде қарап тұрған Шынар анамызға: «Ей, қатын, Құдайдың қара ажалы қарсы жерде келе жат­қанда қайда қарап тұрдың? Осы жыланның артынан жаныңды жаһаннамға жіберейін бе?», — деген екен. Сонда анамыз: «Сабыр батырым, қайдағы кесіртк­еге бола батырдың ұйқысын бұзғым келмеді­»,- деп жауап қайтарыпты. Артынан батырды­ң  баласы  келіп, жыланды көріп: «Ойбу, мына  жылан батырға соқтығысам деп, басынан айырылып қалған ба?»,- депті. Сонда батыр қарап отырып: «Сен жылан дейсің, шешең кесіртк­е дейді. Қайсыңа сенейін?»,- деген­  екен. Байқап отырсақ, халқымыздың бар менталитетін, философиясын бір ғана мысалмен көрсетіп отыр. Батырдың өзіне тән ашушаң мінезі мен әйелдің биязылығы, көркем мінезімен тығырықтан  шыға алғандығы бір ғана әңгімеде жатыр. Осы секілді көптеген дүниелер ұмыт қалып жатыр. Бұл сарындағы түрлі-түрлі әңгімелер жыраулар арқылы осы заманға жетіп отырды. Кеңес үкіметінен кейін бұрынғының жыраулары мүлдем қалмады. Кейде солардың аузынан  дуалы сөздерді ести алмай кеттік деген­ өкініштер  болады. Бірақ, тарихымызды зерттеу арқылы оларға да қол жеткізудеміз. Бір қызығы, соларды зерттеу барысында елімізде орын алған­ көптеген саяси өзгерістерге де көз жеткізіп  келеміз.­

— Оған  дәйегіңіз  бар ма?

— Қазақ халқы көшпелі өмір салтын ұстан­ған. Жазда жайлауға, қыста қыстауға көшіп-қонып жүрген халқымызды жау шапқанда бір тудың астына жинау оңай болмаған. Ол кезде халқымыз малмен айналысқаны баршамызға белгілі. Халықтың негізгі капиталы мал еді. Соның жағдайы үшін тіршілігін соған бейім­деген. Себебі, негізгі күнкөріс – сол. Тосыннан келген жауға жұмыла қарсы келуге қиындық туа бастаған. Жеріміз ұлан-ғайыр екенін де білеміз. Сондай кезде халықты бір тудың астына жинау ең басты мәселе болды. Ғалымдардың тұжырымынша, көшпелі қазақ халқы қасиетті орын­дарға тәу ететінін біліп, бұл үрдісін отырықшылыққа айналдыру мақсатында пайдаланған. Зәулім-зәулім кесенелер соғып және оның қасына қала салды. Кесенелердің маңында өмір сүру – халықтың таным-түйсігінде бар дүние. Қожа Ахмет Иассауи, Арыстан баб секілді кесенел­ердің зәулім болып салынуының бірден-бір себебі – осы отырықшылыққа бейімде­у. Халық аузындағы аңыз-әңгімелерге, ғалымдардың тұжырымдарына қарасақ, осындай­ шешім шығаруға болады. Осы секілді тұжырымдар өте көп. Сол секілді қазіргі таңда зерттеуді күшейтіп, насихаттау жұмыстарын алға қою қажет. Дәстүрлі өнерімізге қызығу­шылық бар. Оны тек әрі қарай дамыту ғана қалып  отыр.

— Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: