Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Серік Досманбетов: Тағыберген командадан кетті

02.12.2020, 18:05 520

Тас пен тауға сүрініп, қызылордалық «Қайсар» футбол клубы жылды әупірімдеп жүріп аяқтады. Маусым бойына жүйелі ойынымен есте қалмаса да, даулы оқиғалармен әлеуметтік желілердің бірінші бетінен орын алды. Дәмі де, мәні де кеткен қыңыр маусымды аяқтаған «Қайсар» жылды қорытындылап, БАҚ өкілдерімен кездесті. Брифинг барысында команданың өткені мен ертеңі жайлы айтылып, жанкүйерлерді мазалап жүрген біршама сұрақтарға клуб басшылығы жауап берді.

Бас бапкерлікке үміткерлер таныстырылды

Осы маусымдағы «қасқырлардың» дауға қалуының бірінші себебі – болгарлық бапкер Стойчо Младенов. Тіпті, соңғы уақытта әлеуметтік желіде Стойчо «Қайсар» базасынан қашып кетіпті деген ақпарат та тараған еді. Дегенмен, клуб басшылығы оны жоққа шығарды. Бүкіләлемдік пандемияға байланысты Болгария елі қатаң карантин режиміне қайта оралатын болғандықтан клуб басшылығының рұқсатымен болгар өз еліне аттаныпты. Енді «қасқырлар» команданы келесі маусымда баптайтын бапкерді Қызылордадан қарастырмақшы. Қазіргі таңда басшылықтың алдында 3 «түйіндеме» тұрған көрінеді. Олар Сұлтан Әбілдаев, Ерлан Шойтымов және Қанат Шерімбетов.

Қанат Шерімбетов Младенов кеткен уақытта «Қайсардың» рөлін ұстап, бір матч өткізіп үгерген. Дегенмен, чемпионат аутсайдері «Қызылжардан» ұтылып қалған болатын.

Келесі маусымда клуб сапында қалатын ойыншылар

«Қайсардың» біршама ойыншылары ел біріншілігі аяқталмай жатып-ақ команда базасынан кетіп қалғаны баршамызға белгілі. Сол кезден-ақ команданың болшағына алаңдаушылық білдіргенбіз. Дегенмен, негізгі құрамның ойыншыларымен қайта келіссөз жүргізілуде екен. Сонымен қатар, кейбір команда көшбасшылары да келесі маусымда клуб сапынан кететін көрінеді. Негізгі құрамнан қалған ойыншылар тізімі мынадай: Думан Нәрзілдаев, Ілияс Әмірсейітов, Шоқан Абзалов, Марсель Исламқұлов және Нұрымжан Салайдын. Ал келіссөз жүргізіліп жатқан ойыншылар арасында Элгуджа Лобжанидзе, Бағдат Қайыров, Александр Марочкин және Александр Заруцкий бар. Байқағандарыңыздай жоғарыда аталған ойыншылардың арасында команда капитаны Асхат Тағыбергеннің есімі көрсетілмеген. Клуб басшылығы ұсынған жалақыға келіспегендіктен Асхат Тағыберген командамен қош айтысқан екен. «Он голдың тоғызы пастан» екені белгілі. Сол үшін Тағыбергеннің команда сапынан кеткені «қасқырларға» ауыр соққы болмақ.

Команданың келесі маусымдағы қаржылық мәселесі

Қаржы мәселесін қара қазанға теңесек, отандық клубтардың арасында күйесіз жүргендері өте аз. Миллирдтаған бюджеттеріне қарамастан, қарызға белшесіне батып жүр. Бұл қиындық «қасқырларды» да айналып өтпеді. Команда да жыл қорытындысы бойында қаржылық мәселелері бар екен.

Келер маусымда «Қайсар» футбол клубының бюджеті 1,6 млрд теңгені құрайды. Бұл өткен маусымдағы бюджеттен екі есе төмен көрсеткіш. Сонымен қатар, команда жылды берешекпен аяқтаған тәрізді. Журналистердің қойған сұрағына облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жақсылық Оспанов толық жауап бере алмады. Оның айтуынша, қазіргі таңда команданың қаржылық мәселесі бар. Бірақ, оны қазір айта алмайды. Себебі, қаржы мамандары бұл мәселені есептеп жатыр екен. Сонымен қатар 21 қаңтарда болатын УЕФА-ның Иван Пешичке байланысты шешімінен кейін нақты жауап бере алатынын айтты.

Айта кететін жайт, келесі маусымда команданың 60 пайызы жергілікті ойыншылардан тұрмақ. Сол үшін «Байқоңыр» футбол клубынан бірнеше жас таланттарды негізгі құрамға тартыпты. Алдағы басты мақсат – Қызылордадан сапалы футболшылар тәрбиелеу.

Не болса да, «қасқырларға» келесі маусымда сәттілік тілейміз. «Жау» жетпеген халге, дау жетпесе игі…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: