• USD: 413.12

  • EUR: 452.86

  • RUB: 5.82

Бейсен Құранбек: Үнемі жүре берген адам, әйтеуір, бір жерге жетеді

21.05.2020, 12:27 539 0

HALYQLINE.KZ Қазақ журналистикасында өзіндік орны бар, кәсіби қолтаңбасын қалыптастырған танымал тележурналист Бейсен Құранбектің қазасына қайғырмаған адам жоқ. Елбасыдан бастап оны білетін, көретін, тыңдайтын тыңдарманына дейін егіле еске алып жатыр. Елдің ыстық ықыласына бөленді, халықтың алғысын алды деген осы болар, бәлкім. Марқұмның топырағы торқа, жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын дей отырып, көзі кеткенімен, сөзі өлмейтін белгілі журналистпен бұдан 5 жыл бұрын, Сыр еліне келген сәтінде «Халық» газетінің тілшісі Гауһарай Есімова «Шай үстіндегі әңгіме» ұйымдастырған еді. Бүгін бейсенбі күні Бейсен бауырымыздың бейнесін, ойлы сөздерін тағы бір еске ала отырып, сол сұхбатты қайтадан оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Шай үстіндегі әңгіме

Бұл кезекті сұхбаттың біріне жатпайды. Тіптен сұхбат деуге де келмейді. Тек шай үстіндегі әңгіме. Себебі ток-шоу шебері Бейсен ағамызбен өреміздің өлшемі тең емес. Біз – әлі журналистика саласындағы шәкіртпіз, ол – ұстаз. Көп біледі. Білсе де, «білмейтінім тоқсан тоғыз» деп санайды. Соның өзінде майталман маманнан үйренеріміз көп. Әңгіме кезінде сұхбат алу дегеннің оңай дүние еместігіне әбден көз жеткізгендей болдық. Айтқан сыны сабақ болды.

            «Мұндай сұрақ менің санамда 30 жасқа дейін жүрді»

– «Айтуға оңай» бағдарламасы арқылы танымал болдыңыз. Баста идея өзіңізден болды ма, әлде ұсыныс түсті ме? Сол жағын тарқатып айтып берсеңіз.

– Мен күнде эфирге шығып, бір сұрақты қойсам жұрттың титығына тиемін. Сол сияқты «Айтуға оңай» туралы айту қазір маңызды емес. Жаттанды сұрақ екені көрініп тұрады. Бағдарлама көрермен назарына енді ұсынылған болса, мұндай сұрақты қоюға болады. Ал мен бұл сұраққа жүз рет жауап бергенмін. Жүз рет сұхбат алынған. Ал маған оны қайталап жеп, қайтадан құсып тастау ауыр соғады.

Сұхбат алу деген – ол адамның ішіне кіріп кету, оның жан дүниесін төңкеріп тастау. Сосын соны елге айту. «Міне, мынау мынадай адам» деп. Маған сұраққа жауап беру қиын емес. «Қазақстан» Ұлттық арнасының төрайымы Нұржан Мұхаммеджанқызы деп бастап, продюсері Серік Абас-Шах, ұйымдастырушылар Астанадан болды дей саламын. Бағдарламаның эфирден жүріп жатқанына үш жыл. Сұхбат жасау қиындық тудыруы мүмкін, сондықтан әңгіме айтайық.

Негізі сұхбаттың мақсаты – адамды ашу. Жай ғана әңгіме айта отырып. Мәселен, көрермендерге эфирде мені күніне  4-5 төрт көру қызықсыз. Олар менің кейіпкерлерімді тыңдағысы келеді. Сондықтан сұхбатқа барған кезде тамырды дөп басу керек.

– Сіз үшін мүмкін емес нәрсе бар ма?

– Мен бала таба алмаймын.

– Сіз өзіңіз өткізген тренингте кеңестеріңіз, тәжірибеңіз арқылы жұмысты жапырып істейтін адамдай көріндіңіз. Жұмыс бабында мүмкін емес нәрсе бар ма?

– Әрине. Кейбір нәрсеге дарының жетпеуі мүмкін, енді біреуіне білімің. Өрең жетпейтін кездер болады. Бірақ өзің істей аламын десең, кез келген дүниені барынша жақсы істеуге болады. Менің қолымнан келмейтін кейбір нәрселер болуы мүмкін. Бірақ мен газетте журналист бола аламын, сайтта жылдам ақпар таратамын, телеарнада да солай. 10 жыл тәжірибем де бар. Ақпараттық-сараптамалық хабарларда талдау жасаймын. Спорттық репортаждардың басы-қасында жүріп, ток-шоулар ұйымдастыра білемін. Бір телеарнаны басқаруға қабілетім жетеді. Режиссура, монтаж негіздерін білемін. Алдағы уақытта да осындай дүниелерді білуге тырысамын. Себебі формула белгілі. Кез келген істі бірінші біл. Екінші соны сүй. Соңында соған сен. Бірақ менің білмейтінім әлі көп.

– Жаңа жоғарыда жаттанды сұрақ деп қалдыңыз. Мен сол кезде өзімді түкке тұрғысыз журналист ретінде сезіндім. Сізде де сондай қанатыңыз қайырылып қалған тұстар болды ма?

– Адамдардың көбі бір мамандықты таңдаған кезде көпке дейін құбылып жүреді. «Мен өзі дұрыс жолды таңдадым ба, басқа арнаға бұрылып кетіп қалған жоқпын ба?» деген. Біразға дейін сауал маза таптырмайды. Бұл сауалдың болуы заңды. Мұндай сұрақ менің санамда 30 жасқа дейін жүрді. 29 жасқа дейін жастық шақ. Кешірімді шығар. Отыз жастан кейін өзіме не керектігін, өзімнің не істегім келетінін анықтап білдім. Одан кейін бірде-бір күдік менің ойыма келген емес. Бірақ оған дейін ойлану, іздену үстінде болдым. Мен де журналистикада қатып тұрған жоқпын. Өзі журналистика – ақпарат тарату деген сөз. Белгілі бір адам туралы, оқиға туралы. Ол қандай да бір құбылысты жеткізу, яғни бір нәрсенің мәнін ашып беру.

               «Кітапты да, тамақ таңдағандай таңдау керек»

– Кітапты жиі оқисыз ба?

– Кітапты жиі оқығым келеді. Бірақ мүмкіндік жоқ. Аптасына бір рет кітап дүкеніне барып, бір жарым сағаттай кітап оқимын. Ұнағанын сатып аламын. Міндетті түрде оқу керек. Әсіресе, журналистер. Өзінің қалпын сақтау үшін спортшылар үнемі жаттығып жүреді. Журналистердің кітап оқуы да сол сияқты болуы шарт. Мысалы, эфирде әңгімеге тартатын әртіс, құрылысшы келеді. Сол бір тақырып аясында білімің таяз екенін байқайсың. Сондықтан өзіңді бір формада ұстап тұру үшін кітап оқыған абзал. Сондай-ақ адамдар өзіне қандай кітап керек екенін білуі керек. Құр кітапты жинай берудің қажеті жоқ. Өзіңнің ісіңе қажетті, оқу керек-ау деген кітапқа үңілген жөн. Үстелдің үстінде неше түрлі тамақ тұрады. Жұмыртқа, шұжық, ет, бауырсақ. Өзіңіздің не қалайтыныңызды жақсы білесіз. Белгілі бір принциптеріңізге байланысты шұжықты жемейсіз. Немесе басқа нәрсені. Асқазанға майлы болатындықтан, бауырсақтан кішкене ауыз тиесіз. Сол сияқты кітап – мидың қорегі, кітапты да тамақ таңдағандай таңдау керек. Мен білімді адамдарды білемін. Солардың бірі марқұм Таласбек Әсемқұловтың айтқаны бар. «Мен қойма сияқтымын, керекті-керексіз дүниені жинап алған» деген. Ол кісінің берері көп еді. Соның жүзден бірін бере білді. Ғалымдығы, әдебиетшілдігі, тарихшылығы өз алдына. Айтарым, кітап – мидың қорегі, оны кез келген нәрсемен қоректендіруге болмайды. Бұл сөз фильмге де, телеарнаға да қатысты.

Мысалы, осы сұрақ тың дүние болды ма? Болды. Сұрақты қоярдан бұрын мынау менің оқырманыма керек пе, жоқ па деген сауалды саралап алу керек. Құр сөзді сапыратын уақыт емес. Мен әр бағдарламаны аяқтағанда қорытыны сөз айтуға тырысамын. Ыммен болса да жеткіземін. Ел сосын «е-е, Бейсен былай ойлайды екен ғой» дейді. Себебі көрермендер алдындағы пікірлерден адасып қалуы мүмкін. Сіздерде сұхбат үнемі сәтті шықпауы мүмкін. Бірақ соған тырысу керек. Сонан кейін мен өз аудиториямның кімдер екенін бес саусақтай білемін. Олар ауылда тұратын ата-әжелеріміз, солардың айналасындағы немере-шөберелері, отбасылы адамдар. Мен соларға жұмыс істеймін. Мен жастарға не саясаткерлерге жұмыс істемеймін. Сіздер де өз оқырмандарыңыздың кім екенін тауып алыңыздар. Ақылды жақсы көргендіктен айтамын. Ұнатпасам, үндемей, басқа бір жай әңгімені айтып отыра беретін едім. Қанша дегенмен, осы жолмен 25 жыл жүріп өттім.

– Жұмысыңыз қауырт. Бала тәрбиесіне қаншалықты уақыт бөлесіз?

– Екі қызым бар. 10-11 жасқа шейін оларға өте жақсы көңіл бөлесің. Одан кейін олар әкеден гөрі шешеге жақын бола бастайды. Қазір қыздарым көңілдерінің 90 пайызын аналарына бөледі.

– Қызуқандысыз, иә?

– Қызуқандымын ба?

– Солай көрінесіз.

– Иә, ол жағы. Эфирде қандаймын, өмірде де сондаймын.

– Ал сол қызуқандылығыңыз таяқ боп тиген кездер болды ма?

– Жоқ, ессіз қызуқандылық жоқ. Сұхбат кезінде оның шекарасын білемін. Бірақ іштегі сезімдерді бүкпейтін адаммын. Өкпелесем, өкпелегенім бетіме шығып тұрады. Ренжісем де, риза болсам да тура солай. Жігіт болған кезде болды, мынадай болу керек деген. Кейін апамнан үйрендім. Үлкен кісілер шын қуанады, шын ренжиді. Өмірді солай сүру керек деп шештім. 

– Іште сыр бар ма бүгетіндей?

– Кімнен бүгетіндей? Көпшіліктен пе, әлде жақын адамдарыңнан ба? Негізі сыр кез келген адамда болады. Бәрін жайып тастай алмайсың. Әр отбасының өз құпиясы болады. Оны жарияға жар салуың керек емес. Менің өз принципім бойынша сыртта болған жағдайды үйге алып келмеймін. Ол іште қалады. Әйелдің психикасы өте нәзік әрі күрделі. Сыртта көргенімді, жаман нәрселерді айта берсем, іштей толқып, мүжіледі. Жүйкесіне салмақ түседі. Кейбір адамдармен болған келеңсіз әңгімелерді үйге тасымаймын. Менің әйелімнің көзқарасын өзгертіп жіберуі мүмкін. Ол менің жақын туысым, досым болуы мүмкін. Балалардан жасыратын сырлар болады. Мысалы, сіз ертең күйеуге шығасыз. Өзіңізге сөз салған жігіттерді жарыңызға ашып айтпайсыз. Жек көргендіктен емес, жақсы көргендіктен. Журналистердің әр нәрсені қазбалауға қақысы жоқ. Қазір отбасылық дүниелерді жайып тастау сәнге айналып кетті. Ал қазақ қашан жайып еді? Біз біреудің ақшасына дейін қызығамыз. Біреудің малын санау, біреудің кіммен жүргендігіне, интимдік байланысына дейін білгісі келеді. Оның қазаққа қандай пайдасы бар? Дінге деген сенімді сұраймыз. Ол негізі құдай мен адам арасындағы жеке көзқарас.

«Қазір мүлде футбол көрмеймін»

– Күніне неше сағат ұйықтайсыз?

– Жалпы, жақсы ұйықтаймын. Шамамен күніне алты сағат. Кей күндері түске дейін ұйықтау – арманым.

– Соңғы рет арманыңыз қашан орындалды?

– Наурыз мерекесінен кейін 2-3 күн рақаттанып демалғанмын. Одан бері менде демалыс жоқ. Ол арман соңғы сегіз айдан бері орындалмапты. Ұйықтау дегенде жай ғана ұйықтау емес, бір бөлмеде тығылып алып, шаңыраққа қарап ойланып жату ғой. Миларыңның өз орнында тұрмай қалған кірпіштері бар ғой. Сол кірпіштерді өз орны орнына қою. Сондай дүние. Құр ұйықтап жату деген сөз емес.

– Хоббиіңіз?

– Мен жас кезімде айкидомен айналысқанмын ғой. Қылыштасу, найзаласу. Айкидо дейтін – адамды ұрып соғу емес, ұрған-соққан адамға көмектесу.

– Бір сұрақ қойсам жаттанды дейсіз-ау.

– Деймін. «Енесі тепкен бұзаудың еті ауырмайды» деген бар. Мен айтсам, кейін «Айтуға оңай» бағдарламасының жүргізушісі, журналист айтқан деп жүресің. Сосын көз алдыңда менің қатулы қабағым тұрады. Ал ертең басқа біреу айтса, ұят болады. Өз-өздеріңді сыйламай кетесіңдер. Қоя бер.

– Бала күнгі арманыңыз.

– Футболшы болғым келген. Футболшы бола алмаған соң, футболды жазатын спорт журналисі болам деп ойладым. Әйтпесе журналист болам деп ешқашан армандаған емеспін. Спортшы болу үшін кішкентайдан дайындық керек. Бапкер қажет. Жарыстарға қатысу дегендей. Ал ауылда қайбір жағдай жасалған? Ауылда талантты балалар өте көп. Олар мықты футболшы бола алар еді, егер бапкер, жүйелі дайындық болса. Мықты спортшыларды көреміз. Олардың ар жағында бапкерлердің күні-түнгі еңбегі, ұзақ жылғы төккен тері бар. Қазір мүлде көрмеймін. Оны ер жігіттер үшін уақыт жоғалту деп санаймын. Өйткені футбол өте көп. Бір жарым сағатты алады. Ал уақыт санаулы.

– Бүгінде Талдықорғандағы «Жетісу» телеарнасының басшысысыз. Кадрды қалай таңдайсыз?

– Біліктілігіне. Тек қана біліктілігіне қараймын. Дипломы жоқ, ауылдан келген болса да бәрібір маған. Ол бірнәрсені керемет істей ала ма? Болды. Бірде-бір адамның жеке іс-парағын ашып көрмегенмін. Керемет сөйлейді ме, керемет жазады ма, мен ол адамды бас салып ұстаймын. Маған басқаның қажеті жоқ.

Журналистика деген – жақсы көру деген сөз. Адамдарға адамдар туралы әңгіме айтамыз. Оларды жақсы көрмейінше, зерттей алмайсың. Кезінде сіздердің жастарыңызда менен журналист шыға ма деген күдігім болатын. Бірақ қазір де асқар таудың басына шықтым демеймін. Үнемі жүре берген адам, әйтеуір, бір жерге жетеді. Тоқтамаңдар, ізденіңдер, жаттығыңдар. Сендер де сол кезде бір жерге жетесіңдер. Айтуға оңай.

– Әрине деп қойсаңызшы. Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен  Гауһарай  ЕСІМОВА

(Сұхбат 19.11.2015 ж. алынған)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: