• USD: 411.54

  • EUR: 458.13

  • RUB: 5.84

Әкем салған сүрлеумен өмір сүріп келемін

19.03.2020, 10:10 198 0

Аягөз  ТОҚМАҒАМБЕТОВА:

Қалада «Сарқырама» каналының бойындағы көпқабатты үйлердің бірінде қазаққа аты мәшһүр ақын Асқар Тоқмағамбетов өмірінің соңғы жылдары­н өткізгенін бірі білсе, бірі білмейді.  ХХ ғасырдың алғашқы жартысынд­а қазақ әдебиетіне түрлі жанр, тың туындыларымен келген Сырдың­ белгілі тумасының биыл дүниеге келгеніне – 115 жыл! Көркем ойдың алыбы, әдебиет шыңынан ойып орын алған біртуар қазақ жазушысына «Қырғи тілді ақын», ұлт зиялылары «Сатираның сардары» деп баға берген. Асқар Тоқмағамбетов – классикалық әдебиеттің негізін салушы ғана емес, драматургия, сатира, поэзия, проза жанрларында қалам тербеген өз заманының ұлы кемеңгері. Оның ізгілікке толы ұлы мұраларының ара­сында шетел әдебиетшілерінен жасаған аудармалары кездеседі.

Заманының заңғар жазушысы, ақиық ақыны, сатираның сардары Асқар­ Тоқмағамбетов әдебиеттің шыңында қалды. Ең өкініштісі, өкшелеген ұрпақ ақын есімін ұлықтауға келгенде бәсең қалыптан айнымай келеді. Қызыл­орда қаласында тұратын ақынның кіші қызы Аягөз Тоқмағамбетова әкесінің есімі биыл да елеусіз қалатындығына қынжылады. Ақын ұрпағымен әсерлі әңгіме Асқар Тоқмағамбетовтың жұмыс кабинетінде өрбіді.  Оның жұмыс үстелінің үстіндегі сағат, шам (лампа), көзілдірік, «Жұлдыз» журналының бірнеше данасы және қара сиямен шимайланған қолжазба қағаздары өзі дүниеден өткелі бері әлі сол күйінде, бір орында тұр екен.

– Аягөз Асқарқызы, Асқар Тоқмағамбетовтың қазақ әдебиетіне қосқан ұшан-теңіз үлесін таңды таңға ұрып айтуға болады. Әке мұратын арқа­лаудың қиындығы мен жүктейтін жауап­кершілігі  туралы  айтыңызшы?

– Біз қазір әкемнің жұмыс кабинетінде отырмыз. Ол мұнда өмірінің соңғы 10 жылын өткізген. Әкемнің 70 және 75 жылдық мерейтойлары дәл осы үйде аталып өткен. Биыл енді қазақ әдебиеті Асқарының дүниеге келгеніне 115, ал жарық дүниеден оз­ған­ына 37 жыл болады. Мына жұмыс үстеліндегі күнтізбенің 1983 жылдың 21 тамызы күнгі парақшасы ашылып тұр. Бұл әкемнің өмірінің соңғы күні еді. Бір қызығы, әкем қалай қайтыс болды мына жұмыс үстеліндегі сағат тілі сол күйі тоқтап қалды. Бұл бөл­медегі әкемнің өзі тұтынған дүниелердің барлығы қаз-қалпында сақ­таулы тұр. Бұл кабинетке таңертең кіріп, кешке дейін уақыттың қалай зымырап өтіп кеткенін байқамай қаласың. Өйткені мұнда кітап, қолжазба қоры өте көп. Оларды санап отыру мүмкін емес. Оны өзіңіз де байқап­ отырған шығарсыз. Кейде осында бір қағазды іздеуге кіремін. Оны іздеп отырғанда екінші қағазға көзім түседі. Сөйтіп бір тұңғиық тарих­қа еніп кеткендей боласың. Мұнда әкемнің өз кітаптарынан бөлек, оқыған кітаптары, белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары, қолжаз­балары тұр. Бұл – әкемнің біздің отбасыға ғана емес, бүкіл қазақ еліне қалдырған байлығы, мол мұрасы. Осы құндылықтардың  барлығын көзімнің қарашығындай, мұртын бұзбай сақтау, аманатты арқалау және оны ұрпаққа жеткізудің жауапкер­шілігін, қиындығын, салмағын айтып жеткізу қиынның қиыны. Аманат арқала­у  кімге  де  болсын  оңай  емес.

– Бір сөзіңізде есімі елге белгілі тұлғалармен жазысқан хаттары да сақтаул­ы деп қалдыңыз. Бірлі-жарымын  көрсете  аласыз  ба?

– Мысалы, мына бір құжатта 1930 жылы Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлиннің қолтаңбалары қойылған. Бұл – менің әкеме берілген мінездеме. Осы ар­қылы­  әкем Мәскеу полиграфия инсти­тутына  оқуға  түскен. Мемлекет­ және  қоғам  қайраткері Ілияс Омаров­ Қазақ КСР-ның мәдениет министрі болып  тұрған  тұсында әкеме: «Қадірлі  Асқар! Көптен бері  жүз  көрісе алма­сақ та, амандығыңа қанықпын. Газет-журналдардан  өлеңдеріңді көріп тұрамын. Жақында Ғабиттан (Мүсірепов)  амандығыңды  біліп қуанып  қалдым. Жүрек  есебіндегі  елеулі­  адамдар туысқаннан да жақын болад­ы  ғой» дей келе, өзінің Асқар әкеме арнаған өлең шумақтарын арнапты­. Содан соң «Асеке! Көптен бері «Қазақ әдебиетінен» қиып алған Қызылорданың Зейнолла (Шүкіров) деген­ баласының кішкентай өлеңі жататы­н  еді. Соны  өзіңе  жіберсем деп  жүр  едім, бүгін сәті түскен сияқты. Ол баланың кім екенін, қайда оқығанын білмеймін, бірақ аяқ алысы кең сияқты. Сол ініңе қарайласып көрерсің. Сәлеммен Ілияс. 26.03.1958 жыл» деп хаттың соңына өз қол­таң­басын қалдырған. Қазақ әдебиеті­не жанашыр жандар осылай сол кездің өзінде бірін-бірі көтермелеген екен ғой деген ойға қаласың. Қазір өкінішке  қарай, мұндай  қайырымдылық  қасиеттер, ізгі амалдар азайып­ бара жатыр. Содан соң Зейнолла Шүкіровтың «Теңіз жыры» деген өлеңін газет қиындысымен бірге хатқа­  қосып салып жіберіпті. Енді тізе берсек, әкеме келген, әкемнің жазған  хаттары өте көп. Ол хаттардың  барлығын оқып отыруға көп уақыт  керек.

– Қыз бала табиғатынан әкеге жақын­ болып өседі ғой. Әке туралы естелі­к деген  кезде  сіздің  ойыңызға  ең  бірінші  не  түседі?

– Әкеміз өте жұмсақ кісі болды. Әдебиетте қырғи тілді болғанымен, отбасыға келгенде өте мейірімді, сондай­  балажан  кісі болатын. Орта­сы­ ылғи зиялы қауым болды ғой. Іссапа­рға  шыққанда  міндетті түрде ол  бізге кітап әкеліп беретін. Әлі күнге дейін есімде, мен кішкентай кезімде ол маған өлең арнаған болатын. Соның ішінде «Табанды бол, тапқ­ыр бол, Отаншыл  бол. Осы менің  әкелік  айтар  сөзім» деген тір­кестер  бар еді. Тағы  бір  өлеңінде бізге «аспан­дамаңдар,  менмен  болмаңдар, асқақтап кетсең қасыңда ешкім қалмай­ды» деп үнемі өсиет айтып­ отыратын. Әкемнің аузынан жай  сөз  шықпайтын, оның  әрбір  сөзі – өсиет, үлгі. Әке туралы естелік дегенде оның осындай бүкіл ғұмы­рыма сабақ болған салмақты сөздері көкейіме  келе  қалады.

– Асқаралы  Асқар Тоқмағамбетовтың жұбайы, сіздің анаңыз туралы білгіміз  келеді. Ол  кісі  қандай  еді?

– Менің анамның жоғары білімі болмады,  бірақ ол кісінің көргенділігі жоғары білім алған адамды он орайтындай еді. Үй шаруасында, бала-шағаның қамын жасап отырса да, ешқашан салы суға кеткен емес. «Сендердің білім алып, осы ұядан қанаттанғандарың – сол менің оқығаным» деп айтып отыратын. Бар өмірін алдымен әкем мен балаларының  жағдайын  жасауға арнады. Бірде Ғабит Мүсірепов әкемнің 60 жылдық мерейтойымен құттықтап телеграмма жазыпты. Соның арасында менің анама арнаған мынадай тіркестер бар: «Особо хочу поздравить тебя благородная Куралай, добрая спутница большого поэта. В каждой Аскаровской строке тысячи твоих ночеи, волнений и переживаний». Қазақтың белгілі жазушысы Ғабит Мүсіреповтың осы бір ауыз сөзінен-ақ менің анамның  еңбегін  бағалауға  болады.

– Атадан  нешеусіздер?

– Ең үлкен ағам Төребек. Ол кісі 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысына қатысқан. Небәрі 18 жасында әскер қатарына шақырылып, соғыста­ ерлікпен қаза тапты. Біздің әкеміздің таланты осы кісіде болды. Ол мектеп жасында жүргенде-ақ өлең жазуға бейім еді. Одан кейінгі ағаларым Еркін, Ғанибек – ғалымдар. Қазір ағаларымның барлығы да дүниеден өтіп кетті. Қазір Қызылорда қала­сында үш қыз қалдық. Роза, Ботагөз есімді апаларым бар. Олар дәрігер мамандығы бойынша білім алды. Олардың жасы 80-нен асты. Өзім           70-тен асып бара жатырмын. Мен осындағы Мәншүк Мәметова атындағы педагогикалық жоғары кол­леджде жылдар бойы жұмыс істедім. Қазір зейнетке шықтым. Бүгінде сонда­  Ардагерлер кеңесінің төрайымы  болып жүрмін. Әкем мен шешем өздері 12 немере-шөбересін көздері тірісінде көріп кетті. Сонда әкемнің немерелеріне арнаған соңғы мынадай шумағы бар еді: «Ассалаумағалайкүм, немерем мен шөберем, Сендерменен көркейіп, сендерменен көгерем. Сендер­менен өркендеп, сендерменен көбейем. Сендер тірі тұрғанда, Мен қартайып неге өлем? Аспандатып ән шырқап, Жазуым керек көп өлең». Қазір немере-шөберелері Алматы, Астана қалаларында тұрып жатыр. Апаларым өз отбасыларымен кеткен. Ал мен балаларының кенжесі ретінде­ осы қарашаңырақта отырмын.

– Асқар Тоқмағамбетовтың бұл кабине­тінде қанша мол мұрасы жат­қандығына өзіміз куә болып отырмыз. Енді  мына қолжазбаларының ара­сында әлі де болса жарыққа шықпай қалған  дүниелері  бар  ма?

– Соңғы жарияланып үлгермей қалған шығармалары «Сырдария» кітапханасы  сериясы бойынша басып  шығарылды. Бірақ, әкем қайт­қалы 40 жылға жуық уақыт жақын­дады. Сонда да Асқар Тоқмағамбетовтың әдебиеттегі орны, рөлі туралы­ оқулық не кітап жарыққа шығып жатқ­ан жоқ. Кейінгі ұрпақ Асқар турал­ы құлағдар емес, оның қазақ әдебиетінде қалдырған мұраларына қанық емес. Мұрасы дұрыс насихатталмай жүр ме, білмеймін, әйтеуір, әкем елеусіз есімдердің қатарында қалып қоймаса екен. Мына қаншама дүниесінің арасында қолжазба күйінде  қалған шығармалар тұр. Бірақ  олар  төте  жазумен  жазылған.

– Ақынның 70-тен аса кітабы, 100  мыңнан астам өлең жолдары сақталған. Ал қазір мына жердегі қорында қанша  мың  дүниесі  сақтаулы?

– Қолмен санап көргенім жоқ. Бірақ, енді мұндағы дүние біз ойлағаннан да көбірек. Шамамен 10000-дай кітап болып қалатын шығар деп отырмыз. Әкем Әбділдә Тәжібаев, Қалтай Мұхамеджанов сынды жазушылармен өте тығыз әрі достық, шығарма­шылық қарым-қатынаста болған. Олар үйге келген сайын мін­детті  түрде  бізге  кітап  сыйлап кете­ді. Әсіресе мен белгілі тұлғалардан көп кітаптарды сыйға алдым. Барлығы  осында әкемнің мұраларының қа­сында  сақтаулы  тұр.

– Ақиық ақын Асқар Тоқмағам­бетовтың туғанына 115 жыл толуына байланысты Сыр бойы жұртшылығы қандай  дайындықтар  жасап  жатыр?

– Өкінішке қарай, ешқандай қозғалыс­ты көріп тұрған жоқпын. Ұлтқа қызмет қылған Асқар Тоқмағамбетовтей  тұлғаға тым болмаса жылдың аяғына  дейін  бір  әдеби-мәдени шара ұйымдастырылса  екен деп ойлаймын. Бірақ  ешкімге өкпе-назымд­ы  да  артпаймын.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: