Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Усейн Болт: «Бір кездері әлем рекордын жаңартам деген ой түсіме де кірмеген»

24.06.2020, 17:30 665

HALYQLINE.KZ Олимпиаданың үш дүркін, әлемнің бес дүркін чемпионы. 100 және 200 метр қашықтықтардағы супер рекордшы. Бүгінгі күнге дейін адамзат баласының қолынан (аяғынан десе де болар еді…) келмегенді істеді: жиырма екі жасында ол жүз метр қашықтықты 9,58 секундта, ал 200 метрді 19,19 секундта жүгіріп өтті (2009 ж.). Фантастика! Бұлай болуы мүмкін емес деді ғалам… Бірақ, бұл – шындық еді. Ямайкадан келген ұзынтұра жігіт жаһанды осылайша өзіне жалт қаратты. Содан бері әлем Усейн Сент-Лео Болт (Usain St. Leo Bolt) десе, ішер асын жерге қоятын болды. Төменде дүниежүзінің ең жүйрік желаяғымен, «Найзағайдың соққысы» (Lightning Bolt ) деген лақап аты бар саңлақпен болған сұхбаттың ықшамдалған нұсқасын беріп отырмыз.

– Ямайкалықтар желден жүйрік. Мұның себебі неде?

– Әркім әртүрлі айтады. Біреулер бізді құлдардың тұқымы, содан дейді. Енді біреулер мұны біздің жейтін тамағымызбен байланыстырғысы келеді.

– Тамақ туралы әңгімені айтып жүрген әкеңіз ғой… Шынымен де бар гәп осы ямайкалық жамыста ма? (жамыс (ямс) – тамыры жеміс өсімдік – авт.)

– Бейжіңнен кейін жұрттың бәрі «жамыс» дегенде есінен адасты ғой. Ата-анамның азық-түлік дүкені бар, әкем сонда өзінің фермасында өсірген жамыстарды сататын. Бала кезімде қарнымның қампайғанына қарамай жей беруші едім! Ел осыны білсін деп әкемнің істеп жүргені ғой. Содан, не болғанын көрсеңіз! Жұрттың бәрі біздің Трелоуниге, жамыс алуға ағылды дерсің.

– Жас кезіңізде Америкаға шақырғанда, неге бас тарттыңыз, тамаша мүмкіндік емес пе?

– Мен анамды жақсы көретін бала едім. Үйден алысқа ұзап шыққым келмеді. Сонан соң, суықты онша ұнатпаймын. Қазір қарап отырсам, мұным дұрыс болған екен.

– Калифорния сізге суық болып көрінді ме?

– Мен ол кезде Штаттар туралы ешетеңе білмейтінмін. Бір рет Майамиға барып едім, суық екен. Ямайкадағыдай жарқыраған күн жоқ. Лондонда күн жылы болатын шығар деп ойлаймын. Егер, жауын жауса – қорқынышты ештеңе жоқ; ал суық болса, бұл – мен үшін үлкен проблема.

– Сіздің қалжыңқойлығыңыз туралы жұрт неше түрлі әңгіме айтады…

– Айналамдағы адамдардың күлкіге қарық болып жүргенін жаным жақсы көреді. Егер, біреуді күлдіре алсам – онда бір күнімнің текке кетпегені. Осыдан мен ләззат аламын.

– Жак Рогге (Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті – авт.) сіздің жарыс үстіндегі қалжыңқойлығыңызды әріптестерін құрметтемеушілік деп, жақтырмаған болатын. Мұныңызды сонда да қоймайсыз ба?…

– Қоймаймын. Ол кісі Бейжіңде осыны айтқанда, шынында ойланып қалдым. Содан кейін біраз спортшылардан сұрадым. Осылай да, осылай мен сендерді құрметтемедім бе деп. «Ұмыт. Бәрі де ойдағыдай», – десті олар.

– Бейжіңдегі финалда сөреге таяп қалғанда жылдамдығыңызды тежегеніңізге өкінбейсіз бе? Ағып өтсеңіз ғой, 9,69 секунд 9,58 болар ма еді…

– Құстай ұшып келе жатқанда қоқилану ойға да кіріп шықпайды ғой. Біреу бар ма деп жан-жағыма қарап едім, ешкім жоқ екен. Сонан соң, шаттанбағанда қайтем. Бұл деген әріптестерді құрметтемеушілік емес, бар болғаны бақытты шақ ғой. Төккен тер, еңбек жемісін берді. Меніңше, мұнда тұрған ештеңе жоқ…

– Адамзат баласының мүмкіндігінде шек бар деп ойлайсыз ба?

– Білмедім. Мұны ешкім де білмейді. Бір кездері әлем рекордын жаңартам деген ой түсіме де кірмеген. 9,80-ге жүгіргенде, «Вау!», – дедім. Бейжіңде 9,70 секундты бағындарғаным фантастика еді. Сол кезде есі дұрыс адам бір жылдан кейін мен 9,60 секундты бағындырады деп ойлады дейсің бе? Әрине, жоқ! Мен де ойлаған жоқ едім. Бірақ, бағындырдым. Бапкерімнің айтуынша, мен бабымның шырқау шегіне 26 жасымда келеді екенмін. Яғни, бұл – Олимпиада жылы! Бабыма келмеген кезде 9,58 секунд көрсеттім, яғни алар асу әлі алда деп ойлаймын. 9,58-ге жүгіріп өткенде бапкеріме «Тамаша жүгірген жоқпын ба!», – деп едім, ол: «Жоқ», – деді.

– Даңқ сізді өзгертті ме?

– Олай деп айта алмаймын. Жұрттың мені көргендегі реакциясына таңғаламын. «Мынау Усейн бе? А-а-а-а!», – деп ауыздары ашылады да қалады. Осының бәріне мен юмормен қараймын. Маған өзгерудің қажеті жоқ. Бар болғаны, өзгелерге қарағанда менің мүмкіндігім мол… Жалпы, машина дегенді жаным жақсы көреді, менде олардың сегізі бар. Жақында ғана су жаңа Range Rover сатып алдым. Бақыттан басым айналды. Nissan Skyline деген машинам бар – ерекше жақсы көремін. Содан кейін, жүк машинасы, екі-үш BMW, тағысын тағылар…

– Сіз қай қашықтықта жүгіргенді ұнатасыз?

– Әрине, екі жүз. Бұл менікі. 100 метрде бір проблема бар – сөреде сәтсіз серпілсең, жылдамдықты алып үлгеруге уақыт жетпей қалады. Ал 200 метрде бәрі басқаша. Мұндағы ең қиыны – бұрылысты дұрыс жүгіріп өту, бірақ оны меңгеруге болады.

– Ямайканың жүйріктері туралы айтсаңыз. Қазір сіздің бәсекелесіңіз Йохан Блэйк болды. Мазасызданып жүрген шығарсыз?

– Жоға. Бар болғаны, мен Тэгуде өткен әлем чемпионатында 100 метрде фальстарт жасадым, ал ол сол жолы алтын жүлдені жеңіп алды… Мен Тайсон Гэй мен Асафа Пауэльді ұттым. Саспаңыз, ұзамай кезек Блэйкке де келеді.

– Спортты тастаған соң не істейсіз?

– Ылғи да футбол ойнағым келіп тұрады. Бірақ, қазір менің ойымда тек Лондон. Егер, бәрі ойдағыдай болса, онда мен бұл Олимпиададан соң жеңіл атлетиканың аңызына айналамын. Міне, сол кезде әрі қарай не істейтінімді ойлай бастаймын. Тоқтай тұрыңыз… Спорттан 30 жасымда кетуді жоспарлаған болатынмын, Рио-2016-ға да баруым әбден мүмкін…

(Sportstan тобының мұрағатынан алынды.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: