«Халық» газетіне – 20 жыл!

  • USD: 429.51 (+1.16)

  • EUR: 502.14 (+2.73)

  • RUB: 5.42 (-0.02)

Әркім өз өмірінің суретшісі

10.09.2020, 11:00 78 0

Шәймерден  ЕСЕНКЕЛДИЕВ,

Қызылорда  облысы  бойынша  қылмыстық-атқару  жүйесі

 департаментінің  бастығы, 

әділет  подполковнигі:

– Шәймерден Тәжіқұлұлы, заң бойынша адамның­ бас бостандығын шектегенімен, құқығын шектей алмаймыз. Бұлай деуімнің себебі­, соңғы уақытта Қызылорда қаласында орналас­қан ЗК-169/5 мекемесінде жазасын өтеуші­лер Елбасы мен мемлекет басшысының атына видеоүндеу жолдауда… Ондағы жайсыз ахуал  жөнінде  наразылығын  білдіріп  жатыр.

– Осы мәселеге байланысты бүгінде зерттеп-зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған бір­жақты көзқараспен қарауға болмайды. Кейде сотталушылардың өзі провакациялық әрекеттерге барады. Жазасын өтеуші азаматтардың барлығының тәртібі түзу дей алмаймыз. Олар бекітілген ережелерге бағынғысы келмейді. Сол арқылы түрмені «бақылауда» ұстағысы келеді.

– «Бақылауда ұстағысы келеді» деп қалдыңыз. Естуімше, аты шулы қылмыскерлер беріге дейін Қазақстан түрмелерін «ашса, алақанында, жұмса,­ жұдырығында ұстаған» көрінеді. Осы саланың ұңғыл-шұңғылын білетін адам ретінде бұның  рас-өтірігін  айта  аласыз  ба?

–  «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы атамы­з  айтқандай, ҚАЖ саласы  ҚР Ішкі істер саласындағы  жүргізілген тиімді реформалардың арқасында дәл қазір түрмеде тәртіп орнады­. Барлығын құзырлы орган өз бақылауына алды. Тәртіп күшейді. Ал сол тәртіпке мойынсұнғысы келмейтіндер президент атына видеоүндеулер жолдап, осындай әрекеттерге барады.

– Дәл қазір Қызылордадағы түрмелерде сотталғандар саны қанша? Дені қандай қылмыс жасаға­ндар?

– Өңірде ЗК-169/1 тергеу изоляторы,  ЗК-169/4 қауіпсіздігі барынша төмендетілген мекеме және ЗК-169/5 қауіпсіздігі орташа және жоғары мекемесінде 900-ден аса адам жазасын өтеуде. Олардың 10 пайызы 122-бап (Он алты жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер жасау), 124-баппен (Жас балаларды азғындық жолға түсіру), 40 пайызы ауыр және аса ауыр қылмыс (кісі өлтіру), 15-20 пайызы есірткімен, 10 пайызы ұрлық-қарлық, тонаумен айналысқан.

– Түрмеге тыйым салынған заттарды өткізу тақырыбы да – күн тәртібінде тұрған мәселенің бірі. Бүгінге дейін қанша дерек тіркелді?

– Түзеу мекемелерінің бақылап-өткізу пунк­тінде жұмыс істейтін бақылаушы қызмет­керлер мекемеге тыйым салынған заттың өтіп кет­пеуін қадағалайды. Бекетте орналасқан қол жүгін тексері­п өткізетін рентген құрылғысы сәлем-сауқат­тағы тыйым салынған затты бірден анықтай­ды. Дер кезінде тиісті қызмет сала­лары шақырылып, тыйым салынған зат тәркі­леніп алынып, сот-химиялық сараптамасына жіберіледі.

Жасыратыны жоқ, түзеу мекемесінде жазасын өтеушілерге туған-туыстары, дос-жаран­дары тыйым салынған заттарды әртүрлі әрекеттермен өткізбекші болады. Бүгінге дейін бақы­лау­ бекетінен тыйым салынған заттарды алып өтудің 27 дерегі анықталып отыр. (Есірткі – 6, ұялы телефон – 25, спирттік ішімдік – 1). Кейде мекеме аумағына келіп, сырттан, яғни қор­шаудың үстінен тыйым салынған заттарды лақтыра­ды. Осындай әрекеттерді болдырмас үшін мекеменің айналасын Ұлттық ұлан сар­баз­дары мен патрульдік полиция бақылауға алған.

Иә, адамнан қулық артыла ма? Жуырда мекемен­ің  тыйым салынған аймақ аумағынан бір азамат есірткіні қоршаудан лақтыру барысын­да  ұсталды. Мекеме қызметкерлері аумақта тексеру  жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 20 грамдық щприцке тығыздалып, скотчпен оралған жасыл түсті өткір иісті кептірілген шөп табылды. Қызылорда ҚПБ-ның жедел терге­у тобы шақыртылып, тыйым салынған зат тәркіленді. Сот-химиялық сараптамасының қорытындысымен 15,16 гр «кептірілген мари­хуан­а» екені анықталып, қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

– Түрмеге тыйым салынған заттарды тасымалдаған адамға қандай жаза бар?

– Келушілер тыйым салынған заттың санатына қарай әкімшілік, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Ел әр қылмыстың соңында жаза бар екенін ұмытпауы тиіс. Мәселен, есірткі өткізбекші болған адам 10 жылға дейін бас бостан­дығынан айырылуы мүмкін. Сондықтан ақпараттық тақтайшалар іліп, кездесуге келген туыстарына ауызша барлық заң талаптарын түсіндіріп, жазбаша қолхат алса да, кейде қателікке бой алдырып жататындар бар. Қитұрқы әрекетпен біреуі тағамның ішіне есірткі жасырса, енді бірі айранның ішіне, келесі бірі мекеме қоршауынан мекеме ішіне лақтырады.

Жыл басынан ҚР Әкімшілік құқықбұзу­шылық туралы кодексінің 481-бабымен екі  азаматқ­а айыппұл салынып, үш азаматқа «ескерту­» берілсе, бес азамат қылмыстық жауапк­ершілікке тартылды. Сырттан келушілерді тінту, тексеру барысындағы психологиялық жай-күйін бақылап, күдікті іс-әрекетін байқа­п, ішке алып өткізуге тыйым салынған заттардың өтіп кетпеуіне жол бермеу мақсатында жұмыла жұмыс істеуде әр қызметкердің ісіне жауапкершілік пен қатаң тәртіпті сақтауды қажет  етеді.

– Шәймерден Тәжіқұлұлы, адам құқығын қорғауме­н айналысатын ұйым өкілдері тұтқындардың шағымдану жүйесін өзгерту керек деген ұсынысты айтып отыр. Олардың сөзіне сенсек, шағымдар жазбаша жіберілген соң жиі цензураға ұшырайтын көрінеді. Ұйым өкілдерінің пікірімен келісесіз бе?

– Қазір арыз-шағымдар онлайн форматқа өтіп, құзырлы органға, мәселен, ҚР Бас прокуратураға тікелей түсуі тиіс. Шағымданушының талап-тілегі сонда тез шешімі табылады деп ойлаймын.­

– Пандемия кезінде сотталушылар жақын­дарымен байланыс орната алды ма? Жалпы, түрмедегі  санитарлық  талаптар  қандай?

– Індеттің  таралуын болдырмау үшін өңірдегі қылмыстық-атқару жүйесінің  меке­ме­ле­рін­де  жоспарланған қысқа және ұзақ  мерзімді кездесулер тоқтатылды. Себеп – коронав­ирус инфекция­сы. Оның орнына жазасын­ өтеу­шілерге апта сайын туған-туыс­тарымен видеобайланысқа шығуға мүмкіндік жасалды.

Карантин  режимі енгізілгелі жазасын өтеу­шіл­ерді  психологиялық және моральдық тұр­ғыда­ қолдау мақсатында Skype желісі арқылы­ сотталғандар туыстарымен хабардар болып отырады. Мұндай онлайн жүздесулердің ар­тықшылығы бұрынғы бетпе-бет кездесуде тек ең жақынымен ғана кездессе, Skype желісі  арқылы­  бала-шағасын, ағайындарын да көріп, жүздесіп  жатады. Жазасын өтеп жат­қа­н туғанын көру үшін жүздеген, кейде мыңдаған шақы­рымды артқа тастаудың, шығында­нудың да қажеті жоқ. Еліміздің шалғай­ аймақтарында тұра­тындар  осындай  бейнекездесулер  арқылы­ жақын­дарына  қолдау  көрсете алады.

Жергілікті аудан, ауылдардан келе алмай жатқан жазасын өтеуші азаматтардың отба­сылары ешқандай қиындықсыз үйде отырып, бейнеб­айланыс арқылы сөйлескендеріне ризашылы­ғын  білдіруде.

Өңірдегі түзеу мекемелерінде  40-қа жуық шетел азаматы жазасын өтеп жатыр. Бұл азаматтар да індет басталғалы туған-туыстарымен интерн­ет арқылы, яғни скайп арқылы тілдесіп тұрады. Анасын, балаларын, жұ­байын скайп жүйесі арқылы көрген соттал­ғандар қуаныш­тарымен бөлісіп жатады. Қазіргі таңда мекемелерде күніне 15 минуттық 10-нан астам  онлайн кездесу өтеді. Мұндай жүздесулердің сотталғандар үшін оңтайлы жағдай екені анық.

Екінші сауалыңызға келсек. Мекемелерде ұсталатын сотталғандарға қауіпті індеттің белгіле­рі, таралуы, жеке гигиена ережелерін сақтау бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қазақстан Республикасы  Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жыл­ғы 25 маусымдағы №43 қаулысына сәйкес барлық­  эпидемияға қарсы шаралар жүргізіледі. Күн сайын қапастарға 0,015% де­зинфе­кция ертіндісі таратылады. Арнайы контиге­нттер таңерт­еңгілік серуенге шыққанда, әр қапасқа ұзақтығы 30 минуттан бактериоцидтік сәулелендіру  жүргізіледі.

 Сотталушылар мен айыпталушылар бет­пердемен қамтамасыз етілген. Тергеу қама­ғында  отырғандар мен сотталғандардың денсау­лық жағдайын қамтамасыз ету мақса­тында, меке­мелерде барынша іс-амалдар жасалып­ келеді.  Жазасы­н өтеушілердің таза­лығымен  қатар, дене қызуы күн сайын өлше­ніп, денсаулығына қатты мән берілуде. Сот­талғандарды жеке қорғану құралдарын пайдалануды, адамдармен арақашықтықты, жеке гиги­ена  ережесін  сақтауға  шақырад­ы.

Нақтырақ айтар болсақ, ағымдағы жыл басын­да жабық мекемедегі жазаланушылардың денсаулығын жақсарту есебіне қаражат бөлін­ген. Соның негізінде бөлінген ақша игеріліп, қажетті препараттар сатып алынды.

– Өзіңіз де хабардар шығарсыз, соңғы уақытта педофилдерге тағайындалатын жазаға келгенде қоғамның пікірі екіге бөлінді. Бірі «педофилдерді мемлекет тарапынан түрмеде ас-ауқатпен қамтудың  қажеті  жоқ, өлім  жазасы  керек» десе, енді  бірі  оған қарама-қарсы уәж  айтады. Жалпы, тұтқындардың  бір  күндік  асына қанша  қаржы   жұмсалады?

– Мекемеде бас бостандығы шектелген азаматтардың әртүрлі сырқаты болуы мүмкін. Сондық­тан 4 түрлі аз мәзірі бар. Орташа есеппен алғанда жазасын өтеп жатқан азаматтардың бір күндік ас-ауқатына 1200-1500 теңге жұм­салады.

– Осы саланың тәжірибелі маманы ретінде айтыңыз­шы, түрме адамды түзей ме?

– Бұл сұрағыңызға кесіп-пішіп жауап беру қиын. Себебі, адамның тағдыры – өзінің қолында. Бейнелеп айтсақ, әркім өз өмірінің суретшіс­і ғой. Дегенмен, егер түрмеде тәртіп күшті болса, адам түзеледі. Оны қоғамдық ортаға­ бейімдеу деген бар. Бүгінде мекеме жанына­н 25 маман 5 мамандық бойынша сабақ жүргізіп жүр. Сотталғандар арасында тігінші, ағаш ұстасы, т.б. салаларды меңгеріп, осында жұмыс істеп, жалақысын алып жүргендер де бар. Демек, адам түрмеден де түзеліп шыға алады.­

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Қозы  Көрпеш   ЖАСАРАЛҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: