Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азаматтар өзгерістерге де үйренуі керек

02.06.2020, 9:30 621

Айдын ҚАЙРУЛЛАЕВ:

HALYQLINE.KZ  «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қаупінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынған болатын. Аймағымыз бойынша ХҚКО 18 мамырдан бастап өз жұмысын жандандырып, жаңа форматта қызмет көрсете бастады. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыс бойынша филиалының директоры Айдын Қайруллаев Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына қандай жаңалықтар енгізілгенін айтты.

– Айдын Бөкенбайұлы, ХҚКО жұмысының жаңа жұмыс форматы жайында толығырақ тоқталсаңыз.

– 18 мамырдан бастап облыс бойынша ХҚКО өз жұмысын жандандырып, жаңа форматта қызмет көрсете бастады. Естеріңізге сала кетейін, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коронавирус пандемиясы қаупінің сақталуына байланысты мемлекеттік қызметтерді көрсетудің жаңа форматын ұсынған болатын. Осыған сәйкес азаматтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарынан тек «қағаз жүзіндегі» қызметтер мен онлайн түрде рәсімделген қызметтердің нәтижелерін ала алады. Бұл ретте қызметтерді тек алдын ала жасалған брондау арқылы алуға болады. Халыққа қызмет көрсету орталығына кезек уақытын egov.kz порталы мен Telegram-Bot қосымшасы немесе 1414 нөміріне қоңырау шалу арқылы белгілеуге болады. Бұл сақтық шаралары азаматтардың ХҚО-да жиналуын болдырмауға және індеттің жұқтыру қаупін барынша азайтуға мүмкіндік береді. Бұл жаңашылдықтар тек қалалық халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысына ғана қатысты. Көші-қон орталығы мен аудан орталықтарында орналасқан бөлімдерде келушілердің ағыны қалаға қарағанда айтарлықтай аз болуына байланысты өзгеріссіз бұрынғы режимде жұмыс істейтін болады.

– ХҚКО ашылған уақыттан бастап тұрғындар қаншалықты орталықтарға өз кезектерін алдын ала брондау арқылы келіп жатыр?

– Алғашқы жұмыс күні, яғни 18 мамырда осы ХҚО-ларда 2359 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Олардың 50%-дан астамы алдын ала брондау арқылы қамтамасыз етілген. Қалғандары сол жерде бронь жасаған немесе операторлардың босауын күткен. Қазіргі таңда тұрғындар бұл енгізілген механизмге үйреністі десек те болады. Жалпы, қызмет алу үшін азаматтар өз кезегін алдын ала брондап келіп жатқандар саны бүгінде күн санап артуда. Кезекті алдын ала брондау, ең алдымен, азаматтар үшін өте ыңғайлы болып табылады. Яғни, ХҚО-ға бірден қызмет алу үшін немесе құжатын алып кету үшін ғана барады. Орталыққа кезекке тапсырыс бермеген қызмет алушының өзінен жағымды пікірлер естудеміз. Олар қызметтерді тез алуға болатындығын өздері көріп, келесі жолы тек брондау арқылы келуге уәде беруде.

– Онлайн қызметтер енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында көрсетілмейді екен. Бірақ, үйінде интернет пен компьютері жоқ азаматтар да бар. Бар болған күннің өзінде де пайдалана алмайды. Бұл ретте азаматтар не істеуі қажет?

– Енді Халыққа қызмет көрсету орталықтарында онлайн қызметтер көрсетілмейді. Ол қызметтерді енді тұрғындар кез келген жерде egov.kz электронды үкімет порталы немесе смартфонның көмегімен мобильді қосымшалар арқылы оңай ала алады. Иә, әлі де онлайн қызметтерді ала алмайтын азаматтар бар. Осы ретте азаматтарға egov.kz порталындағы қолжетімді қызметтерді кедергісіз алу мақсатында қаламыздағы бірнеше ғимаратта өзіне-өзі қызмет көрсету секторларын аштық. Онда азаматтар өзіне қажетті қызмет түрлерін онлайн түрде ала алады. Айта кету керек, бүгінгі таңда азаматтарға өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары арқылы жалпы 3390 қызмет көрсетіліп, 892 тұрғын электронды цифрлы қолтаңба (ЭЦҚ) алса, 854 қызылордалық мобильді азаматтар базасына тіркелген. Негізінде, азаматтардың цифрлық сауаттылықтары артып келе жатқандығын байқап келеміз.

Айта кетейін, өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары келесі мекенжайларда орналасқан:

– қалаға қарасты барлық ауылдық округ әкімдігінің ғимараты;

– Ә.Тәжібаев облыстық кітапханасы;

– сол жағлауда орналасқан облыстық жастар ресурстық орталығы;

– «Бақытты отбасы» орталығы;

– қаламыздағы барлық емханаларда;

– қалаға қарасты барлық мектептерде.

– Осы жаңа жұмыс форматы аясында ХҚО-ларда қауіпсіздік шаралары қалай сақталуда?

Жалпы, ХҚКО барлық санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жұмыс істейтін болады. Атап айтқанда, орталықтарда маскалық режим енгізілген. Бұл ретте мамандар толық қорғаныш бетперделері мен қолғаптармен қамтамасыз етілді. Ғимараттарда санитайзерлер мен антисептиктер орналасқан және күніне 3 рет дезинфекция жұмыстары жүргізіледі. Кезекте тұрған азаматтар үшін ғимараттың ішінде де, сыртында да індетті жұқтыру қаупін болдырмау үшін 1,5-2 метр қашықтықта белгілер қойылған.

– Әлеуметтік желідегі парақшаңызда зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың мерзімі өткен жеке куәліктерін үйлеріне барып, құжаттандырып беріп жатқанын айттыңыз. Бұл игі бастама қай уақытқа дейін жалғасады? Осы жайында толығырақ айта кетсеңіз.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының облыстық филиалы көші-қон басқармасы және облыстық білім басқармасымен бірлесіп, карантин уақытында куәлік мерзімі өткен соғыс ардагерлерінің, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлеріне барып, құжаттарын рәсімдеуге көмек көрсетті. Игі бастама аясында 300-ден астам аталмыш жандардың куәліктерін рәсімдедік. Енді жеке куәлік мерзімі өткен зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар 1414 байланыс орталығына хабарласып, электронды өтініш білдіруге болады. Өтініш түскеннен соң мамандар үйлеріне барып, құжаттандыру жұмыстарын жүргізетін болады. Жалпы, төтенше жағдай мерзімінде 9 мыңнан астам қызылордалықтың жеке куәлік мерзімі өтіп кеткен екен. Ішкі істер органдары өз тараптарынан ол азаматтарға ешқандай айыппұл салынбайтынын жеткізген болатын. Тұрғындардың жеке куәліктерін 10 шілдеге дейін ауыстыруға мүмкіндіктері бар. Бүгінде облыс бойынша ХҚО-ға 3 мыңнан астам тұрғын жеке куәліктерін ауыстыруға құжаттарын тапсырған.

– Пандемия мемлекеттік қызметтердің онлайн форматқа өту процесін айтарлықтай тездетті десек болатын шығар. Бұл қызмет көрсетудегі өзгерістерді халық қаншалықты игере алды?

– Коронавирус пандемиясы жағдайында Халыққа қызмет көрсету орталықтары бұрынғы режимде жұмыс істей алмайды. Қазіргі шындық осындай. Күн сайын барлығы өзгеруде. Біз де сол өзгерістерге де үйренуіміз қажет. Қауіпті індет мемлекеттік қызмет көрсету саласына да көптеген әсерін тигізді. Қызметтердің онлайн форматқа көшу процесін де жылдамдатты. Жаңадан жүйелер енгізілді. Кез келген жүйені оңтайландыру үшін уақыт қажет ететіндігі белгілі. Азаматтар бұл өзгерістерге де үйренуі керек. Осы ретте барлық тұрғындарға айтарым өздеріңізді және жақындарыңызды сақтаңыздар, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде алыңыздар!

– Әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан  Бекбол  ҚАРАТАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: