«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 422.87 (-2.62)

  • EUR: 512.1 (-0.74)

  • RUB: 5.63 (0)

Індеттен кейін әлем де, адамдар да өзгереді

14.05.2020, 10:30 504 0

Кеннет   ӘЛІБЕК,

медицина  ғылымдарының  докторы,  профессор:

HALYQLINE.KZ  Кеннет Әлібек – АҚШ-та тұратын қазақ ғалымы. Туған жері – Шымкент. 1 жасында­ әке-шешесі Алматыға көшіп, балалық және жастық шағын сонда өткізеді. 1969 жылы Алматы медициналық институтына оқуға түсіп, төрт жылдан соң Томскіге ауысады. Медициналы­қ институтты «Инфекциялық аурулар және эпидемиология» мамандығы бойынша бітіріп, өмірінің көп бөлігін Кеңес Одағында өткізеді. Одақ құлағанда Ресей азаматтығынан бас тартып, Қазақстанға оралады. Белгісіз себептермен азаматтық ала алмай ұзақ жүріп, шақыртум­ен АҚШ-қа көшеді. Американың Ұлттық денсаулық сақтау одағында, әртүрлі компания­ларда, Джордж Мейсон (осы университетте алғаш профессор­ атанған), Гарвард, Иель, Джордж Вашингтон, Джорджтаун, Принстон университеттерін­де дәріс берген.

Ғылыми дәрежесі – медицина ғылымдарының докторы, иммунология және микробио­логия профессоры, биологиялық соғыс (BW) бойынша маман. Украинаның да профес­сорл­ығын  иеленген. АҚШ-та бірнеше кітабы, 200-ге жуық ғылыми мақалалары ағылшын­ тілінде жарық көрді. «Абайлаңыз, биологиялық қару» атты әйгілі кітабы Ресейде орыс тілінде басылып шықты. Джордж Мейсон университеті жанынан Ұлттық биосақтандыру­ және инфекци­ялық аурулар орталығын ашты. 2003-2004 жылдары Сингапур үкіметіне жұқпалы аурулар («А» типіндегі пневмония) саласынан кеңесші болды.

Қазір АҚШ-тағы «Locus Fermentation Solutions» компаниясында ғылым және технологиялар  бойынша аға вице-президент болып жұмыс істейді.

Жуырда Кен Әлібекпен тілдесіп, COVID-19-дың неден және қалай басталғаны, әлемге­ таралуы, екпе  жасау, алдағы  уақыттағы ахуалдың өзгеруі, індетпен күресудің тиімді жолдары­  жөнінде  кеңінен  сұхбаттастық.

COVID-19   ҚАЙДАН   ШЫҚТЫ?

– Кен Әлібек мырза, қазір күллі әлем осы індетпен күресуде. Жұқпалы аурудың таралу динамика­сы  адамдардың үрейін ұлғайтып барады.­ Дүниежүзінің  халқы  қазір: «Бұл бәлекет  қайдан  шықты?  Оның  таралуына кім кінә­лі?» деген  сауалға басын  қатыруда. Шынында да бұл ауру  қайдан  шықты?

– Қытайда ресми жарияланбаған жазбаларға үңілсек, аурудың алғашқы күндері қалай тарал­ғанын, оның жұғу жылдамдығын көреміз. Ғалымдар алғаш  COVID-19-бен ауырған Хубэй провинциясының  55 жастағы тұрғынының 2019 жылы 17 қарашада анықталғанын тапты. Сол күннен бастап науқастардың саны көбейіп, 27 желтоқсанда 180-нен асты. Хубэйдегі аурухана дәрігері Чжан Цзисянь билік орындарына бұл аурудың індет екенін айтты. Науқастар саны 2020 жылы 1 қаңтарда 381-ге көбейді. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайда COVID-19-ға шалдыққан адам 8 желтоқсанда тіркелді десе, People журналына сұхбат беріп, дабыл қаққан дәрігер Ай Фен Уханьдағы ауырған­ адамға 16 желтоқсанда диагноз қой­ған. Қытай үкіметі 9 қаңтарда аурудың таралуына кейін SARS-CoV-2 деп аталған жаңа індеттің себепші  болғанын  хабарлады. Назар аударатын жайт, Уханьдағы денсаулық сақтау органдары 11 қаңтарда 41 науқас тіркелді дегенімен, 31 желтоқсанның өзінде дерт жұқтырғандардың саны 100 адамға ұлғайды. Яғни, 11 қаңтарда 1000-нан аса науқас болған. Ал Уханьда карантин жарияланған 23-і күні ауру жұқтырғандар саны 10 мыңнан асып, жұрттың көбі қаладан кетіп қалды. Қытай үкіметі 22 қаңтардағы мәліметте ауырған 570 адам бар деп көрсетті. Ақпанның 11-інен 12-іне қараған түні жұқ­тырған адамдар 12 мыңға бірақ «секірді». Меніңш­е, кез  келген эпидемиолог бұлай  болуы мүмкін еместігін біледі. Яғни, Қытай билігі 20 қаңтарда емес, одан бір ай бұрын карантин енгізуі тиіс еді. Демек шынайы ақпаратты жасыру­, дер кезінде қабылданбаған шаралардан кейін  біз  бүгінгідей ахуалды көріп отырмыз. Бұл – бірінші қателік. Індет басталғанда жіберіл­ген екінші қателік – Қытай билігінің ауру жұқтырған адамдар санын азайтуға тырысуы­  әлемнің халқын адастырып, адам­затқа зор  қауіп әкелді.

Әуелде бұл вирус тек жануарларда болған. Бірақ оның кейбір түрлері адамдарға да қауіп төндірді. Індеттің гені тұрақсыз, ол бір адамнан екіншісіне жұққанда өзгеріп кетеді. Генетикалық талдау көрсеткендей, SARS-CoV-2 мен ұшқыш тышқаннан жұғатын Rhinolophus-тың айырмашылығы  жоқ. Бірінші  коронавирустық инфекция 2002 жылы анықталды. Ол онша қауіп туғызған жоқ. Бірақ сол кезде ғалымдар жұқпалы дерттің жаңа түрі пайда болатынын білді. 2012 жылғы MERS деп аталған екінші эпидемия осыны растады. Алайда бұрын жан-жануарлардың бойында жүретін вирус адамнан адамға жұғып, үлкен індетке айналады дегенге ешкім сенген жоқ. Айтпақшы, 2000 жылдардың басында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын­ың індетпен күресу бағытындағы бағдар­ламасы болған. Сол құжатта ұйымның төтенше жағдайдағы қызметі тайға таңба бас­қандай етіп жазылған. Мәселен, ДДСҰ соғыс, аурудың таралуы немесе табиғи апат әсерінен болған дағдарыс кезінде адамдардың өмірін құтқару  қызметін  атқарады.  Екіншіден,  ДДСҰ төтенше жағдайларда ұйымға мүше елдермен және өзге де мүдделі тараптармен бірлесіп адамдард­ың азап кешуі мен өлімін азайту үшін әрекет етеді. Сондай-ақ, ұйым инфекциялық қауіптерді тоқтату үшін әр елге ұлттық жоспар мен стратегия жасауға көмектеседі. Өкініштісі сол, ДДСҰ бұл міндеттерінің бірде-біреуін орындаған жоқ.

ТОПАСТЫҚ   ТЕОРИЯЛАРДАН 

АУЛАҚ   БОЛҒАН  АБЗАЛ

– Қазір  әлемдегі  кейбір  мемлекеттер үрей мен ауру арқылы ғаламшарды жаулап алу үшін Қытай осы індетті ойлап шығарды деп айып­тауда. Тіпті бұл індетті адамзатты жоюға қол­данылып­ жатқан­ «биологиялық қару» деп атағанда­р да бар. Осыған қатысты Сіздің пікіріңізді  білгім  келеді?

– Әрине, кез келген адамның өзінің немесе жақындарының осы ауруды жұқтырып алудан, оның өлімге душар ететінінен қатты қорқатынын түсінуге болады. Ауру жұқтырған, одан өлген адамдардың саны көбейген сайын, мұндай үрей де ұлғая береді. Өкінішке қарай, аурудан сақтану, емделу мүмкіндігі туралы барынша­ шынайы ақпараттар өте аз. Оның орнына­ адамдардың қорқынышын арттыра түсетін жарияланымдар көбеюде. Қазір көп­теген елдердегі газеттер мен журналдарда, веб-сайттарда: «Қытай коронавирусты Канададан ұрлап, соның негізінде қару жасады», «Чарльз Либер деген кім және оны неге COVID-2-ні ойлап шығарды деп айыптауда?», «Биологиялық қару және үлкен мұнай ойыны», «Қытай АҚШ-ты коронавирусты әкелді деп айыптауда», «Коронавирусты жасап шығарған кім: АҚШ па, Израиль ме, Қытай ма?» деген тақырыптағы материалдар шығып жатыр. Жұрттың бәрі біреулерді айыптауда. Мысалы, кез келген дұрыс пайымдай алатын адам жер бетіндегі әртүрлі ауруларды жоюға 50 млрд долларын жұмсаған Билл Гейтстің жұқпалы ауру жасауға қатысы бер дегенге ешқашан сенбейді. Мұндай жорамал, пайымдаулар шындыққа жанас­пайды. Тіпті, кейбір елдерде 5G-ді енгізуді індетпен байланыстырғысы келетіндер көп. Мұндайды мен «қастандық теориясы» деймін. Онсыз да психологиялық күйзелістегі адамдардың ой-санасын улау үшін неше түрлі «шынайы»­ фактілер ойлап табатындар да жоқ емес. Мұндай «теоретиктер» кей адамдарды өлімге дейін апаруы мүмкін. Мәселен, «Коронавирус – бұл вирустың әскери штаммы» дегенге айтар уәжім мынау: біріншіден, мұндай термин жоқ. Екіншіден, бактериялар мен вирустарды анықтауда басқа терминология қолданылады: инфекциялық деңгейі, инвазивтілік, контагиоздылық. Үшіншіден, «әскери» нәрсенің белгілі бір тактикалық-техникалық мінездемесі болуы шарт. Осылай бірнеше уәж келтіре аламын­. Мұндай топастық теориялардан аулақ болған жөн. Жұқпаның геномына қарасақ, мутация­лық деңгейі өте жоғары. Бұның өзі жұқпаның биологиялық қару ретінде қолда­ныла алмайтынын көрсетеді. Қазір мутантты штамм жасау оп-оңай дейтіндер қателеспейді, бірақ бірде-бір жасырын зертхана мұны жүзеге асыра алмайды. Ондай нәрсені аса жоғары деңгейд­егі қорғанышы бар зертханада мықты дайындықтан өткен молекулярлық биологтар мен вирусологтар тобы ғана орындай алады. Ондай қаруды қолдануды сол елдің бірінші басшыс­ы ғана шешеді. Ал егер мұндай ақпарат басқа  елдерге  жететін болса, саяси және экономикалық  апатқа  ұрындырады.

АДАМДАР   ҮРЕЙМЕН   ӨМІР   СҮРЕДІ

– Бұл індет өзгеше сценариймен дамуда. 23 сәуірдегі ахуал бойынша, ғаламшарда індетті 2 630 781 адам жұқтырып, 183 772 адам көз жұмды, 716 738 адам жазылды. Сіздің ойыңызша, бұл сан қаншаға  дейін  көбеюі  мүмкін? Алапат­ аурудың шарықтау шегі қашан болады және  бәсеңдейді? Биыл күзде ол «қайтып оралуы»­ мүмкін  бе? Ғалымдар мен дәрігерлер екпені  қашан  ойлап тауып­, іске  қосады?

– Иә, індет бірнеше себептермен өзгеше тұрғыдан көрініс табуда. Біріншіден, адамзат тарихынд­а мұндай жұқпалы ауру әлемнің барлық­ елдеріне таралуда. Екіншіден, бұл пандеми­яның даму динамикасында әртүрлі елдерде­ үлкен айырмашылық бар. Мысалы, АҚШ, Италия және Испанияда ауру жұқ­тырғандар саны 100 мыңнан асып кетті. Бірақ АҚШ-та 380 млн-ға жуық халық тұрады. Егер миллион халыққа шақсақ, Құрама штаттар 4-5-орындарда тұр. Ал халқының тығыздығы осыған ұқсас Оңтүстік Корея, Түркия және Израиль­де басқаша жағдай. Яғни, ауру жұқ­тыру мен адам өліміне ықпал ететін қандай да бір факторларды бөлек-бөлек қарастыру қажет. Сондай-ақ, құрт ауруына қарсы егілетін вак­цина жүргізілген елдерде індеттің таралуы төмен. Дертті жұқтыруда екі негізгі себепті айтар­ едім: 1. Вирус жоғары мутантты болып есептеледі, оның барынша тез жұғатын нұсқалары бар. 2. Адамдардың сақтық, қауіпсіздік деңгейі төмендеген сайын, қауіптің деңгейі өсе береді. Мұны бейқам өмір салтын ұстанатын Италия, Испания, Ұлыбритания тәжірибесінен байқадық.

Дүниежүзінде індетті қанша адам жұқты­ратынын білмеймін. Мұндай жамандықты ешкім­ге тілемеймін. Менің ойымша, бұл пандемия көптеген елдерде сәуірдің соңы мен мамыр­дың басында бәсеңдейді. Маусым айында­ індеттен көз жұматын адамдардың саны айтарлықтай қысқарады. Эпидемияның соңын жазда көреміз. Бірақ күзде «қайта орала» ма, жоқ па, білмеймін. Бірақ бұл індет толығымен жойылмайды.­ Ресей, Украина, Қазақстан сияқты­ елдерде шамамен мамыр айында қауіп азаяды. Қазақстанда халық тығыз қоныстан­бағандықтан зор қауіп бар деп ойламаймын. Мемлекеттің жедел қолға алған іс-шаралары өз нәтижесін береді. Өз басым миллиондаған адамдар өледі деген сценариймен келіспеймін. Бір айтарым, бұл пандемиядан кейін күллі әлем, адамдар өзгереді. Бұрынғыдай алаңсыз, қамсыз жүретін кезіміз тарихқа кетеді. Адамдар үреймен өмір сүреді. Алайда аурудан қорғанудың басқа жолдары табылып, үміт оянады. Барлық дамыған елдерде экономиканың құлдырауын көріп отырмыз. Жұмыссыз жандардың саны ерекше  қарқынмен  өседі.

Енді  екпе туралы  айтайық. Қазір әлемдегі 35 әртүрлі компаниялар SARS-CoV-2-ге қарсы вакцина жасауға әрекет етуде. Ғылыми институттар арасында белгілі бір бәсеке жүріп жатыр. Алайда ондай екпені клиникалық сынақтан өткізуге кем дегенде 1 жыл кетеді. Азия елдерін­де 2002-2004 жылдары болған бүгінгіге ұқсас SARS-CoV эпидемиясынан кейін 16 жыл өтсе де, бұл инфекцияға қарсы вакцина шығарылмады. Мұның бір себебі, эпидемия бәсеңдеген кезде вакцина жасауға бөлінетін қаражат көлемі күрт қысқарып, жұмыс бітпей қалды. Фармакологиялық компаниялар екпені сатуға сұраныс болмайтынын болжап, ақшасын басқа жаққа аударды. Мәселені шешудің басқа жолдары бар ма? Пандемияның апатқа айналмауын бол­дырмас үшін, менің ойымша, медицинада бар аурудың алдын алу тәсілдерін қолдануымыз қажет. Кейбір екпелер адам иммунитетін тез нығайтады. Өлім-жітім деңгейін төмендету аса маңызды. Мысалы, құрт ауруына қарсы екпені (БЦЖ) алайық. Оны енгізбеген елдер – Италия, Нидерланды, АҚШ оны бұрыннан қолданатын елдерге қарағанда қатты зардап шекті. Бұл екпені­ң егілген қарттарды қорғайтыны зерт­теулер кезінде анықталды. Демек, ауруды жұқтырмаудың және жұққан жағдайда дамуына тосқауыл қоюдың жолдарын іздестірген жөн. Мысалы, адам иммунитетінің екі түрі бар: туабітт­і және бейімделгіш. Алғашқысы вирустық инфекцияларға қарсылық таныта алатын кәдімгі клетка, молекулалардан тұрады. Екін­шісі – белгілі аурумен ауырғаннан кейін қалыптасқан иммунитет. Туабітті иммунитеттің құрамын­да интерферон атты клеткалар бар. Бұл белокта­р бірнеше механизм арқылы иммундық жүйенің өзге компоненттерінің белсенділігін арттырып, инфекцияның әр кезеңінде вирустармен аяусыз күреседі. 2006 жылы мен табиғи иммунитетті модульдеу жолымен қорғаудың тұжырымдамасын ұсындым. Бұл тәсіл аурудың алдын алуға және ауырғаннан кейін 1-2 күн өткенде иммунитетті нығайтудың тиімділігін дәлелдеді. Алайда бұл жаңалығымды жүзеге асыру мүмкін болмады. АҚШ-та қандай да бір препарат жасап, оған клиникалық сынақ жүргіземін, қолдануға шығарамын десең көп қаражат қажет. Сөзімнің тоқ етерін айтсам, бүгінгідей жағдайда COVID19-бен күресу үшін екпе жасау оңай болса да оны сынақтан өткізу ұзақ үдеріс болғандықтан, індетке қарсы тұра алатын дәрілерді шығару мәселесін ойлас­тырған абзал. Біз осылайша бірнеше мыңдаған адамдардың өмірін құтқара аламыз.

– Болашақта тарихи отаныңыз – Қазақстанға қайтып  ораламын  деген  ойыңыз  жоқ  па?

– Жоқ. Менің отбасым, достарым мен әріп­тестерім, яғни, ғылыми ортам АҚШ-та. Сондықтан, өзім ойға алған істерімді жүзеге асыруға осы жерде мүмкіндіктер мол екеніне көзім жетті. Қазақстан халқына, әлемнің барлық тұрғындарына мына індетті тезірек жеңіп шығуын­  тілеймін!

Сұхбаттасқан  Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: