Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қайсар» үш ойыншысымен қоштасты

08.06.2020, 9:50 1017

HALYQLINE.KZ Қызылордалық «Қайсар» футбол клубының үш ойыншысы жалақының қысқаруына байланысты келісімшартты тоқтатып, командадан кету туралы шешім қабылдады.

Қақпашы Александр Григоренко, қорғаушы Алексей Шумских және жартылай қорғаушы Иван Пешич Қызылорда футбол клубымен жасалған келісімшартты тоқтатты. 29 жастағы Шумских «Қайсарға» ақпан айында келген. Оның клубтан кетуінің басты себебі – жалақы мәселесі. Клуб басшылығы мамыр айында футболшылар мен бапкерлердің жалақысын қысқартқаннан кейін Алексей команда сапынан кетуді жөн санады. Ол биылғы маусымда Қазақстан премьер-лигасының екінші турында «Қайсар» командасы үшін «Оқжетпеске» (1:0) қарсы кездесуде небәрі 1 минут ғана алаңға шыққан.

Пешич болса тек екі кездесуде ойнады. 28 жастағы хорватиялық футболшы былтырғы маусымда ел чемпионатында қарағандылық «Шахтерде» 33 ойын өткізіп, 8 гол соққан және 6 нәтижелі пас шығарған.

Григоренко «Қайсарға» 2017 жылдың сәуір айында келіп қосылған. Қызылордалық командада қақпашы 58 матч өткізіп, 68 гол жіберді. 2019 жылы Қазақстан Кубогының соңғы финалында «Қайсар» «Атырауды» жеңді. Сол ойында қызылордалық команданың қақпасын Григоренко қорғап, «Қайсар» Еуропа Лигасына жолдама алған болатын. Қазақстан чемпионаты наурыз айының ортасында коронавирус пандемиясына байланысты тоқтатылған еді. Енді  жарыс 1 шілдеде жалғасын таппақ. Ойындар әзірге жанкүйерлерсіз өтеді.

Ермұхамед МӘУЛЕН,

inbusiness.kz

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: