Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бокс балетке ұқсап кеткен кездер болды

03.12.2020, 11:00 642

Ыбырайхан  МҰСАБАЕВ,

бокстан  КСРО  кубогының  иегері:

«Ішімдік пен есірткіден шығуға болады, бірақ боксты бір бастасаң, өмір бақи тәуелді боласың». Өз заманының шебер боксшысы болған, ардагер спортшылар осылай сендіреді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз де басқа салаға бұрылса да, «спортқа бір бүйрегім бұрып тұрады» дейді. Кеңес үкіметінің уақытында шаршы алаңның шаңын шығарып, азуын айға білеген шебер спортшылардың қатарында қазақтар да аз болмаған. Жігерлік қазақтың қанына сіңген қасиет екені баршаға аян. Спортқа кеш келсе де, жігерінің арқасында ел мақтанатындай жетістіктерге жетіп, кәсіби мансабынан кейін халыққа көмегім тисе, қоғамға пайдалы жұмыстар атқарсам деп, қаншама адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған Ыбырайхан Мұсаев ағамызбен сұхбаттасуды жөн көрдік. Қазақ боксының бүгіні мен ертеңі, ұлтымыздың асыл қасиеті мен спорттағы саясат жайлы біршама пікірлесіп қайттық…

ЕШҚАШАН   НОКАУТҚА   ТҮСІП   КӨРГЕН   ЕМЕСПІН

– Ыбырайхан Мұсабайұлы, спортқа келуіңіз­д­ің себебі неде? Спорттың осы түрін қалай таңдадыңыз?

– Мен ауылдың баласымын. Ауылдан қалаға 16 жасымда келдім. Мектеп бітіріп, политехникумда оқимын деген ниет болды. Өзім жас­тайымнан спортқа құмар болғаным да бар. Деген­мен, ауылда жаттығатын мүмкіншілік болмады. Қалаға келіп, алғаш рет 17 жасымда қолыма  қолғап  кидім. Спорттағы 17 жас деге­нің – халықаралық аренада бой көрсететін не болмаса спорттық мансабыңды тамамдайтын уақыт. Кеш болса да, өзіме сеніп, бар жігерімді бойыма алып, жаттықтырушыға бардым. Бар­ған уақытымда алдымнан бапкерім, марқұм Аман Досмайылов күтіп алды. Мені баптап, осы дәрежеге жеткізген де – сол кісі. Әдепкіде жеңілі­стерден бастадым. Ащы сәттер де болды. Денем қатайып қалған уақытта бірден үйреніп кету қиын еді. Дегенмен, ауылда шаруашылық тіршіліктерді істеп шыныққан жас баланың соққысы мығым екенін көріп, бапкерім соған үйретті. Техникаға емес, соққыға көп мән беретін­мін. Нәтижесінде, бірнеше рет нокаутқа түсірдім, бірақ өзім ешқашан нокаут алып көр­ген емеспін.

– Спорттан кейін немен айналысып жүрсіз?

– Спорттан кейін кәсіпке кетуді жөн көрдік. Тоқсаныншы жылдары облыстың аға жаттықтырушысы болып жұмыс істедім. Ол кезде спортқа аса қатты көңіл бөліне бермейтін. Тұр­мыс жағдайымен сүйікті ісімнен қол үзуге тура келді. Осылайша кәсіп жолына түстім. Деген­ме­н, спорттан қол үзсем де, ойындарды әлі бақы­лап тұрамын. Тіпті, «Ыбырайхан и К ЛТД» компаниясының атынан екі мәрте халық­аралық жарыс ұйымдастырдық. Әр елден боксшылар келіп, жақсы турнир өткен болатын.

– Бұрынғы бокс пен қазіргі бокста айыр­ма­шылық бар ма?

– Біздің уақытта бокстың ережесі қатаң еді. Тіпті, қолғаптың өзі қатты болатын. 80-жылға дейін нағыз мықтылар жұдырықтасатын алаңға айналды. Дегенмен, сол жылдардан кейін бокс­ты  Олимпиададан алып тастау жөнінде сөз қозғалып, федерация басшылығы амалдың жоқ­тығынан  ережені  жұмсартуға бел байлады. Ұпай санау да сол кезде өзгерген еді. Ережені тым  жұмсартып жібергенінен бокс тіпті, балетке­  ұқсап кетті. Бірақ қазір қайта қалыпқа келді. Ережелер орнына келіп, реттеліп жатыр. Бірақ, бұрынғы қатаң боксқа бәрібір жетпейді. Ережелердің­ әсерінен нокаут, нокдаун да аз болып­  жүр.

БИЛІККЕ  КӨҢІЛІМ  ТОЛМАЙДЫ

– Сіздердің уақыттарыңызда қазақ әлі ұлт ретінде­ әлемдік аренаға шықпаған кез еді. Сол заманда­  ұлтшылдыққа тап болған кезіңіз болды ма?

– Ондай ұлтшылдыққа ұшырамадым. Қазіргі кезде ондай опасыздық болуы мүмкін. Бірақ, бұрынғы уақытта рассизм сезілген емес. Керісінше, ол заманның адамдары ұлтқа бөлінбейтін. Бәлкім, ол адамның өзіне де байланы­сты шығар. Басын алып жүре алмаған орысты орыс та төмендете береді. Осы кезге дейін 20 шақты мемлекетті араладым. Содан ұққаным – біз қазақ қазақылықтан айырылып бара жатқан сияқтымыз. Басқа ұлттардың бір-біріне  деген сүйіспеншілігі, адамға деген құр­метіне қатты таңғалдым. Мәселен, немістерден өздерін  биік  санайтын ұлт жоқ. Ол көзге көрі­ніп  әрі іштей сезіліп тұрады. Соның өзінде кез келген неміс танымаса да, сені көргенде сәлемдесіп өтеді. Қандай керемет тәрбие! Барлығы­ бір-бірімен сәлемдесіп жүреді. Сол кезде қазаққа қарным ашып кетеді. Тағы бір жағдай. Швецияға барғанымда аңшылық дүкенге соққан­ едім. Ашық болатын уақытында жабық тұр екен. «Сатушы, бәлкім, уақытша бір жерге кеткен шығар, қазір келіп қалар» деп айналшықтап, іздеп жүрдім. Бір уақытта бір әйел келіп, не іздегенімді сұрады. Одан кейін тағы бір ақсақал келді. Жасы 80-ге таяп қалған. Екеуіне жағдайымды айтып болғаным сол еді, екеуі жан-жаққа кетті. Бір уақытта сатушыны күтіп тұрғанымда әлгі  ақсақал келіп, кешірім сұрады. Кешірімінің  себебі, сатушыны  қайдан іздесе­ де, таба алмапты. Артынша, әлгі әйел де келді. «Бәрінен сұрап шықтым. Бұлар бүгін ашыл­майды-ау. Әуре болып қалатын болдыңыз» дейді. Мені танымаса да маған деген жүректеріндегі  пейілге  қарап, жүрегім  елжіреп­ кетті. Тәрбиенің кереметі ғой. Міне, осы жағ­дай­ларды көріп, кейде ұлтымыз бар асыл қасиет­інен  айырылып  қалды  ма деп ойлаймын. Бұрындары біздегі көңіл өзгерек еді. Танысы­мыз бір іс бастаса, барлық ағайыны асарға,­ көмектесуге асығатын еді. Шақырмаса да баратын. Сол кездері қазақ қазаққа бауырмашыл едік. Бір-бірімізді іздеп тұрамыз. Қазір ондай құбылыс сиреп кетті. Дегенмен, қазақтың қанына тектілік сіңген. Сол үшін бұл уақытша құбылыс деп ойлаймын. Халықтың басы қиын жағдайда қосылады емес пе? Қазіргі заманның қиын екені айтпаса да түсінікті. Сол үшін қазақта­  байырғы ақжүрек кеуілі қайта оралады деп ойлаймын. Халықтың қазіргі халін көріп, кейде биліктен де көңілім қалады.

– Неге?

– Қазіргі уақытта халыққа деп көп дүние істеліп жатыр ғой. Біраз шаруа атқарылды. Бірақ, бұның барлығы амалсыздан істелген шаралар­. Өзге мемлекеттердегі өзгерістерді, төңкерістерді көріп, амалдың жоқтығынан осындай әрекетке баруда. Соңғы уақыттардағы сайлауды сайлау деп есептемеймін де. Елімізде көп дүние қолдан жасалады. Тіпті, оппо­зициялық адамдардың бәрі де сол «бір терінің пұшпағын­ илеп жүрген» адамдар деп ойлаймын. Көп дүние қағаз ретінде ғана бар. Дегенмен, халықт­ан да кінә бар. Қазақтың жалқау екені өтірік емес. Қаншама мекеме жұмысшы таппай қиналуда. Ал қазақ болса, «жұмыс жоқ» дейді…

ЖАС  СПОРТШЫЛАРДЫ  МАТЕРИАЛДЫҚ   ЖАҒЫНАН   ҚОЛДАУҒА  ДАЙЫНМЫН

– Қазіргі кәсібіңіз жайлы айтып өтсеңіз. Спорттың бизнеске пайдасы тиді ме?

– Бизнес те спорт секілді. Жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Тез шешім қабылдайтын уақыттар болады. «Көп ақша таптым» деп аспандап кетсең, жерге құлайсың. Мінез бен шыдам­дылықты қалыптастырған да – бокс. Осы жағдайғ­а жетуіме спорт көп көмегін тигізді деп ойлаймын. Компанияда 50 шақты жұмысшы бар. Қоқысты қайта өңдеумен айналысамыз. Қазіргі таңда бағытымызды өзгертсек дейміз. Көгалдандыру бағытына қарай бет бұруымыз мүмкін. Өсімдіктерді өсіру қызықтырады. Кәсіптің арқасында жан-жағыма көмектесуге мүмкіндік туып жатыр. Соған шүкір деймін. Мысалға, жас спортшылардың материалдық жағдайы көтермесе, жарыстарға жіберіп тұрамын­. Жақында сондай бір қызымыз Грузиядан­ орын алып келді. Өзіміздің мекемед­е жұмыс істеп жүрген жігіттер де бар. Әлі де болашағынан үміт күттіретін жастар болса, қолдауға дайынмын.

– Қазіргі уақытта еліміздегі бокстың қарқын­ы қалай? Қай боксшының шеберлігі көңіліңізден  шығады?

– Қазір еліміздегі бокс дұрыс бағытта жүріп келеді. Қаншама мықты спортшыларымыз бар. Боксшыларға да жақсы жағдай жасалған. Шебер жұдырықтасатын жастар өте көп. Жерлесіміз Қамшыбек Қоңқабаевтың өзі – бір төбе. Сол үшін мен жастарға сенемін­. Спортқа саясат, ақша кіріп кетуінің әсерінен жастарға сәл қиындау. Допинг дауы мен басқа да түсініксіз құбылыстарға осы саясат пен ақша кінәлі. Бізге беймәлім көп дүниелер бар екені анық. Дегенмен, соған қарамастан жас боксшылар жақсы өнер көрсетіп жүр. Қиын кездің бәрі де өтеді. Соған төтеп бере алу қажет.

КӨГАЛДАНДЫРУ   ЖҰМЫСТАРЫНА   ДЕН   ҚОЙСАМ   ДЕЙМІН

– Балаларыңыз жолыңызды қуып, спортшы боламын демей ме?

– Бір ұлым мен екі қызым бар. Ұлым бала кезінен боксқа қатысты. Республикалық деңгейдегі бірнеше жеңістері де бар. Сабақты да жақсы оқитын. 10-сыныпқа келгенде ұлыммен жеке сөйлестім. Не спортпен жүру керек, не оқудың артынан кету керек екенін айттым. Екеуін­ қатар алып жүру мүмкін  емес  екенін өзім көріп, көзім  жеткен. Бапкерімен де ақылда­стық. Бірақ, бапкері  басында  жібергісі  келмед­і. Айтпақшы, ұлымды даярлаған да сол өзімді баптаға­н бапкер еді. Бірақ, ақылдаса келе 10-сыныпқа келгенде спортты қойып, оқумен кетті. Өзінің  жеке  таңдауы.

– Алға  қойған  мақсатыңыз  қандай?

–Шиелі ауданының Майлытоғай ауылына тал егіп жатырмын. Алдағы уақытта сол жұмыстарды жалғастырсам деймін. Сонымен қатар, сол жақтағы халыққа жүзім көшеттерін дайындап, таратып берсем деген ой бар. Топыра­ғы  өте  құнарлы. Халық жалқауланбай, еңбек етсе, жемісін береді. Осылай көгалдандыру жұмыстарын қалада да жандандырсам  деймін. Жалпы, мақсат осы. Одан бөлек, артымыздан келе жатқан буынның жеңісіне масаттана қарап, жанкүйер болып отырсақ деймін.

– Уақыт  бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет. Алдағы   жоспарыңызға  сәттілік  тілеймін.

Әңгімелескен 

Бекзат  АМАНОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: