Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордалық жас спортшылар марапатталды

03.12.2020, 9:20 570

HALYQLINE.KZ

Кеше Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Асқарбек Есжанов Белкөл кентіндегі спорттық сауықтыру кешеніне барып, жас спортшылармен кездесті. Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесуде Асқарбек Темірбекұлы жасөспірімдерге жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жыныстық қолсұғылмаушылық жеке адамның конституциялық құқықтық мәртебесінің бөлігі екеніне тоқталды. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын, оның ішінде қылмыстық құқықбұзушылықтардан қорғау ел саясатының басым бағыттарының бірі екенін баса айтып, «кез келген қоғамның алдында тұрған негізгі мақсат өскелең ұрпақты тәрбиелеу мен қорғау» –  деп, атап өтті.

Сонымен қатар кездесуде психолог маман өзінің кеңестерімен бөлісіп, балғындардың отбасымен жұмыс, ата-ана мен бала арасындағы жағымды қарым-қатынас орнату тақырыптарында кеңінен талқылап, балалардың тұлға болып қалыптасуы мен дамуына педагогикалық және психологиялық тұрғыда бағыт-бағдар сілтеді.

Шара соңында шаһар басшысының орынбасары жасөспірімдер арасында жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу бойынша онлайн форматта гір көтеруден өткен жарыс жеңімпаздарын марапаттады. Аталған сайыс үздіктері тұғыр биігіне көтеріліп, арнайы алғыс хаттар табысталды. Сондай-ақ, шарада Грузия астанасы Тбилисиде онлайн форматта каратэ-додан Ката көрсету бойынша өткен Әлем кубогында жүлделі болған Сырдың жас сортшылары да марапат биігінен көрінді. Шыбықтайынан шыңдалып, халықаралық жарыста спорттық шеберліктерімен дараланған жасөспірімдерге жарыс қорытындысына сай сертификаттары беріліп, спортшыларды ынталандыру мақсатында қала әкімінің қолдауымен каратэ-до спорт түріне арналған қорғаныс құралдарын Асқарбек Темірбекұлы арнайы табыстады.

Айта кетейік, қараша айының 20-22-сі аралығында әлемнің үздіктері шеберлік сынасқан Грузиядағы бәйгеде Сыр үмітін үкілеп, додаға түскен жас спортшылардың 3-еуі алтын медаль иеленсе, 4 балғын күмісті қанжығалады. Ал 8 жасөспірім Әлем кубогінде үздік үштікті түйіндеп, аймақ абыройын асырған болатын.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: