Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолдама үшін жанды жеген белдесу

12.09.2020, 11:00 579

HALYQLINE.KZ 1988 жыл. Тбилиси. Сеул олимпиадасы қарсаңындағы ССРО чемпионаты. Қызу қанды грузин жанкүйерлері зәулім спорт сарайын армансыз гуілдетіп-ақ тұр. Алпамса денелі, бурасан Рудактың қолы сұмдық қарулы екен, ұстаған тұсын мытып, сындырып жібере жаздайды. Мұның атақ-даңқынан қаймықпай, қос қолын сілкіп жіберіп, бұзып-жара беліне үш рет өтті. Дәулет болса, сол жамбасқа бір іліктіріп, оңдырмай лақтырған. Рудак жолбарыстай жанталасып бір қырымен түсті де, құрсаудан сытылып кетті. Әзір Дәулеттің бір ұпайы артық – 4:3. Белдесу бітуге он секунд қалғанда төреші Дәулетке ескерту жасап, төрттағанға салды. Төрттағандаған балуанды оңайлықпен құтқармайтын Рудак білегі алмас қылыштай жарқылдап, Тұрлықановты аш белден қапсырған бойда кілемнен жұлып алды. Дәулет екі аяғы кілемнен ажыраған бойы, көзіне қан толып, қатты бұлқынды. Рудактың білегі темір құрсаудай қарысып қалыпты. Қас қағымда электронды табло жарқ ете түсті, бар-жоғы бес секунд…

Тырбаңдаған аяғын жерге тигізбей атып ұрса – біткені. «Е, Алла, өзің қолда!». Жүректі жарып шыққан бір-ақ ауыз сөз бойына керемет күш құйғандай, қос аяқты сұрапыл құлшыныспен төмен серпіп, табаны жерге тиген бойда, Рудактың темір шеңгелін қос шынтақпен бұзып-жара кілем шетіне бір-ақ қарғыды. Красноярлық балуан өзегін өртеген өкініштен кілемді тоқпақтап қала берді. Дәулет Олимпиада жолдамасына біртабан жақындады…

Кезекті қарсыласы – беларусь Палазник. Тағы да итжығыс – 4:4. Екеуінің де әбден сілесі қатқан. Білектері қайта-қайта айқасқанымен, шырқ үйіруге күш кем. Сүзеген қошқар құсап маңдайлары қайта-қайта түйіседі.

Арпалысқа толы алты минут та бітті. Төрешілер аз-кем кеңесіп, екеуін қайта беттестірген. Біреуі ұпай олжалағанша белдеспек. Жастар арасындағы әлем чемпионы Николай Палазник бір минутта кәдімгідей тыңайып қалыпты. Мұны бір-ақ бүктердей буырқана кірісті. Жойқын қуатпен бұқаша сүзіп, теңселтіп, беліне өтпек еді. Дәулеттің қорғанысын бұза алмады. «Енді шегінсем, төрешілер үшінші ескертуін көлденең тартып, жолымды кеседі. Тәуекел!» Жанұшыра ұмтылып еді, қарулы Палазник қолын қағып тастады да, өзі атылды. Дәулет жан-дәрмен күйде сол жағына ырғып үлгерді. Палазник екпінін тежей алмай, еңкейіп барып әрең түзелді. «Әп, бәлем, енді бір ентелесең, оңдырмаспын. Я, Алла!». Мұны ес жиғызбай жықсам деген Палазник белді көздей тағы шабуылдаған. Ұрымтал сәтті Дәулет қапы жібермеді. Қас қағымда оң бүйірге бұлт етіп, кеудесін алға соза еңкейіп қалған Палазникті аш белден қапсырған бойда сол аяқты екі бұттың арасына салып жіберіп, шиыра лақтырды – 7:4! Содан кілемге бауырын төсеп жата кетті. Тұрайын десе, буын-буында әл жоқ. Сол мезет кілем шетіне жүгіріп жеткен күрестің белгілі маманы Қайыс Аққалиев ағасы: «Жарайсың, бауырым!» деп, шаттана айғайлады. Кеудені кернеген жеңіс қуанышы езуіне күлкі боп үйірілді, көз шарасына ыстық жас боп іркілді. Жұмыр жердегі ең беделді бәйге – Олимпиада жолдамасы үшін тәнін жауып кеткен бұршақ-бұршақ ащы тер мен жан жүректі бой-бой ғып босатып жанарынан аққан ыстық жас бозкілемге тырс-тырс тамып жатыр.

…Сеул олимпиадасында Дәулетке бұйырғаны – күміс медаль…

Қыдырбек РЫСБЕК,

спорт журналисі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: